Абайдың отыз сегізінші қара сөзі...
«Әй жүрегімнің қуаты, балаларым!» сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып естелік қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат. Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен. Мұның табылуына себепкер – әуелі «сезім мүшелерінің саулығы» мен «тән саулығы». Осылардың барлығы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында мәжбүрлеу яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы тануға, өзін тануға, дүниені тануға, өз адамдығын бұзбай ғана пайдасын біліп, зияннан аулақ болуды ғылым-білім арқасында үйренсе, білер деп үміт қылуға болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Ол үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады, бірақ ешбір пайдасы болмайды.
Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, тіпті иман –иланға да қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молда, жарым мұсылман. Олардың кемел адам болулары қиынның қиыны. Себебі Құдай Тағала өзі ақиқат, тура жолы. Қиянат – ақиқат пен тура жолдың жауы. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда хақты таппайды. Адамның ғылымы, білімі ақиқатқа, турашылдыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білуге ынтық болса табылады. Ол Құдайдың ғылымы емес, бәрін біле-тұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Құдайдың бір сипаты, ол ақиқат. Оған ғашықтық та хаққа махаббат әрі адамға махаббат. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ізет-құрмет таппақ секілді нәрселердің махабатымен ғылым-білімнің ақиқаты табылмайды.
Мал, мақтан, ізет-құрметті адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды әрі көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады. Енді ақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа лайықты ықыласты құлағыңды қой. Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның ақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла Тағаланың бірлігіне және құран оның сөзі екендігіне әрі Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі екендігіне сендің. Жә, не бітті? Сен Құдай Тағалаға жаратушы болғаны үшін иман келтірдің бе? Әлде Құдай Тағалаға өзің үшін иман келтірдің бе? Сен Құдайға иман келтірмесең де, Алла Тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек.
Сіз «Мен Аллаға, сол сияқты оның есімдері мен құдіретті сипаттарына сенемін» дедіңіз. Ол есімдердің барлығы Алла Тағаланың ұлы істерінің ұлы аттары, олардың мағынасын біл әрі затындағы сегіз сипаттары не деген сөз кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе «мүслім» ат қойып, оған «берілген» болғаныңа сай боласың да, өз ниетіңді соған өз халінше ұқсатуды шарт қыл. Құдай Тағалаға ұқсай алам ба деп надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік мүддесімен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Құдай Тағаланың сипаттары: өмір, ғылым, құдірет, көру, есту, қалау, сөз, жаратушылық. Бұл сегізінен Құдай Тағаладағыдай кемел, ұлық болмаса да пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы, бір ұшқын аттас сипатымызды Алла Тағаланың сегіз ұлық сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз «мүслім» бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды әрі ол аттарымен бірге белгі болған Құдайға амалымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білу керек. Ол – Алла Тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің «ақыл» мұқтаж, жоғарыда жазылмыш сипаттармен бірге тани алмасақ, Құдайды тану қиын болады. Біз Құдай Тағаланы өзінің білінгеніне дейін ғана білеміз, болмаса түгел білмек мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким ақыл ерістіре алмады. Құдай Тағала өл – шеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Құдай Тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те Алла Тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкіндіктің ішінде не нәрсенің «бар» болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске айтылатұғын бір «қадімге» түсініктеме болмайды. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла Тағаланың ішінде, Құдай Тағала кітаптарда өзіне тән сегіз сипатқа ие және тоқсан тоғыз көркем жақсы атпен баян болған. Есімдердің барлығы Құдайға тән сипаттар және Құдай Тағаланың істерінің сипаты. Мен сіздерге бұл жерде төртеуін таныстырамын. Оның екеуі ғылым, құдірет. Сегіз сипаттың қалған алтауы бұларға түсініктеме. Сол алтауының бірі – өмір, яғни тірлік.
Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипатымен бірге сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет бола ала ма? Боларлық нәрселер ме? Әрине, ғылым құдіреті бар болады. Өмір – мәлім, бірі – қалау. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол ешнәрсеге әрекет бермейді. Бар нәрсеге әрекет беретұғын өзі. Қалау ғылымның бір сипаты сөз, яғни сөйлеуші деген, сөз әріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі – әріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және көру, естуде. Құдай Тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі – бар қылу, жарату. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, Құдай Тағаланың сипаты өзіндей қадім, мәңгі, бастау мен соңы жоқ болады да, қашанда барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен не кіші болуға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, әр уақыт жаратуда болса, бір мәжбүрлік болады. Ол мәжбүрлік Құдай Тағалаға лайықты емес. Оның бар нәрсені жаратуы – оның құдіретіне ғана бір түсінік. Бұл ғылым құдіретте ешбір шексіз, ғылымында аңдаусыздық болмайды, құдіретінде епсіздік және әлсіздік жоқ. Жаратушының жасаған нәрсесіне қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді. Бірақ пендесінде ақыл – үкім беруші. Қайрат, қуат – қызмет қылушы еді. Соған қарап ойласаң, Алла Тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс. Бірақ әуелде айтқанымыз ғылым, құдірет біздің ұғымымызға ғана екі есеп болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі – бағынушы, бірі – бағындырушы болады ғой. Бұл болса, Құдайды тануға жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «басқа да емес, оның өзі де емес» болып, сонда бұлардан бір өз алдына бір топ шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды әрбірін басқа-басқа дегенде, көп нәрседен жиылып, олардың бірігуінен Құдай болған болады. Бұлай деу бекер, бір ғана құдірет пендеде болған қуат; құдірет ғылым ақылдан басқа болатұғын, Алла Тағалада болған құдірет – ғылым һәм рақмет. Ол рақмет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, Алла Тағаланың жарылқаушы, мейірімді, кешіруші, сүюші, қорғаушы, жасырушы, несібе беруші, басқарушы, мейір беруші деген есімдері негізінде бір ұлық сипатынан есептеуге жарайды. Бұл сөзіме айтылған есімдерге дәлелім – жоғарыдағы жазылған Алла Тағаланың есімдері. Ақылға жүгінген дәлелім – Құдай Тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандардан пайда алатұғын жан иесі айуандарды жаратып, жанды айуандардан пайдаланатұғын ақылды адамды жаратыпты.
Еті ауырмайтын жансыздарды, жануаларды асырауға, жан иесі айуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып жаратты. Жансыздар мен жануалардан қиямет күні есеп сұрамайтын етіп жаратты. Ал олардың барлығынан пайдаланатын ақыл иесі адамды қиямет күні есеп сұрайтын етіп жаратқан. Сондықтан Құдайдың адамға әділеті әрі махаббаты емес пе? Адам баласына құрт, құс, өзге айуандар секілді тамақты өз басымен алғызбайды. Адамға аузына ас алғанда, ішкенде ыңғайлы болсын деп екі қол берген. Адамның екі қолы басқа қызмет те етеді. Ас жегенде не жегенін білмей, иісін сезіп лаззат алмай қалмасын деп ауыз үстіне мұрынды қойып берген. Астың тазалығын байқамай қалмасын деп екі көз берген. Ол нәзік көздерді зарардан қорғап тұрсын деп қабақ берген. Ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік берген. Екі көзіне маңдай тері аққанда қағып тұрсын деп қас берген. Енді адамның жүзіне көрік бергені, топтасып ынтымақтасып іс қылмаққа күй бергені, бірін-бірі ұға білуге тіліне сөз беріп жаратқаны махаббат емес пе? Біреу саған жақсылық қылса, сен оған жақсылық қылмасаң қарыз емес пе? Ақыл көзімен қара: күн шығып, теңізден бұлт көтеріліп, бұлттан жаңбыр жауады. Жер жүзінде неше түрлі дәндер өседі, жемістер өнеді. Олар көзге көрік болып, көңілге ләззат сыйлайды, гүл-бәйшешектер, ағаш-жапырақтар, қант қамыстардан өнімдер алынады. Неше түрлі өсімдіктер өсіріп айуандарды сақтап қалады. Бұлақтарды ағызып өзен болып, өзендер ағып дария болады. Олар айуандарға, құсқа, малға сусын болады. Балықтарға қоныс мекен болады. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын, айуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін, сулар балығын, балықтар уылдырығын, тіпті ара балын, балауызын, құрт жібегін – барлығы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі адам баласына таусылмас азық.
Миллион даналықпен жасалған машина, фабрика адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушының махабатымен адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүю қарыз емес пе? Адам баласы қанағатсыз болып бұл айуандардың тұқымын құртпасын, алдыңғылар артқыларға жәбір қылмасын деп малды адам баласының өз қызғанышына қорғатып қойған. Өзге айуандардың біріне ұшқыр қанат берген, біріне күшті қуат берген, біріне жүйрік аяқ берген. Бірін биік жартасқа, бірін терең тұңғиыққа, бірін орманға қорғатып, әрі әрбірін өсіп-өнуге құмар қылған. Оларды жас күнінен шапағатқа бөлеп, бастарын сиқырлата бір-біріне қамқор қылып қойғаны –адам баласына өсіп-өніп, теңдік алсын деп емес, бәлкім адам баласының үзілмес ұрпағына таусылмас азық болсын дегендік. Жә, бұл даналық сырының бәрі мейір, әрі айқын әділет. Біз ортамызда бұл мейір, әділетті иман шарты деп есеп қылмаймыз. Оның үшін «мүслім» болғанда, Алла Тағалаға беріліп, оның жолында болғанымыз қайсы? Бұл екі ай мен күннен артық мәлім тұрған жоқ па? Құдайдың ісінің біріне де табанды емеспіз, өзгелерде болғанын жек көрмейміз. Өзіміз ұстанбаймыз, бұл қиянатшылдық емес пе? Қиянатшыл болуға табанды адам – мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман. Алла Тағаланың адамдарға салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Алла туралы ойлану» деген хадис шәріпте: «шын мәнінде Құдай әділ адамдарды сүйеді» деген. Мен ешкімнің аяттарға ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ. «Адамдар жақсылық пен иманшылдыққа табынады, соңынан ереді, өйткені Алла да жақсыны сүйеді», «Ал иман келтіріп, игілікті істер атқарғандарға келсек, міне солар – жұмақтықтар, олар мәңгі-бақи сол жерді мекендейді» (Бақара-82) деген аяттармен құранның іші толған. Ал «игі іс» не екенін білмейміз. «Ал иман келтіріп, игілікті істер атқарғандар болса, Алла олардың қарымын толық қайтарады. Алла залымдарды жақсы көрмейді» (Имран-57) аятына қарасаң, игі іс залымдыққа қарсы болады. Олай болғанда әділетті жоғары қоймаған кімде кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәріпінде: «кімде-кімнің ұяты болмаса, соның иманы да жоқ» дегені дәлел. Енді белгілі иман құр инанышпенен болмайды, әділет және мейірділікпен бірге болады. Игі іс әділетті және мейірділікпен болады. Тән тұтастай беріліп жасаған құлшылығы әділет пен мейірді бермейді. Намаз оқушы, ораза тұтушы қандай жағдайда екенін күнде көзің көреді, оған дәлел керек жоқ. Бәлкім әділет барша ізгіліктің анасы. Ынсап, ұят – бұл әділеттен шығады. Оның үшін әділеті адамның көңіліне келеді: мен өз көңілімде халық менімен, сондай-мұндай қылықтарымен қарым-қатынас қылса екен деп ойлап тұрып, өзім сол халықтармен санаспағаным жарамайды ғой десе, сол өзі әділет те және ынсап та емес пе? Ол барлық жақсылықтың басы емес пе? Жә, олай мінез бенен сол ойды ойлаған кісі жаратушысына неге шүкір қылуды ойламайды?
Ғибадаттың бәрі шүкір етуден туады. Енді сақ болыңдар әділет, шапағаттан бәсеңдемеңдер. Егер бәсеңдесең, иман да, адамдық та бәрі босанады. Сопы Аллаярдың «Бір кісінің кесірінен жүз кісі ыңғайсыз жағдайда қалады» дегені ойыңа келеді. Енді біздің бастағы түсінік бергеніміз бойынша Құдай Тағала ғалым, аяушы, әділетті, құдіретті еді. Сен де бұл ғылым, аяушылық, әділет үш сипатпенен сипаттанбақ болсаң, оған ынталануды шарт еттің, мұсылман болдың әрі толық адамгершілігің бар болады. Белгілі «жәуанмәрттік» үш ерекшелікке ие. Турашылдық, жомарттық, ақыл. Бұл үшеуінің турашылдығынан әділет болады, жомарттық шапағат болар. Ақыл анық ғылымның бір аты екендігі. Бұларды әр адамның бойында алла Тағала шамасына қарап бар қылып жаратқан. Бірақ оған өріс беріп жайнатуға адам өз жағдайына сай ынта-жігерімен кемеліне жеткізе алады. Бұлар өзіңнің ынтаңмен бірге таза ниетіңмен іздесең ғана саған берілетін нәрселер, олай болмаса жоқ. Бұл айтылған үш мінездің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі амал Құдайға қарай жетелейді, өзін құл біліп, бұл амалдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар әулиелерге үйретті, әулиелелер оқыды, ғашық болды. Бірақ қиямет күнінің пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлкім есепке алмады. Хакимдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі, ғибрат көзімен қарағанда, екеуі де бірінен бірі көп жырақ кетпеді. Оның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, Алла Тағаланың сүннеті «ойлануды» екеуі де айтады. Ойланудың соңы ғибрат алу болса керек. Бұл ақыл, ғылым екеуі де өзін күштеп есептетпекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді. Бұл әділет, екеуі де аяушылық, шапағатты болуды айтып, бұйырды. Бұл мейір болса керек. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі көзқараста әр кісі өздеріне бір түрлі нәпсісін пида ету керек. Яғни пенделіктен кемелдікке жету үшін әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам дүниені тәрк етіп «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Арам-адал былай тұрсын, Құдай Тағаланың қуатыменен, ынта–ақылыңмен тауып, рахатын көруге жаратқан нығметтердің беретұғын тыныштығын суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кету ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?
Нығмет иесіне шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәкәр болмайсың ба? Екінші – бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де қаупі бар және кәпірлерге жем болып кету де, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір шешімде тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егер де бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты хақ дүниеде бола ма? Рас болса, барлығына бірдей хақ болсын, алалаған хақ бола ма, әрі әділет бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – ақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кемелдену жоқ. Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей дүниені тәрк етпеген еді, Тіршілігінде жәннатпен сүйіншіленген он сахаба икрамның үшеуі хәзіреті Осман, хазіреті Әбдіраһман ибн Әуф және хәзіреті Саид ибн Әбдіқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл дүниені тәрк ету: не дүние ләззатына алданып иман жолындағы құлшынысым шала қалама деп бойында сенбеушілік пайда болады, не дүниеқұмарлықтан қауымының көңілін қалдырып алам ба деп ренжуге сабыр сақтап, өзін пида қылады, мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, әуестіктен нәпсісінің әрбір тілегінен бас тартып, әділет, мейір, махаббатына бір шешім болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда о да жұртқа қылған артық жақсылығы есеп болады. Бірақ бұл жол – бек қиын, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір ұстанымда тұрып іздеген ғана кісі істің кемеліне жете алады. Бұл заманда ондай кісі сирек табылады, бұған ғылымның да күші жетпейді, турашыл, қайратты, жаратушысына махаббат, халық пен ғаламға да зор махаббат керек. Бұлардың бәрі бір жерге жиылмағы қиынның қиыны, бәлкім бүлік болар.
Басына һәм бір өзіне өзгешелік бермек – адам ұлын бір бұзатын іс. Әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүрген біз бұзылдық дегенімнен бір болады. Хакім, ғалым асылында бір сөз, бірақ сопылар басқалар-дүр. Дүниеде көріністі ғылым бар, олар айтылған, жазылғандар, оны айтушы айтқан деп те айтады. Бұл айтушылар арасынан жүйріктер ғалым атанады. Құдай Тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған. Мұны ізерлеп «Алла туралы ойлану» деген хадиске сүйеніп бұл сүннетті Құдайдан ізерлеп, құмар болып ғибрат алушыларға тыю жоқ, бәлкім сүннетінің себебін білуге құмар болғандықтан жаратушыға ғашықтық шығады. Құдай Тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. Ғашық – сүйіктісі мен жаратылған менен жаратушы ортасындағы байланыста айырма бар. Алла Тағаланың пендесін махаббат пен мейірмен жаратқанын біліп, махаббаттына махаббат пенен ғана елжіресе Құдайға ғашық болды дейміз. Олай болғанда әрбір ізденуші өз хал-қадірінше Құдайды білуге әрекет жасаса оған хаким деп ат қойды. Бұлар хақ пен бекер арасындағы айырмасын, себептерін білуге ынтасының барлығы адамзат үшін пайдасы бар. Бұлар үшін ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат екінші қатарға қалып, бір ғана хақты табу мақсаты бар, сөйтіп әрбір нәрсенің себебін табудан ләззат алады.
Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Адам ісінің қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың табуымен кең таралады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, өйткені осы хакімдердің жасаған, таратқан істері. «Дүние – ақыреттың егістігі» дегендей, ақыретке егістік болатын дүние сол. Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғалымдардың айтқандарына мұсылман еліктеп иманды кәсіп қылады. Хакімдердің ақылмен жеткендерімен иман шынайы болады. Бұл хакімдерден мұрат – мұсылман хакімдері. Ал басқа діннің хакімдері – «талап қылсаң табасың» делінсе де, дүниенің әрі адамзат өмірінің сырына жетсе де, діннің хақты тануына жете алмағандар. Бұлардың көбі – иманның жеті шартынан, бір Алланы танудан басқа қалған алтауына кімі күмәнді, кімі сенімсіз болып зерттей алмағандар. Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз Құдайдың елшісі пайғамбарымыз хадис шәріпінде «адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам» деген. Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс атқарып жүр. Мәселен, элекрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып отыр. От пен суға тәсілін тауып, мың адам істей алмайтын істі істетіп отыр. Әсіресе адам баласының ақылын ұстартып, хақ пен бекер айырмасын үйреткендігі – баршасы пайдалы болған соң, біздің оларға борышты екендігімізге дау жоқ.
Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білместік, бәлкім бұзық амал, «адам да ақымақ сияқты болады». Олардың шәкірттерінің көбі біраз араб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз сөйлеуді үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар алып келеді. «һай-һойменен», мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін надан түгіл надандар сияқты талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір ынсапқа қайтсын әрі ғибрат алсын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген ынсап, құр өзімшілдік әрі әр өзімшілдік – адам баласын бұзатын амал. Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қару қолға алғанша, мұны ұғып, әділетті түрде зерделеу керек. Мұндай амалдардан күпір қаупі де бар және пайғамбарымыз (с.ғ.с) «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сүйікті достары «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда: «оның патуасын сол заманның ғалымдары білер» деген сөзінен ғибрат алар болсаң, заман өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мәлім болады. Бұл күндегі білім алу жүйесі ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болады. Соған қарай Осман мемлекетінде соғыс мектебі, жетілдіру мектебі салынып жаңа жүйеге айналған. Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымды пайдасыз ұзақ бос әңгіме айтып күнін өткізіп, тіршілік дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір іс-әрекетке лайықсыз болып қалады. Содан адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да әсерсіз болады.
Дүниенің гүлденуі бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылық адамды айуанға айналдырып жіберетіні бар. Дүниенің ғылымын білмей қалу – бір үлкен зарары надан болып қалу. Ол құранда сөгілген: кімде кім мақтаныш үшін дүниеәуи байлыққа құштар болса, оның құны жоқ. Ал жақсы істер үшін дүниеәуи байлыққа көңіл бөлсе, сондай-ақ басқаның байлығына дәмеленбеу үшін болса, ол адал кәсіппен тапқан байлық саналады.
Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Дүниеәуи байлықпен ғылымды кәсіп етпек емеспіз. Кәсіп – өзі де байлық, кәсіпді үйренбек – өзі де игілік. Бірақ ол кәсіп әділеттен шықпасын, шариғатқа сай болсын. Адамға жағдайына сай ізгілікті болу – қарыз іс. Бірақ өзгелердің игілігіне арқа сүйеу дұрыс емес. Молдалар тұра тұрсын, әсіресе бұл заманның ишан адамдардан бек сақ болыңдар. Олар – бүлікші ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері шариғаттың үкімін таза білмейді, көбі надан болады. Одан асып өзін-өзі тариқат мүшесі деп біліп және біреуді жетілдіремін деп мүдделі болады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жетілдіруі мүмкін емес, бұлар адам аздырушылар, тіпті дінге де залалды. Бұлардың сүйгені – надандар. Сөйлегені – жалған. Дәлелдері – тасбиығы менен шалмалары. Онан басқа ешнәрсе жоқ.
Енді біліңіздер, ей балалар! Құдай Тағаланың жолы деген жол Алла Тағаланың өзіндей шексіз болады. Оның шегіне ешкім жетпейді. Бірақ сол жолда жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің шектеулісің, ол жол Құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан, әділет, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы. Ол шексіз жол, сол шексіз жолға аяғыңды берік бастың, шексіз Құдайға жақындасып, нағыз құлы болуға үміт бар, өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп өкінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын жүрегіңе, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүйгендіктен өсер.
Құдай Тағала дүниені кемел шеберлікпен жаратқан әрі адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтудегі талабы өзінің өзгелерге қолынан келгенше достық мәртебесін көрсетпек. Кімге достығың болса, достық шақырады. Ең аяғы ешкімге нағыз сағыныш әрі өзіне өзгешілік беремін деп, өзін тілмен не қылықпен артық көрсетуден аулақ болмақ.
Бұл өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі. Әуелгісі – әрбір жаманшылық жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын аулақ ұстаса, бұл адамға нұр болады.
Екіншісі – өзін-өзі өзгешілікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншіcі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.
Әрі өзі өзгеше тұтатын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашу керек: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білсін.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш айуан қатарына қосылады.
Бұлардың емі халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, әділет ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылымы болсын... Ол білім, ғылымы Құдайға бағынышты болсын. Ғылым әуелі әлемдік ғылымға бағынсын. Яғни Құдай Тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кемелдену жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық ірге жасап, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын және Құдай Тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлкім бұларсыз құлшылық құшылық та емес.
Белгілі, Құдай Тағала ешбір нәрсені құнсыз жаратпады, ешбір нәрсеге бекер міндет жүктемеді. Бәрінің құны бар, бәрінің себебі бар, біздің жай халық былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білуге ынта-жігер керек, сіздер әрбір амал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікті мұрат тұтып ниет етесіз. Ниет оның парына жатады, пайғамбар (с.ғ.с) хадис шәріпінде: «шынында әр іс ниетке қарайды» деген. Енді ниет етіңіз дәрет алуға, намаз оқуға, ораза ұстауға, бұл құлшылық ниетіңіз көрінгенінен тұрақты ғибадатқа жетпегені кемшілік емес пе? Сіздің жан дүниеңіз таза болмағы әуелі иман болып, бұл сыртқы ғибадаттар иманға жүгінген кезде ғана парыз болады. Сіздің сыртқы ғибадат – ішкі дүниеңіздегі иманның көрінісі, әрі сол иманның нұрланып тұруына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес біреу, бірақ ізгі құлшылықпен нұрланады, құлшылық жоқ болса күңгірттенеді, бәлкім, сөну қаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп иманы сөнер деген.
Менің уайымым бар, олар нағыз осы ғибадат екен, Құдайдың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұруды мақсат етсе, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе? Әй, нұсқаудан хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттың бір үлкені – намаз. Намаздан бұрын дәрет алу, онан соң намаз оқуды бастау, ол дәреттің алды – жуыну еді. Мұны берік ойлап қой. Аяғы екі аяқты шәйіп бітіруші еді, бұлардың бәрі болмаса көбі нұсқау еді. Үлкен дәреттен кейін мүшелерді толық жуасыз. Осылай ішіңнің тазалығы секілді көзге көрінбейтін мүшелерді тазартамын. Сөйтіп ниетпен әрі ішкі және сыртқы мүшелерді тазартып Аллаға ғибадат етемін деп дайындаласыз.
Енді намаздың аты арабша – салауат, салауат дұға мағынасында деген: аяқты, мойынды сумен шаю ол жұмбақ емес, өздері де жуулы деп көрсеткен белгі.
Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз – егер Алла Тағаланы жоғарыда деп, мекенін дәлелдеу емес, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына баттым, яғни дүние әуесіне батырмай қолымнан тарт, яғни құтқаруға жәрдемдесуге ишарат.
Онан соң тік тұрып қол байлау – құл қожа алдында тұрмақ, бұқара патша алдында тұрғаннан артық. Алланың қуаттылығына өзінің әлсіздігін мойындауда берік тұрғанын көрсеткен белгі.
Құбылаға қарамақ – әрине, Құдай Тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зияратын парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұға қабылдануына жақын болар ма екен деген белгісі.
Намаздың соңғы отырысы – дұғаның ақырында Аллаға «сәлемдесу» одан оның жалғыздығына «куәлік беру», одан сәлем жолдау, пайғамбарға (с.ғ.с) ең соңғы сәлемді жолдаумен тауысасыз. Яғни Алла Тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз, ол дұға қазынасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да амандық тілеп әрі мейір тілеп бітіресіз.
Жә, бұл сөзден қандай ғибрат алдық?
Ислам Жеменей
Abai.kz