Заңгер: Әйелдер түрмесінде орын жоқ...

Елімізде әйелдерге арналған 6 түрме бар. ІІМ мәліметінше, ондағы сотталған әйелдер саны 2700 жуық, оның 500-і – 14 жасқа дейінгі баласы бар әйелдер, 300-ден астамы – көп балалы ана.
Бұл сандар жылдап емес, ай санап артып келеді. Неге түрмеде ана мен бала көбейді? Бұл сұраққа «Түйін» бағдарламасында заңгер, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Айман Омарова жауап берді.
Заңгер әйелдер колониясындағы ахуал нашар деп дабыл қағып, бұл жағдайды Мемлекет басшысының деңгейіне дейін жеткізді.
- Осы мәселе бойынша Президент Ұлттық құрылтайда тиісті органдарға арнайы тапсырма бергенін білесіз. Құрылтай аяқталасымен 10 минуттан кейін маған Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина хабарласты. Өзара пікір алмасып, бұл сұрақты талқыладық. Маңыздысы –амнистия емес. Себебі амнистия – тек бір реттік шара. Мәселені түбегейлі шешу қажет. Әрине, қазіргі кезде амнистия керек. Бірақ мен Президентке жолдаған хатымда тек рақымшылық жариялау туралы айтқан жоқпын. Түбегейлі өзгерістерді енгізу жөнінде ұсыныстарды жаздым, - деді Айман Омарова.
Сұхбат барысында заңгер сот дискрециясын жолға қоюды ұсынғанын мәлімдеді:
- Бас прокуратураның статискасына сүйенсек, әйелдер арасында ең жиі тіркелген қылмыс түрлері – алаяқтық, ақша жымқыру. Әйелдер арасындағы ауыр қылмыстардың дені өзін-өзі қорғау кезінде орын алған. Бірақ ондай әйелдерге соттың көзқарасы нашар. Әсіресе сот ер адам болса, ондай әйелдерді аямайды. Мысалы, заң бойынша жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру қарастырылған. Бірақ көп жағдайда сот ондай мүмкіндікті бермеген. Қазір әйелдер түрмесінде орын жоқ. Жауғашатының өзі лық толы. Оның лимиті – 550 орын, ал ол жерде 650 адам отыр.
Заңгер тек амнистиямен шектелмей, бұл салада реформалар керек деп санайды:
- Әйелдер қазір түрмеде немен айналысып жатыр? Оларға жаңа ешнәрсе үйретіп жатқан жоқ, жақсы бағдарламалар жоқ. Түрмеден шыққан әйелдер жұмыссыз қалмау керек. Сонда олар ол қайта қылмыс жасамайды, түрмеге қайтып келмейді. Заман талабына сай, сұранысы бар кәсіп үйрету керек.
Еске салсақ, Айман Омарова әйелдер колониясындағы жағдай туралы Президентке хат жолдаған болатын. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы заңгердің ұсынысын қолдап, құқық қорғау органдары мен депутаттарға тапсырма берді. Қазіргі кезде Қазақстанда амнистия туралы заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Сұхбатқа сілтеме:
;feature=youtu.beAbai.kz