Сейсенбі, 24 Ақпан 2026
46 - сөз 185 0 пікір 24 Ақпан, 2026 сағат 13:04

Дубляж

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Баяғыда, сәбет заманында, «Қазақфильм» дубляжы үздік болды.

Әзербайжандар түсірген «Сөнген оттың сәулесі», тәжіктің «Сияуыш туралы аңызы» (фотода), «Қолды болған жеті күйеуі», түрікменнің «Келіні», өзбектердің Бируни, Хамза туралы фильмдері, «Қырғызфильмнің» мықты туындылары қазақ тіліне керемет аударылды.

Бұдан бөлек, «Мосфильм» мен «Ленфильм» өнімдерін қазақтың өзі түсіргендей өрнекті тілмен кестеледі. Қазақтың киносы екен деп қала жаздайтынбыз.

Бір ғана Новосельцевтің («Қызметтестер хикаясы»): «Вчера я словно с цепи сорвался» дегенін «Кеше мен асыр caп, тәуір желігіппін» деп аудару ғажап емес пе? (Қайбір жылы осыны бір арна «Мен кеше қарғыбаудан босанып кетіппін» деп аудара салған).

Немесе «Какая муха укусила тебя?» дегенді жаңағы арна («Астана» ғой деймін) «Сені қандай шыбын шағып алды?» деп аударған.

Ал «Қазақфильмнің» нұсқасы – «Сені не түлен түртті-ей?» болатын.

Қазақ тілінің мәйегін білетін адамдар сөз-сөйлемді осылай қазақы қалыптан аумай тәржімелеуші еді.

Қазір... осы аударылған фильмдердің бәрі эфирде жоқ. «Қазақфильмнің» архивінде бар ма, жоқ па, оны да бір Құдай біледі. Қайбір жылы иттей боп іздеп таппағам: бірі біріне сілтейді. «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Хабар», басқа да арналар бүгінде осылардың бірін көрсетпейді. Ескірген, түкке жарамайтын, көне көн етіктей көретін шығар.

Телеарналар бүгінде басқа... өте маңызды шаруалармен... түрік сериалдарымен айналысып жатыр.

Істеріне Құдай береке берсін, дегенмен... жаңағы ескі аударма-фильмдерді аптасына демейін, айы да құрысын, «Беу, қыздар-ай» телефильміндегі Серке (Есболған Жайсаңбаев) айтпақшы... «тым болмаса!»... үш айда бір беріп қоюға болмай ма екен? Ол фильмдердің қазақшасын шашына ақ түскен («ақ түскен» деппін-ау, вообще бар шашы түскен) мен сияқтылар ғана біліп, еске алып отыруы керек пе?

Жақсы аударманың үздік үлгілерін кейінгілер де көрсе дегенім ғой. Бұрынғылар да еске түсіргісі келер. Рас, ғаламторда орысшалары тұр. Бірақ біз... ұмытып кетпесек... қазақпыз ғой! Бар дүниені қазақша көруіміз керек емес пе?

Әйтпесе сол аудармаларға бірі режиссер, бірі редактор, бірі тәржімеші болған Серік Жармұхамедов, Сәлиха Сәмбетова, Аяған Сағаев, Әміртай Бөриев, Тұрысбек Сәукетаев, Майра Әбусейітова, Дариға Тналина, т.б. бекер жұмыс істеген болып шықпай ма?

Ғажап артистер – Мұхтар Бақтыгереев пен Алтынбек Кенжековтің, Атагелді Ысмайылов пен Таңат Жайлыбековтің, Фарида Шәріпова мен Раушан Әуезбаеваның бүкіл жан-жүрегін берген еңбектері еш кеткені ме?

Бүгінгі аудармашыларға үлгі болатын үздік дүниелер ұмытылмаса екен деймін.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір