Абай мұрасы: Халықаралық онлайн Ашық сабақ өтті

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институты» қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Ашық сабақта өткізді.
Cабақ Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлының алғы сөзімен ашылды. Елші Абай шығармаларының адамзаттық құндылыққа жататын айта отырып, екі елдің мәдени байланыстарына тоқталды.

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.
Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Ласло Краснахорикайдың жеңісімен мажар халқын құттықтай келе, қазақ тілін үйренушілердің білім алу үдерісі тоқтап қалмас үшін Абай институтымен байланыстың жалғаса беруіне тілектестігін білдірді. Абай мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған игі шараға мұрындық болған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына алғысын білдірді.

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.
Ондан ары қарай Ашық сабақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовтың кіріспе сөзімен жалғасты.
Сонымен қатар, Мажарстандағы «Barsz» қорының президенті Гал Андраш және белгілі түрколог Шомфай Қара Дәуіт сөз сөйлеп, Абай мұрасының әлемдік мәдениет пен руханияттағы маңызын атап өтті.
Абай институтының қазақ тілі курсын оқып жүріген Париж, Анкара, Ұланбатыр, Будапештен қосылған тіл үйренушілер «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерін жатқа оқып, қазақтың ұлттық аспаптарымен өнер көрсетті.
Будапештегі Ашық сабақтың жоғары дәрежеде өтуіне жауапты ұйымдастырушылар: ELTE университетінің оқытушысы, этнограф Оңайша Мандоки, Абай институтының Будапештегі қазақ тілі оқытушысы Богларка Фехер болды.

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.
Шара соңында Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Абай институтының Будапешт қаласындағы Ашық сабағын ұйымдастырған бастамашыл топты Алғыс хатпен марапаттады.
Айнұр Төлеу, Абай институтының жетекшісі
Abai.kz