Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5457 0 пікір 8 Қыркүйек, 2014 сағат 11:31

"Русофобия" – Ресей билігінің арандатқыш қаруы ма?

«Бүйректен сирақ шығарып жүретін» Жириновский өткенде Қазақстаннан «русофобиялық» ахуалды байқап, бізге доқ көрсетіп мәлімдеме жасаған еді. Шыны керек, оның бұл сөзі, тіптен негізсіз. Сөзінде пәтуасы жоқ сыңаржақ орыс саясаткерінің бұл айтқанына қолды бір сілтеп, қоя салуға да болар еді. Алайда оның айтып отырғандары бүгінгі геосаясатта қару боп кезеліп жатқанын ескерсек, бұл ретте бізге абай болған жөн. Сондықтан «Алаш айнасы» басылымы еліміздегі орыстілділер құқығын саралап, «русофобия» терминіне сарапшылар пікірімен тереңірек үңілуді жөн санап отыр...

Терминдердің түсініктеме сөздігіне үңілсек, «русофобия» Ресейге қарсы үгіт-насихат немесе орыстардың құқығын таптаушы іс-қимыл деп саналады екен. Ал біздің қоғамда мұндай құбылыс бар ма?.. Оны зерделеу үшін кеше ғана КСРО құрамынан шыққан мемлекеттердегі жағдайды өзімізбен салыстыра кетелік. Мысалы, Түрікменияда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда шетелдік телеарналар қызметіне жол жоқ, соның ішінде Ресейдің де бұқаралық ақпарат құралдарының таралуына шектеу қойылған. Бұл мемлекеттердегі барлық ақпарат тек мемлекеттік тілде тарайды. Ал Қазақстанда болса, Ресейдің үгіт-насихатына есікті айқара ашылған, тіпті ресейлік арналардың трансляциясы үшін бюджеттен қыруар ақша жұмсап, оны сатып та аламыз. Сол секілді, мысалы Түрікмения КСРО құрамынан шыға салысымен өз елі азаматтарын Ресей азаматтығынан күштеп бас тартқызды. Бізде мұндайға жол берілген жоқ, кеңестік кезеңдегі төлқұжаты барлар бұл құқығын сақтап қалды. Тіпті, Кеден одағына енгелі жатқан Қырғыз Республикасы былтыр көктемде барлық құзырлы мекеме құжаттарын мемлекеттік тілге көшірген, яғни ісқағаздар тек қырғыз тілінде жазылатын болған. Бастапқыда «ұлтшыл саясаткерлер өз жарнамасы үшін жәй істеп жүр» деп оған мән берілмеген, бірақ ісқағаздарды тек мемлекеттік тілде жүргізуді міндеттейтін құқықтық құжатқа Қырғыз Республикасының Үкіметі де, Президенті де қол қойып, ол шындыққа айналған. Бұл ретте бізде жағдай керісінше. Шетелден отанына оралған талай қандасымыз құзырлы мекемелерден, өкінішке қарай, мемлекеттік тілде жауап ала алмай, сеңдей соғылып, көңілдері түсіп жүр. Оны айтасыз, халық атынан сөз алатын еліміздегі басты жауапты заң шығарушы орган – Парламентімізде әлі күнге дейін бір де бір рет қазақ тілінде даярланған құқықтық құжат қабылданбаған. Ал мемлекетаралық құжаттарда орысша және ағылшыншамен қатар қолданылатын қазақшамыз қате-қате боп, абыройымызды төгіп жүр. Көшедегі жарнаманы алсаңыз да орысшасы қатесіз, ал мемлекеттік тілдегісі қалай болса, солай жазыла салады. Тіпті, қазақтың азан шақырып қойған аты-жөні де жеке бас куәліктерінде орыс қарпіне ыңғайланып «қисайып» әлі жүр. Бұл мәселені Балтық жағалауы елдерімен қатар Әзірбайжан, Өзбекстан және Түрікмения латын қарпіне көшу арқылы әлдеқашан оңалтып алған.

Жалпы республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын, сол секілді мектептер санын алып қарасаңыз да қазақшасынан орысшасы басым. Ал орысшаға қарағанда қазақшасында сұраныс жоғары. Мысалы, бізде үш ауысымда білім беретін қазақ мектептерін кездестіруге болады. Осы жағынан алғанда, өз елінде маңдайы бес елі қазақшаның жанында орысшаның бағы жанып-ақ тұр. Сыртқы саясатта да үнемі орысқа оң бүйіріміз бұрып тұрады. Бұл арада біз ақталайық деп жатқанымыз жоқ. Тек Жириновскийдің «Қазақстанда «русофобиялық» ахуал бар» деп жүргені бос сөз екенін, осылайша Мәскеудің Қазақстанға әділетсіздік танытып отырғанын дер уақытында дәлелдегіміз келеді. Бұл арада дер уақытта деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ...

Алғаш рет Украинадағы шиеленіс күрделене түскен кезде еліміздің Ішкі істер министрінің блогына бір топ украиналықтардан ескерту хат келіп түскен еді. Онда хат иелері: «Украинада орыс тілінің аяққа тапталып жатпағанын, қандай да бір орыстарды қыстау дегеннің болмағанын, бірақ, керісінше «орыс тіліне селкеу түсірдіңдер», «орыстілділер мүддесін бұздыңдар» деген сырттан ақылға қонымсыз айыптаулар орын алып, арты жаман боп кеткенін» жазады. Сөйтіп Еділ жағасындағы бауырлар қазақстандықтарды осындай сырт жақтан бағытталған айыптауларға жүрдім-бардым қарауға болмайтынын ескерткен. Тағы бір жағынан, бұл сөздің жаны бар екенін уақыт та көрсетіп беріп отыр.

Саясаттанушы Кеңес Сманов Орталық Азияда геосаяси үлкен ойын басталып кеткенде әрі онда орыстілділер мүддесі қауіпті құрал ретінде қолданылып жатқанда бізге өте сақ болу керек деген пікір айтады.

– Мемлекет басшысы «Қазір қазақ тілін монополизацияласақ, онда Украинаның жайы бізге де туады» деп қатты айтты, бірақ ақиқаты осы. Орыс тілі, орыстар Ресейдің саяси капиталы екенін әлем Украинадан өз көзімен көріп отыр. Бұл ащы да болса, шындық. Мұндайда Ресейдің іргесінде отырған Қазақстан өте сақ болуы тиіс. Аласапыран заманда жалғыз қалуға болмайды. Елбасымыздың көпвекторлық саясаты бұл ретте үлкен рөл атқарады деп ойлаймын. Мұндайда айтақ сөздер, арандатушылық мәлімдемелер болуы мүмкін. Қазақтар оған ермеуі тиіс, – дейді саясаттанушы.

«Русофобия» демекші, КСРО ыдырағанда мұндай процесс Балтық жағалауы елдерінде ашықтан-ашық жүргізілді. Орыс тілі қолданысына тыйым салынды, тағысын тағы дегендей. Ал Қазақстанда, керісінше, бүгінге дейін орыстың қабағына қарау әлі бар. Енді, мына қызық фактіге қараңыз: тәуелсіздік алғалы бері қарайғы уақытта Ресей Федерациясына көшкендердің жалпы көрсеткішінің «русофобия» ашық бой көрсеткен Балтық жағалауынан барғандары небәрі 10 пайызды құраған, ал ешқандай қысастық жасалмаған Қазақстаннан барғандары 40 (!) пайызды қамтыған. Демек, «жер шарындағы халқым үшін жан пида» деп жатқан Ресей саясаты орыстарды онша қызықтырмайды, керісінше олар тұрғылықты билігі жайлы да бақуатты өмір сыйласа деп барша адамзат баласы секілді қарапайым тілек тілейді.

Жалпы, халықаралық саясатта «русофобия» терминінің қолданылуына орыстың зиялы қауымының басым бөлігі қарсы. Осындай пікірлердің біреуін келтіре кетелік: «Халыққа қарама-қайшы бай-манаптардан, қылмыскерлерден тұратын режимді ол (В.Путин) ұлттық болмыстың шырқау шегінен бір-ақ шығарып, таңғажайып нәрсе жасады. Ал осы жүйені сынағандардың барлығын «русофобияшылдар» деп айыптап, ақшасын үнемдеп қана қоймай, кезіндегі отандастарын ренжітті. Мемлекет атынан жасалып жатқан істері үшін барлығына жауапты ұлт – орыс халқын да ренжітті. Барлығы дерлік құрбандар, бірақ тек орыстар ғана оған жауапты. Барып тұрған нағыз антұрғанға да бір күні тоқтау болады, ерте ме, кеш пе, барлығы да бітеді, өліммен немесе есін жинау арқылы. Бір күні көзі қанталаған ресейліктер де есін жинайды, сонда олар айналасындағы масқараның куәсі болады. Міне, сол кезде олардың өзі кінәліні, Ресейдің жауын шырылдап іздей бастайды. Ал ол, міне көз алдымызда барлығының сүйіктісі боп қасқайып тұр» деп жазады өз блогында орыс журналисі Ефим Фиштейн.

Автор: Марал Сұлтанқызы

Дереккөзі: http://alashainasy.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371