Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 10890 0 пікір 15 Қыркүйек, 2016 сағат 11:39

"БІЗ МЕМЛЕКЕТ БОЛҒАНБЫЗ, СҰЛТАНОВ МЫРЗА!"

Арада біраз уақыт өтсе де, сол 5 қыркүйек күнгі эфирден естігендерім есімнен кетер емес. Шынын айтқанда, біраз есеңгіреп қалдым. Өйткені өмір бойы зерттеген дүниелеріміз, жазған-сызғандарымыз депутаттың бір ауыз сөзімен түкке тұрғысыз болып қалды. Қазақ мемлекет құрмаған, ел болмаған халық екен! Бекер арамтер болып жүр екенбіз. Бұл мен емес қазақстандық тарихшы қауымға соққы болды. Қазақстан тарихнамасына үлкен соққы болды. Енді немен айналысамыз, не кәсіп істейміз деген ойда қалдым. Мұндай жағдай бұрын да болған. Қазақстан тарихын Ұлттық бірыңғай тестілеуден алып тастау, немесе жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын тек тарих мамандығында ғана оқыту дейтін бастама көтерілген. Сол үшін есті зиялы қауым бір толқып барып тоқтаған. Әсіресе тарихшылар. Не себепті? Барлығының мақсаты ұлт, мемлекет тарихына араша түсу.

Қазақ тарихына қарсы шабу соңғы уақытта пайда болған үрдіс. Бұған дейін бәрі де жақсы болатын. Қазақстан тәуелсіздік алғалы ұлттық тарихты ұлықтау бойынша мемлекеттік деңгейде бірнеше елеулі бастамалар қолға алынды. Ең әуелі 1998 жыл халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жарияланды. Одан соң, 2001 жылы мамыр айында көне түркі бабаларымыздың қолымен VII ғасырда жазылған Күлтегін ескерткіші (Жапонияда жасалған ғылыми көшірмесі) Астанаға жеткізілді. Күлтегін ескерткішінің келуімен көне түркінің көкберен рухы келді. Өтүкен мен Арқаның тарихи-рухани сабақтастығы қайта жалғасын тапты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев алыс-жақынға дүбірі жеткен сол үлкен оқиғаның басы-қасында болып, киелі ұстынның лентасын өз қолымен кесті. Содан бері осынау даңқты ескерткіш біздің мемлекеттілігіміз бен жазу мәдениетіміздің куәсіндей талай жанды өзіне тәнті етіп келеді.  2003 жылы сәуірде Елбасы Қазақстан халқына жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Нәтижесінде шетелдерден қазақ халқының мемлекеттілік тарихына қатысты көптеген дереккөздері жинақталып, реттеліп, баспадан шықты. Бұдан соң күшіне енген «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында да қыруар жұмыстар істелді. Соның негізінде Президент «Мәңгілік ел» тұжырымдамасын ортаға қойды. Астанада «Мәңгілік ел» қақпасы салынды.

Осы «Мәңгілік ел» тұжырымдамасының негізі де көне Түркі мемлекетінде жатқаны құпия емес еді. Қайтсек Қытайдың қасында өз елімізді, мемлекетімізді мәңгілік ұстап тұра аламыз деген мәселеде олар көп ойланды. Сөйтіп, «Түркі халқы Өтүкен қойнауында отырса елде мұң жоқ, мәңгілік ел тұтып отыратын жерің осы» деді және бұл сөзін мәңгітасқа қашап жазды. Олардың мемлекетті, елді аман сақтап қалуда өз бұлжымас қағидаттары, ұстанымдары болған. Дана Тоныкөк "біз ат үстінен түспейік, ат үстінен түскен халықтың жігері мұқалады, жауына жем болады" деді. Осылайша, көшпенділік бір кезде сыртқы жаудың алдында елді сақтап қалудың жолы болды. Оларда мемлекетті басқарудың қатаң әскери-әкімшілік жүйесі де болды. Мемлекеті ұлан-ғайыр болғандықтан елді шығыс және батыс екі бөлікке бөліп басқарды. Біздің Қазақстан оның батыс бөлігіне кіреді. Тарихтағы Он оқ, Батыс Түрік қағанаты деп жүрген жұрт Еренқабырғаны бөктерлей Жетісу мен Таластың, Шаштың бойын жайлаған біздің ата-бабаларымыз. Бірақ шығыс түріктер өздерінің Шұғай тауындағы қысқы қоныстарынан айырылып қалды. Қытай басып алды. Сөйтіп олар өз өкініштері мен «Мәңгілік Ел» құру жолындағы арман-тілектерін мәңгітастарға қашап жазып кетті. Тарихты сөйлеу үшін, ең алдымен сол мәңгітастардың сырына үңіліп, тым құрығанда оның бірер жолын жатқа білу керек еді. «Тарих толқынында» еңбегінде Мемлекет басшысының жазғанындай, біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті. Сіздер ойлап қараңыздаршы, ол заманның түркі халықтарынынан бүгінде кімдер өз ата қонысында, қара шаңырағында отыр? Ол тек біз − қазақтар ғана.  Біздің ата-бабаларымыз Орхон мен Өтүкеннен тек Шыңғыс ханның кезінде ғана ірге көтерді. Қыр даланың бұрынғы төресі, билеушісі ғұндар, одан соң көк түріктер болса, енді моңғолдар болды. Біз қазақтар Шыңғыс ханның империясының қол астында өз мемлекеттігімізді нығайттық. Бір шаңырақ астына біріктік. Шыңғыс хан құрған империяның үстемдігін қытайлар да қабылдады. Ол ғана емес, көшпенділердің ғасырлар бойы мемлекет басқару дәстүрлерін де қабылдады. Егер дәстүр туралы әңгіме болатын болса, бүгінде Қытай мәдениетінің  көптеген элементтері көшпенділерден келгенін қытай ғалымдарының өзі де ұдайы жазып келеді. Бұл олардың мемлекет басқару жүйесіне дейін әсер етті. Моңғол үстемдігі кезінде төрелерден соң ойраттар, наймандар, керейлер, жалайырлар, уақтар, қаңлылар, арғын, қыпшақтар, меркіттер т.б. империяның әскери-әкімшілік өкілі ретінде Оңтүстік Қытай жерін басқарып тұрды. Шыңғыс ханның немересі Құбылай бөтен елді басқаруда тек өзімен туыстас киіз туырлықты халықтарға, соның ішінде қазақ ру-тайпаларына ғана сенім артты.

Осылардың бәрінен хабарсыз адамдар бүгінде өз дәстүріміз бен мемлекеттігімізді мансұқтап өзгенің дәстүрі мен мемлекеттігін әспеттейтін болыпты. Ғылыми дәйекке сүйенбей, ұшқары айтылған ондай пікірлер, түптеп келгенде, елдігімізге қауіп. Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі қаншалық қымбат болса, оның тарихы да соншалық қымбат. Бүгінгі мемлекетімізді айтып отырып, оның бұрынғы дәстүрлерін тәрк етсек, онда бұл құрып отырған мемлекетіміздің де негізі бос, жоқтан пайда болған болады.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өзіміздің ұлттық мемлекеттілігімізді анықтайтын, өзгелер қол сұқпаған жалғыз сала бар еді. Ол болса ұлттық тарихнама саласы. Енді оған қандай да бір көлденең күштер әсер еткісі келетіндей. Әйтпегенде, соңғы уақытта қазақ тарихына қарсы сұғанақ сөздер биік мінбелерден айтылмас еді. Мұндайда қазақтың «шымшықты сойса да қасапшы сойсын» дегені еске түседі. Бірақ біздің қоғамда қолында билігі, капиталы бар адамдар бәрін белден басып тарихқа төрелік айтатын үрдіс пайда болды. Мұның ең сорақысы өзінің төл мемлекеттілігін жоққа шығаратындардың, оған қарсы сөйлейтіндердің табылып жатуы. Ондайларға мемлекеттік БАҚ-тың беделді мінберін ұсынатын да өзіміз. Сөйтіп біз сөзіміз бен ісіміз екі басқа халыққа айналып бара жатқандаймыз. Мына жақтан ұлттық тарихымызды мемлекеттік деңгейде жанталасып түгендейміз, мына жақтан оны жоққа шығарамыз.

Әңгіме 5 қыркүйек күні кешкісін Парламент мәжілісінің депудаты Қуаныш Сұлтан мырзаның Қазақстан ұлттық телеарнасының «G20 cаммитіне» байланысты арнайы шығарылымында берген сұхбаты жайлы болып отыр. Сол сұхбатында Қуаныш Сұлтан мырза өте тиянақты, әрі өз сөзіне сенімді түрде тілшінің өңменінен өткізіп тұрып былай деді:

«Қытай өзі дәстүрлі халық. Дәстүріне көп сүйенеді. Бұын-соңды олар Қазақстанды ешқашан мемлекет деп мойындаған емес. Кезіндегі шекара бөлістері 1880 жылғы(?), 1860 жылғы(?) шекара бөлістерінің бәрі Қытай мен Ресейдің арасында болған. Біздің қазақтың жерін бөлгенде қазақ қатынаспаған. Неге қатынаспаған? Мемлекет болмағанбыз. Біз Ресейдің құрамында болғанбыз. Осыны біз қадірлей білуіміз керек.  Осыны біз бағалай білуіміз керек...»

Ал еншеше! Осыны естіп G20 саммитін көріп мәртебеміз өскенін қайтейік, бетімізден тай тепкендей отырып қалдық.

Бір қарағанда бұл біздегі үйреншікті әдет. Ұлтты көтергенсіп отырып, масқаралау, қорлау, оның құндылықтарын жоққа шығару. Сол арқылы қоғамды, адамдардың санасын тұманды, қайшылықты жағдайға салып қою. Осы жерде депутат «Қытай да біз секілді дәстүрге бай халық, олар біздің ата-бабаларымызбен сонау екі мың жылдың алдында Үйсін мемлекеті заманынан бері қарым-қатынас жасап келеді. Байырғы Жібек жолы елдерімізді тығыз байланыстырған» десе біреу шапанын шешіп ала ма?

Рас, Қазақстан республикасы құрылғанға небары 25-ақ жыл болды. Бірақ біз «Аспан асты елі» деп атайтын Қытайдың өзі ежелден «Қытай халық республикасы» деп аталмаған еді ғой. Қуаныш Сұлтан мырза Қытайды осы беті аспаннан түскендей көреді екен. Оның «Қытай дәстүрлі халық, дәстүріне көп сүйенеді» деген сөзінің екпінінде, емеуірінде біз ондай халық емеспіз деген мағына жатқандай. Осы арқылы ол Қытайды дәстүрлі мемлекет ретінде алға ұстап,  бәрінен биік қояды. Осылай тұғырын биіктетіп алып, «Бұрын-соңды олар Қазақстанды еш қашан мемлекет деп мойындаған емес» дейді. Мұны өз халқына бір керемет жаңалық ретінде сүйіншілегендей, жерден алтын тапқандай етіп айтады. Ойпыр-ау, баяғыдан Қытай мойындамаса, онда қайттік? Бүгін мойындап отырғанына шүкіршілік етеміз бе? Жоқ әлде онымен есептеспей, өз бетімізге тәуелсіз болып алғанымызға айыптымыз ба? Қазіргі заман тарихында АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттері Қытай Халық республикасының өзін 20-30 жыл бойы мойындамай қойғанда, БҰҰ бірде бір қытайды есігінен сығалатпағанда  қытайлықтардың не жаны жүрген?

Бүгінде қай халыққа болмасын тәуелсіз мемлекет құрудың алғы шарты ретінде өз жерінде абтохтонды болуы, тілі мен дәстүрінің сақталуы, ең бастысы бұрын-соңды мемлекет құру дәстүрінің және белгілі жан санының болуы талап етіледі. Яғни мемлекет құру дәстүрі жоқ халықтың тәуелсіз болу құқы да жоқ. Қ. Сұлтанов мырзаның сөзінен соң, "егер біздің дәстүріміз болмаса, бұрын-соңды мемлекет болмасақ онда бүгін несіне тәуелсіз мемлекет болып отырмыз?!" деген сұрақ туады. Ешбір держава, басқыншы ел еш халықты өзі біліп "сен тәуелсіз бол" демейді. Бұл тарихтың заңы. Сондықтан өзге елдердің тәуелсіздігін, тарихын олардың өлшемімен қарау тіптен қате.  Және кез-келген ел өз тарихы мен мемлекеттігін біреудің пікіріне, қабағына қарап айқындамайды. Керісінше қарумен қорғайды. Ал біз болсақ тәуелсіздікке алып келген төл тарихымызға сенбейміз. Меніңше, оның өткеніне күмәнмен қараған адам келешегіне де күмәнмен қарайды. Бүйте берсек, қазақты түйе үстінен ит қабады.

Бір елдің мемлекеттілік тарихы деректанулық және тарихнамалық тұрғыдан терең талданатын мәселе. Соған сай, әр елдің мемлекеттік дамуы әр келкі болады. Тіпті, мемлекет дегеннің өзі үздіксіз даму үдерісі болып табылатынын естен шығармағанымыз жөн. Тарихтағы мемлекеттерге бүгінгі мемлекеттік анықтамамен, бүгінгі өлшемдермен қарауға тіптен болмайды.  Қытай ертеден Цин, Хан, Таң, Сун, Юан, Мин, Цин, т.б. деп әр түрлі аталған. Бүгінгідей бір тұтас болмаған. Территориясының аумағы да әр кезде әр қалай болған. Біз де 2500 жылдан бері Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Түрік, Оғыз, Қарахан, Түркеш, Қарлуқ, Қимақ, Қыпшақ Жошы ұлысы, Алтын орда, Көк орда, Қазақ хандығы болып аталып келдік. Олардың толыққанды мемлекет екенін, өздерімен саяси-экономикалық және мәдени байланыста болғанын сол Қытай деректерінің өзі-ақ баспа-бас дәлелдейді. Бұл елдердің Қытаймен болған қатынасы бүкілдей мемлекетаралық қатынас еді. Мысалы, Үйсін мемлекеті кезіндегі қатынасқа тоқталсақ,  сол кездегі Қытайдың Хан патшалығы өз инициативасымен Чжан Цяньді оларға (Күнби ордасына) елші ретінде жіберді. Қарым-қатынасты орнатуға ең әуелі біз емес Қытай жағы мүдделі болды. Артынан қыз беріп, қарым-қатынасын жақсартып, екі ел арасында «жылқы-жібек саудасы» қыза түсті. Ендеше, бұл мемлекет ретінде мойындау емес пе? Одан кейінгі Қаңлы мемлекеті (Қытайша Каңжуйго, «го» мемлекет деген сөз), Түрік қағанаты, Түркеш қағанаты кездерінде де сондай қарым-қатынастар өз жалғасын тапты. Түркі қағанаты кезінде Қытай елшісі Суан Цзан Талас  өзені бойындағы Тоңябғұ қағанның ордасына келеді. Қаған оған дипломатиялық сыпайгершілікпен мәмле жасап, қонақжайлық танытып,  қасына  тілмаштар мен жол сырын білетін адамдарды қосып беріп, Үндістанға жеткізіп салады. Осы кезде біздің жерімізге алыстағы Византиядан да елшілер келетін болған. Қаған ондай елшілердің кейбірін қабылдаса, кейбірін қабылдамай қоятын еді. Демек, біздің жерімізде мемлекет болып қана қоймай, ел басындағы күнбилер мен қағандар  халықаралық қарым-қатынастың  қыр-сырына, түрлі қитұрқы амал-айласына да жетік болған. Мұндай мысалдар кейінгі кезеңдердің тарихынан да көптеп табылады. Ендеше, неге біз осындай пікір алаңдарында «мемлекет болмағанбыз» деген сөзді айтуға дайын тұрамыз? Ондайда «Ежелгі қазақ жерінде мемлекет құрғанымыз» қайда қалады? Әрине, тарихтың белгілі бір кезеңдерінде Қытайдың өзіне көрші жатқан елдерді жаулап алу пиғылы да болмай қалған жоқ. Соның өзінде де олар бізді мемлекет болған жоқ деп айтпаған.

Бұл бір. Екіншіден, Қазақ хандығы Абылай ханның дәуірінде Қытаймен тепе-тең қарым қатынаста болған. Ол туралы деректер манжу тіліндегі мұрағат құжаттарында жатыр. Сол деректерге сүйенсек, Абылай ешқашан да орысқа да, қытайға да бодандық туралы ант бермеген. Қытайларға шекарасын анық айтқан. Өзімен тығыз қарым-қатынастағы егінші жұрттарды, сауда серіктестерін қорғап қалуға ұмтылған. 1758 жылдың жазында Қазақтың Үш жүзінің батырлары ел үшін, жер үшін жұдырықтай жұмылып Іле өзенінің бойында жүрген. Мақсат − манжулар (қытайлар емес) жерімізді алып кетпесін деген алаңдаушылық еді. Бүкіл қазақтың елдігін де, ерлігін де айқындайтын атақты Сарыбел шайқасы Қастек асуында болған. Бұл өз кезінде Жоңғарға да, Ежен (Манжу-Цин) хандығына да көрсетілген сес еді. Сол кезде Манжу үкіметінің өзі «Қазаққа жоңғарлар секілді мәміле жасауға болмайды, олар бөлек ел» - деген. Қазақ хандығын Үнді, Парсы және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы елдермен бір санатқа қосқан. Абылай хан бодан болғанды қойып Манжау мемлекетіне "шығыстағы ата мекенімізді қайтарып берсеңіздер" деп талап қойған. Қазақ мемлекеті жойылса тек 1822 жылдан соң жойылды. Онда да Ресей қару күшімен басып алды. Ресей мен Қытай арасындағы келісімге қазақ «бұрын мемлекеті болмаған соң қатыспады» емес, мемлекеті күшпен жойылған соң қатыса алмады.

Үшіншіден, біз Ресейге бодан болып тұрған кезде Қытайдың өзі манжуларға бодан болатын. Әйтпесе, Сун Ятсен не үшін күресті? Оның басты ұраны жат жұрттық манжу басқыншыларын елден қуып шығу болатын. Оны біздің «сарабдал саясатшы», «сұрғыған дипломат», Қытай туралы бас маман неге білмейді? Ресей империясының боданына айналғанымыз үшін оған дейінгі мемлекеттік дәстүрімізді, тарихымызды сызып тастауымыз керек пе еді? Онда Қытай неге 1840 жылғы Апиын соғысынан бұрынғы тарихын сызып тастамайды? Неге мемлекет болмағанбыз, Англия бастаған 8 мемлекеттің отары болғанбыз, астанамыз Пекинге дейін солар басып алған демейді?! Не үшін Үндістан, Египет, Иран солай айтпайды? Бізді қойып бүгінде тәуелсіздігі жоқ халықтар өздерінің елдігін, тәуелсіздігін қолға келтіру үшін жылдар бойы жанталасып, қан төгіп күресіп жатқанда мемлекеттілігі туралы төрелік сөзді басқаның құзырына беріп қойып қарап отыратын біздікі қандай жомарттық? Бұл деген өзіміз отырған бұтақты өзіміз кесумен бірдей емес пе!? 2001-2002 жылдары мен бір Жапон азаматына қытай тілінен сабақ бердім. Бір күні біреу жаңылысып оған ХІХ ғасырда Жапония АҚШ-тың отары болған деп қалды. Әлгі Жапон шәкіртім орнынан атып тұрды. «Мүлде олай емес, олай болуы мүмкін емес!» деп өңі өзгеріп кетті. Менің Ашраф Аттия деген Египеттік профессор досым бар. Екеуіміз бірге жұмыс жасағанымызға 6 жылдың жүзі болды. Мен одан «Таяудан бері Египеттің жағдайы не болып барады? Осы беті Египет былығып кетпей ме? АҚШ-тың, не Ресейдің ықпалында қалмай ма?» деп сұраймын. Ол өз еліне шаң жуытпайды. Елдер өтірік айтады, шетелдік ақпарат құралдары да түймедейді түйедей етіп көрсетеді. Бүлініп кеткен ештеме жоқ. Бәрі жақсы!» деп жауап береді. Осындай елдің азаматтарына олардың мемлекеттілігі туралы күмәнді сұрақ қоя аласыз ба!? Біз болсақ мемлекет болмағанбыз, ешкім бізді мемлекет деп мойындамаған, отар болғанбыз деп сарнауға дайын тұрамыз. Отаршылдық тарихымызды көп айту, түптеп келгенде, ұрпақты жасытудан басқа түк емес.

Төртіншіден, тарихи, елдік тақырыпта әңгіме қозғау үшін ең әуелі сөйлеуші оған дайын болуы керек. Телевидения үлкен аудитория. Онда сөйлеудің жауапкершілігі тіптен үлкен. Дастархан басындағы әңгіме емес. Ондайда амал бар өзің толық білмейтін, күмәнді тақырыптан аулақ болған жөн. Бірдемені білетін секілденіп өтірік сан-цифр айтуға тіптен болмайды. Сол сұхбатында Қ. Сұлтанұлы Қытаймен арада болған 1880 және 1860 жылғы келісім дегенді айтып қалды. Басқа басқа, дәл Қытайда бас елші болған дипломат үшін бұлай ойжота қойып қалу дұрыс емес. Өйткені бұл ол білуге тиісті ең бастауыш (элементарлы) сауат. Білім мен біліктіліктің, қайраткерліктің үлгісіндей көрінетін тұлға ондайда жаңылмауы керек. Егер ҰБТ-да бір бала осы екі сұраққа Қ.Сұлтановша жауап берсе, сол үшін қажетті балын жинай алмай, емтиханнан құлап қалуы мүмкін еді.  Оны ешкім жаңылып қалыпты, кешіре салайық дей ме? Ресей мен Цин империясы арасында біздің шекарамызға қатысты сырттай бөліп алу келісімдеріне тек 1864 және 1881 жылдары қол қойылды. Бұл шын мәнінде, қазақ жері мен елін сырттай бөліске салу келісімі болды. Қытай елі кейін келе отаршылдардың Манжу үкіметімен қол қойған келісім шарттарының бәрін «тең құқықсыз келісім» деп жариялап, оны мойындаудан бас тартты. Ал, біз болсақ бұл келісімдерді әлі күнге шекараларымызды айқындаған бас құжат ретінде қарап келеміз... Иә, бұл күрделі әңгіме. Бірақ, бір нәрсе айқын. Ол болса кез-келген өркениетті елдің азаматының қай жерде де өз елінің мемлекеттілігі туралы принципті ұстанымдар мен халықаралық қатынас этикасына берік болуы. Біз қазір тәуелсіз елміз. Президент Н. Назарбаевтің сан қырлы саясатының арқасында іргемізді бекітіп, дүниежүзіне қалыптасқан мемлекет екенімізді таныттық. Мұндайда әлі де өзін  қор, өзгені зор санайтын құлдық  психологиядан арылатын уақыт жетті. Өкінішке орай, осы сұхбат ел-жұрт аузына қараған азаматтардың біразы  әлі күнге біздің мемлекеттілігімізге күдікпен қарайтынын көрсетті.

Тұрсынхан Зәкен, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524