Жұма, 20 Ақпан 2026
Алаң 161 0 пікір 20 Ақпан, 2026 сағат 13:06

Тау етегіндегі тіл

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Кей сәт маған қазақтың тілі тау етегінде әлсіреп жатқан мүсәпір жанның халін елестететіндей. Ол тау шыңына көтерілу үшін тырнағы қанға боялғанша жер тырмалай, өлермендікпен өршелене өрге өрмелеуі керектей көрінеді.

Өзімді сабырға шақырам.

Сөйтем де, шындық басқа деймін.

Қазақ тілі мүсәпір емес, ол жараланған, бірақ тірі деймін. Себебі қазақ – мемлекет құрушы ұлт. Бұл мемлекетте бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол - қазақ тілі.

Демографиялық басымдық қазақтардың жағында.

Қазақ әдебиеті мен мәдени қоры қуатты.

Демек ол әлсіремеген, тек шешім күтуде. Иә, ұзақ күттік, тағы да күтуге тура келеді... Қанша күтеміз? Ол өзіміздің табандылығымыз бен ерік-жігерімізге байланысты. Солай!

Конституцияда орыс тілінің қатар тұруы – амал.

Ал бізде бір ғана таңдау бар, ол - қайрат көрсету.

Иә, біз батыл бола алмай отырмыз. Өйткені батылдық көрсету үшін алдымен оған жүйеміз дайын болуы керек.

Тілді Конституцияға жазу жеткіліксіз. Оны биліктің, білімнің, экономиканың, ғылымның тіліне айналдыру керек.

Тіл – ұлттың жаны. Жан шошынуы, жаралануы мүмкін. Бірақ жан тірі тұрғанда, ол қайта еңсесін тіктей алады.

Конституциядағы бір ғана сөз өзгерді. «Тең» сөзі «қатар» болды.

Тереңнен үңілмеген жанға айырмашылық шамалы болып көрінеді. Ал тілдің тағдырын жүрегімен сезетін адам үшін – бұл жай ғана редакциялық түзету емес, тарихи ахуалдың айнасы.

Бұрын орыс тілі қазақ тілімен «тең» қолданылатын еді. Мәртебесі де, құқығы да, салмағы да тең болатын.

Енді ол «қатар» қолданылады. Қатар деген бірге, жанында, ілесіп жүру дегенді білдіреді. Мемлекеттік мәртебе, құқық қазақ тіліне ғана берілген.

Алайда үнемі санада тұратын сұрақтар бар: шешім қай тілде туады? Біз неге орыс тілін Конституцияда қатарластырып жазуға мәжбүрміз?

Себеп бірнешеу: Жетпіс жыл бойы орысша ойлап келген мемлекеттің инерциясы сол қалпында қалды. Қалада орыс тілдік орта берік қалыптасты.

Кеңес мәдениетінің әдеті нық орныққан. Орыс тілі элитаның ойлау жүйесіне айналған.

Және, иә, геосаясат та бар.

Солтүстіктегі алып көрші орыс тілінің мәртебесіне сезімтал. Тарихи жады, демографиялық құрылым, аймақтық тұрақтылық – бәрі есепке алынады.

Ал билік батылдықты тек ұранмен өлшемейді, ол қауіп пен салдарды таразылайтынын түсінеміз.

Бірақ бізді ұстап тұрған тек сыртқы қысым емес деп ойлаймын. Біз толықтай тіл дербестігіне өз ішімізде дайын емеспіз. Бұл не деген сөз? Батыл болу деген бір күнде мәлімдеме жасай салу емес. Батылдық – кадр, жүйе, мәдениет, сана дайын болғанда ғана іске асады.

Тіл заңға жазылғанда емес, шешім қабылдағанда тірі болады.

Егер заң жобасы орысша жазылып, кейін қазақша аударылса, қайдағы тірі тіл?

Егер министр орысша ойлап, қазақша мәтінді оқып берсе – ой қай тілде туды?

Егер мансап пен табыс орыс тілінің есігін қағудан басталса, жас буын қай тілді таңдайды?..

Тіл өлер алдында айқайламайды. Ол жай ғана маңызды сәттерден шеттетіледі.

Кеше ғана Мароккодан оралдым. Білесіз бе, Рабат көшелерінде жүріп, жүрегімді ауыр мұң ұялады. Бұл жай ғана эмоция емес еді.

Марокко 2011 жылы амазиг тілін мемлекеттік тіл ретінде Конституцияға енгізді. Ғасырлар бойы сол жерді мекендеген халықтың тілі ресми мәртебе алды.

Бірақ шешімдер араб тілінде қабылданады. Элита арабша, французша сөйлейді. Қаладағы амазиг жастары ана тілін оқып-жаза алмайды.

Тифинаг әрпі кейбір маңдайшаларда бар, бірақ ой кеңістігінде жоқ.

Тіл заңда тірілгенмен, билікте тірілмеген. Ауылдағы қария ғана ана тілінде сөйлейді.

Ал қаладағы ұрпақ өз болмысынан бір қадам алыстап кеткен.

Тілден айырылу – бір күндік трагедия емес. Ол баяу ұмтылады.

Көз көрген жайлар көңілге қаяу салады екен. Қазақ тілінің де біртіндеп бербер тілінің кебін киюі мүмкін бе деген ой билегенде аза бойым қаза күй кешем. Әйтседе жоғарыда айтқан себептерді ескеріп, шүкіршілік айтам.

Бірақ мүлдем қауіп жоқ деу де аңғалдық болар еді.

Шешім қазақша тумаса, ондай елде қазақ тілі толықтай тірі өмір сүреді деп айту қиын.

Егер қала қазақша ойламаса, тіл ауылдың иығына ғана сүйеніп қалады.

Егер элита өз тілінде интеллектуал кеңістік құрмаса, тілдің тынысы тарылады.

Жағдайды саралап, салмақтай білген жанның алдында бір сұрақ тұр: Біз «қатар» тұрумен шектелеміз бе, әлде қайрат көрсетіп, әрекет жасап, етектен шыңға көтерілеміз бе? Міне, мәселе осында.

Гүлмәрия Барманбекова

Abai.kz

0 пікір