«ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ КЕЙБІРІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫНА СЕНБЕЙДІ»
Қазақ ел болып, еңсе тіктегелі мемлекеттің ұлттық идеясы қандай болуы керек деген сауалдың жауабын көп іздеді. Әсіресе, тәуелсіздік алғалы бері бұл мәселенің өзектілігі артты. Елдің көксегенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында дөп басты. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, кемел келешекке сенім де осы ұғымның шеңберіне сыйып тұр. Демек, межеміз айқын. Ал бағытымыз ше? Мәңгілік ел болудың дұрыс жолына түстік пе? Материалдық байлықты қамдауға кірістік. Рухани байлығымыздың асығын қашан түгендейміз? Мәңгілік елдің ұлттық мәдениеті қандай болуы керек? Жуырда жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевпен әңгімелескеннен кейін көкейде осы сауалдар көлденеңдей берді.
Ата-бабамыз әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атануды, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болуды армандады. Сол арманға бүгін ұрпағы жетіп отыр. Шаңырағы биік, керегесі кең егеменді елдің іргесін қаладық. Ендігі арман – Мәңгілік ел болу.
Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, Мәңгілік елге айналудың ең басты шарты – тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту. Өйткені тәуелсіздік – халқымыз қаншама ғасыр бойы аңсаған, Алаш арыстары аманаттаған асыл дүние. Ендеше оны нығайтудың жолы қайсы? Осы сауалдың тууына, өреміздің шеңберінен әлдеқайда асып кететін ауқымды тақырыпты қорықпай қозғауымызға түрткі болған қаламгер Сұлтанәлі Балғабаев көкейде қордаланып жатқан көп ойын ортаға салды. Біз қағаз-қаламымызды сайладық та, тыңдауға бекіндік.
– «Мәңгілік ел» – болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын, үлкен мақсаттарға жетелейтін қуатты идея. Ендігі мақсат оны қызыл сөз, жаттанды ұран күйінде қалдырмай, ақиқатқа айналдыру. Соған қарай адымдап жылжу. Олай болса, бүгіннен, осы сәттен бастау керек. Мәңгілік елге айналудың алғышарты қандай – осыны анықтап алайық әуелі. Ең бастысы, экономикамыз ілгерілеп, қорғанысымыз күшеюі керек. Бұл екі сала үнемі мемлекеттің ерекше назарында, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Мені алаңдататыны – ұлттық мәдениеттің дамуы. Төл мәдениеті, ұлттық құндылықтары құлдыраған ел ешуақытта Мәңгілік ел бола алмайды. Осыны түсінетін уақыт жетті.
Нақты мысал керек болса, келтірейін. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ең өзекті мәселе – тіл. Өзі тәуелсіз әрі өзгелермен терезесі теңескен өркениетті ел бола тұра, сол мемлекетті құраушы ұлттың тілін қайтсек тірілтеміз деп бас қатырып, екі күннің бірінде жиын өткізіп жататын ел көрдіңіз бе бізден басқа? Ондай мемлекет жоқ дүниенің еш бұрышында. Мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеру үшін миллиондаған қаржы бөліп, түрлі бағдарламалар жасап, курстар ашып, ақ тер, көк тер болып жататын қазақ қана. Себебі неде? Мұның себебі еліміз Кеңес Одағының құрамында болғанда «Экономиканы көтереміз!», «Тың игереміз!», «Зауыт-фабрикалар саламыз!» деген ұрандардың екпіні қатты болды да, тіл мәселесі кейінгі қатарға ысырылып қалды. Соның зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатырмыз. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің еңсесі біршама көтерілді. Шүкір. Енді өткен күннің қателігін қайталауға болмайды. Қазір де мемлекет бар күшті экономиканы дамытуға жұмылдыруда. Ұлттық мәдениеттің жағдайы тағы да кейінге ысырыла ма деп қорқамын. Егер төл өнердің дамуы кенже қалса, қаржылық жағдайымыз жүз есе жақсарғанымен, қорғаныс қабілетіміз мың жерден күшейгенімен, Мәңгілік ел бола алмаймыз. Бұл Тәуелсіздігімізге де қауіп төндіруі мүмкін, – дейді жазушы.
«Мемлекеттік арналар төл өнерді менсінбейді»
Сұлтанәлі Балғабаев төл теледидардың ақпарат тарату саясатына көңілі толмайтынын да ашып айтты. Әсіресе, мемлекеттік арналарға базынасы көп.
– Өкінішке қарай, бізде төл өнерді шеттету, екінші орынға ысыру әрекеттері ашықтан-ашық жасалуда. Мысалы, біздің телеарналарымызда, күнделікті өтетін жиындарымызда қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық өнерін менсінбеу, аты да, заты да түсініксіз шетелдік шоуларға төр беру белең алды. Алматыны еліміздің экономикалық және мәдени орталығы деп жүрміз. Алайда мұнда тұрақты жұмыс істейтін театрлардың 2-3-еуі ғана таза қазақша, қалған 80-90 пайызы орыс тілінде жұмыс істейді. Қаладағы қазақтардың үлесі 70 пайызға жетеғабыл. Демек, ұлттық театрлардың үлесі де соған сай болуы шарт. Ұлттық өнерді шеттету құбылысы қазақ телеарналарында да айқын аңғарылуда. Кеңестік идеологияның үстемдігі мықтап орнаған ең күрделі кезеңдердің өзінде Камал Смайылов, Сағат Әшімбаевтай азаматтар төл теледидарымызды төрге көтерді емес пе? Бүгінгі тәуелсіз әрі бейбіт күнде дайындалған хабарларды сол кездегі бағдарламалармен қатар қоюға ұяласың. Жекеменшік арналарды қозғамай-ақ қояйық. Мемлекеттік арналардың өзі ұлттық мәдениеттің ұпайын түгендеуге құлықсыз. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған соң, сол елдің мүддесіне қызмет ету – міндет. «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» деген бағдарлама бар «Қазақстан» телеарнасында. Жүргізушілер эфирде білгендерін істеп, ауыздарына келгенді айтып қана қоймай, қазаққа түк қатысы жоқ әлдекімдерді жинап алып, орысша шүйіркелесіп отырады. «Қазақстан» телеарнасы 100 пайыз қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деген талап қайда қалды? Сіз отандық телеарналардағы орыс тіліндегі хабарға барып қазақша сөйлеп көріңізші, сіздің сөзіңізді қиып тастайды немесе мүлдем қатыстырмай қоюы мүмкін. Ал қазақша хабарға келіп, әркім қалаған тілінде сайрап отырады.
Тіл – ұлттың өзіндік үні, дара келбеті. Ол болмаса, елдің тәуелсіздігі баянсыз. Халқы кімнің тілінде сөйлесе, кімнің мәдениетін ұстанса – ел соның боданы. Басқа емес, маған қазақтың өз арналары қазаққа қарсы жұмыс істеп отырғандай сияқтанатыны қынжылтады. Шоуды қаптатып, эфирден кәсіби журналистерді алыстатып, аузы-басын бояған әншілерге тізгін ұстататындардың көксегені не? Қит етсе рейтингті алға тартады. Рейтинг деп дабыра қылатындары қаладағы он шақты орыстілдінің есеп-қисабы ғана. Қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы орта – ауыл тұрғындары не көріп жүр? Не көргісі келеді? Оны есепке алып жатқан ешкім жоқ. Жақсы-жаманын зерттеместен, шетелдік жүйенің бәрін елімізге әкеп таңа беруге болмайды, – деді ренішін ірікпеген қаламгер.
«Шенеуніктердің кейбірі Қазақстанның болашағына сенбейді»
Сұлтанәлі Базарбайұлынан өзі көтерген мәселенің шешілу жолын көрсетуді сұрадық. «Әдебиеттің, мәдениеттің сүт беті қаймақтарының бәрі Алматыда тұрады. Ақын-жазушылардың дені осында шоғырланған. Солай бола тұра, қала қазақшадан неге сүрінеді? Қазақ тілі қашанғы даланың тілі болып қала бермек? Оны қала тіліне айналдыру үшін не істеу керек?», – деп жазушыны сұрақтың астына алдық.
– Біздің айтқанымызға біреу құлақ асса, енді бірі шал-шауқанның мылжыңы деп қолын бір-ақ сілтеуі мүмкін. Ішінде бәрі сайрап тұрса да, қолында билік болмаған соң ақын-жазушыдан не қайран? Ең алдымен, үкіметтің нақты талабы, идеологиясы болуы керек. Мемлекеттің түбіне жететін тағы бір фактор бар. Ол – баспасөзді қадірлемеу, онда айтылған дүниелерге құлақ аспау. Дүние жүзінің кез келген елін алып қараңызшы, министр немесе әкімі баспасөзде сынға ұшыраса, ол ел алдында абыройдан жұрдай болады. Өзін ақтап алу үшін талай тер төгуіне тура келеді. Тіпті, газеттегі сын үшін отставкаға кеткен шетелдік шенеуніктерді де білеміз. Ал біздің баспасөзіміз қазір қоғамдық резонанс тудырмақ түгілі, оқылудан қалған. Бұрынғыдай газетте жазылғанды жаппай талқылау жоқ. 1989 жылы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Еншіміз бөлінбеген ел едік» деген мақаламнан кейін көтерілген шу өз еліміздің шекарасынан асып, Өзбекстанның Орталық партия комитетіне дейін жеткен еді. Бүгін «пәленше түген дейтін мақала жазыпты» деген әңгіме құлаққа шалына бермейді.
Баспасөзін көзге ілмейтін, оның сөзіне зер салмайтын біздің ел ғана. Мұның салдары журналист пен басылым үшін емес, ең әуелі, мемлекеттің өзі үшін ауыр болмақ. Баласын қоқысқа тастау, бүлдіршінге зорлық-зомбылық көрсету, жақынын азаптап өлтіру секілді азғындық, қатыгездік пен арсыздық идеологиясы әлсіз елде етек жаяды.
Лауазымы жоғарылардың кейбірі Қазақстанның болашағына сенбейді. Байқайсыз ба, құрығы ұзындар әйелі екіқабат болса, босанатын уақыты жақындағанда шетелге жібереді. Баласы қай елде дүниеге келсе, сол елдің азаматтығын алады. Демек, олар Қазақстанның келешегі күмәнді деп ойлайды. Қалтада ақшасы, қолында билігі барда, ұрпағын болашағы бар елге орнықтырғысы келеді, – дейді Сұлтанәлі Базарбайұлы.
«Театрда ақша жоқ деген – бос сөз»
Жазушымен одан арғы әңгімеміз театрға, драматургияға қарай ойысты. Елімізде бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен екі адам болса, соның бірі – Сұлтанәлі Балғабаев. Оның драматургиясы жайлы тілге тиек еткен адам, ең әуелі, алғашқы пьесасы – «Қыз жиырмаға толғанданың» Қазақстандағы күллі республикалық, облыстық театрларды түгелдеп, 20 жыл бойы сахнада жүргенін, оны ең кемі миллион көрермен көргенін айтар еді. Бұл – қазақ сахна өнерінде сирек құбылыс. Оның қаламынан туған «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Қазақша күрес», «Біз де ғашық болғанбыз», «Әйелдер әлемі», «Ғашықсыз ғасыр» пьесаларын сахналамаған театр кемде-кем. Балғабаев шығармаларын көрші елдер – Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан театрлары да жарыса қойды. Драматургтың қай дүниесі болса да ескерусіз, елеусіз қалған емес. Мұның себебі, біздіңше, Сұлтанәлі Балғабаевтың драмалық шығармаларының көркемдік деңгейінің жоғарылығына, мазмұнының тереңдігіне байланысты. Оның пьесалары уақытпен үндес, заманауи мәселелерді дер кезінде көтеруімен құнды.
Ол – театрдың өз адамы. Бұлай деуімізге Сұлтанәлі Базарбайұлының 1985-1996 және 2003-2005 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруы және көп жылдан бері Жазушылар одағындағы Драматургия кеңесіне төрағалық етуі себеп. Сондықтан ол театрлардың жұмысын, драматургтер мен режиссерлердің еңбегін сынға алса, жақсыға жол ашатын жанашырлықпен айтады.
– Театрлардың жырын жырлап келе жатқаныма қаншама жылдың жүзі болды. Сонда да тауыса алмай келемін. Соңғы уақытта мені қатты толғантып жүрген бір мәселе бар. Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әдебиет бөлімінде он жылдан астам қызмет атқарған кезде байқағаным, актерлер үшін берілген рөлді мінсіз ойнап шығудан маңызды міндет болмайтын. Сахнаны кие тұтатыны, көрерменді қадірлейтіні соншалық, дайындығы шала болса, жұрт алдына шықпайтын. Ал қазір ше? Мүлдем кереғар құбылысты көріп жүрміз. Бүгінгінің актерлері айлықты да, атақты да театрдан алады, бірақ базбіреулері басқа жердегі жұмысын бірінші орынға қояды. Біреуі тойдан кешікпеуі керек, енді бірі түсірілімге баруы қажет, үшіншісі университетке, шәкірттеріне асығып барады. Сахнаға шығуға қолдары тимейді. Басқа шаруалардан қолы босағанда ғана негізгі жұмыс орны театр екені естеріне түседі. Шала дайындықпен, кейде тіпті дайындықсыз сахнаға шығады. Рөлім шикілеу емес пе, көрерменнен ұят болмай ма деген ой бүгінгі жастарды мазалай бермейді. Бұл құбылыс театрды тұйыққа апарып тірейді, құлдыратады.
Актерлер үнемі айлығымыз аз деп жылайды. Меніңше, бос сөз. Ел қатарлы жалақы алады. Басқасын білмеймін, бірақ Алматы театрларында жалақы аз емес. Театрға барсаң, ішіне кіру қиын. Өйткені актерлердің қымбат көлігінен аяқ алып жүре алмайсың, – деп драматург көңілін күпті еткен жайларды жайып салды. Драматургияның аяқ алысына да қарны ашатынын жасырған жоқ.
– Қазір кім көрінген пьеса жазатын болған. Әдебиет деген ең қиын сала, оның ішінде драматургия – ең күрделі жанр. Ол – қасиетті жанр. Драматургияға шынайы таланты бар, жазуы әбден ысылған адамдар келуі керек. Екінің бірі драматургқа айналған қазіргі кезеңде елімізде керемет пьеса жазылады деп ойламаймын.
Біздің тұсымызда театрда қойылатын пьеса әуелі көркемдік кеңестің талқылауынан өтетін. Кемшілігі жойылып, шикі тұстары толықтырылатын. Одан кейін режиссер мен актер тізе қосып жұмыс істейді. Қойылым дайын болғанда арнайы комиссия тағайындалып, баға беріледі. Комиссия құрамына міндетті түрде репертуарға жауапты министрлік өкілі енетін.
Театрлардың тағы бір ауруы – тақырыпты бірінші орынға қоятыны. Шығарманың көркемдік сапасы қандай деген сұрақ ешкімді мазаламайды. Ең әуелі пьесаның көтерген тақырыбына назар аударады. Бекітілген жоспарға, министрлік көрсетіп берген бағыт-бағдарға сай келсе, сол уақытта тойланатын мерейтойлармен мазмұндас болса болғаны. Туындының тілі қандай, көрерменге берері не деген сауалдар көлденең тартыла бермейді.
Бүкіл театрдың репертуары бір орталықтан басқарылуы керек. Мейлі республикалық, мейлі облыстық немесе аудандық театрдың не қоятынын қадағалап отыру керек. Осы мәселені мінберлерде қаншама рет көтерудің арқасында министрлікте жуырда Репертуарлық басқарма құрылды. Сол басқарма алдағы уақытта қойылатын барлық пьесаға мөр басып, рұқсат беріп отырса екен дейміз. Театр тұрмақ, азық-түлік дүкендерінің өзі құжаты жоқ тауарды сатпайды. Тіпті, 50 теңгенің заты да арнайы сертификатсыз саудаланбайды. Ал миллиондаған көрермен көретін шығарма неге мамандардың рұқсатынсыз сахнаға жол тартуы керек? Мұның салдары қандай болатынын көрдік. Қостанай театрының маңында осы күні көрерменнен гөрі тәртіп сақшылары көп. Театр басшылығы 2-3 жылда 160 млн теңгеден астам қаржы жымқырған. Театрдың жағдайы нашар, актердің айлығы аз дейміз. Авторлардан сапалы шығарма сатып алуға ақша қимаймыз. Ал жымқыруға келгенде миллиондаған қаржы табыла қалады. Демек, еліміздің барлық театрында ақша бар деген сөз. Қостанайлық театр сонша қаражатты қолды қылғанда, басқа театрлардың не істеп жатқанын ойлаудың өзі мұң.
Айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт бар. Пьесаны сатып алуға, қойылымды қоюға қыруар қаржы бөлінді ме – оның өтемі талап етілуі керек. Бізде ондай талап жоқ. Қазына қаржысы оңды-солды жұмсалады, бірақ спектакльге көрермен келді ме, келмеді ме, қойылымға сұраныс бар ма жоқ па, ол жағын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Танымал адамдарды, журналистерді шақырады, тұсаукесерін шулатып өткізеді. Бір-екі айдан кейін-ақ ол спектакль ешкімге керек болмай қалады. «Халық түсінбеді, өресі жетпеді» деп жылы жаба салады. Қып-қызыл шығын үшін ешкім жауап бермейді. Өрелері биік болса, халықтың нені түсінетінін, қандай дүниені көргісі келетінін неге алдын-ала зерттемейді? Театрдың айналасында менің миым жетпейтін осындай мәселелер көп.
«Жақсы пьеса жаза алатын жас драматургтер өте аз»
Сұлтанәлі Балғабаевтың сан салалы еңбектері жайлы сөз болғанда, оның көсемсөзшілігі, жазушылығы, қайраткеркерлігінен бөлек, ерек аталатын тағы бір қызметі бар. Ол – шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Сұлтанәлі Базарбайұлы 2008 жылдан бері сол қарашаңырақта болашақ кинотеледраматургтерді дайындайды. Профессордан шәкірт тәрбиелеудің қыр-сырын, өнер саласына қызмет ететін мамандарды даярлаудағы түйткілдерді атап беруін сұрадық.
– Оқу ордасына ұстаздық қызметке шақырылуыма ұзақ жыл театрда әдебиет бөлімнің меңгерушсі болып жұмыс істеуім және Қазақстан мен көршілес республикаларда көптеген пьесалары қойылған драматург екенім себеп болған сыңайлы. Академияға алғаш келгенде кинотеледраматургия мамандығы деген, негізінен, «Қазақфильм» киностудиясына киносценарий жазатындарды дайындау деп есептейтінмін. Және кейбіреудің сөзіне құлақ түрсең, шынында солай сияқты еді. Әйтсе де, осы мамандық бойынша оқу бітіріп, диплом алғандардың арасынан «Қазақфильмге» барып, сценарий жазып, киносы түсіріліп жатқандардың көрінбеуі қатты ойландыратын. Кинотеледраматург мамандығын меңгергендер қайда кетіп жатыр деген сұрақ туындады. Бұл сұрақтың жауабын кейін таптым. Студенттермен жұмыс істей келе, бұл сала тек «Қазақфильмге» арнап сценаристер дайындаумен ғана шектелмейтініне көзім жетті. Кинотеледраматургия мамандығының ауқымы барынша кең, түлектердің оқу бітірген соң жұмыс істейтін саласы жан-жақты екен.
Қазіргі кезде біздің елімізде ең жетіспей отырған мамандардың бірі – кинотеледраматургтер десек, қателеспейміз. Бұрын киносценаристер тек «Қазақфильмге» ғана керек болса, бүгінде кино түсіретін орындар көп. Еліміздегі телеарналардың бәрі дерлік жаппай телесериалдар түсіруге кіріскен. Оларға қоса, жекеменшік кинокомпаниялар да көркем және деректі фильмдер түсіруді қолға алуда. Олардың бәріне арнайы білімі бар, дарынды сценаристердің қажет екені айтпаса да белгілі. Білікті сценаристерге деген сұраныс алдағы уақытта арта түспесе, кемімейтіні анық.
Сондай-ақ, кинотеледраматургия мамандығы театр өнеріне де барынша жақын. Осы мамандықты меңгеріп шыққандар театрларға арнап пьеса жазуға мүмкіндігі мол. Бүгінгі таңда елімізде 50-ден астам кәсіби театр жұмыс істейтінін, оның үстіне, жекеменшік театрлар да уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқанын ескерсек, олардың бәріне сапалы шығарма жазып беретін авторлар ауадай қажет. Бізде жақсы пьеса жазатын жас драматургтер өте аз. Бұл жөнінде мәдениет саласының жоғары мінберлерінде, баспасөзде, жиындарда үнемі айтылып жүр. Осы күрделі мәселені шешудің бірден-бір жолы – кинотеледраматургия мамандарын барынша көбірек дайындау.
Сонымен қатар, театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі деген жауапкершілігі зор қызмет бар. Егер әдебиет бөлімінің меңгерушісі драматургиялық шығарманың көркемдік сапасын анық ажырата алатын, сахна мен жалпы театр өнерінің өзіндік ерекшеліктерін жетік меңгерген, арнайы білімі бар маман болса, репертуарға қабылданған жаңа пьесаны сахнаға дайындаудан бұрын автормен бірлесе отырып, кем-кетігін түзейтіні, жетілдіре түсетіні анық. Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда мұндай жұмыстардың маңызын жақсы түсінген. Соның арқасында қаламгер сол кездегі қазақ театрының өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал етті. Кейін әдебиет бөлімінің жұмысы қызметін Мәдениет министрлігінің жанындағы репертуарлық-редакциялық коллегияға ауысты. Қазір министрлікте ондай құрылым жоқ. Осының салдарынан сахнаға күзеп-түзеуден өтпеген, драматургиялық желісі босаң, сапасыз пьесалардың шығып кететіні жиі сынға ұшырап жүр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда театрлардың басым көпшілігінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін театрдан да, драматургиядан хабары шамалы, сала бойынша кәсіби білімі жоқ адамдар атқарып жүр. Көбісі басқа кәсіптің мамандары. Өйткені саланың өз мамандары өте аз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өнер акадамиясын кинотеледраматургия мамандығы бойынша бітіретін түлектерге дұрыс бағыт берудің маңызы зор.
Кәсіби сценаристер мен драматургтер тек кинокомпаниялар мен театрларға ғана емес, қоғам өмірінің саласына да қажет. Мысалы, отандық телеарналардағы мәдени, ақпараттық-танымдық бағдарламалардың жұртты қызықтырмайтыны, тартымсыздығы жиі байқалады. Оған сценарийдің әлсіздігі себеп. Хабар мәтінінің басым көпшілігі ешкімді селт еткізбейтін қызыл сөзден тұратыны жасырын емес. Егер сол бағдарламалардың сценариін жазуды меңгерген кәсіби мамандар дайындаса, мұндай кемшіліктерге жол берілмес еді деп ойлаймын.
Кинотеледраматургия мамандығы бойынша білім алып жатқан шәкірттерімнің жерде қалмайтынына сенімімді арттырған тағы бір жайтты айта кетейін. Қазір Астана мен Алматыдан бастап үлкенді-кішілі қалаларда, облыстар мен аудан орталықтарында түрлі салтанатты кештер, мерекелік жиын-тойлар, өзге да маңызды мәдени шаралар жиі өткізіледі. Сол шаралардың мазмұны олқы түсіп жатады. Кең құлашты кештерге арнап қызықты да мәнді сценарий дайындап беретін мамандар саусақпен санарлық. Соның салдарынан ұйымдастырушылар еліміздегі ірі мерекелік шараларды өткзіу үшін режиссер мен сценаристерді шетелден шақыруға мәжбүр. Сондай-ақ, бүгінде аудандық, қалалық, облыстық мәдениет басқармаларына да жаза алатын, өнер мен әдебиеттен хабары бар қызметкерлердің жетіспей жатқандығы айтылып жүр. Аталған мәселелердің барлығы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотеледраматургия мамандығы бойынша шәкірт тәрбиелеудің маңызы күн өткен сайын арта түскенін айқын дәлелдейді, – дейді шәкірттерінің болашағына сенетін ұстаз.
Қазақ актерлері неге Қырғызстанда оқуға құмар?
Қаламгер ақтарыла түсті. Біз мұқият тыңдап, керек жерін қойындәптерге түрте бердік. Білім мәселесіне тереңдеп енгеннен кейін, Сұлтанәлі Балғабаевтың өнер саласында күндізгі және сырттай қысқартылған оқу түрін енгізу жөніндегі ұсынысын да көптің назарына ұсынғанды құп көрдік. Ол мұндай ұсыныстың тууына не себеп болғанын баяндап берді.
– Ұзақ жылдардан бері шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарымен, оның ішінде Қырғызстандағы қандастармен де байланыс жасап келемін. Жуырда Бішкек қаласынан келген бір бауырымызбен кездесіп қалдым. Ол кісі менің өнер академиясында сабақ беретінімді білгенде күтпеген бір сұрақ қойды: «Қазақстанда өнер академиясы бар ма? Ендеше қырғыздар «қазақтарға актерлар мен режиссерларды біз дайындап береміз» деп неге мақтанып жүр?». Мен әуелгіде бұл сұраққа аса мән бермей, әншейін әзілдеп айтып отыр екен деп ойладым. Сөйтсем, бұл қалжың емес, шындық болып шықты. Қырғыздардың қазақ актерлары мен режиссерларын дайындап жүргені рас екен. Қазір елімізде бірқатар мамандықтар бойынша сырттай оқыту жүйесі тоқтатылған. Ал оның есесіне көрші елдердің көбінде, мысалы, Қырғызстан мен Ресейде білім берудің мұндай жолы бұрынғысынша сақталған. Сондықтан сырттай оқып, жоғары білімге қол жеткізуді қалайтын біздің жастар сол мемлекеттердегі оқу орындарына түседі. Әсіресе, актер, режиссер болғысы келетіндер. Мысалы, Қазақстанның Қостанайдан бастап, біраз облыстарындағы театрлардың орта білімді актерлардың біразы Ресейдің Челябинск қаласына барып сырттай оқып, жоғары білімге қол жеткізген. Сондай-ақ, соңғы уақытта еліміздегі орта білімді театр қайраткерлерінің Қырғызстанға барып, сырттай оқып, жоғары білімді маман атануы кең белең алды.
Челябинскінің жағдайын анық айта алмаймын, ал Қырғызстаннан сырттай оқып, жоғары білім алған театр мамандарының білім деңгейі күмән тудырады. Өйткені ондағы сырттай білім берудің негізгі шарты – тиісті ақшаны дер кезінде төлеу. Ал студент қалай білім алуда, өзінің болашақ мамандығын қай дәрежеде игереді, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Тіпті, Бішкектегі оқу орындарына түсу үшін қалаға арнайы барып, қабылдау емтиханын тапсырудың да қажеті шамалы. Үш-төрт адам қосылып, қажетті құжаттарды дайындап, тиісті ақшаны беріп, орталарынан біреуді жіберсе жеткілікті. Сол кісі Қырғызстанға барып, ақша қосқандардың бәріне сырттай оқуға қабылданды деген анықтама әкеліп береді. Сырттай оқитын «студенттің» Қырғызстанға ұдайы барып, сессия тапсыруы да міндетті емес. Тиісті ақыны дер кезінде төлеп тұрса, оқуды бітіретін кезде бір-ақ барып, дайын дипломды алуына болады. Бұл айтқандарыма көпшілік сенбеуі мүмкін. Бірақ қолымыздағы нақты деректер бойынша, көрші елдегі сырттай оқудың сиқы осындай.
Әрине, бұл үшін оңай жолмен диплом алғандарды кінәлау қиын. Өйткені олардың көпшілігі мұндай қадамға күнкөріс үшін барады. Яғни жоғары білімі бар екенін дәлелдейтін дипломы болса, айлығы өседі. Ол болмаса, өмір бойы жарытымсыз жалақымен күнелтуге тура келеді.
Қырғызстан тарапының ұстанымы да түсінікті: оларға Қазақстаннан ақша түсіп жатса болды, ал өздері диплом берген «мамандардың» білім деңгейінің жақсы-жаманы оларды алаңдатпайды. Өйткені ешкімнің алдында есеп бермейді. Айналып келгенде бұдан зардап шегетін – қазақтың театры, Қазақстанның мәдениеті. Айтылған жайдың салдарынан бүгінгі таңда ел театрларында жоғары білімді дипломы бар, бірақ шын мәнінде білімі бұған мүлдем сәйкес келмейтін сапасыз мамандар көбейіп барады. Бұл құбылысқа қазірден бастап тоқтау салмаса, олардың қатары күн өткен сайын көбейе бермек. Мұның соңы болашақта қазақ театр өнерін құлдыратуға апарып соғуы әбден мүмкін.
Біздің білуімізше, көрші елдердің дипломына қызығушылық ҚР Білім және ғылым министрлігінің кезінде сырттай білім беруді жауып тастағанынан туындап отыр. Бір таңқаларлығы, Қазақстан өз ішінде сырттай оқытуды мүлдем тоқтатады, сөйте тұра біреу өзге мемлекетке барып, сырттай оқып келсе, оның дипломын жарамды деп есептеп, қуана қабылдайды. Көкейге қонбайтын осындай жайттар үшін кімнен жауап аламыз? Белгісіз.
Осы орайда, тағы бір жағдайды айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда Қазақстанның театрларының басым көпшілігінде жоғары білімді актерлар мен режиссерлардың, сахна өнеріне қатысты басқа да мамандардың жетіспейтіні баршаға мәлім. Мұның себептері неде? Актерлік пен режиссерлік мамандық бойынша жыл сайын өнер академиясын бітіріп, құлаштай диплом алып шығатындардың басым көпшілігі алыс аймақтарға барғысы келмейді. Тіпті, көпшілігі өз мамандықтарынан қол үзіп, басқа жұмыстарға ауысып кетуге бейім. Осының салдарынан еліміздегі көптеген театрлар өз ғимараттарында екі жылдық студия ашып, актерлер дайындап, сахнаға шығарып жүр. Бұл актерлардың арасында жоғары білім алуға ынталы, дарынды жастар да баршылық. Бұған қоса, жыл сайын өнер саласындағы арнаулы орта білім беретін колледждерді бітіретін жас актерлер мен режиссерлер де баршылық. Бірақ олардың бәрін өнер саласындағы жоғары оқу орындарының күндізгі бөліміне қабылдау мүмкін емес. Сонда олар өзге елдерге барып, қандай жолмен болса да, әйтеуір жоғары білімнің дипломын алып келсе болды деп қарап отыра беруіміз керек пе?
Біздіңше, алдағы уақытта бұл мәселені бір жүйеге түсіру өте қажет. Бұл үшін, бірінші кезекте, мәдениет пен өнер саласындағы мамандар дайындауда күндізгі қысқартылған оқу түрі мен сырттай қысқартылған оқу түрін енгізген жөн. Бұған қазіргі кезеңде мүмкіндік мол. Мысалы, жақында ғана баспасөз бетінде білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды. Олардың біразы күндізгі қысқартылған оқу түрі бойынша білім грантына, біразы сырттай қысқартылған оқу түрі бойынша білім грантына ие болған. Көпшілігі – кәсіптік білім беретін арнаулы орта оқу орындарын бітірген және сол мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар. Олардың арасында музыкалық білім, бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тегін оқуға мүмкіндік алғандар да бар. Демек, өнер колледждері мен театр студиясын бітіргендердің де жоғары оқу орындарына қысқартылған күндізгі және қысқартылған сырттай оқуға қабылдануына болады деген сөз, – дейді ұстаз. Ұсынысы негізсіз емес. Өзі сол саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүргеннен кейін өнерді өрістетуде ненің баянды, ненің баянсыз боларын сезеді. Құзырлы органдардың құлағына жетіп жатса, олар бұл мәселені қаперге алып, дұрыс-бұрысын салмақтаса екен дейміз. Ұлттық өнердің асығы түгенделсе деп шапқылап жүретін қайраткердің де тілегі – осы.
Әңгімелескен
Анар ЛЕПЕСОВА
Дереккөз: "Түркістан" газеті