Header Banner
Сейсенбі, 17 Наурыз 2026
Әне, көрдің бе? 189 0 пікір 17 Наурыз, 2026 сағат 14:35

АҚШ пен Иран соғысы: Қытай мүддесіне соққы!

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Қытайдың Парсы шығанағынан ең ірі мұнай импорттаушы әрі аймақтың инфрақұрылымы мен технологиялық салаларына қаржы құйған ең ірі инвестор екені белгілі. Қытайдың Таяу Шығысты экономикалық экспансиясының негізгі сүйеніші ретінде қарастыратыны айтылып келеді. Дегенмен, АҚШ пен Израильдың Иранға соғыс ашуы мен оған жауап ретінде Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы - Бейжіңге Таяу Шығыс стратегиясының қауіп-қатерге толы екенін ұғындырды.

Қытай мен Парсы шығанағы елдерінің экономикалары бір-біріне тәуелді: Парсы шығанағы елдері әлемдік ірі энергия өндірушілер болып табылады, ал Қытай ең ірі энергия тұтынушы ел; Парсы шығанағы елдері жоғары технологиялық салалар мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және заманауи қалалар мен порттар салуға ниетті, Қытай бұл салада техникалық болсын, құрылыс жағынан болсын алдыңғы лекте; Парсы шығанағы елдері тұтынуға құштар, ал Қытай тауар өндіруде бірінші. Сондықтан екі тарап арасындағы қарым-қатынасты нығайту табиғи прогресс болып көрінеді.

Осы мақсатта Қытайдың тәсілі - алдымен экономикалық серіктес ретінде әрекет ету, Парсы шығанағы саясатына араласпау және барлық елдермен жақсы қарым-қатынасты сақтау. Бұл бағыт Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдайды тиімдірек шешуге мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Ормуз бұғазының бұғатталуы Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай  әсер етті. Әдетте Қытайдың шикі мұнай импортының жартысы Парсы шығанағы аймағынан, ал 13%-ы Ираннан келеді. Қазір Парсы шығанағы аймағынан мұнай тасымалы іс жүзінде үзілді. Иранның Қытайға шикі мұнай экспорты негізінен Харк аралынан кемелерге тиеледі,  Иран БАҚ-тары 13 наурыздағы АҚШ әуе шабуылдары кезінде аралдың мұнай инфрақұрылымына зақым келмегенін хабарлағанымен, жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр.

АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының деректері бойынша, Қытайда әлі де стратегиялық қорлар мен коммерциялық қорлар буфер ретінде болғанымен, Чжэцзян және Фуцзянь сияқты жағалау провинцияларындағы кейбір мұнай өңдеу зауыттары өндірісті азайта бастады немесе кейбір операцияларын тоқтатты. Sinopec наурыз айында мұнай өңдеу қуатын кем дегенде 10%-ға қысқартатынын мәлімдеді.

Соғыстың Қытайға тікелей әсері - оның аймақта көптеген инвестициялық жобалары бар. Мысалы, қытайлық компаниялар Ирактағы Тубба мұнай кен орнын кеңейтуге инвестиция салып, Saudi Aramco компаниясымен бірлесіп, ірі көлемді мұнай өңдеу және мұнай-химия жобаларын құруда.

Таяу Шығыс сонымен қатар Қытайдың «Жаңа Жібек жолындағы» маңызды түйін болып табылады. Қытайлық компаниялар Сауд Арабиясында инфрақұрылымдар, Катарда әлем чемпионаты стадионын, Абу-Дабиде үлкен контейнерлік порт салды. Qatar Energy үшін сұйытылған табиғи газ (LNG) тасымалдайтын кеме жасап жатыр.

Қытайлық технологиялық компаниялар Таяу Шығыста қарқынды дамып келеді. Huawei Сауд Арабиясының ақылды қала жобаларына қатысуда. Дубайда цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллект технологияларын жалпыластырып, «Цифрлық деректердің – жаңа мұнай қоры» екенін насихаттауда. Сонымен қатар, Дубай біртіндеп бай қытайлардың қаржы сақтайтын орталығына айналуда. Соңғы жылдары Сингапурдағы қатаң ережелер мен Гонконгтағы саяси өзгерістерге байланысты БАӘ-ге Қытай капиталы көбірек ағылды. Қазіргі уақытта БАӘ-де шамамен 370 000 қытай азаматы тұрады, ал онда 15 000-нан астам қытайлық компания жұмыс істейді.

Қытайдың Иранда да қомақты экономикалық мүдделері бар. Иранның мұнай экспортының 80%-дан астамын сіңірумен қатар, кейбір қытайлық компаниялар Иранның энергетикалық және телекоммуникациялық инфрақұрылым жобаларына қатысады және Иранға автомобильдер экспорттайды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Иран билігі қытайлық модельге ұқсас интернет цензура жүйесін құруда қытайлық компаниялардың техникалық қолдауына да сүйенген.

Қытай бастапқыда Таяу Шығыста экономикалық ынтымақтастықты басты орынға қойып, аймақтағы саяси қақтығыстардан мүмкіндігінше аулақ болуға тырысты. Дегенмен, бұл соғыс Бейжіңге энергетикалық және сауда мүдделері әрқашан қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты екенін ұғындырды. Қытайдың Таяу Шығыстағы иевестициясы мен жобалары көбейген сайын, сәйкесінше қауіп-қатер де еселене түспек.

Дереккөз: Францпрес

Abai.kz

0 пікір