ҮЛКЕН ДЕРТТІҢ КІШКЕНТАЙ БЕЛГІСІ
Астанада көрнекті жазушы Мәди Айымбетовтің жетпіс жасқа толуына орай үлкен той өтті. Той үстінде қаламгер жайында мазмұнды бейнефильм көрсетілді. Онда той қарсаңында болған шығармашылық кештер, кездесулер жөнінде де әңгімеленген еді. Мәдидің туып-өскен өлкесіндегі оқырмандарымен осы жолдар авторы да қатысқан жүздесулері жап-жақсы көрсетілген. Ал сонау шығармашылық іссапар барысында Ақтөбе облысы мен Байғанин ауданы орталықтарында, қаламгер балалық шағын өткізген Жарқамыс, Алтай батыр ауылдарында өткізілген іс-шаралар, мерекелік жиындар, сұхбаттар хақындағы мазмұнды ақпарат профессор Құдайберген Тұрсынның «Қазақ әдебиеті» газетінің 18 мамыр күнгі санында жариялаған мақаласында берілген екен. Тойға келген жұртқа газеттің сол санымен танысудың да реті келді. Сонда көпшілікті таңырқатқан бір жәйт болды.
Бейнефильмді көрушілердің назарын аударған бір мағлұмат газетте көрініс таппапты. Нақтырақ айтқанда, арнайы сапармен барып, оқырмандарға Мәдидің шығармашылығы жайында әңгімелеп беріп жүрген алматылық қаламдасы туралы газетте мүлдем жазылмай, тіпті тізімдерге де кіргізілмей қалыпты. Юбиляр таңырқады. Профессор материалын газетке ұсынар алдында оған көрсетсе керек, «Бекеңнің өзі де, сөзі де мақаланың бірнеше жерінде атап айтылып, тәп-тәуір көрсетілген еді ғой», – деді. Бірақ «Қазақ әдебиетінен» білген шындығымыз басқаша-тын, газетке қарағанда, менің ол сапарға еш қатысым жоқ боп шыққан. Менің аты-жөнім мен пікірлерім жайында жазылған сөздер Мәкең оқыған мақаланың өн бойынан мұқият сылынып алып тасталған екен. Нысаналы «редакция» жасалғаны аңғарып оқыған кісіге оп-оңай көрініп тұр.
Мен оған таңданбадым. Жазушылар басылымы тұтқасын ұстаған «бастықтар» өздері қош көрмейтін қаламгерлердің төл туындылары түгіл, аты-жөндерін де басылым бетіне жолатпауға тырысатын. Бұлары маған таңсық емес еді. Олар мұндай әрекеттерін баяғыдан-ақ емін-еркін жасауға машықтанған, тіпті, «заңды» әдетке айналдырған. Оны байқаған яки бастан кешкен қаламгерлердің әлсін-әлсін назалана бұрқылдап қоятыны бар, алайда оған қымсынатын «бастықтар» жоқ – «ит үреді, керуен көшеді»...
Содан он шақты күн бұрын, дәлірек айтқанда, 4 қарашадан бері сайттарда «Зиялы азамат» деген мақала жария болып еді. Содан мына үзіндіні алып, назарға ұсынғанды жөн көріп отырмын. Мұны оқыған кісі басылым тұтқасын ұстағандардың «күштілігінің» сырын, «қысқартқыштығының» астарын дәлме-дәл ұғады ғой деп ойлаймын...
Сонымен: «...жоспарлы экономика дәуірінде біршама алаңсыз өмір сүріп жатқан мерзімдік басылымдардың базар экономикасы табалдырықтан аттай бергенде-ақ қиындықтарға ұшыраса бастағаны мәлім. Мемлекеттік тәуелсіздікпен бірге экономикалық реформалар кезеңі туғанда газет-журналдардың тыныс-тіршілігі, қаржылық тұрғыдан қарағанда, күрт ауырлап кетті. Мұны аңдап отырған үкімет (әрине, тиісті ведомство, министрлігі арқылы), жағдайды сауықтыру мақсатымен, баспасөз саласына бірқатар өзгерістер жасады. Әуелі жиырма бес басылымды іріктеп, мемлекет қамқорлығына алды. Оның соншалықты тиімді тәжірибе емес екені байқалғанда, акционерлік қоғамдар құру мәселесін алға тартты. Сол шақта, 1999 жылы, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Жұлдыз», «Простор», «Ақиқат», «Мысль» журналдарын біріктірген «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамы шаңырақ көтерді. Кейінірек жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырылған бұл ұйымды басқару Жұмабек Кенжалинге тапсырылған болатын. Ол ауыртпашылығы шаш-етектен боп тұрған заманда уақыт талабына төтеп бере алатын жаңа ұжым құрып, аталған басылымдарды қиындықтан алып өте алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қызметкерлерінің еңбекақы алуы, басылымдарының жарық көруі мұң болып қалған «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдары «Қазақ газеттері» серіктестігінің арқасында қайта қоңайды. Сол шақта оларға Жазушылар одағы қожайын болғысы келетін ниет танытып, үлкен шу көтерді. Мәселенің мән-жайы мен қыр-сырын Жазушылар одағы хатшылығына Жұмабек те, серіктестікті одан кейін басқарған Мереке Құлкенов те білікті басшы парасатымен түсіндіруге тырысқан. Алайда Одақтағы басшылардың түсінігі басқаша еді, содан да шығар, араға аз ғана уақыт салып, аталған басылымдарға қожа болмақ пиғылдарын тағы қоздатты. Өйткені олар жөн сөзге тоқтайтындар қатарынан емес-тін. Өзімнің қаламгерлер ұйымында қызмет атқарған жылдарымдағы тәжірибеме байланысты, менің бұған анық көзім жеткен. Жазушылар одағының жаңа басшылығы заман талабын дұрыс ұқпаған, ескіше өмір сүруден айрылғысы келмейтін, кеңестік дәуірдегі масылдық пайымда қалған қызметкерлер қатарынан еді. Совет заманында шылқып күн көрген Одақ тәуелсіздік кезеңде де сондай болуға тиіс деп ойлайтын. Алайда нақты шындықтың басқаша екенін, өкімет базар экономикасын қабыл еткендіктен, ендігі тіршілікте жазушылардың да соған көндігуі әм бейімделуі тиіс дегенді түсіне қоймайтын.
Уақыт алға шығарған жаңа талаптарға байланысты, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ, жазушылардың шығармашылық одағына үкіметтен, Әдеби қорына орталық қордан құйылатын қаржы көзі тоқтаған. Сондықтан Одақтың тәуелсіздік қарсаңында сайланған басшылығы алдымен, қаржылық тығырықтан оп-оңай шығып кетсек деген үмітпен, өзінің және Әдеби қордың ғимараттарын коммерсанттарға жедел басқаруға берген. Әрине, қатты қателескен. Артынша түзетуге тырысты, бірақ бұл әрекет ұзаққа созылған соттасулар салдарынан, олардың жарғылық қызмет ету мерзімін тұтас алды деуге болады. Ақыры, сот шешімімен коммерсанттардан ғимараттар қайтарылды. Одан арғы жағдай дұрыс өрбу үшін, жылжымайтын мүліктің бәрі Әдеби қорға берілді. Одақ пен Қор өзара қызметтестік хақында келісімшарт жасады. Онда Одақтың шығармашылық және қоғамдық шаруалармен шұғылданатыны, ал Әдеби қордың шаруашылықты ұтымды жүргізу арқылы Одаққа және жазушыларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға тырысатыны белгілеген-ді.
Алайда материалдық игілікті өз қолына алмайынша, атқарар жұмысының жөн-жобасын көзіне елестете де алмайтын жаңа басшылық оны мойындаған жоқ. Түрлі әдіс қолдану арқылы заңды белден басып, Әдеби қорды жойды. Есесіне коммерсанттармен бетпе-бет қалды да, өздерінің айтуы бойынша, олармен үш жарым жыл соттасты. Ең ғажабы, мұндай қиындыққа ұшырауларын олар өздерінен (біткен істі негізге алып, жұмысты жаңаша дамытудың орнына, өздерінің қайткенде бәрін бір қолға шоғырландырып, дөкей бастық болуға құмарлықтан туған құқықтық сауатсыздықтарынан) емес, Одақтың өздеріне дейінгі басшыларынан көрді және сол қате көзқарастарын күні бүгінге дейін жалаулатып, жалғандықты аспанға көтере даурығумен келеді.
Міне, басылымдар мәселесінде де тап соған ұқсас жағдай орын алып тұрған. Одақ кейінгі жылдары жағдайлары тұрақтанып, уақтылы шығып келе жатқан газет-журналдар енді «өзімізге қайтарылсын, ол баяғыдан біздікі болатын» дейді. Бірақ оларды қайтіп қаржыландыратынына ой жүгіртпейді. Іс жүзінде, материалдық тұрғыдан қарағанда, бұл газет-журналдар ешқашан одаққа тиесілі болған емес-тін. Рас, шекелеріне одақтың органы екені жазылып қойылатын, бірақ оларды басып шығаруға, қызметкерлеріне еңбекақы беруге орталық партия комитетінің баспасы жегілген, ал одақ бюджеттен қаржыландырылатын. Тәуелсіздік кезінде жағдай өзгерді. Жазушылар одағына қаржы әуелде тек ғимаратты ұстап тұру үшін ғана бөлініп, артынан ол да доғарылды.
Содан Одақ тек ғимарат бөлмелерін жалға беру жолымен күн көре бастады. Ал басылымдарды баспа министрлігі қаржыландырып, алғашқы кезде Одақ пен редакция ұжымын министрлікпен қатар құрылтайшы етіп көрсетіп жүрді де, ұзамай, қосатын материалдық үлесі жоқ болуы себепті, Одақты да, редакция ұжымын да құрылтайшылықтан мүлдем алып тастады. Одан кейінгі кезеңде, жоғарыда айтқанымыздай, министрлік бірнеше басылымның басын қосып, дербес құрылым жасады. Қаламгерлердің осы құрылымда тіршілігі тәп-тәуір боп қалған газет-журналдарын билегісі келген Жазушылар одағы кәсіби мамандардың дәлелді түсіндіруінен кейін сәл тыншығандай болғанмен, аз мезгілден кейін жұртшылықты қайтадан дүрліктірді. Өйткені қайткенде қожалыққа жетудің жаңа қадамдарын жасауды ойластырған. Сөйтіп, дәлелді түсіндірмелерді бір құлағынан ағызып жіберіп, мәселені басқа қырынан қоздырды. Жазушылардың газеті мен журналдарын Жазушылар одағына қайтармайтын жағдайда, басылымдардың Одақ ғимаратында орналасқан бөлмелері үшін «Қазақ газеттері» серіктестігі жалдау пұлын төлесін...
Осы жәйт шешуші рөл атқарды ма деймін, Мереке Құлкенов басқаратын серіктестік аталған газет-журналдарды Одақ ғимаратынан өздері отырған Баспалар үйі ғимаратына көшіріп алды. Содан соң қиқу жаңаша өрбіді, жоғарғы жақтағы қол жететін буындардың бәрі іске қосылды. Ақыры, үш басылым серіктестік құрамынан шығарылып, Одақ ғимаратына қайта көшіп келді. Бірақ қаржылық қиындықты, жаңылыспасам, әлі еңсеріп кете қойған жоқ. Ең жаманы, олар іс жүзінде, заңи тұрғыдағы қоғамдық меншік иесі ретінде баршасына тең қарауы әм санасуы тиіс одақ мүшелерін алалайтын, шынтуайтында, басшылықтың жекеменшігіндегі ақпарат құралына айналдырылды».
Назар аударыңыздар: жазушылардың газет журналдары Жазушылар одағына қоғамдық меншік мәртебесінде қаратылды. Бұл заң бойынша солай. Демек, Жазушылар одағының басшылары аталмыш басылымдардың қоғамдық меншік ретінде одақ мүшелерінің баршасына тең болмағын естен шығармауға тиіс болатын. Және, әлбетте, олардың қай-қайсысына да құрметпен қарауы әм әрқайсысымен санасуы тиістігі өз-өзінен түсінікті.
Алайда, бұлар – Жазушылар одағының басшылары – жазушылардың бәріне ортақ болуы тиіс басылымдарын бір қолға алып, одақ мүшелерін бөліп-жарып, таңдап қарайтын, өздері жақын тартатын азын-аулақ топқа ғана адал қызмет ететін, қоғамдық меншік деген анықтама қиялда ғана бар, іс жүзінде жекеменшік ақпарат құралына айналдырды. Мұндай көзқарасқа наразылық білдірген санаулы қаламгерлер «одақтың ұйып отырған бірлігін бұзушылар» ретінде бағаланды. Осындай ахуалда, жау көретін әріптесінің аты аталған мақаланы әлгіндей қасақана бұрмалаулы «редакциядан» өткізушінің қара ісіне наразылық білдірудің тағы да «ұйып отырған ұйым жұмысына іріткі салу» деп таңбаланатынына күмән жоқ. Алайда үндемей қалған да дұрыс емес.
Рас, бір нәрсе анық, жазушылардың көпшілігіне тән фәлсафа: «тек жүрсең – тоқ жүресің». Сондықтан да біздің Одағымыздың жағдайында әрдайым әділетсіздік үстемдік құрып келеді. Қынжыла мойындауға мәжбүрміз, бұған олар терең ой жүгіртпейді. Немесе, құқтары молдың істері әрқашан оң саналатынына шүбә келтірмей, «әліптің артын баққанды» артық көреді. Алайда мұндай әдеттің құрып жатқан демократиялық қоғамымыздың мүддесіне сай келмейтіні неге қаламгер көпшіліктің жанын ауыртпайды? Жазушылар қалайша ақ пен қараны түстеп тануға енжар қарайды? Неліктен бұған, тым болмаса, жоғарғы билік мән беріп, маңызды қоғамдық ұйымның әділетті өмір сүруіне жағдай жасауды ойланбайды?
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
Abai.kz