Бейсенбі, 13 Қараша 2025
Талқы 147 0 пікір 13 Қараша, 2025 сағат 13:30

Қазақстанның бүгінгі саяси күштеріне талдау

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Капиталистік саяси жүйеде саяси партиялар саяси бәсеке жағдайында өмір сүреді. Саяси алаң оппозициялық саяси күштердің сайыс сахнасына айналады. Партиялар билікке сайлам арқылы шығады. 3 құқық тәуелсіз бір-бірін тежеп  өмір сүреді. Саяси демократия институттері тәуелсіз болады. Барлық құндылықтар, қарым-қатынастар құқықтық негізде заң үстемдігі арқылы реттеледі. Капиталистік саяси жүйе түптеп келгенде құқықтық қағидаттар арқылы құқықтық қоғам  құруды мақсат еткен көп партиялы саяси жүйе.

Бүгінде Қазақстанның саяси жүйесі аты көп партиялы болғанмен, заты-бір ғана адам басқаратын авторитарлы билікке қызмет ететін, бір партияны центр еткен саяси күштен қалыптасқан. Түптеп келгенде партия атымен саяси күш деп тануға болатын бір ғана партия бар. Ол бұрын «НұрОтан» аталған, "Қанды қаңтар"дан соң Тоқаевтің саяси реформасында аты «Аманат»  болып өзгерген бүгінгі билік партиясы. Сондықтан бүгінгі Қазақстанда бір ғана саяси күш бар. Біз бұл реалдық алдында саяси күштерге талдау жасағанда амалсыздықтан саяси майдандағыларды тек саяси көзқарастарына қарай топқа бөле аламыз.

«Қанды қаңтар» сынды саяси толқыннан соң Назарбаевтің саяси мұрасына қалай қарау мәселесі анық күн тәртіпке шықты. Соған сай саяси көзқарастар анық жікке бөлінді. Біз бұл тұрғыдан қазіргі саяси алаңдағы адамдарды үлкен жақтан 3 жікке бөлеміз. 1.Назарбаевшылар 2.Жаңғыртымпаздар 3.Күрескерлер.

Бірінші Назарбаевшылар. Бұлардың саяси көзқарасы; тотаритарлық саяси жүйеден демократиялық саяси жүйеге бірден өтуге Қазақстанның саяси жағдайы үйлеспейді. Қазақстан арадағы транзиттік саяси жол ретінде авторитарлық саяси жүйеде бір мезгіл тұрақтап тұруы керек. Назарбаев қалаған авторитарлық саяси жүйе өзін ақтап келеді. Осы саяси жүйеде бір мезгіл өмір сүруіміз керек деп қарайды. Ресей империясымен ымырада болуымыз керек. Ресеймен экономикалық жақтан бір тұлғалану саяси экономикалық жақтан Қазақстанға тиімді деп қарайды. Назарбаевті тәуелсіздіктің негізін қалаған әлемдік саясаткер, бұл тұлғасыз Қазақстанның бүгінін жасау, ертеңін елестету мүмкін емес деп санайды.«Қанды қаңтар»  оқиғасы Назарбаев дәуірінде биліктегі құқығынан пайдаланып Қазақстанды тонаған саяси күштердің Тоқаевтан билікті тартып алу әрекеті. Тәуелсіздікке жасалған қастандық деп санайды.

Екінші жаңғыртымпаздар. Назарбаев дәуірінде ел байлығының тоналғандығын, қоғамда әділетсіздік жайлағанын мойындайды. Назарбаевтің ел құрудағы рөлін мойындап, Назарбаевті құрметке лайық деп санайды. "Қанды қаңтарды" тәуелсіздікке жасалған қастандық, ел өміріндегі трагедия деп есептейді. Ресейге болған достық, адал көршілік қатынасты дамыту керек деп қарайды. Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан болу керек деп айтады. "Қанды қаңтардан"  соң  Тоқаев басшылығындағы Назарбаев қалыптастырған саяси жүйені жаңғырту арқылы Қазақстанды әділетті Қазақстанға айналдыруға болады деп санайды. Тоқаевтің "Қанды қаңтардан"  соң Қазақстанды әділетті Қазақстанға айналдыру үшін жасаған саяси реформасы «күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет»  сынды билік моделін қолдайды. Бұлар өз ішінен 3 жікке бөлінеді. 1). Оңшылдар 2). Орайшылдар 3). Солшылдар.

Оңшылдар. "Қанды қаңтардан" кейін жасалған саяси жүйені жаңғырту реформасы Тоқаев дәуірінде жеткілікті болады. Бұл кезеңде «Жергілікті өзін-өзі басқару»  заңын жасаудың, болмағанда ірі қалалардың әкімін халық тікелей сайлаудың шарт жағдайы пысып жетілмейді. Орыс тілінің заңдағы ресми тіл мәртебесін алып тастауға болмайды, әділетті Қазақстан қалыптасып келеді деп санайды. Бұларлың басты уәкілі президент Тоқаев, Ерлан Қошанов, Ерлан Қарин сынды саяси жүйені жаңғырту моделін жасаушылар.

Орайшылдар. Бұлар саяси ілімге жүйрік, тек бүгінгі Тоқаев басшылығындағы аталмыш жаңғыртымпаздар ұзақ уақыт билікте болады деп қарайды. Бұлар саяси құбылыстарға ұқсамаған тұрғыдан талдау жасай алады. Жеке бас мүддесіне тиімді жолды талдап алады. Тоқаев билігінің қызыл сызығынан аттамайды. Бұлар биліктің саяси ойынының көрігін қыздырушылар. Бұлардың басты уәкілі Айдос Сарым, Ерлан Сайыров қатарлар.

Үшінші солшылдар. Назарбаевтың саяси жүйесі шын мәнінде жаңғыру керек деп санайды. Тоқаевтың жеке басына бар үміттерін артады. Тоқаев билігінің әділетті Қазақстан құру бастамасын қолдау арқылы әділет үшін көп жұмыс жасауға болады деп ойлайды. Назарбаевқа ашық қарсы тұрады, сындайды. Бүгінгі билікті іштен өзгерту керек деп санайды. Биліктің өздерін саяси реформа жасағандықтарының дәлелі ретінде пайдаланып отырғанын түсінеді. Орайдан пайдаланып билікті өзгертуге, қоғамды оятуға күш салады. Бұлар да біршама бұқаралық негіз бар. Орайшылдар оңшылдарға бейім болса, солшылдар күрескерлерге бейім байқатады. Бұлардың басты уәкілі: Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов.

Күрескерлер (демократияшылдар). Бұлар Назарбаевтың билік моделі Қазақстанды тығырыққа тіреді. Қазақстанға Назарбаевтың еңбегінен көрі салған зардабы ауыр деп санайды. Алдымен демократия (саяси реформа) сонан соң жаңару, экономикалық даму болады деп қарайды. Қоғам тек Назарбаев мектебінен шыққандар биліктен кеткен де ғана өзгереді, жаңа әділетті Қазақстанды құру мүмкіншілігі сонда ғана болады деп санайды. Ресеймен болған достық экономикалық байланыстар Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға бөгет болуда деп қарайды. Тоқаевтің саяси реформасы саяси манипуляция деп санайды. Бүгінгі билікті қандай бір жолмен болса да, кетіру керек деп есептейді. "Қанды қаңтар" халықтың билікке қарсылығы неше жылғы халықтың ашу-ызасының жарылуы, билік саяси ойын арқылы "қанды қаңтарды"  жылы жауып қойды деген көзқараста. Бұлар саяси күрестің қай жолына басымдық беру сипатына қарай үш топқа бөлінеді. 1). Қаталдар тобы. 2). Сыпайкерлер. 3). Әділетшілдер.

Қаталдар тобы. Бұл топ Назарбаевты отыз жылдағы ел байлығын тонаушы басты фигурант, тек Назарбаев жоғалмай Қазақстанда ешқандай өзгеріс болмайды, Назарбаевтың өлуі саяси күресті жеңілдетеді-деп санайды. Тоқаев билігіне ешқандай үміт артпайды. Тоқаев билігін Назарбаевтың ұзақ уақыт жоспарлаған жалғасты билік жүргізуінің бір варианты деп санайды. Саяси күрес тәсілін талдап отырмайды. Билікті ашық, өткір сындайды. Ештеңеден жалтармайды. Бұлардың басты уәкілі Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбай, Арон Атабек, Қасен Қожахметов, Жасарал Қуанышәлин қатарлар. Бұлардың барлығы түрлі себептерден өмірден өтіп кетті. Бұл Қазақстанның саяси алаңында билікке қатал қарсы саяси көзқараспен жасау мүмкіндігінің қаншалықты екендігін көрсетеді.

Сыпайгерлер: саяси ағартушылық арқылы қоғамды оятып күрес жасауды негізгі жол етіп талдағандар. Заңды күрес жолымен мәселен; сайлам заңын өзгертіп әділетті сайлау арқылы билікті жаңалауды ойлайды. Сауатты саяси талдаулары арқылы билікті терең, өткір сындайды. Ақиқатты ашып көрсетеді. Бұлардың басты уәкілі: Дос Көшім, Омар Жәлел, Қайрат Жолдыбаев қатарлар.

Әділетшілдер:  саяси күресті ашық бастағандар. Нақтылы саяси әркетпен шұғылданушылар. Саяси ағартушылықты, ашық ереуілге шығуды дәріптейді. Әділет үшін ештеңеден тайынбау керек деп санайды. Бұлардың бұқаралық негізі күшті. Басты уәкілдері: Рысбек Сәрсенбай,Есенғазы Қуандық, Жанболат Мамай, Думан Мұхаметкерім қатарлар.

Қазір халық Назарбаевшылардан мүлдем көңілі қалды, кектене қарайды. Жаңғыртымпаздардан үміті үзілді. Күрескерлерге сенім арта алмай отыр. Күрескерлер ынтымақтаса алмады, дербес партия құра алмады. Сондықтан халық  кімге сенерін не істерін біле алмай отыр. Бұл Қазақстанның саяси ақуалының қазір дағдарыс батпағына батып тұрғандығын көрсетеді.

Ағыбай Акбарұлы

Abai.kz

0 пікір