БҒМ РЕФОРМАСЫНЫҢ БІР МЕКТЕПТЕГІ КӨРІНІСІ
Жақында Алматы қаласы Бостандық ауданына қарасты 183 жалпы білім беретін мекемеде (ары қарай - мектеп) Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Ұлт анасы - тіл» атты мерекелік шара өтті. Жас бүлдіршіндердің ана тілдеріне ақуыз ниеттері, аңқылдаған ақ тілектері өлең болып төгіліп, ән болып шырқалған салтанатты кешке «Abai.kz» порталының тілшілері де барып қайтқан болатын.
Шара барысында мектеп оқушыларының арасында тілдер күніне арналған сурет көрмесі ұйымдастырылып, түрлі ұлт өкілдерінің дастарқаны жайылды. Сондай-ақ, ана тілін ардақ тұтқан, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсірген, тіл жанашырлары болуды мұрат еткен балалар тілге қатысты өз өлеңдерін оқыды.
Ең бастысы біз бұл мерекелік шарадан қазақ тілін үйренуге қызығушылығы артып келе жатқан балақайларды (еліміздегі диаспора өкілдерінің ұрпағын) көрдік.
Қазір қоғамдық пікірлердің талқысына түсіп жатқан «Үштілділік» мәселесі өте нәзік тақырыптардың бірі екені рас. Әсіресе, Білім және ғылым министрлігінің жалпы білім беретін мектептерге енгізілген жаңа реформасын оқушылар әм оқытушылар қалай қабылдап жатыр? Бұл туралы біз 183-мектептің директоры Бейбіткүл Ясынқызының өзінен сұрадық.
-Бейбіткүл Ясынқызы, байқап қарасам, мектептеріңізде бала саны едәуір аз екен...
-Бұл мектеп бұрын Қарасай ауданына қарасты Ерменсай ауылының орта мектебі болған. 2014 жылдың шілде айында Алматы қаласының құрамына қосылып, Бостандық ауданына қарасты мектептердің қатарына нөмірі 183- мектеп болып ауысты. Шынында бізде бала саны аз. Себебі, бұл - бұрын аз санды оқу орны болған. Бұл жаққа көлік қатынамайтын. Тек жергілікті тұрғындардың балалары оқитын. Аралас мектеп қой. Қазақ-орыс сыныптары бар. Қазірдің өзінде оқушыларымыздың саны көп емес. Бастауыш сыныптарда (1-4 сыныптар) 86 бала, 5-9 сыныптарда 74 бала, ал 10-11 сыныптарда бар болғаны 9 бала оқиды.
-Сіз бұл жерде қанша уақыттан бері директор болып қызмет етесіз?
-Менің жалпы еңбек өтілім 25 жыл. Ширек ғасыр бойы ұстаздық жолда келем. Бұл мектепке директор болып келгеніме үш жыл ғана болды. Білесіз бе, мен директор болып келген алғашқы жылы бұл мектепте 110 бала ғана оқитын. Былтыр санымыз өсіп, 141 балаға жеттік.
-Бейбіткүл Ясынқызы, қазір сіздер ҚР БҒМ енгізген жаңа реформа бойынша жұмыс істеп жатыр екенсіздер. Қиын емес пе? Әсіресе мектепке енді ғана келген бүлдіршінге ана тілінен бұрын орыс, ағылшын тілін үйрету үрдісі қаншалықты тиімді?
-Рас айтасыз, біз қазір министрлік бекітіп берген оқу жоспары бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Жаңағы мектепке енді ғана келген бала үшін ағылшын тілін бірден үйретіп кету деген қиын, әрине. Дегенмен, біздің оқу жоспарымыз бойынша біз алғашынтілінде ауызша сабақтар жүргіземіз. Балаға бірден ағылшынша жаздырып жатқанымыз жоқ. Алғашын тілі сабағында баланы алдымен тілге жаттықтырып, сосын ғана оқытудың екінші кезеңіне ауысады.
- Ал жоғарғы сынып оқушылары жаратылысттану пәндерін ағылшын тілінде оқып жатыр ма?
- Иә, министрліктің стандартты бағдарламасы бойынша солай болып жатыр.
- Тағы бір байқағаным, оқушылар Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін ағылшын тіліне аударып оқиды екен... Сонда министрлік оқу материалдарын да әзірлеп берген бе?
-Жоқ (күлді), бұл біздің мұғалімдердің дайындаған бағдарламасы ғой.
-Бұл бағдарлама бойынша оқыту мектеп жасындағы балалардың қазақ тіліне деген сұранысын төмендетіп жібермей ме?
-Мен олай ойламаймын.
-Биыл қанша бала мектеп бітіреді?
-Биыл біз 5 түлегімізді ұядан ұшырамыз...
- Ұлттық біріңғай тестілеуде бесінші пән ретінде қандай пәндер таңдалып алынды?
-2 оқушы ағылшын тілін, тағы екі оқушы физиканы және 1 бала қазақ әдебиеті пәнін таңдап отыр.
-Ағылшын тілін екі бала таңдаса, ал физикамыз жаңағы бағдарлама бойынша ағылшын тілінде оқытылады ғой...
-Иә.
-Демек бар болғаны бір оқушы қазақ тілін, әдебиетін таңдап отыр екен. Бұл жоғарыда айтып отырған сұранысымыздың нақты көрсеткіші емес пе?
-...Шындығына келсек, өзіңіз көрген боларсыз, біздің мектепте өзге ұлт өкілдері көп. Сол балалардың арасында қазақ тіліне деген қызығушылық артып келеді. Алғашқы жылдары бұл балалардың бірде-біреуі қазақ тілінде сөйлемейтін. Қазір қосымша сабақтар оқытып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын үйретудеміз. Біздің мектептің оқушылары республикалық, аудандық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Бұл дегеніңіз өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскендігін көрсетсе керек деп есептеймін.
-Үш тілде білім беру жобасы министрлік тарапынан мақұлданғаны рас. Енді сіздерде сол талапқа сай білім беретін кадрлер жеткілікті ме?
-Рас, бағдарлама енгізілді. Соған сәйкес біздің мектептің 6 мұғалімі Назарбаев интеллектуалды мектебінде 9 айлық оқу курсынан өтіп келді. Назарбаев зияткерлік мектептері, Дүниежүзілік білім беру ұйымының педогогикалық шеберлік орталығы, Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген ҚР Жалпы білім беру ұйымдарының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша 640 және 340 академиялық сағаттары бойынша оқып келді.
-Жақсы екен. Тегін бе?
-Иә, бұл арнайы курстарды министрлік ұйымдастырған.
-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Ана тілінің, қазақ тілінің қадірін асқақтататын оқушыларыңыз көп болсын!
-Сіздерге де үлкен рақмет!
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz