Ғасыр бұрынғы қуғын-сүргіннің айғағы болған құнды қолжазба

(1928-1930 жылдары қуғын-сүргін көріп, Қытайға асқан көштің жетекшілерінің бірі Қария Сәрекеұлының жазба мұралары туралы)
Алаш мұрасын зерделеп жүргенімізден хабары бар, белгілі дарынды жас ақын, қаламгер Біржан Ахмер биыл көктем айларында хабарласып, өзінің жақындарында көне жазумен сақталған мұралардың бар екенін, соны оқып беруімді өтінді. Әрине, жаныма жақын тақырыпты екшеуге, көненің көзіндей мұраны көруге құштар көңілмен, бірден мақұлдық бердім. Енді сол мұра жөнінде екжей-текжейлі сыр қозғаймыз.
Ғасыр көшкінінен аман қалып, уақыт көшімен бізге жеткен қолжазба мұраларды сақтаушы Жұлдыз Болатқызы. Құнды мұраның мазмұнында қазіргі Жетісу облысына қарасты Ақсу, Қапал өңірінде өмір сүрген белгілі тарихи тұлға Қылиұлы Сәреке қажы әулетінің басынан өткен ауыр тағдыры сөз болған. Дегенмен, көне дәптерлерде мұнан да басқа мазмұндар бар.
Қолжазба екі шағын дәптерден және он парақтан тұрады. Мұндағы бір дәптер 28 беттен, екінші дәптер 14 беттен тұрады. Барлығы 52 бетті құрайды. Енді осы жабалардың сырына үңілейік.
Бұл жазбаларды мазмұндық және парақтардың сақталу ерекшелігіне қарай отырып төрт топқа бөлуге болады. Дұғалар, Әулет адамдарының өмірдерегі, «Еңлік-Кебек» дастанынан үзінді және қуғын-сүргін тарихы. Мұндағы бәріміз үшін де маңызды, аса құнды болып отырғаны төртінші жазба яғни қуғын-сүргін тарихы. Төрт мазмұннан тұратын қолжазба дәптердің сыртқы беті және тақырып атаулары, авторы секілді маңызды деректер жоғалған немесе анық жазылмағандығынан құжаттарды осылай атауды жөн көрдік.
Қолжазба иесі дұғаларға 6 бетті арнаған. Мүмкін онан да көп болса керек. Дегенмен, қолымызға тигені осыншалық. Дұға жазылған алты парақ жақсы сақталған. Әр бетіне 8-10 жол жазу сиятын, ұзыншақ келген, алақандай ғана сарғыш өңді шағын дәптердің түзу жолды бетіне жазылған. Парақтар ортасынан бүктеліп, сызықтың табы түскен. Бірақ, жыртылып, қырқылмаған. Оқуға қиындық туғызбайды. Бұл жерде қазақ тілінде (төте жазуда) ешқандай мәлімет берілмеген. Барлығы араб тілінде, араб графикасымен жазылған. Мұнда: Иман келтіру калимасы (كَلِمَةُ ٱلْإِيمَانِ), Тәсбиә дұғасы (كَلِمَةٌ طَيِّبَةٌ), Кәлима Шаһадат (كَلِمَةُ ٱلشَّهَادَةِ) және Таухид дұғасы (كَلِمَةُٱلتَّوْحِيدِ) қатарлы дұғала естелікке алынған. Оқырманға дұғалардың қолжазбадағы нұсқасынан бір бетін көрсетелік [1]:
Төрт беттен тұратын бұл мазмұнда қолжазба иесі сол әулетте өмір сүрген кісілердің туған, қайтыс болған жылдарын естелікке алып отырған.
Парақтар бірнеше дәптердің бетінен 4 параққа алынып жазылған. Көлемі әдеттегі дәптермен ұқсас, бірақ торкөзі үлкенірек, парақтар төртке бүктелгендіктен, қырқылып тозған, кей жері жыртылған. Жазу емлесі А. Байтұрсынұлының төте жазуынан гөрі, қадімшеге (ескі емлеге) жақын.
Бұл дәптердегі кісі аттары төртінші маңызды мұра саналатын «Қуғын-сүргін тарихында» да кездеседі. Зерттеушілер үшін маңызы барболғандықтан түпнұсқасын және біз көшірген нұсқасын ықшамдап, оқырманға көрсетелік [1]:
Зәкітай 20 жыл 10 мартта мешешін жылы
Шәкітай 21 жыл 3 ноябрде тауық
Ғалиқан 22 – 10 – ағұста ит
Ләтіш 18 – 13 – мартта жылқы
Кәмила 18 – 20 – ағұста жылқы
Рақия 26– 15– сентабрде барыс
Қызайбек 32 –8 – иунде мешін
Байтұрсын 27 –3– майда қоян
Жамиға 34– 27 – өктәбірде ит
Ғалия 32 –12– мартта мешін
Қызырбек 40 –19 – ғыйнуарда ұлу
Құрманғали 42 –19 – декабрде қой
Жақсыбек 42 –10– майда доңыз
Еркінғали 52– 30– иулде ұлу
Дәрбек 54 –22– 19 – әпірелде жылқы Қанат 19 әпірел
Болат 56 –23– мартта мешін
Сәуле 58 –9 сентәбір ит
Жанат 60 30 – ауғұс тышқан
Жұлдыз Болатқызы сақтап отырған елу беттен асып жығылатын мұраның ішінде тағы бір құнды естелік – «Еңлік-Кебек» дастанынан үзінді деуге болады. Бұл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек дастаны». Қолжазбаның бастапқы беттері жоғалған. Дастан тек үшінші беттен басталады. Шәкәрімнің кітабындағы нұсқамен салыстырсақ, бұл жазба дастанның орта шенінен басталған. Бастапқы беттері жоғалған болуы да мүмкін. Шығарманың мазмұны Шәкәрім нұсқасымен ұқсас болғанымен, ұйқасы, сөз-сөйлемдері жиі ауысқаны байқалады.
Өлең әдеттегі торкөз дәптерге жазылған. Оқуға біршама оңай, дегенмен жазған адам төте жазудан бұрынғы емленің ықпалында болғаны байқалады. Барлығы 16 бет. Қолжазбадағы «Еңлік-Кебек» дастаны:
Бармайсың, әдейі іздеп кез боларсың,
Кез болсаң көп кешікпей тез боларсың.
Сақтыққа қорлық жүрмес деген мақал,
Артықша сақтанбасаң сор боларсың, - деген шумақпен басталып:
Қабекең сөз айтпайды жұмбақтамай
«Көбей-ау, тауық қалай, сұңқар қалай?
Тоқтамыс кеткен жоқ па жолаушылап,
Болмай ма ол келгенше уақыт талай?- деген шумақпен аяқталады.Қалған беттері жоғалған. Бастапқы беттері де жоқ. Дастанның Шәкәрімнің жұртқа белгілі нұсқасынан айырмашылықтары бар. Сөздер, сөйлемдер, тармақтар ауысқан. Тіптен шумақтар қалып қалған, орны ауысқан жағдайлар бар. Сол тұрғыдан қарағанда бұл Ш. Құдайбердіұлы нұсқасынан көшірілген емес, ауызша жырлаушылардан естігені бойынша жазылған нұсқа болуы мүмкін. Көшіруші немесе авторы көрсетілмеген.
Нысан абыздың Кебек батырдың болашағын болжап, сақтық туралы ескерту ақыл айтқанынан басталып, Еңлік пен Кебек қашып кеткеннен кейінгі екі елдің басты адамдары ғашықтарды іздеу, тауып, жазалау істерін ақылдасып жатқан жерінен қолжазба үзіліп қалып отыр. Шәкәрім мұрларының халық арасына өркен жая тарағаны соншалық, бір ғана «Еңлік-Кебек» (жолсыз жаза) дастанының қазірге дейін де ғылымға белгілі оншақты нұсқасының қолжазбасы сақталған. Сол нұсқаларға бүгін қолымыздағы жаңадан табылған нұсқа да қосылып отыр. Шәкәрімтану мәселесінде, сала ғалымдарының назарын аударатын жәдігер деп біз парақтап отырған осы жазба нұсқасын да айтуға болады.
Төменде қолжазбадағы «Еңлік-Кебек» дастанынан үзінді [1] (қолжазба бойынша):
Бұл сөзді мен ойымнан айтпаймын құр,
Жын шіркін осылай деп айтқызып тұр.
Түбінде қаражартас кез боларсың,
Батыр ау, сондай жаннан сақтанып жүр.
Соны естіп Кебек кетті өз жайына,
Батса да бақсы сөзі шымбайына.
Ойламай, біржолата кетті ұмытып,
Деді де «Жынның сөзін тыңлайым ба?»
Сонымен екі арада заман өтті,
Қар жауып қыс түсетін мезгіл жетті,
Алғашқы қарашаның қары жауып,
Құс алып Кебек батыр аңға кетті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, араға ғасыр салып бүгінге жеткен, 52 беттен тұратын қолжазбаның ішіндегі ең маңыздысы да осы «Қуғын-сүргін тарихы» десек қателеспейміз. Бұл дәптерде бір әулеттің ғана емес, өткен ғасырдың алдыңғы ширегінде қуғын көрген Алаш баласының тұтас тарихының бір бөлегі естелікке алынған десек те болады. «Қуғын-сүргін тарихы» 28 беттен тұрады. Бір қарағанда бір дәптер сияқты болғанымен, кейбір беттері жолсыз, кейбір беттері сызықты (жолды) болғанына қарап, қалам иесі қағаз тапшылығынан бірнеше дәптерді пайдаланған деп жоруға болады. Дәптердің түбі тігілген, кей жерлері қағаз желім арқылы жамалған. Мұраның сақталуы біршама жақсы болғанымен, қағаздың шеті, жиектері, төменгі тармақтар келген жерлері жыртылған, қағаз сарғайып, үгіліп тозып бара жатқаны байқалады. Қалам иесінің жазуы белгілі дәрежеде көркем, алайда төте жазу емлесі әлі қалыптаса қоймаған 1924 жылдан бұрынғы қадімше жазу үлгісін қолданғандықтан, сөздерді танып оқуда қиындықтар туады.
Бет сандары қойылмағандықтан және дәптердің түбі жыртылып, қайта тігілгендіктен, өлеңнің мазмұн реті бүлінген. Жыр жолдарының хронологиялық тәртібін толық табу мүмкін болмады. Оның үстіне қолжазбаны сақтаушылар мұраның түп нұсқасын емес, сканерленген электронды нұсқасын ғана бізге көрсеткендіктен, жазбаның ретін толықтай тауып шығу қиынға соқты. Соған қарамастан, автордың қалам қуатының жоғарылығы, сөздік қоры бай, қысқа сөзге көп мазмұн сыйдырған ерекшелігіне қарай отырып, оқиғалы өлеңнің өн-бойынан өткен ғасырдың алдыңғы жартысында қуғын-сүргінде қилы тағдыр кешкен әулеттің таихын, ерлік-жігерін жан дүниемізбен түсіне аламыз. Шығармада жер-су атаулары, рулардың атаулары, көш барысындағы белгілі тұлғалардың есімі, Арғы бет қазақтарының (Қызай руының) білікті көшбасшыларының аты-жөні, түрмедегі бірге жазаланып жатқан адамдардың сыр-сипаты қатарлы деректерді айқын бағамдауға болады.
«Қуғын-сүргін тарихы» тұтастай өлеңмен жазылған. Өлең барлығы 300 жолдан асып жығылады. Дегенмен, жырдың бас-аяғы жыртылып, жоғалған болуы, дәптердің көлемі де, шығарманың ауқымы да мұнан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Қолжазбаның бастапқы және соңғы беттері ғана емес, ортасындағы ішінара беттері де жыртылып, жоғалғандығы байқалады.
Ауа көшкен қазақтардың ауыр тағдыры жазылған шығарманың авторы анық көрсетілмеген. Бірақ, өлең жолдарында ішінара жерінде шығармакейіпкері Қария деп өзін атай кеткеніне қарап, бұл жазбаны Қария атты тарихи тұлға жазған деп тұспалдауға болады. Қилы тағдырдың бас кейіпкерлерінің бірі, мақаламызда аталып отырған Сәреке қажының әулетімен бірге конфескеге ұшырап, Қазақ елінің бірталай жерінде теңсіздікке қарсы күресе жүріп, кейін Қытай жеріндегі Іле аймағына қарасты Қызай еліне барған, ол елде де ауыр тағдырды басынан өткізген, Сәреке қажының ұрпақтарымен бірге, өзі соларға басқалқа бола жүріп өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, осынау азапты жылдарды өлеңмен жазған куәгер Сәрекеұлы Қария деп болжаймыз.
Қарияның жазбасы бүгінгі ғылым үшін құндылығы жоғары мұра. 1928-1930 жылдары саяси қысымдардың ықпалында көрші елдерге қаншама қазақ ауыл-ауылымен ауды, жолда қаншама қазақ қырылды. Қазақ зиялыларының да бірегей көшбасшылары: Зият Шәкәрім қажыұлы, Райымжан Марсеков, Әбдікәрім болсы Ережеп қажы ұлы қатарлы бір кезде Алаш арыстарының қатарында болған тұлғалар да Арғы бетте небір қиындықтарды баса жүріп табаны тиген болатын. Сол елдегі қандастардың оқу-ағартуын ілгерілетіп, қиыннан қиыстыра жүріп жұртты оятқан сол тұлғалардың бәрі де сол елде шейіт болды. Бұл тұрғыдан алғанда Қария ақсақалдың жазбалары әне сол көшкен елдің мұң-зарымен үндес екені айтпасақ та түсінікті.
Енді бұл қолжазба авторы Қария мен жәдігерді біздің оқуымызға беріп отырған, сақтаушысы Жұлдыз Болатқызының шежірелік дерегіне жүгінелік:
Жазба мұрадағы басты тұлға саналатын Сәреке қажы мен ұлы Қарияның арғы-бергі тегіне қарайтын болсақ, аталған кісілердің немересі Болат Қызайбекұлы құрастырған шежіре бойынша, біздің кейіпкерлеріміз Алаштың Орта жүзі Найманнан тарайды (қолжазбаға тікелей қатысты ұрпақтарды ғана таратамыз):
Найман➡Төлегетай➡Матай➡Қаптағай➡Жолдас➡Ескелді➡Жалан➡Асан➡Бөрте болып келеді де, онан бері қарайғы атабұтар былай тармақталады:
Бөртеден Жангелді, Бұқарбай, Қоңыз, Жанкөт атты төрт ұл; Осы төрт ағайындының бірі Жанкөттен Қылый, Қырбас, Шохыбас атты үш ұл тарайды. Жазба мұраға арқау болған ұрпақтарына қарай таратар болсақ, ағайынды үш ұлдың бірі Қылыйдан: Бейсетбай би, Сәреке қажы, Бисеке мырза, Мұсабек қатарлы төрт ұл тарайды. Би, қажы, мырза секілді құрмет лауазымдарынан қарап-ақ, бұл әулеттің өз ортасында беделі зор, ықпалы өр болған, қыдыр дарып, бақ қонған әулет екенін болжау қиынға соқпайды. Болат Қызайбекұлы жазған шежіреде де Қылый бабаның дәулетті, өзгеше қасиетке ие кісі болғаны айтылады. Қылый ақсақалға астықтың (егіннің) киесі ұялап, сол кезеңнің өзінде ауыл-аймағын астықпен қамдап, тапшылық көрсетпеген қайраткер ретінде бейнеленеді [2].
Қылыйдың төрт баласының бірі Сәреке қажы да өз ортасының беделді көшбасшысы, Хақтың жолын ұстанып, қырық жасында қажыға барған, қажыдан келгеннен кейін де ел ісіне белсене араласқан, көзі ашық, кемеңгер тұлғалардың бірі екені туралы жазба және ауызша деректер жеткілікті. Қажы ұпақтары аталары туралы мынадай деректер айтады:
«Сәреке қажы (1868–1930 ж.ж.). Бабамыз туған анасының ақ сүтін ақтаймын деп, 1903 жылы Меккеге баруды жоспарлайды. Меккеге аман-есен барып қайтамыз ба, жоқ әлде, алыс жолда басқалай жағдай болып қала ма деп, 1894 жылы туған ұлы Қарияны тоғыз жасында айттырып, бірақ тойын жасамай Меккеге қажылыққа анасымен аттанған екен. Екі-үш жылдың ішінде Меккеге аман-сау барып, анасымен бірге қажылық жасап келіпті. Келісімен Сәреке қажы бабамыз Қарияның үйлену тойын жасап, бөлек отау шығарған» [Жұлдыз Болатқызы дайындаған материалдан].
Сәреке қажының соңғы ғұмыры Қызыл үкіметтің әділетсіз саяси науқандарына тура келеді. 1928 жылы әулетімен түгел қуғынға ұшырап, байлығы, мал-мүлкі тәркіленіп Орал өңіріне жер аударылады. Бірақ Оралға жетпей, қызылдардың оғынан жарақат алған Сәреке қажы Жамбыл облысы Шоқпар стансасының маңында қайтыс болады. Ұлы Қария қызылдардың екі солдатымен келісіп, ат басындай күміс беріп, әкесі Сәреке қажыны туған жеріне алып келіп жерлейді.
Бұл туралы Жемісбек Толымбеков жазған ««Бөрібай» немесе Матай көтерілісі» атты мақалада мынадай мәліметтер бар:
Ақсу өңірінен алғашқылар қатарында Есенқұл Маманов, Мақсұтбек Маманов, Сейдахмет Маманов, Тәңірберген Тұрысбеков, Ауытмұханбет Тұрысбеков, Сареке Қылиев, Бекіш Былшықов, Нүсіпов Үпі қажы үйелмендерімен, барлық малдары мен мүліктері тәркіленіп, тамтығын қалдырмай, барлығын жер аударыпты. Жер аударылғандарға 1929 жылы Сталиннің нұсқауымен еңбекпен түзеу лагерьлері арнайы жоспар бойынша КСРО-да құрылған екен [3].
Сәреке қажының қуғынға ұшыраған ауыр тағдыры туралы Қазақстанның мұрағаттарында да материалдар жеткілікті. Орысша және қазақша (төте жазу) қатар жазылған мұрағатта мынадай деректер бар:
Ақсу ауданының азаматы Қылыйев Сәреке – қазақ. Талдықорған уезі, Жетісу губерниясы, Бүйен-Асу ауданы, Асуқой болысы, №3 ауыл. Қопа жазығының тұрғыны. 65 жаста. Екі десятина егістік жері, 178 бас ірі қара, 400 уақ малы бар. Ұсақ малды ірі қараға айналдырғанда 258 бас. Тізім бойынша 112 бас ірі қара, 353 бас ұсақ малы бар. Ірі қарамен есептегенде 183 бас болады. Төрт әйелi бар. Барлығы 18 баласы бар. Сәрекенің руы – Бөрте. Өзі қажы, би. Ақ патшадан ерен еңбегімен сыйлық алған. Еліне беделді ақсақал. Кеңес үкіметіне ниеті қарсылық. 1927 жылы Кеңес билігін құлатуға еш нәрсені аянбайтынын білдірді. Шығыс немесе Батыстан көмеккелетініне сенімді. 1927 жылғы мәліметтер бойынша Қылыиев Сәреке Маман ұлдарымен Қытайға өтпекші.
Шығыс бөлімінің басшысы: Ковалишкин.
Сәрекемен бірге жанұясының жер аудару тізімі:
Сәреке Қылиев – 68 жаста
Қалиман Қылиева – 48 жаста
Камиля Қылиева – 10 жаста
Сарекин Шарип – 6 жаста
Сарекин Қария – 34 жаста
Сарекин Калима – 23 жаста
Сарекин Байтұрсын – 2 жаста
Қылиева Шәкен – 48 жаста
Қызы – Байдар
Немересі – Рақия
Немересі – Зәріп
Немересі – Әлихан
Округтік уәкілі: Орынбек Беков[4]
Сондай-ақ, Қылиев Сарекеден 258 бас ірі қара малы тәркіленіпалынғаны, 1928 жылы 28 тамыздан бастап Алматы округінен Орал округіне отбасымен бірге жер аудару туралы бұйрықпен қатар Орталық комиссиясы, Қылиев Сарекеге сайлау құқығы берілмейтіндігі туралы куәландырады[4].
Өткен ғасырдың ауыр кезеңдерінен өшпес жазба қалдырған Қария Сәрекеұлы мен әкесі Сәреке қажы Қылыйұлының сол тұстағы қаймана қазаққа тұтқа болған тұлға екенін, ағайынға басқалқа бола білген көшбасшылық қызметі теңсіз кезеңнің тегеурініне ілінгені туралы қолымыздағы құнды мұрадан сырт өзге де деректер сенімді түрде толықтай түседі. Ж. Толымбеков жазған «Атаулы аудан – Ақсу» атты кітапта:
... елі Сақай, екі көзі зағип Омарбай ақын:
– Үпі қажының сіңірген еңбегін бағалаңдар! Ол жау емес! Халық адамы! – деп зарланады. Кеңес үкіметіне өлеңмен:
«Ауылым Сәрекемен жаздай сулас,
Үпі мен Кариядай адам тумас.
Елдей боп бір старшын Үпі кетті,
Онан да тусаң етті болып ку бас.
Қош айтысып Үпімен қалмас па едім?
Екі көзім сау болса, бармас па едім!
Көрікенше күн жақсы!» – деп шұрайлым,
Жанына бес жүз теңге салмас ма едім, – деп хат жолдайды, -деген деректерді келтіреді [5].Мұндағы Сәреке қажы мен баласы Қария және Үпі қажы (жазбада Уфа деп берілген) біздің қолымыздағы тарихи өлеңдегі басты адамдар.
Сәреке қажыдан: Қария, Шал, Нұрбала, Биғайша, Айтжан, Бишатай қатарлы ұл-қыздар туған.
1928 жылы сүргінге айдалған әулет 1930 жылдары туған жері Ақсу маңына жақындай қоныстанған. Алайда, бұл кез ел игі-жақсыларының бәрі айдауға, қуғын-сүргінге ұшырап жатқан дүрбелең заман болғандықтан, бәрібір қажы ауылына тыныштық орнай қоймайды. Үнемі тың тыңдаған, күмәнмен қараған белсенділердің бақылауында болады. Қордай маңын ауа көше қыстап, жайлап, жол сәті түссе Қытайдағы қазақтардың жеріне қарай өтіп кетудің қамын қарастырады. Осы әулеттің және осы әулетті пана тұтқан жақын-жекжаттың қилы кезеңдегі тарихын баяндайтын, оқиғаның басты кейіпкерлерінің бірі Қария Сәрекеұлынан қалған қолжазбада Сәреке қажының дүниеден өтуінің алды-артындағы тынышсыз өмір кезеңдері, біртіндеп жылыстай көшіп Қытайға асып, Іле өңіріндегі қызайлардың арасына пана тұтып жеткені баяндалады. Іледегі қазақтар ауып барған ағайынға ат беріп, азық-түлік, өріс-қоныс беріп туыстық танытқан. Қолжазбада бұл жәйттер біршама жақсы баяндалған. Алайда, Арғы беттегі тыныштық та ұзаққа бармай, көшбасшы Қария бастаған бірнеше маңызды адамды Қытайдың сол кездегі гоминдаң өкіметі тұтқындап түрмеге жабады. Түрмеден небір қиындықтарды көре жүріп, басы аман шыққан Қария ақсақал1958 жылы туған еліне оралады.1975 жылы Қазіргі Жетісу облысы Балпық би ауылында қайтыс болған. Жерленген жері Қаратал ауданы, Кәлпе ауылы.
Жәдігерге айналып бара жатқан жазба мұрадан үзіндік келтірейік:
Топырақ өз мекенімнен тартқан екен,
Айналып келген кезде күн батыстан.
Ендігі өз көретін күніңді ойла,
Дұшман естіп қала ма мына тұстан.
Дүниядан мен енді қайтар болдым,
Бәріңе өсиетім араздасқан.
Көргеннен көрмегенің жақсы болсын,
Тірі адам өлмес ажал келмей өлмейді аштан.
Қайтейін қайран қажы жарым едің,
Айрылған ел жұртынан ғарып едің.
Бұрынғы ата баба пайғамбардан,
Қу дүние опа қылмай қалып едің.
Осындай тар тұрмыста жүрсем дағы,
Сәулеті жүрегімнің жарығы едің.
Өзіңнен кейінгіге үлгі болып,
Қажыға қырық жаста барып едің.
Құдай ау қу далада қалдым зарлап,
Жылаған мен бір ғарып арық едім.
Туылмақ дүниеге туған өлмек,
Құранда хабар қылып мәлімдедің.
Бұрынғы заман болса жыламас ем,
Жан ба едің мұндай болар қажы менің.
Жалынды іште күйген шығарайын,
Мұңымды біразырақ тыңла көбім.
Шәкетай жетім қалды жеті жаста,
Киерге мұқтаж болып ішер асқа.
Төрт көзі түгел болса жылар ма едім,
Бөлініп жау сауғалап кетті басқа.
Отырмын дүниеден енді зарлай,
Біз түгіл қуат едің қарындасқа.
Көрген күні тірі қалып осы болса,
Шыбын жан жаралмышта болды басқа.
Дүние опасы жоқ тұрсам парлап,
Кім естір дауысымды шыққан зарлап.
Аспанда ай болса да кейде орта,
Қаламда осылайша жазған арнап.
Басымнан ұшты менің парасатым,
Баста бақ дәулетімен тұрған орнап.
Түгемес айта берсем арманым-ай,
Дүние көзім жетті жалғанына-ай.
Құдай-ау топ қырсықтан өзің сақта,
Отырмын дүниядан жылай-жылай.
Бұл күнде кереметпен көзім жетті,
Жартастан тұнып аққан бұлағым ай.
Не түрлі әлеметті көрсем дағы,
Шүкір қып тұрушы едім жұбанып ай.
Тапсырдым бір Құдайға аманат қылып,
Арт жағын бейбереке қылма Құдай [1].
(Қарияның әкесі Сәреке қажы қайтыс болған кезді бейнелейді)
Обалым көрсеткенге болсын менің,
Айырып алар жан жоқ түсіп ара.
Сәлем де Олжабай мен Мәмбек енді,
Күнәм жоқ өкіметке қылған қара.
Қызайбек, Қызырбек пен екі қозым,
Төрт болар ойлағанда екі көзім.
Қиналып абақтыда жатқанымда,
Сіздерге естілмейді-ау айтқан сөзім.
Абақты ат құрысын түрме деген,
Қандала талап жеді ау бүрге менен.
Қарауға жан жағыма шама да жоқ,
Бійіттей бүгілемін күнделеген.
Қалима, тірі айырылып қалдың кейін,
Жолдасым дүниеге бірге келген.
Аспанда жерге түспес лашын едім,
Бөктергі басқа шығып үймелеген.
Бұрынғы өткендерді ойлағанда,
Кім жолдас болар дейсің дүниеменен.
Құдайым бұларға енді күн салмасын,
Сұққылап шанышқандай инеменен.
Айналып келеріме көз жетпейді,
Жалғыз ақ үмітіңді үзбе менен.
Ісіне құдіреттің сабырлық қыл,
Тірі айрылдым Қалима, мен де сенен.
Ал енді сен де аман бол келінменен,
Дүния көзімізге көрінбеген.
Келермін тірі болсам қайта айналып,
Бейнетке адам бар ма ілінбеген.
Қарасып бір біріңе жаныңды бақ,
Баяғы дәулет бар ма дүрілдеген \[1].
(Қытай үкіметінің түрмесіндегі хал-жайын баяндайды)
Сәреке қажы балалары шетінеп тоқтамаған соң, әлдебір жол-жосынға жүйрік адамның кеңесі бойынша балаларына Қария, Шал деген аттарды ырымдап қойған. 1894 жылы дүниеге келген Қария алағай да бұлағай заманда, аласапыран ғұмыр кешіп, 82 жасында туған жері, өскен еліне келіп, құтты аймақтан топырақ бұйырады. Қария көшбасшы, шешен, ықпалды болған адам. Ал інісі Шал екі иығына екі кісі мінгендей ірі адам болыпты. Шал атқа мінсе аттың белі көтере алмайтын болған екен. Ыдысы, ас-суы дабөлек болған алып адам бір қойды жалғыз жейтін. Сәреке қажы осы бір бөлек болмыстағы баласын күреске шығармайтын болған. Бірде ел намысы сынға түскенде ғана қажы ақсақал ұлының арысқа түсуіне батасын беріпті. Ешкімді шақ келтірмеген моңғол балуанын қапсыра құшақтағанда, омыртқа, қабырға сүйектері сынып, сол жерде Шалдың тегурінене шыдамай моңғол мықтысының жаны үзілген дейді. Шалдың Қытайдағы қызай елі арасында жүргенде, құдыққа түсіп, құйға батқан түйені алып шыққан әңгімесі күні бүгінге дейін жұрт жадында. Шал Арғы бет Құлжа жерінде аурудан қайтыс болып, сол жақта жерленген. Бұл деректерді Қарияның немересі Жеңіс Қызайбекұлы ауызша баяндап берді. Өмірдің ыстық-суығын көп көріп, ащы-тұщысын көп тақан Қария Сәрекеұлы ұрпақты болған адам екен.
Оның Ләтипа, Қамиля, Зәкетай (Мұхаметзәріп), Шәкетай, Рая (Рахиля), Қызайбек, Жамиға, Ғалия, Құрмаш (Құрманғали) қатарлы ұл-қыздары болған. Солардан тараған ұрпақтар бүгінгі таңда өсіп-өніп, Қазақтың қара шаңырағының бір уығы болып қадалып, бәйтеректің бұтағындай өркен жайып келеді. Қария Қызайбек атты баласының есімін Арғы беттегі қызай қандастардың жақсылығын көп көргендіктен ырымдап қойған екен. Қызайбектің ұлы Болат әулеттің қысқаша шежіресін жазса, тағы бір ұлы Жеңіс атасы Қариядан қалған құнды жазбаны зерттеуімізге көптеген сенімді, ауызша деректерді ұсынды. Ал, Болатқызы, Қызайбек немересі, Қария шөбересі, Сәреке қажының шөпшегі Жұлдыз осы қолжабаны сақтап, бізді іздеп тауып, Алаш баласының басынан өткен бір тарихтың түгенделуіне азаматтық үлесін қосты. Жұлдыздың айтуынша үлкен атасы Қариядан қалған қолжазба мұраны, Сәреке қажының бір қызы – Қарияның қарындасы Бишатайдың (1912) ұрпағы – Мира (Мереке) деген қызы Болат Қызайбекұлына сыйлаған, кейін әкесі Болаттың мұраларынан Жұлдыз өзі алып сақтаған.
Қария Сәреке қажы ұлы (1894-1975)
Сөзімізді қорытындыласақ, мінеки осылайша қазақ руханияты үшін, өткенге үңіліп, жоғымызды түгендеуге қилы тарихымыздың парағына жаңа бір бет қосылды, бір жәдігер табылып, оқырман әлеміне жол тартты. Қария ақсақалдың өмір өрнегі ғылыми айналымға ұсынылды. Кешкен күннің, келмеске кеткен теңсіз ғасырдың куәсіндей бұл жазбада қуғын көрген бір әулеттің ғана емес, сол тұста ел-жұртына, ағайын-туғанына пана болған, ақылшы, қамқор болған игі-жақсылардың түгелге жуығы солақай саясаттың тырнағына ілініп, ер басына екіталай күн туғанда, Қария Сәрекеұлы сынды қаншама азаматтың басына түскен баспақшыл күннің айғағы бүгінгі тәуелсіз ел ұрпағының тарихтан сабақ алуына, егемендікті, ұлттық тұтастықты нығайтуға жол сілтейді. Көнеден жеткен жазба кітаптарды былай қойғанда, ғасыр қырқаларынан аман жеткен әрбір парақтың тарих, мәтінтану (текстология), түркітану, алаштану ғылымдарында алар орны жоғары, бағасы құнды. Әсіресе, Қария Сәрекеұлы жазып қалдырған неше ондаған бет заман зарының конфеске, репереция тарихын бағамдауға, Шығыстағы қандастар арасына ауыр жылдарда қаша көшкен ағайынның тарихын зерттеуде маңызы зор. Жоғалып табылған әрбір парақта тарихи тұлғалардың, ата-бабаларымыздың теңдікке, еркіндікке деген ұмтылысы, рухты күресі, қасіретті көз жасы, қасиетті аманаты жатыр. Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан қыспақ заманда бір атадан тарап, бір анадан тумаса да бір-біріне пана болған Арғы-бергі беттегі қазақтардың бірлігіне де жан сүйінеді. Алапат жылдарда да тұтастығы мен бірлігін жоймаған бабалардың мұраты, қалдырған өсиеті бүгінгі біз үшін де, ертеңгі ұл мен қыз үшін де салмағы ауыр аманат.
Әділет Ахмет
Түркітанушы докторант (PhD), қолжазба зертеуші. А.Байтұрсынұлы музей-үйінің Аға ғылыми қызметкері
Abai.kz