Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Алашорда 11037 0 пікір 29 Тамыз, 2014 сағат 13:15

Тұрсын Жұртбай. «МҰХТАР 60 ЖАСҚА КЕЛДІ» (жалғасы)

2

1957 жылы 27-қыркүйекте Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 60 жасқа толған мерейтойы бүкілодақтық көлемде, мемлекеттік деңгейде салтанатпен аталып өтті. Бұл Әуезовтің заманға кеткен бар есесін қайтарған және қазақ қауымы бұрын-соңды көрмеген рухани шеру болды. Соның қарсаңында ұйымдастырылған М.Әуезовтің шығармашылық жолы мен «Абай жолы» туралы ғылыми конференцияның материалдары жеке кітап болып шыққандықтан да айтылған пікірлердің барлығын баяндап жатпаймыз.

Тек осыдан алты жыл бұрын жерден алып, жерге салған қателіктер мен кемшіліктердің бәрі де роман-эпопеяның ұлы жетістігі болып бағаланды. Соның ішінде профессор Т.Нұртазиннің «Абай жолындағы» жағымсыз бейнелер және Құнанбай» туралы мақаласы құнын жоймайтын құлықты пікірлердің санатына жатады. Ал салтанатты рәсімді ашқан Ғ.Мүсірепов партия мен кеңес өкіметінің қадірін айта келіп:

«Киіз үйде сахна шымылдығын алғаш ашқан «Еңлік-Кебек» трагедиясы қазақ театр өнерінің алтын қорына қосылды. Ал бір кездегі жас Мұхтар қазір көпұлтты кеңес әдебиетінің аса ірі сөз шеберлерінің біріне, көрнекті кеңестік қоғам қайраткеріне айналды. Оның бурыл тартқан шашына академик деген даңқты атақ лавры көрік беріп тұр. Мұхтар Әуезов ең алдымен жазушы, жазушы болғанда да даңқты жазушы. Оның әдебиеттегі болсын, өнердегі болсын шығармаларындағы барлық шынайы талантқа тән қасиет – адамгершіліктің молдығы, қарапайымдылығы және анықтығы. Ол қашанда қайтпас қозғалысқа толы құштарлықпен және терең мағыналы поэтикалық көңіл-күйдегі болмысымен, тіршіліктің қуатты күшімен, шынайы сезімімен баурап алатын жігерлі тұлға. Әуезовтің қарапаймыдылығы – тырысқақ қарапайымдылық емес, халықшыл болып көрінгісі келген жалған қарапайымдылық емес. Оған әлденеден дәмететін, көпшіліктің қолы жете бермейтін мырзалық пен міншілдік жат»,– деп дәл және шынайы мінездеме берді.

Бұған қарағанда Сәбит Мұқановтың баяндамасы жеңіл, ауызекі сөйлеу мәнеріне құрылды. Кейде әзілі мен шымшуы аралас, кейде шыны мен жортағы аралас бұл сөз олардың тістескен өміріндегі мінбеден айтылған алғашқы лебіз болғандықтан да түйнекті тұстарды ғана түйіншектеп береміз:

Сәбит Мұқановтың сөзі өзі өмір бойы табанды түрде күресіп, «әшкерелеп келген, әшкерелей беретін» морганизмге, вильямизмге, тектік тұқымға қарсы «маркстік-диалектика» тұрғысындағы ұстанымын ұмытып, мақтай отырып мақтамен ысатын, екеуінің арасындағы ашық айтылмайтын басты құпияны емеуірін етіп:

«Ұрықсыз ешнәрсе өнбейтінін біз биология заңынан жақсы білеміз. Жер қанша құнарлы болғанымен, дән сеппесе ешбір өсімдік шықпайды. Жақсы дәннен – жақсы өнім, жаман дәннен – жаман өнім аламыз. Олай болса, егер, Мұхтар жаман болса, оны қаншама мәпелегеніңмен, қазіргі жақсы Мұхтар өспес еді, оның орынына әдеттегі Мұхтардың біреуі ғана өсер еді»,– деп тілінің астына маржан қоя сөйледі.

Осы бір нағашы мен жиеннің арасындағы «мысық жымиыс» пен «қазақы таба» екі тұлғаның арасындағы тепе-теңдікті бұзған басты кілтипанның бірі. Сол «үнсіз мысқылына» тиым салмауы арқылы Сәбит нені дәлелдегісі келді? Өзінің Ғ.Мүсіреповке жазған хатында Мұхтардың сол күні мұның сөзіне риза болмауының себебі – оның мақтауының жетпеуінде емес, жоғарыдағы мысқылдың астарында еді. Тым құрығанда сол күні жұртшылықтың көзінше миығынан жымимаса да болатын ба еді? Кейде ірі тұлғалардың осындай қазақшылыққа келгенде арынын баса алмай қалатын осалдығы болатыны да өкінішті. Бұл олардың арасын бұрынғыдан да ушықтырып, біріне-бірін тітіркендіре тіксіндіріп қойды. Ұлттық сәбилік түйсік – ұлыларға да тән.

Қазақ арасында таралған әлдебір «қазақы дақпыртқа емеуірін» танытып, тегін меңзеп, одан қайта шығармашылығына көшіп:

«1921 жылы жазылған «Қорғансыздың» күні әңгімесімен-ақ ол қазақ әдебиетіндегі проза саласындағы әңгіме жанрын әлемдік деңгейге көтерді»,– деп баға берді.

Бұдан кейін, тағы да ердің екі жағына кезек-кезек аунап алды:

«Сол кездегі қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты Мұхтар Әуезов қазақ кеңес әдебиетіне 30-жылдардың басында келіп қосылды. Әуезов жолдас 1932-жылы баспасөзге жарияланған мақаласында өзінің қателіктерін ашық мойындап, оны сынаған болатын. Сондықтан да өткенге қайтып оралып, тарихтың архив сөресін ақтарудың қажеті аз»,– дей келіп драматургиясына тоқталды да, тағы да бүлкілдете қармағын тартты.

«Осындай, жақсы шығармалардың арасында «Октябрь үшін», «Алма бағында», «Тастүлектер» пьесасы мен» «Іздер» сияқты дүниелері де бар. Олар Мұхтар Әуезовтің қаламынан шыққан шығармалар деуге татымайды»,– деп тағы бір сипай қамшылады.

«Егерде шындығын айтсақ, онда Абай Құнанбаевті әлемнің көптеген елдері тек Мұхтар Әуезовтің арқасында білді. Сондықтан да біз бүгін, салтанатты күні, біздің мерейтой иесіне – біздің халықымыздың ұлы перзенті Абай ағаның атынан алғыс айтамыз. Кез-келген, тіпті ең үздік шығарманың өзінде де кемшілік болады. Ондай кемшілік «Абай» романында да бар, алайда біздің мына үлкен мерекемізде оны көрсетіп жатудың қажеті жоқ»,– деп «сылқ еткізе» тастай салды.

Мұны тыңдап отырған Мұхтар қандай көңіл-күйде болды? Лып-лып еткен өткір ұстараның жүзімен жүргендей әсер билеп, бір қызарып, бір сұрланып отырды ма, жоқ, оның бәрін де салтанаттың қуанышы басып кетті ме? С.Мұқанов өзінің Ғ.Мүсіреповке жазған хатында:

«Ол алпыс жылдық юбилейінің үстінде сонша құрмет көрсеткен, абырой әперген партия мен үкіметке халық алдында рахмет айтудың орнына, әлдеқайдағы мифтік «парнасына» шығып, тәсілқой «пегасына» мініп, еш жерде құйрығын ұстатпай, әлдене жұмбақтарды айтып кетті. «Құйрығы буырылдық» осы. Бұны мен өзім, жақсылыққа түкіру деп санаймын. Сонда осыны Ахмет айтқандай «алжығандықтан» істеп тұрған жоқ. Алжыса, ертеңінде академияда кеше күрмелген тілі неге шешіліп, «сүйікті елім», «алтын бесігім!» деп ағылып кетті?!. Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл. Ауа райына қарайтындарға осыдан үйрену керек екен»,– деуінің астарында сондай алакөңілдік жатпады ма екен?

Содан кейін С.Мұқанов:

«Біз алдағы уақытта сізден бүгінгі шындық туралы, біздің өміріміз туралы үлкен шығарма күтеміз, оның көркемдік құндылығының «Абай» романынан кем болмауын қалаймыз», – деген ежелгі тілегін қайталап айтты.

Бұл талапты орындау мүмкін бе еді? Шәкірті Х.Сүйіншәлиев сондай тілек білдіргенде: «Сен не деп тұрсың? «Абайдан» артық шығарма бола ма? Бұл менің бүкіл өмірімнің қорытындысы емес пе!», деп налығанын еске алсақ, «Өскен өркеннің» ол талаптың деңгейінен шықпайтынын Әуезовтің өзі де білген. Сөзінің соңын:

«Мұхтар 60 жасқа келді. Бірақ та біз оның ауызынан «кәрілік» деген сөзді ешқашанда естігеміз жоқ. Мына аздаған толықтығын есепке алмасақ, оның қартайдым деуге қақысы да жоқ. Ол әжімсіз жас жігіттен айнымайды, бұйра қара шашы басын жауып тұр, өткір азуымен  тасты да шайнайды. Мұндай адамды кәрілік ала ма? Бұл оның тек сыртқы сипаты ғана, ал оның көңілі әлі жас. Да здравствует родная коммунистическая партия, ведущая нас от счастья к счастью! Да здравствует коммунизм!»,– деп (258 -іс) аяқтады.

Ұран тастауы ретті ме, ретсіз бе, білмеймін, М.Әуезовке қарата айтқан шымшымаларды жарасты қалжыңға балаған жұрт ду қол шапалақтаған шығар. Шапалақтаулары да заңды. Бірақ инемен түйрегендей болмай, ғұмырының бір күнін алғаусыз қуанышқа жеңдіруге де болатын еді. Одақтас республикалардан келген қонақтар оның бұл нәумез көңілін аспанға шарықтатып, дастархан басында тіпті, шалықтатып жібергені анық. Ертеңінде Ғылым Академиясында салиқалы баяндамалар жасалып, көңілін бір марқайтты.

Бұл құттықтауларға «Правда» газеті де қосылып:

«Сізді алпыс жасқа толған күніңізбен шын жүректен құттықтайды... Денсаулық, ұзақ жыл өмір және шығармашылық табыс тілейміз»,– деп жеделхат жолдады.

Өздері «шын жүректен тілеп» отырған, әлі де «сұр кардинал» Сусловтың уысында отырған басылым содан төрт-бес жыл бұрын Әуезовтің денсаулығы мен шығармашылық қайратын қажытып, жүйкесін шүйкелеген өзінің кінәсін өзі жуғысы келгендей де көрінуі мүмкін. Әрине, заманның қабағы да, идеология мен саясатқа ықтаған басылымның ұстанымы да, ондағы редакциялық алқа мен оның көзқарасы да өзгерді. Бірақ та бұл басылым қашанда «мылтығы оқтаулы» оқшантай күйінде қалды.

Ал Сақтаған Бәйішев бір кезде өзінің «Профессор Әуезов ескіліктің шырмауында» атты жаппай әшкерелеуші мақаласындағы Мұхтарды іске алғысыз еткен пікіріне мүлдем қарама-қарсы бағытта сөйлеп:

«... Ғылымның, әсіресе, оның аса маңызды тұлғаларының бірі – қоғамдық ғалымдардың Қазақстандағы ірге тасының қалануына, кейін құлаш сермеп өрлеуіне алдымен ат салысқан, өзіне лайық үлес қосқан азамат – дарынды ғалым М.О.Әуезов болды... Қазақстандағы мәдениеттің, оның ішінде ғылымның жаңа ғана аяқ басып, тұсауын кесер-кеспес кезінде М.Әуезовтің әдебиеттен тұңғыш рет оқулық жазуы аса сүйсінерлік іс еді, қазақ мәдениетінің тарихындағы зор табыс еді... М.О.Әуезов – барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым... Қазіргі кезде М.О.Әуезовтің тіклей басшылығымен қазақ әдебиетінің төрт томдық тарихы жазылуда. Мұның бірінші томы бұдан бірнеше жыл бұрын жарыққа шыққан болатын, ол қазір толықтырылып екінші рет басылуға әзірленіп жатыр. Қазақ ауыз әдебиетінің (фольклорының) де толып жатқан тамаша үлгілері М.Әуезовтің қатысуымен жарыққа шығуда. М.Әуезов соңғы жылдары қазақ мәдениетінің тарихына байланысты күрделі тарауларды жазу және редакциялау арқылы «Қазақ ССР тарихын» жасау жұмысына белсене қатысты»,– деді.

Сөйтіп, ол өзінің бұрынғы «ұлтшыл-буржуазияшыл бұрмалаушылыққа ұрынған», «Алашорданың» идеясын сыналап кіргізген», «ескіліктің шырмауынан шыға алмай жүр» – деген айыптауларын мүлдем ұмытып, енді оған – «барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым» ретінде баға берді. «Өз қатесін өзіне түзеттірген» (М.Әуезов) бұл да бір уақыттың үкімі шығар. Ең ауыр үкім, әрине.

Сол күннен бастап ол өзінің даңқ тұғырына көтерілді. Бұл туралы кеңестік кезеңдегі Мұхтар Әуезовтің туғанына тоқсан жыл толуына байланысты мерейтойында жасаған баяндамасында Олжас Сүлейменов:

«Әуезов өзінің 60 жасын 57-жылы тойлады, Ленин орденімен марапатталды, тұңғыш рет өзіне қаратылған ресми және ырыс боп құйылған мадақты естіді. Бұл Әуезовтің салтанатты әрі жүрексінген сәті еді. Бұл кезде ол «қазақ әдебиеті» деген ұғымды отанымызға, әлемге толық танытқан, нақты шындыққа айналдырған ең басты кітабін жазып бітірген болатын. Роман әлем тілдерінде қуатты қарқынмен таралып, автордың есіміне бірінен бірі өткен шабытты теңеулер қосыла берді...»,– деп дәл баға берді.

Ол қыркүйек айының басында Шыңғыстауға барып, елімен, жерімен соңғы рет қоштасып қайтты.

М.Әуезов (Күнделіктен): «Туған жерің толық тілді, ең мол сырлы, ұлы әңгімеші екен. Есте жоқ жандар, ұмытылған талай-талай ұсақ оқиғалар... бәрі де өз өмірімнің желісін қайтадан бір тартып, ерекше айқын баян етті... Ауылдың таулары да сонау-сонау атам-анам бар шағындағы ең кішкентай момын да, ерке де болған қоңыр баланың барын айтты. Дүние-ай, туған жердің мұндай ұмытпас, өшпес ұлы мұңдас екенін сол күндер де біліп, бағаласам етті! Онда жақсырақ сүйіп, қарызын молырақ ұғынар ма ем. Кеш демеймін, көңіліме куә бол деймін мұңлы туған анам, тұрған жерім – Бөрлі, Қарасу, Бүйрекқараған, Жүрекадыр, Жамбасқұдық, Аяққараған, Жар. Қайран атам, жақсы қыстау, жайлы қонысқа барлық атты қайтып қана сүйіп тауып бергенсің?!. Әлде біздей нәсіліңнің бірін-бірі көп жыл көрмей, сағынып келіп көргенде: Жүрекадыр – жүрегін тебірентсін, Бүйрекқараған – сезімсіз бүйрекке өзі барып қатты білдірсін деген бе едің? Сағынып кеп, тағы да баяғы сабаққа бара жатқан күндердегі әрбір түп шилерге, әрбір асық ойнаған тауларға: енді қайта айналып сендерді көрем бе, жоқ па – деген қимас көңілмен кетіп барам.

Ағам (әкем), жеңешем (шешем), Кәрі апам (үлкен шешем), қадірлі ағам Қаске (Қасымбек), жаны жылы жақсы жеңгем Қалия (Ғалия), апам Күлсім, інім Сәбидал – бәріңнің де қабіріңді көріп өттім. Бір де біріңнен титтей де реніш шеккен шағым жоқ екен. Ойласам – мен өзімді соншалық жақсы көрген, соншалық сүйген мендей жаман баладан көп-көп үміт еткен жақсы жандар ортасында туып-өскен екем. Соңғы күндері Қаске түсіме енді. Әппақ киімі бар, бірақ ренішті қалде көрінді. Жан ағам, жаңылмаспын: «Жақсы бол, ұл бол, ел сүйетін азамат бол. Құр бос, күн көргіш пысықай бірдеме болам десең, ата-анаңның үмітін жер еткенің»,– деген сөзіңнен. Ендігі қалған тірлікте қарызым да сол, іздер, барар мұратым да сол ғана».

Қайыра туған жерге табанын тигізуді тағдыр нәсіп етпеді.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965