Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Мәйекті 8202 0 пікір 31 Тамыз, 2016 сағат 12:29

"ТӨҢКЕРІСТЕН" КЕЙІНГІ ТҮРКИЯ...

Жуырда тамыз айының 18 мен 20 аралығында Түркияның бас қаласы Анкарада «Халықаралық Ислам Әлемі Қоғамдық Қауымдастығының Бірлестігі конференциясы» болып өтті. Конференция мақсаты – шілденің 15 күні болған үлкен дүмпуде орын алған жағдайға оң баға беру, сыни көзқарастарға деген әлем жұртшылығы алдында шынайы шындықты таныту.

Аталған конференцияға Еуропа, Африка, Орта Азия мен Шығыс мұсылман елдерінің өкілдері қатысты. Оның ішінде қазақстандық Қ.Матжан мен Н.Мансұров та бар. 42 мемлекеттен келген өкілдер үш күн бойы ел ішінде орын алған орындарды өз көздерімен көріп, Түркияның құзырлы ұйымдарының басшыларымен кездесіп болған жағдай жайлы естіп қайтты.

Жүз естігеннен бір көрген артық дегендей конференция қатысушылары орын алған жарылыстардың орындарын көргенде адамзат баласының ХХІ ғасырда жүрек шошындыратын мұндай құбылыстарға тағы да жол берілгендігіне куә болды. Бейбіт өмір қалайтын қарабайыр халықтың елі, жері үшін жанын жұлып беретініне әлем жұртшылығы айқын көз жеткізді деп білеміз. Мұның барлығы айтуға ғана оңай, ал шындығында, жан түршігерлік жағдайдың нақ өзі. Міне ұйымдастырушылардың да мақсаты осындай жайттардың бауырлас өзге де мұсылман елдерде орын алуына жол бермеу.

Конференция келген қонақтар тарапынан көңіл айту мен жұбатуға арналған үндеулерден бастау алды. Олардың мұндай жайттарды әлемде өзіндік орны бар ислам дүниесіне жасалған жалпы соққы ретінде қабылдайтындарын айтқан қатысушылар сынға алған мемлекеттік дүмпуді тиісті түрде жеткізу қажеттігін сөз етті. Шынайы шындықты әлем мұсылмандарының білгенін қалайтын бауырлас мемлекеттегі мемлекеттік емес ұйымдар бастамасын Түркия Республикасының құзырлы органдары тарапынан барынша қолдау тапқандығы конференцияда айқын көрініс тапты.

Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған, Премьер министрдің орынбасары мен Мәжіліс Төрағасы және Бас Муфтимен кездесу барысында конференцияға қатысушылар аталған жағдайдың қаншалықты үрейлі болғандығын ұғынды. Ел Президенті Реджеп Тайып Ердоған Бестөбе резиденциясында өткен кездесуде: «Бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтап қалып қана мұндайларға шектеуді басшылыққа алуымыз керек. Олай етпеген жағдайда мұсылманның мұсылманды өлтіруіне жол беруіміз әбден мүмкін» дей келе, шетелдік басылымдардың мұндай ұстанымдарымызды қолдай қоймайтынын және олардың біздерді түсіне алмайтындарын тілге тиек етті. Оған қоса олардың бұл жағдайларды теріс саралап, біржақты пікір беріп, жарыса жазғандарын, елге, ұлтқа деген сыни көзқарастарын білдіргендерін де сынға алды.

Әрине, көп ретте кез келген мәселенің анық-қанығына бармай біржақты баға берулер орын алатыны анық. Сондықтан қашанда билік үшін талас алдыңғы қатарда тұратыны сияқты мұнда да ел билігінің өз мүддесі үшін барған деген уәждемелерінің дәйексіз болғандығы сөз етілді. Мұны ел ішіндегі түрлі партиялардың осы сәтте бір ынтымаққа келіп, бірлесе кеткені, әртүрлі ұстанымдардағы мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың бірігіп, бейбітшілік пен тұрақтылық үшін қарсы тұрғандығы ерекше атап өтілді. Бұл елдің елдігі мен бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалудағы мемлекет ішіндегі бүлікшілерге деген жалпыхалықтың наразылығы деп бағаланды.

Міне достықтың қадірі осындай қиын сәттерде көрінетіні сияқты бауырлас мемлекеттер арасынан Елбасымыз Н.Назарбаевтың қолдау жасап, демеу бергендігі барша түркі жұртына үлкен абырой болғандығы сөзсіз. Оған қоса, Елбасының мемлекеттік дүрбелеңнен кейін алғаш ресми сапармен зиярат етуі де саяси һәм экономикалық тұрғыда да маңызды орын алды. Ол Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған үшін де, түрік халқы үшін де үлкен қолдау болды. Өйткені онда Елбасы Н.Назарбаев: «Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. Болашақта да солай бола бермек. Себебі біз түбі бір, тарихы бір, мәдениеті мен діні бір елдерміз» деген болатын. Сондай-ақ Түркияның Ресеймен арасын жақындастырып, татуласуына да Елбасының атқарған қызметі ерен. Бұл да бауырмалдықтың көсеткіші.

Түйіндей келгенде, мемлекеттік дүмпулер қашанда, қай кезде де орын алып келген. Бірақ олардың адам шығынысыз болғандары кемде-кем. Түркияда орын алған уақиға да біршама жанның өмірін қиып, бірнешеуін жарақаттап кетті. Егер жалпыхалықтың бірлігі мен ынтымағы болмағанда оның саны одан көп болуы мүмкін еді. Сондықтан ел бірлігі бұл жағдайлардың шамадын тыс қарқын алуына жол бермеді. Қазіргі кезде түрік халқы күнделікті өмір кешуде. Десе де, жарыслыстар елдің әртүрлі өлкелерінде күн сайын орын алуда. Мысалы, конференция өтіп жатқан кезде елдің Елазик елдімекенінде тағы жарылыс орын алып, үш адамның қаза тапқаны БАҚ айтылды. Мұндай әрекеттерден мезі болған халық та, билікте болдырмау үшін түрлі шаралаға баруда. Ал конференция қатысушылары біршама шындыққа көз жеткізіп, оларды өздеріне сабақ ретінде қабылдап, мұндайларға жол бермеу керектігін іштей ұғынып қайтты. Өз кезегінде біз де бауырлас елдің бірлігі мен бейбітшілігі ұзағынан болғай деп, Ислам әлемі әрқашан бірлікте болу керектігіне үн қосып қайттық.

Нұрлан Мансұров 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963