Жұма, 22 Қараша 2024
9115 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 14:00

ТІЛ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕНІҢ ЖАҢА КАТЕГОРИЯҒА АУЫСҚАН СӘТІ

 

«Тіл - ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» деп халқымыз тегін айтпаған. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі, қағидалары мен ұстанымдары, наным-сенімдері  ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы беріліп кетеді. Қай халықтың болмасын ұлттық рухы ұлттық тілімен қатар жүреді. Ұлттық рухы асқақ адам ұлттық тілінің де мәртебесін биік көтереді. Тіл, діл, атамекен деген қасиетті ұғымдар қатар жүргенде ғана бірін бірі толтырып, толықтырып, ұлықтап тұрады. Осы үш қасиетін ұстанған ел ғана елдігін сақтайды. Тағдыр талайымен атамекеніміз Қазақстанды өз атамекені, өз туған елі, өз отаны деп санайтын тілі, түрі өзге бірақ тілегі бір отандастарымыз көп. Сол себепті де соңғы кездері қазақстандық патриотизм ұғымы ене бастады. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясы - құрылған мемлекеттің жаңа саяси беталысы» жолдауында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашағы біртұтас ұлт» институционалды реформасында қазақстандықтардың тіл мәдениеті мен тілдік білім деңгейлеріне айрықша мән беріледі. «Тілдердің үштұғырлылығын – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту – қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтардың жаңа жалпыұлттық мұ­раттар мен құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, жеке меншікті қорғауды, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтар мен тәуелсіздік жылдарындағы табыстарды өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюына қол жеткізу. Барлық қазақстандықтар үшін қазақ­стандықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да жақсы қасиеттерін шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады» делінген. Осы жерде Елбасы қазақ тілін – мемлекеттік тілді - рухани бірлік пен Қазақстан тәуелсіздігінің негізі етіп алып отырғанын естен шығармағанымыз абзал. Бүгінгі таңда қазақ тіліне артылып отырған міндеттің жүгі ауыр. Қазақ тілі осы үш тілдің ішіндегі іргетас, мықты негіз, рухани қазық болу керек. Осы тереңдік тұрғысынан мемлекеттік тілді алтын діңгекке айналдыру үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында   «Тіл әлемі» порталы, «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық сайты даярланған болатын. Игі бастама сапалы әрі ғылыми негізделген көпшіліктің қолданысына лайық танымдық сипаттағы дүние болуы үшін ақпараттық технологиялар саласының білікті мамандары, жетекші әдіскер ғалымдар, тіл білімі мен әдебиеттанудың көрнекті ғалымдары тартылды. Жаңа үрдістегі интернет-портал мен ономастикалық, терминологиялық, орфографиялық электрондық қорларды мектеп жасындағы оқушылардан бастап, сала мамандары, студенттер мен ізденушілер, оқытушылар мен ғалымдар, жалпы жұртшылық пайдалана алады. Жобада тіл мәдениеті мен білімі әртүрлі дәрежедегі тұтынушылардың қажеттілігін өтеу үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. «Тіл әлемі» порталы тілдің әлеуметтік, қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін мейлінше толық қамтуды мақсат етеді. Осыған сәйкес порталдың мазмұнында қоғамдағы тілдік сұраныстарға орай «Тұғыр», «Ақпарат», «Әдіс», «Тіл райы», «Тарту», «Толғаныс», «Орта» атты 7 блок орналастырылған. «Тұғыр» блогында порталдың құрылым атаулары мен сайттарға сілтемелер берілсе, «Ақпарат» блогында жаңалықтар, тілдің өзекті мәселелері туралы қажетті мәліметтер, Министрлік, Комитет, Орталық тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде хабарлар беріледі. Бұл блок үнемі жаңарып, толығып тұрады. 

Тіл үйренемін деушілер өздеріне қолайлы әдіс-тәсілдер мен, қажетті материалдарды «Әдіс» блогынан табады. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытуға арналған әдістемелік еңбектер орналастырылады. Олар іштей оқу құралдарына, интерактивті инновациялық мультимедиалық бағдарламаларға, оқытушылар мен әдіскерлерге арналған ғылыми-әдістемелік еңбектерге, балаларға арналған тіл үйрету құралдарға, бейне және онлайн сабақтарға, сөздіктерге бөлінеді. Блоктың «Ғалымнан кеңес», «Әдіскерге көмек» модульдері арқылы  әрбір қолданушы өзіне қажетті жалпы тілге және тіл үйренуге қатысты кәсіби, ғылыми, әдістемелік көмек алады.

Кіші мектеп жасындағы бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары ана тіліндегі қызықты әдебиеттердің әлеміне «Тарту» блогы арқылы саяхат жасау мүмкіндігіне ие. Мұнда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің  тапсырысы бойынша шығарылып жатқан баспа өнімдерінің және «Тіл және қоғам», «Туған тіл» альманахтарының, «Балапан әлемі» журналының, «Ономастикалық хабаршы», «Терминологиялық хабаршы» бюллетендерінің электронды нұсқаларын да оқуға болады. Сонымен бірге бұл блокта  қазақтың  әдеби тілін, көркем әдебиетін тануға, сөз байлығын еселеуге және тілді дұрыс қолдануға жәрдемдесетін әдеби, публицистикалық таңдаулы үлгілер жинақталады. Порталдың және сайттардың кітапханасында кезінде аз таралыммен шығып, жұртшылықтың қолына оңайлықпен түсе бермейтін, шам алып іздесең таптырмайтын көптеген кітаптардың электронды нұсқалары орналастырылған. Мұндай сирек кездесетін кітаптар қорының болуы портал оқырмандарының қатарын толықтырады деген ойдамыз.

Біз порталдың ішкі құрылымы мен мазмұнына тоқталып өттік. Порталдың құрамында өздері дербес сайт ретінде де қызмет атқара алатын  «Termincom.kz» терминологиялық, «Atau.kz» ономастикалық және «Emle.kz» сауат ашу сайттары орналасқан. «Termincom.kz» терминологиялық электрондық қоры ұлттық терминологияны біріздендіруде, қазақ терминологиясының қордаланған мәселелерін шешу ісінде өз міндеттерін атқарады деп күтілуде. Тұтынушы Республикалық терминологиялық комиссиясында түрлі ғылым салалары бойынша бекітілген терминдерді осы сайттан таба алады. Сондай-ақ, «Ойталқы» айдары арқылы Республикалық терминологиялық комиссиясына бекітуге ұсынылатын терминдердің дефинициясымен, түпкі мағынасымен, өзге туыстас түркі тілдерінде және қолданыстағы заңнамада қолданылу жолдарымен танысып, оқырман ретінде өз ойын қалдыра алады. Бұл айдарға қалдырылған пікірлер терминдерді бекіту барысында ескеріледі. Қазақ терминологиясына қатысты терминжасам  мәселелері, салалық терминдерді қалыптастыру мен стандарттау, терминдерді тәржімалау, термин түзудегі ұстанымдар туралы ғылыми және ғылыми-көпшілік, анықтамалық әдебиеттер, қазақ тіл біліміндегі терминология саласына қатысты жарық көрген еңбектер мен сөздіктердің кешені осы сайта жинақталған.

«Atau.kz» ономастикалық электрондық сайтында еліміздегі жер-су, елді-мекен, көше, мемлекеттік нысандардың атаулары орналасқан. Ономастикалық атаулардың тарихы, этимологиясы, жасалу ерекшеліктері туралы танымдық сипаттағы ғылыми және ғылыми-көпшілік, анықтамалық әдебиеттер мен мақалаларды іздеген пайдаланушы өзіне қажетті  ономастикалық ақпаратты осы жерден таба алады.

Графика мен орфографияға қатысты теориялық мәліметтер мен сөздіктерден тұратын «Emle.kz» сайты тұрғындардың тіл мәдениетін арттырып, қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту сауаттылығын қамтамасыз етуді көздейді. Осы міндетке сәйкес, «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс  жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі. Портал мен сайттарда кері байланыс орнатылған. Бұл кез келген оқырман өзін толғандырған сұрақ бойынша сауалын жолдап, оған ғалымдардың тарапынан толыққанды жауап алуына мүмкіндігі бар деген сөз.

Сая Ағанасқызы Итеғұлова

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318