Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 7546 0 пікір 27 Мамыр, 2016 сағат 16:22

ЖАСЫ – БІР, бәсі – бөлек ДАРАБОЗ

Дарабоз дарын Қабдеш ағаның 80-ге толу құрметіне арналып, Алматыда алқалы жиын өтті. Арман Қырықбаев (Алматы әкімінің орынбасары) сол салтанатты ашып тұрып: «Қазақ әдебиетінің тарихында ең танымал 10 жазушы болса, соның бірі – Қабдеш Жұмаділов!» – деді. 

Үлкен баға! Арман бауырдың әдебиетке баға беруге қаншалықты қақысы бары – басқа әңгіме. Бірақ іш пен сыртта оқып-тоқығаны мол тастай жігіттің сілем-сілем сөзіннен сеңгірлік сипат сезілгені анық еді.

Десек те, іштарлығы іріңдеп жүрген Ақорда Арманның бұл бағасына не дер екен?.. Егер берер бағасы Арманның айтқанына дөп келсе, Дарабоз жазушыға арысы – Еңбек Ері атағын, берісі – көп сөлкебайдың бірін беруі керек еді. Бірақ біздің сол дәмеміз дөкейдің дәнекүс долбарына дәл келмеген сияқты: қасіретті қазақтың үш жүз жылдық арғы-бергі тарихын әдебиетте әрлеген жазушыға орден түгілі, қатырма қағазға сүйкей салқан құттықтауы да жоқ.

«Дәнекүс» демей көр: өткенде сол сексенге келген Сәбит Оразбаевқа орден берді. Кабинетінде оңаша қабылдап, ауылдас ағасын арқадан қақты. Жөн-ақ!

Сол сексенге Қабаңмен қатар жеткен Олжасты Еңбер Ері атандырды. Қолында тұрған соң, өзінікін өзегіне тартып, өзгені өңменінен итерді десең, онсыз да қызылкөз атағыңа «жікшілдің» жосасын жағатын жұрт бар. (Десе де, Дарабаз үшін дарға асса да, сол залда түйген айтпағымды алып қайтқым келмеді). 

Бірақ қазақтың Қабдешін жікке жекешелеп, «өле алмай жүрген» жайым бар ма? Менікі – Қабанбайды тірілткен, қазақтың жарым тарихын дестелеген Дарабоздың дарыны марапаттың даңқына лайық деп, театрдан шыға бере даулы ағайынның айтқанын жеткізу ғана ғой. Әйтпесе елінде ерен жазушыға менің араша түсуім, басқа – басқа, дәл Қабаңа қажетсіз екені тағы даусыз.

Әйтсе де, әлдекім «осының килікпейтін жері жоқ екен» десе де, дәл осы 80 жылдық жиыннан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің оңашаланғаны оғаштың сөзі болмаса керек. Басқасы – басқа, кезінде бүкіл ақын-жазушы жабылып, оны Одақтан аластату науқаны қаулап кеткенде, күйеу деді ме, сүйеу деді ме – оған араша түскен екі ереннің бірі Мағауин болса, екіншісі – осы Қабдеш еді. Сондағысы мынау – қатырма қағазын орынбасарына оқытудан оза алмапты. 
Ондай қағазды мемхатшы Гүлшара ханымның атынан – баспасөз хатшысы, «Нұр Отанның» атынан – көп кеңесшінің бірі алып кепті. Көрші ауылдың баласынан сәлем айтып жіберудің кебі осы болды. Бәрінен де бір Тарбағатайдан тараған Мұхтар бауырының (Құл-Мұхаммед) бас көрсетпеуі күпті көпшілікті көп ойға қамап кетті. «Құл-Мұхаммедтердің құттықтауына қарап қалған Қабдеш жоқ, қазағы аман болсын!» – деп, Әлікен деген жігіттің әлеуметтік желіге жазған жазуын дәтке қуат еттік. «Прометей алауы» романының соңғы жағында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің түп атасының бәрі жазылған. Келмегені – жарамағаны». Бұл да желідегі жанды сөз (Заңғар Кәрімхан).

«Желі» демекші, мұндағы сөз марапатқа малынып тұр екен. «Қабдеш ағаның өз сөзімен айтқанда: «Менің Қытай билігі берген ҰЛТШЫЛ деген атағым бар. Олар берсе, бірдеңе біліп береді» деген Алмас Қасеновтің пікірі – перінің сөзі дерсің. «Ешқашан өтірік ұлтшыл «позасына» енбеген, уақыттың өзіндей әділ, тура, сүйікті жазушы ағамыз ұзақ жасасын! 77 атасының тілі мен ғұрпын ұмытқан, адасқан тобырды үйірге қайта қосу үшін мың жасаңыз!» депті сол Алмас. 

«Елбасын жағалағандар – жіпсіз байланғандар, иесі үр десе – үреді, қап десе – қабады, жылы қабақ танытса – құйрығын бұлғаңдатады». Бұл да менің сөзім емес – желіден алдым.

Бәрінен де сол желідегі Айгүл қарындасымның (Аханбайқызы) сөзіне Қабдешті қайдам, ал өзім разы болдым: «Арғы беттен келгеніне алпыс жыл болса да, Қабдеш ағамыз Қытайдан келген қандастарымызға ғана керек сияқты. Кеш иесінің мерейін көтеріп жатқан да, абыройын асқақтатып жатқан да солар. Басқасын айтпағанда, әдебиеттегі «бес тапалдың» бәрі бақилық болған жоқ қой: Қабдеш ағаның өз деңгейіндегі қаламдастарының біреуінің бой көрсетпегеніне қатты қынжылдым. Тоқсанға дейін кім бар, кім жоқ, пенделіктерін ысырып қойып, сексеннің қуанышын бірге бөліссе, қайтер еді?» депті ашулы Айгүл.

Айтпақшы, ақын Алмас Ахметбек бастаған, Айгүл айтқан «арғы беттен келгендер» Қабдеш ағаға «Тойото» көлігінің кілтін тапсырды. Сонда ғана жиналғандар «Е, бәсе!» деп, орындарында бір қозғалақтап қалды. Қалғандары Қабаңды қалың шапанмен «қарық қылып» кетті.

Жалпақ жұрты сүйген жазушыға жақтас болсам да, базынасы басым бұл жағдайды неге тірнектеп отырмын? Оның жауабын өзім емес, желідегі жігіттің сөзімен айтайын (Екпін Төлентаев): «Марапат та саясатқа тіреледі. Ағамыздың халыққа жанашыр көзқарасы билікке ұнамауы – негізгі себеп. Жағымпаз болса, орденді аямас еді...» депті ол.

Екпіннің ер сөзіне сай пікірді жиынның соңында Қабаң да қалтарыс қалдырмады: «80-ге толған басқалармен жасым бір болса да, бәсім бір емес...» – дегені мерейтойға марапат жасалмаудың жайын жорта айтқаны еді. «Менің марапатым – ине шаншар орын жоқ мынау залға жиналған халқым», – деген-ді Қабдеш аға. 

Солайы – солай шығар... Бірақ Ауыт бауырым Мұқибек айтқандай: «Сексен жылда бір Қабдеш туып тұрса...» деп, сорлы қазаққа қарата айтқан ақын тілегі елдің төрінен түспеген төбел топқа жетпегені жыныңды келтіреді екен...

Ермұрат БАПИ

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321