«ӘДІЛЕТҚИССА»: Сергей Дуванов, Жұмабай Доспанов
Бірінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Жасарал Қуанышәлі, Хасен Қожахмет
Екінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Айсұлу Қадырбаева, Дос Көшім
Үшінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Ермұрат Бапи, Әміржан Қосан
Төртінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Асылбек, Бақтылы, Ғани
Белгілі қоғам қайраткері, «Азат» қозғалысының белді басшыларының бірі, саясатшы Сағат Жүсіптің 2010 жылы жарық көрген «Әділетқисса» кітабынан үзінділер жарияламақпыз...

Сурет: С.Ерғалидың мұрағатынан алынды.
Сағат Жүсіп:
Қазақтың танымал саяси тұлғалары жөнінде қысқаша, үстірт көзбен жазылған осы пайымдауларымды тек қана жақсы ниетпен, ықыласты сезіммен жазғанымды айтқым келеді.

Сурет: uralskweek.kz сайтынан алынды.
Сергей ДУВАНОВ туралы
Сергей Дуванов – Қазақстандағы демократиялық күштер қатарында жүрген байырғы демократ. Қазақстанда алғаш құрылған социал-демократиялық партияның негізін қалаушылардың бірі. Сергейдің бір ерекшелігі – сол кездерден бері ешқандай өзге жаққа ауытқу, бір ұйымнан бір ұйымға немесе бір көзқарастан екінші көзқарасқа, партия ауыстыру, тайқу, тайғанау дегенді білмейді. Билікті де, оппозицияны да, ұлттық күштерді де ашық қолдамайды. Тура бір бағытты тұрақты ұстанып келе жатыр.
Қазақстанның тәуелсіздігін, қазақ тілінің, ұлттық, тарихи, мәдени
құндылықтарының қайта жандануын, қалпына келуін ашық қолдамаса да, оның демократиялық құндылықтарға деген шыншылдығы, турашылдығы, бірбеткей қайтпастығы, бетің бар, жүзің бар демей, билікке де, оппозицияға да бірдей болуы Сергейге деген ықылас-пейілімізді арттыра түседі.
Осыдан болса керек, билік Сергей Дувановтан оппозициядан бетер қорықты. Оның турашыл, принципшіл, өткір алмастай сындары мен мақалалары (Президентке бағытталған), бастамалары, жеке үлгілері, саяси талдаулары халыққа, оппозицияға бағдаршам болып жол көрсетеді деп, оның үнін өшіру үшін билік үшін басты мақсат болды.
2002 жылдың 28 тамызында билік Дувановқа алғашқы «ескертуін» жасады. «Белгісіз біреулер» Сергейді үйінің дәл қасында есінен тандырып сабаса да, алған бетінен қайтпағасын билік соңғы амалын – «арнайы» операциясын жүзеге асыруына тура келді. 28 қазан күні кәмелетке толмаған қызды «зорлаған үстінде ұстап» үш жарым жылға соттады.
2008 жылы тамызда болған Ресей–Грузия соғысы кезінде Ресейдің империялық, зорлықшыл саясатын, қаңқұйлығын айыптаған бірден-бір орыс журналисі осы Сергей болды.
Қазақстандық орыстардың қазаққа, Қазақстанға деген жаны ашымастығын, уақытша жүрген пиғыл мінезін алғаш рет ашып, оны «квартиранттық синдром» деген де Сергей болды. Грузиндерді айыптамағаны үшін, өздерін осылай әшкерелегені үшін орыс ағайындары Дувановты сын садағына алды, дүшпандар қатарына қосты.
Тағы бір мәселе ол қазақстандық орыстардың (қазақтардың да) көзін ашып» берді: «Сендер, Қазақстанда орыс тілі жәбір көріп жатыр» деп қит етсе айқай саласыңдар да, бірақ өздерің оған көмектесіп бұтаның басын сындырған емессіңдер. Біле білсеңдер, Қазақстандағы орыс тілінің ұзақ өміріне кепіл болып отырған сендер емес – орыстілді қазақтар ғой» дейді. Сергейдің бұл пікіріне жүз пайыз қосыламын.

Сурет: azh.kz сайтынан алынды.
Жұмабай ДОСПАНОВ туралы
Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі күштердің алғашқы көшін 1990–1991 жылдары «Азат» қозғалысы бастаған болса, екінші көшті 1998 жылы экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің партиясы, үшінші көшті 2001 жылы күзде Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбіләзов бастаған демтаңдаушылар дүниеге келтірді деген болар едім.
Екінші көштің өкілдерінің ішінен саяси аренада суырылып, озып алға шыққандардың бірі – атыраулық Жұмабай Доспанов.
Жұмабаймен 1998 жылы желтоқсанның басында Мәскеуде өткен бүкілқазақстандық демократияшыл күштердің форумында таныстым. Көп ұзамай екеуіміз де Ә.Қажыгелдиннің ұйымдастырған ҚРХП-ның (Қазақстанның республикалық халықтық партиясы) құрылтайында болдық. Ол Атырауда, мен Қызылордада облыстық ұйымды ұйымдастырып, жетекшілік жұмыстарын атқардық.
Алғашқы оппозициялық партия болған ҚРХП ұйымына, оның жетекшілеріне қарсы билік тарапынан арамзалық соққылардың жасалуы, заңсыз әдістер мен қимыл-әрекеттердің қолданылауы, заңсыз әрекеттерді заң батпағына айналдыру арқылы күресу осы кездерде басталды. Осы заңсыз әрекеттер мен қимылдардың, жымысқы арандатулар мен оның алғашқы қиянаттарын бірінші болып қабылдаған, бірнеше соттар мен қастандықтарды басынан өткеріп шыңдалған аймақтық саясаткерлердің бірі Жұмабай еді.
Сол тұста мен Жұмабайдың бойында жарқ етіп көрінген ең басты қасиеті – алдымен оның қазақтілді оппозициялық басылымды аймақтық деңгейде ең жоғары белеске көтере білген қабілетін айтқан болар едім. Ешкім елемеген, білмеген, көзіне ілмеген «Алтын ғасыр» басылымын бүкіл Батыс пен Оңтүстік Қазақстан аймағындағы азулы, беделді газете айналдырды.
Қаржылық, журналистік тапшылықта жүріп, жалғыз өзі осындай газетті шығарып келе жатқан Жұмабайдың аты қазақ басылымдарының жаңа тарихында қалары анық.
Abai.kz