Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 12548 0 пікір 12 Қаңтар, 2015 сағат 10:41

ЖІТІҚАРА: ЖЕР АТАУЫНА ЖІТІ ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК

Жер-су атаулары – естің (память) жады (коды), елдің хаты, тарихы. Жадымыз жаңылысып жаза бағыт алмау, елдің тарихын ұмытпау үшін жер-су атауларының қыр-сырына әбден қанық болуымыз қажет. Себебі топонимикалық атаулардың пайда болуына жергілікті жердің тарихы, дүниетанымы, шаруашылық-тұрмыстық, географиялық ерекшеліктері, тіпті, белгілі бір халықтың өзіне ғана тән лингвистикалық заңдылықтарының әсері мол. Осы орайда, Қостанай аймағында бүгінгі айтып, жазып жүрген атаулардың ішінде оқшау тұрған бір жер атауы бар. Ол – Жітіқара.

Аталмыш атау ресми түрде осылайша орныққанмен, анда-санда бұған күмән келтіріліп, «Жітіқара емес, Жетіқара» деп айтып жүргендер де бар. Кезінде сол дауға қатысушылардың біреуі маған филолог ретінде әділдігін айтып, баға беруді де ұсынды. Бірақ кеңес дәуірінде қазақша аталатын жер-су атаулары орысша дыбысталғанда бұрмаланғандығын, кеңес үкіметі құлап, тәуелсіздік алған жылдары тарихи атауларды қалпына келтіруде науқаншылдық сипат алғандығына куә болғандықтан және бұл мәселемен тікелей араласпағандықтан сыпайы түрде бас тарттым. Дегенмен де; ішкі түйсігімде осы бір атауда шикілік бар-ау деген ой қылаң беретін. Себебі қара сөзінің алдына «жітіні» қосып «Жітіқара» деп жүргендердің уәжі халқымыздың жер-су аттарын қоюдағы халықтық қисынға керағар еді. Ал «қара» сөзінің алдына «жеті» сөзін қойғанда, оның кең байтақ Қазақстанның кез-келген жерінен оған ұқсас «ағайындарын» табу оңай болатын. Қысқасы, алдыңғысының «ағайындары» аз, соңғысының «тума-туысы» көп. Мысалы, жер-су аттарынан Жетісай, Жетібай, Жетісу, Жетікөл, Жетіасар, аспан денелері атауларынан Жетіқарақшы, ру-тайпа атауларынан Жетіру т.б.

Жітіқара (жіті+қара) – үстеу мен етістіктің бірігуінен құралған. Мағынасы: бір нәрсеге, затқа өте мұқият қара дегенге саяды. Осы жерде атаудың қисынын іздеп көрелік. Біріншіден, Қазақстанның кең-байтақ өлкесінде үстеу мен етістік сөзден құралған топонимика жоқтың қасы. Екіншіден, халықтық атау нені мұқият қара деп отыр? Ол жағы да  түсініксіз. Рас, бұл аймақта алтын, асбест сынды кен орындары бар. Бірақ біздің халқымыз кен іздеп, оны өндіріуді кәсіп етпеген ғой. Қисынсыз деп отырғанымыз – осы.

Жетіқара (жеті+қара) – сан есім мен зат есім (қара деген сөз сын есімдік те, зат есімдік те мағына береді. Біз бұл жерде ол зат есімдік мағынада тұр деп есептейміз) сөздердің бірігуінен тұрады. Мағынасы: жеті қарайған зат, нәрсе дегенге келеді. Бұл атауда қисын бар. Мал шарушылығымен айналысқан, далалық жерде көшіп-қонып жүрген халқымыз жер жағдайына байланысты төбе, тау-қыратты болып келетін бұл өлкеге Жетіқара деп атау бергендей... Оның үстіне Тобыл өзені осы өңірден бастау алады. Өзен, сулардың биік қырат, таулы өлкеден ойға қарай ағатыны - табиғаттың бұлжымас заңы. Осы орайда аталмыш ойымызды қуатттайтын құжатты оқырманға ұсынғымыз келеді. Ол - ХҮІІІ ғасырда жазбаға түскен академик И.П. Фальк экспедициясының материалдары. Орыс Императорлық Ғылым Академиясының тапсырмасымен Иоганн Петер Фальк 1768 жылы Орынбор экспедициясын қосылып, 6 жылдай Орал, Сібір, қазақ даласын аралайды.

1824 жылы Ресей Ғылым Академиясы И.Фальк жүргізген экспедицияның материалдарын «Записки путешествия академика Фалька» деген атаумен баспа бетінен жариялайды. Сол жариялынымдардың ішінде И.Фальктің Тобыл өзенінің бастау арнасынан бастап төменгі сағасына дейінгі аралықта жүргізген экспедициясының материалдары бар. Бұл бөлімді ғалым саяхатшы «Страна по Тоболю» деп атаған.

И.Фальк Тобыл өзені «Тетигера» деген таудан бастау алатынын жазады. Ол былай дейді: «Тобол выходит на Юго-Запад в Киргизской степи из гор, соединяющих Урал с Алтайским хребтом при горах, называемых Киргизцами Тетигера-тау. Горы там отлоги, безлесны, плоскость холмистая, а близ источника Тоболя стоит отдельная, кеглеобразная гора, которую, по причине правильного ее вида, можно бы было почесть творением рук человеческих, если бы она не была очень высока».

Шамамен ХҮІІІ ғасырдың 1768-1774 жылдары  аралығында жазылған жазбадан біздің бүгінгі таңда «Жітіқара» деп атап жүрген өңіріміз «Тетигера-тау» деп аталғанын байқаймыз. Жер атауының орысша дыбысталуы біздің сұрағымызға толық жауап бермегенімен, анық нәрсе - ол атаудың таумен байланыстылығы және Тобыл өзені таулы, қыратты жерден бастау алатындығы. Бұл біздерге мынадай ойды «мұрындықтайды»: бұл жердің атауына таулы жердің сипаты сәйкес болуы керек. Орысша бұрмаланып жазылған «тети» сөзінің «жітіге» немесе «жетіге» қаншалықты жақын екендігін оқырман өз түйсігімен анықтар деп ойлаймыз. Біздің түсінігімізше, төбе-төбе болып келетін таулы өлке болғандықтан оған «жеті» саны лайық секілді. Қарапайым ұғыммен айтсақ, Жетіқара - таулы, қыратты өлке.

Европалық ғалым, тегі швед И.Фальк «жеті» деген сөзді жазбаға түсіргенде немесе оның жанашырлары саяхат күнделігін жариялағанда жаңылысып «тети» деп атаған секілді көрінеді бізге. Себебі жетіден басталатын жер-су атаулары бізде өте көп. Жалпылық көрініс кең өріс алған жерде белгілі бір заңдылық бар деп тану керек. Жеті санымен басталатын топонимикада мұсылмандық дінді ұстанатын қазақтың сол бір санды қасиет тұтқан дүниетанымының ізі жатыр. Айталық, Алла-тағала бүкіл әлемді жеті күнде жаратқан, аспан әлемі мен жер асты жеті қабаттан тұрады, қайтқан кісінің жетілігі берілетіні деген сияқты. Тіл табиғатына да, көшпелі халықтың географиялық атауларына да, халқымыздың дүниетанымына да жақыны осы секілді. Сондықтан маған «Жетіқара» атауы біртүрлі ыстық. Өлкетанушылар бұл мәселені тереңдетіп, Ресей патшалығы заманындағы өзге жазбалардан, кеңес үкіметі тұсындағы архивтік мұрағаттардан «Жітіқараның» нақ атауын әлі де іздестіре түскені абзал.

Айтпақшы, тәуелсіздік алған тұстағы науқаншылдықта шағын-шағын көлдерге бай өңір болғандықтан «Жетікөл» деп аталатын елді мекен «Әулиекөл» деген атауға ие болды. Оны өзгертушілердің бір уәжі – «Жетікөл» орысша «Семиозерный» деген атаудың аудармасы деген тұжырым еді. Негізінде орысша атау қазақтың «Жетікөлінің» аудармасы болатын. Соған зерде назарын салмай, көп көлдің біріне берілген атауды елді мекен атауына айналдырып жібергеніміз бар. Қазағы аз, өзге ұлт өкілдері қалың шоғырланған Қостанай аймағында әрбір жер атауына мұқият болу – азаматтық парыз.

 

Алмас Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 Қостанай қаласы.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394