Жұма, 22 Қараша 2024
Болған оқиға 6396 0 пікір 26 Маусым, 2016 сағат 11:34

БАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ...

Журналистердің жазбайтын тақырыбы, қозғамайтын мәселесі жоқ. Осы қызмет барысында олардың да басынан неше түрлі қызық оқиғалар өтіп, әзіл-қалжыңдар айтылып жатады. Сондай жайттардың бірнешеуін ұсынсам деймін.

 

«РЕДАКТОРЫН ТАНЫМАЙТЫН ТІЛШІ»

Журналистік тапқырлық, қызықты оқиға, оқыс ойлар – ажал арамыздан ерте алып кеткен қаламы қарымды публицист, жүйрік журналист Жұматай САБЫРЖАНҰЛЫНЫҢ «Өкпелесең өзің біл» атты кітабында да баршылық. Соның бірі – мынау...

«Өз ойым айтады: қазақта рушылдық дерті бар деген жәй сөз. Олай дейтінім, осы жасыма дейін ру десе бұра тартатын екі-ақ кісі көріппін. Қызық үшін солардың біреуі туралы әңгімелеп берейін.

...Бір жолы әлгі Есекең:

– Осы сендердің «Ана тілдеріңнің» (өзінің сөз саптасы солай) редакторы Жарылғап Бейсенбайұлының руы кім? – деді маған.

– Тіпті білмедім.

– Мына Жезқазғанның найманы емес пе?

– Болса болар, білмедім.

Есекең таңғалды. Мен оның таңғалғанына таңғалдым.

Арада үш-төрт ай өтті білем, жұрт бас қосқан бір жерде тағы сұрады:

– Осы сендердің Жарылғап Бейсенбайұлыларыңның (өзінің сөз саптасы солай) руы кім?

– Ана жолы да сұрағансыз, білмеймін, өллә-біллә. Өмірі көрмеген жігітім.

– А, а? Көрмегені несі? Мынау не дейді? – Жанымыздағы жігіттерге сабаудай сауал тастады Есекең. Аналар да елең етті: «Қызық екен»...

– Танымасаң, жұмысқа қалай орналасып жүрсің? – Есекең «бәлем, өзіңді мат қылған шығармын» дегендей масаттанып тұр. Қыңырайып жауап бергім келіп тұрды да, жұрт кәдімгідей қызығушылық танытқан соң, шынымды айттым:

– «Ана тіліне» екі-үш материалым шыққаннан кейін... Жарылғаптың өзі телефонмен құда түскен. Мен көп кергімей, былқ ете қалдым. Бір сөздің ретінде Торғайдан келгенімді айттым. «Бәсе, Ақмолада мұндай жігіт қайдан жүр деп едік» деді ол. Құрдас екенбіз. Ру сұрасқанымыз жоқ. Мына кісіге сонша қажет болатынын қайдан білейін... Жұмысқа алу жөніндегі өтініш, «личный листок» дегендерді почтамен жібергенмін. Тиын-тебен почтамен келіп жатады...

– Қазақстандағы редакторын танымайтын жалғыз тілші сіз болдыңыз онда, – деді Мұратбек інім...»

 

«ПЕПЕЛЬНИЦАҢЫЗДЫ АЛЫП КЕТІҢІЗ!»

Бүгінгі көрнекті сықақшы Көпен ӘМІРБЕК – кезінде талай жыл БАҚ саласында еңбек еткен кәнігі журналист. Баяғыда «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүріп, бас редактор Шерхан Мұртазадан рұқсат сұрап, ежелгі Мысыр еліне он алты күнге сапар шегіп қайтыпты.

– Жақсылық жасаған бастығыма бір перғауынның нобайы бейнеленген күлсалғыш әкеп сыйладым, – деп еске алады ол. – Отыздың үстіндегі кезіміз. Жаспыз. Жұмыста бірде болып, бірде «бошалап» кетеміз. Іздеген кезінде орнымнан табылмай қалсам керек, жиналыс үстінде еңбек тәртібін қозғап келді де, маған шүйілді. Сөзін «сіз» деп бастады. «Әй, біткен жерім осы-ау» деп ойладым.

– Сіз шетелге сұрандыңыз. Біз «Ләппай, тақсыр!» деп жібердік. Жарты ай бойы жарты әлемді шарладыңыз. Жұмыста болмасаңыз да, айлығыңыз жүріп жатты. Келдіңіз. Маған күлсалғыш сыйладыңыз. Рахмет! Сол сияпатыңызды міндетсіп жұмыста болмайтын болсаңыз, пепельницаңызды алып кетіңіз! Анау тұр! – деп көзімен көрсетті.

Жердің тесігі табылса кіріп кететін едім, табылмай... тірі қалдым

 

СУРЕТШІ БЕРГЕН ТЕГІН СҮТ

«Жас Алашта» қызмет істейтін, салған суреттерінің өткірлігіне қоса тілінің тотияйыны бар карикатурашы бауырымыз Ғалым СМАҒҰЛ да – айтқыштардың бірі. Бірде бүгінде танымал журналистер Есей Жеңісұлы, Жанарбек Әшімжан, Ғалым және осы жолдардың авторы бар, төртеуіміз келе жатқанбыз. Анадай жерден алдымызды қара мысық кесіп өтуге тақап қалды. Оны алғаш көрген Жанарбек ширақ адымдап, алға озды да, мысықтың алдын кесіп, өзі бірінші өтіп кетті. Сірә, алдынан оқыс шыға келген адамнан мысықтың өзі де жасқанып, кідіріп қалса керек (басқамыз баяу аяңдап келе жаттық). Мұны көрген қу тілді Ғалымның: «Ойбуй, енді мына мысықтың жолы болмайтын болды...» – деп, ішек-сілемізді қатырғаны бар-ды.

2005 жылы (ол кезде мен «Жас қазақ» апталығында істеймін) «Алматы ақшамы» газеті «Журналистердің табысы қанша?» деген сауалнама жүргізді. Соған берген менің жауабымның соңында әзіл-шыны аралас мынадай жолдар бар еді: «Журналист мамандығын өз басым психологиялық тұрғыдан аса ауыр қызмет деп білемін. Былайғы жұрттың кешкі 6-дан соң жұмыспен «жұмысы болмайтын» болса, журналист байғұс трамвайдың ішінде мақаласының алғашқы абзацын құрап бара жатады, үйінде шай ішіп отырып, түйінді сөзін қорытады, сосын көзі ілінгенше оның тақырыбын ойластырады... Яғни, жұмыс күніміз – Гайдайдың әйгілі комедиясындағы жалған патшаның графигі сияқты «ненормированный». Ендеше еңбегіміздің денсаулыққа зияндығын елеп-ескеріп, «тегін сүт береміз» деушілер болса, қарсылығым жоқ».

Газеттен осыны оқып алған қуақы Ғалым ертесіне... екі пакет сүт алып, жұмысыма әкеліп тұр!

 

«ҚАЙТАР АНА ОҚЫРА ТИГЕН ҚАРАСАНДЫ!»

«Абай.кз» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен ҚУАТ – ертеректегі еңбек жолын аудандық газетте бастағандардың бірі. «Қапал еңбеккерінің» жалаңдаған жас тілшісі кезінде басынан өткен бір жағдайды өзі былай баяндайды:

– 90-жылдардың басы еді. Бас редакторымыздың тапсырмасымен сиыр фермасының жай-күйі туралы жазу үшін «Арасан» совхозына аттандым. Іссапарға бірінші рет шығуым, қолымда – қара дипломат, үстімде – ақ көйлек, қара костюм-шалбар, тіпті галстук тағып, шікірейіп алғанмын. Ферманы бірден таптым, бірақ нақты кімге жолығуым керек екенін білмеймін. «Не де болса, ішке кіріп, біреу-міреуден жөн сұрармын» деп, фермаға кіре бергенім сол еді, құйрығын шаншыған бір дәу қара сиыр алдымнан андыздап шыға келді. Не істерімді білмей, сасып қалдым.

– Әй, қалшиып неғып тұрсың қораның аузында?! Қайтар ана оқыра тиген қарасанды! – деп бір сауыншы әйел айғай салды. Мен шелегі салдыраған әйелге бір, танауы делдиген қара сиырға бір қарап, сәл тұрып қалсам керек: – Өй, мынау әлі тұр ма? Болсаңшы, ана сиыр шығып кететін болды ғой! – деп діңкілдейді.

Тұра жүгірдім. «Арасанның» «қарасан келгірін» ар жақ-бер жағынан қақпайлап жүріп, әрең дегенде кері қайтарып, сауыншы әйелдің құзырына тапсырдым. Сонда барып, әлгі кісі маған көз тоқтата қарап:

– Өзіміздің балалардың бірі ме десем, бөтенсің ғой, кімсің өзің? – деді.

– Журналистпін, сиыр фермасы туралы аудандық газетке жазуға келдім, – дедім ентігіп. Пора-пора терлеп, галстугым салпылдап, әжептәуір киімімнің әптер-тәптері шығыпты. Сауыншы әйел журналист дегенді өмірінде естіп-көрмегендей, таң қалып тұрды да:

– Қайдам, біздің ауылға келген бөтен кісілер ең алдымен «Қызыл отауға» кіреді. Сонда барып, жөн сұра, – деді. Сосын кетіп бара жатып, қайта бұрылып: – Әй, анау қораның аузын бекітіп кет, қараң қалғыр! – деді.

«Қызыл отаудағы» кісілерге жолығып, сұхбаттасып, сиыр фермасын асықпай аралап, ондағы малдың жай-күйі, жем-шөбі, ет пен сүттен орындалып-орындалмай жатқан жоспарлар туралы мақаланы жаздым ғой. Бірақ әлгі апаның баласындай ұрсып, жұмсаған қызық мінезі әлі есімде.

Сәкен Сыбанбайдың FB-дағы жазбалары

 

 ЧЕМПИОН ШАЛ

Сиыр фермасына бермаған журналист жоқ шығар. Есіме түсіп отыр, ТВ-да жүрген жас кезім еді. Бір ауылда бұқа өсіруден облыста чемпион болған бір шал бар екен. Бас редактор соған жұмсасын. Сиыр қора ішінде әлгі шалды сөйлетіп, бейне таспаға жазып алмақ болдым. Әңгіме чемпиондыққа қалай жеттіңіз, бұқаның бабын қалай таптыңыз дегенге келеді ғой. Сұрақ та соның төңірегінде. Сонда чемпион шалекең:

– Бұқа бағу оңай емес, тіпті сиіп келуге мұршаң болмайды-ау, – деп қарап тұр.

– Жоқ, ақсақал, олай айтпаңыз, мал бағудың басқалар білмейтін әдіс-тәсілін айтыңыз, – деп шыр-пыр боламын.

– Иә, күні бойы қорадан шықпайсың, сиіп келуге уақыт таба алмайсың, – деп чемпион шал да айтқанынан қайтпайды.

Сонымен не керек, сиіп келуге мұрша болмайтын жерін қиып тастармыз деп шалды сөйлетуін сөйлетіп алдық-ау, бірақ ол еңбегіміздің еш болатынын сол жерде аңғармаппыз. Барған соң бейнетаспаны қарап қалсақ, бір бұқаның махаббаты оянып кетіп, бір сиырға өңмеңдеп артылып жатқаны қоса түсіп қалыпты.

Нұрлыбек Саматұлы

 

БҰҚА ДЕМЕКШІ...

Иә, бұқа демекші, аудандық газетте қызмет істеп жүрген кезіміз. Газет екі тілде шығады. Бір күні газеттің кезекті нөміріне, аспанға ұшқан ғарышкерлердің суретін және төртінші бетке Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қойылған екі өгіздің ТАСС түсірген суреттерін беретін болдық. Өгіз болғанда керемет, семіз. Салмағы тоннадан асатын шығар. Аудандық газетте қызмет істегендер біледі, қай тілде шығатын газет бірінші бітсе, сол газет алдымен басылады. Сол күні орыс тіліндегі газет бірінші, қазақ тіліндегі газет екінші кезекте басылатын болды. Түн ортасы. Ұйқысы келген қазақ газетінің кезекшісі орыс газетінің бітуін күтпей, газет басушыға сеніп, үйіне қайтып кеткен ғой. Сөйтсек, ұйқысырап жүрген газет басушы орыс газетінің төртінші бетіндегі қос өгіздің суретін бірінші бетке, бірінші беттегі қос ғарышкердің суретін төртінші бетке жабыстырып, айдап шыққан ғой. Таңертең редакцияға келсек, бірінші бетте «Ғарышқа ұшқан космонавтар» деп семіз екі өгіздің, «Көрмеге қойылған өгіздер» деп қос ғарышкердің суреті жүр. Бас редактор шашын жұлып, бақырып отыр. Поштаның сұрыптау бөліміне тұра шаптық. Әбүйір болғанда газеттер әлі ауылдарға жөнелтілмепті. Бәрін қайтарып алып, баспаханаға әкеліп, өртеп жібердік. Бірақ сол газеттердің оншақты данасы кем шықты. Мүмкін өртегеннен аман қалған сол газеттер бұл күндері біреулердің қолында болып қалуы әжеп емес-ау, тегі.

Қыдырәлі Қойтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308