Орыстардың империялық ойлауы: Кеше мен бүгін...
Егер «орыс халқының империялық менталитеті» тек күшті мемлекетке деген сүйіспеншілік ретінде емес, Ресейдің көршілес халықтар мен аумақтарға билік етуге ерекше құқығы бар деген түсінігі ретінде қарастырылса, оның пайда болуы ұзақ тарихи процестің нәтижесі болғанын көреміз. Бұл – «орыс халқының» бойындағы туа біткен қасиет емес: әртүрлі дәуірде әртүрлі дәрежеде басым болған саяси және мәдени көзқарас.
Ол қалай пайда болды?
Мәскеу мемлекеті: Билік және аумақтық кеңею.
XV және XVI ғасырлардың аяғынан бастап Мәскеу мемлекеті қарқынды түрде кеңейе бастады. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қазан және Астрахан хандықтары жаулап алынды, содан соң экспансия Сібірге қарай ойысты.
Мемлекет үшін бұл кеңеюдің өте практикалық мақсаттары болды: шекара қауіпсіздігі, салықтар, жер, аң терісі және сауда жолдарын бақылау. Біртіндеп мынадай саяси әдет қалыптасты: күшті мемлекет өзінің бақылау аясын үнемі кеңейтіп отыруы тиіс.
Дегенмен, ұлтшылдықтың қазіргі тұжырымдамасын XVI ғасырға тікелей таңуға болмайды. Мәскеу монархиясы қазіргі мағынадағы ұлт-мемлекет емес, көпұлтты әрі әулеттік сипаттағы құрылым еді.
Православие және арнайы тарихи миссия идеясы.
«Мәскеу – үшінші Рим» тұжырымдамасы маңызды рөл атқарды. Константинополь құлағаннан кейін, Мәскеуді кейбір элиталар православиелік империялық дәстүрдің мұрагері ретінде қабылдай бастады.
Кейінірек бұл идея өзгеріске ұшырады: Ресей басқалармен қатар тұрған жай ғана мемлекет ретінде емес, өзіндік тарихи миссиясы бар ерекше өркениет ретінде қарастырыла бастады. Бұл – империялық сананың маңызды құрамдас бөлігі: «Біздің ерекше жолымыз бар, сондықтан біздің мүдделеріміз бен тәртібіміздің тарихи маңызы жоғары».
Бірақ бұл, ең алдымен, орыс элитасының, шіркеудің және мемлекеттің идеологиясы болды, әрбір орыс шаруасының немесе қала тұрғынының жеке санасы емес еді.
І Петр мен ІІ Екатерина дәуірлері: Ресейдің империяға айналуы.
XVIII ғасырда бұл процесс айқын империялық формаға ие болды. І Петрдің реформаларынан кейін Ресей еуропалық ұлы державаға айналды. Екатерина II тұсында экспансия одан әрі өрістеді: Қырым, Польша-Литва Достастығының аумақтары, Солтүстік Қара теңіз жағалауы және басқа да аймақтар басып алынды.
Сонымен бірге Ресейдің «ықтимал жаулармен қоршалған ұлы держава» ретіндегі концепциясы қалыптасты. Осыдан барып мынадай логика туындады: қауіпсіздік ➔ күшті армия ➔ шекаралық аумақтарды бақылау ➔ ықпал ету саласын кеңейту.
ХІХ ғасыр: Ұлтшылдық + Империя.
Мұнда ерекше синтез пайда болды. Ресей империясы көпұлтты болғанымен, ХІХ ғасырда орыс ұлтшылдығы қатар дамыды. І Николайдың ресми идеологиясындағы «православие, автократия, халықтық» (ұлтшылдық) формуласы – осы процестің көрінісі.
Поляк көтерілістерінен, Кавказдағы соғыстардан, революциялық қозғалыстардан және еуропалық державалармен бәсекелестіктен кейін мемлекет империяның сақталуын Ресейдің аман қалуының басты шарты ретінде қабылдай бастады.
Нәтижесінде мынадай түсінік орнықты:
- Орыстар ерекше тарихи рөлге ие;
- Империя – Ресейдің табиғи өмір сүру формасы;
- Территориялық шығын – саяси жеңіліс қана емес, Ресейдің өз әлсіреуі;
- Көршілес халықтар – тарихи тұрғыдан Ресейге «байланып қалған», сондықтан толықтай тәуелсіз бола алмайтын субъектілер.
Дәл осы кезеңде бүгінде «орыс империялық дискурсы» деп аталатын түсініктің негізгі элементтері қалыптасты.
Кеңес Одағы: «Империя» сөзі жоқ империя.
Кеңестік кезең әлдеқайда күрделі. КСРО ресми түрде империализмді теріске шығарып, халықтардың теңдігін жариялады. Одақтас республикалар құрылып, ұлттық тілдер мен мәдениеттердің дамуына жол берілгендей болды.
Бірақ, сонымен бірге, Мәскеудің орасан зор саяси және экономикалық ықпалына негізделген жоғары орталықтандырылған жүйе орнықты. Онда орыс мәдениеті мен орыс тіліне ерекше орын берілді.
Кеңестік бірегейлік революцияға дейінгі геосаяси кеңістікті мұра етіп алды. Ресей империясы ыдырағанымен, оның аумағының айтарлықтай бөлігі қайтадан біртұтас мемлекеттің құрамына біріктірілді. Кеңес азаматтары өздерін империализмге қарсымыз деп санағанымен, КСРО-ны көршілес мемлекеттердің тағдырын шешуге құқылы держава ретінде қабылдады. Бұл – кеңестік мұраның басты тарихи парадокстарының бірі.
1991 жылдан кейін
КСРО-ның ыдырауы орыс қоғамының белгілі бір бөлігі үшін үлкен психологиялық жарақат (травма) болды. Миллиондаған адамдар бір түнде басқа елдердің азаматтары болып шыға келді. Бұрын біртұтас кеңістік болып көрінген аймақтар халықаралық шекаралармен бөлінді.
Халықтың белгілі бір бөлігі: «Біздің елімізді қолымыздан тартып алды» деген сезімде болды. Бұл кейінірек В. Путиннің 2005 жылы КСРО-ның ыдырауын «XX ғасырдағы ең үлкен геосаяси апат» деп сипаттауына негіз болды.
Дегенмен, мұнда екі ұғымды ажыратып алған жөн: КСРО-ға деген ностальгия міндетті түрде империализм.
Адам империяны қайта тигізгісі келмей-ақ, өзінің жастық шағын, әлеуметтік тұрақтылықты, ортақ мәдениетті немесе шекарасыз қатынайтын кезеңді сағынуы мүмкін. Ал империялық ойлау жүйесі мынадай идеядан басталады: «Бұрынғы кеңестік басқа халықтардың өз саяси жолын өз бетінше таңдауға толық құқығы жоқ».
2000–2020 жылдары не өгерді?
XXI ғасырда Ресейдің мемлекеттік идеологиясы бірнеше элементті шебер біріктірді:
- Екінші дүниежүзілік соғыстағы КСРО жеңісінің культі;
- Ресейдің ұлы державалық тұжырымдамасы;
- Ерекше орыс өркениеттік жолы идеясы;
- Православиелік-консервативті риторика;
- Бірполярлы әлемді мойындамау;
- КСРО-ның геосаяси қуатына деген сағыныш;
- НАТО мен Батысты тікелей қауіп ретінде қабылдау;
- Ресейдің Украинамен және Беларусьпен «ерекше тарихи байланысы» туралы тұжырым.
Орыстар мен украиндар «бір халық» немесе бірыңғай тарихи кеңістіктің бөлігі деген тезис ерекше маңызға ие болды. Бұл жай ғана патриотизм емес. Егер бұл тезис украин саяси ұлтының тәуелсіз мемлекет құруға және дербес сыртқы саясат жүргізуге құқығы жоқ деген қорытындыға әкелсе, бұл – империялық логиканың айқын мысалы.
Бүгінгі орыс қоғамы туралы не деуге болады?
«Тұтас орыс халқы империяшыл болып кетті» деген үстірт мәлімдемелерден аулақ болған жөн. Шындық әлдеқайда күрделі. Қоғамда бірнеше топты шартты түрде бөліп көрсетуге болады:
- Радикалды империалистер: Олар үшін күшті Ресей көршілес кеңістікті толық бақылауда ұстауы тиіс. Олар аумақтық экспансияны тікелей қолдайды және көрші халықтардың тәуелсіздігін жоққа шығарады.
- Мемлекетшілдер (государственники): Олар аумақты басып алуды көздемегенімен, Ресейдің «артықшылықты мүдделер аймағы» болуы керек және ол көрші елдердегі процестерді бағыттап отыруы тиіс деп санайды. Бұл – «жұмсақ» империялық ойлау.
- Кеңестік сағыныштағылар: Олар үшін КСРО ең алдымен әлеуметтік және мәдени әлем ретінде қымбат. Олар КСРО-ны сағына отырып, қазіргі соғыстарға жиіркенішпен қарауы мүмкін.
- Қарапайым патриоттар: Өз елімен, тарихымен және мәдениетімен мақтанады, бірақ басқа мемлекеттердің өз болашағын өзі айқындау құқығын мойындайды. Патриотизмнің өзі империализм емес.
- Антиимпериялық топ: Ресей тарихына сын көзбен қарайтын, Ресейдің көршілеріне үстемдік ету идеясынан толықтай бас тартуын қолдайтын азаматтар. Мұндай позиция Ресейде ХІХ ғасырдағы декабристер мен либералдардан бастап, ХХ-ХХІ ғасырдағы демократиялық қозғалыстарға дейін болған.
Империялық ойлау неге соншалықты тұрақты?
Мұнда бес негізгі фактор тоғысып отыр:
- Үлкен аумақ: Мемлекет ғасырлар бойы шекараның үнемі кеңеюі жағдайында өмір сүрді.
- Ұлы державалық тәжірибе: Ресей тарихы ұзақ уақыт бойы Осман империясымен, Франциямен, Ұлыбританиямен, Германиямен, кейін АҚШ-пен геосаяси бәсекелестік тұрғысынан қабылданды.
- Мемлекет пен аумақ шекарасының көмескілігі: Территориядан айырылу шекараның жай ғана өзгеруі ретінде емес, ұлттық кемсітушілік немесе қорлану ретінде қабылданды.
- Орталықтандырылған саяси мәдениет: Күшті мемлекет дәстүрлі түрде тәртіп пен қауіпсіздіктің жалғыз кепілі ретінде қабылданды.
- Екінші дүниежүзілік соғыс пен КСРО естелігі: 1945 жылғы жеңіс қазіргі заманғы орыс ұлттық бірегейлігінің орталық элементіне және Ресейдің ерекше ықпал ету құқығы бар деген сенімінің көзіне айналды.
Шындығында, соңғы жүз жылдан астам уақыт бойы (1917 жылдан бері) біз орасан зор Ресей империясының ыдырау процесіне куә болып келеміз. Марксистік-лениндік идеологияны жамылған Сталин бұл ыдырауды уақытша тоқтатып, империялық жетістіктерді қайта жаңғыртуға тырысты. Нәтижесінде, бұл есте жоқ заманнан келе жатқан табиғи ыдырау процесі 1991 жылы қайта жалғасты. Ал қазіргі оқиғалар – соның кері реакциясы (реваншизм).
Сондықтан «Орыс халқы неге мұндай?» деп емес, «Неліктен Ресей мемлекеті мен қоғамының белгілі бір бөлігі белгілі бір тарихи кезеңдерде империялық дүниетанымды қайта жаңғыртады?» деген сұрақ қойған дұрысырақ.
Тілдердің жойылуы: «Орыс әлемін» қорғаудың екінші беті
Айтпақшы, Ресей билігі Донбасты «құтқару» және сырттағы «орыс әлемін қорғау» туралы ұрандарды желбіретіп жүргенде, мемлекеттің өз ішінде жергілікті байырғы халықтардың тілдері мен мәдениеті жойылып бара жатыр.
Ресей Ғылым академиясы Тіл білімі институтының мәліметінше, елдегі 155 тілдің ішінде тек орыс тілі мен орыс ым тіліне ғана жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Қалған байырғы тілдердің жағдайы тым мүшкіл:
- Алеут-Меднов және Ительмен тілдерінде сөйлейтін соңғы 1 ғана адам қалған.
- Тағы 8 тілде сөйлейтіндердің саны 10 адамнан аз.
- Жалпы алғанда, Ресейде 15 тіл жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр, ал 39 тіл аса осал топқа жатады.
Бұл мәселе кеше ғана пайда болған жоқ. 2000 жылдардағы реформалардан кейін ұлттық аймақтарда жергілікті тілдерді мектептерде оқыту міндетті мәртебесінен айырылып, факультативті (ерікті) деңгейге түсті, ал орыс тілі жалғыз міндетті тіл болып қалды.
Бұл өте айқын парадоксты көрсетеді: Мәскеу шекарадан тыс жерлерде орыс тілінің «құқығын» белсенді қорғап жатқанын айтқанымен, өз елінің ішіндегі байырғы халықтардың мәдени және тілдік мұрасы соңғы тасымалдаушыларымен бірге мәңгілікке жойылып барады.
Керімсал Жұбатқанов,
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz