ЖАР БАСЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТИКА
Мектеп қабырғасында жүргенде, бір-бірімізбен жарысып оқығанымыз соншалықты, біздің ауыл мен мектеп кітапханаларында біз оқымаған кітап та қалмаған еді. Одан тыс, «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Советский спорт» деген газет-журналдарды түгін қалдырмай оқып тастаушы едік. Ондағы жазылған кейіпкерлерді әкем Кеңес бізбен бірге дастархан басында талдаушы еді. Біз үшін тірі ақын-жазушыларды көру дегеніңіз - аспандағы Аймен тең. Анадай телегей-теңіз білімі бар олармен жөн сұрасу былай тұрсын, амандасуға именетінбіз, осылай жүріп ер жеттік.
Қаламгерлер қауымын ақын, жазушы, журналист деп үш топқа бөлеміз. Ақын — қиыннан қиыстырып, іштегі ой-толғауларын өлеңмен өрбітеді. Жазушы – қиял қамшылап, өмірдегі оқиғаны көркем шындықпен көмкеріп, кейіпкер сомдаса, журналистер — дерек пен дәйек-айғақтарға сүйеніп, күндіз-түні ізденіп, шынайы өмірдің шындығын жазуға тырысады.
Бұл үшеуі де мемлекеттің идеология майданының алдынғы қатарында жүреді. Билік пен қарапайым бұқараның арасын жалғайтын қыл көпір іспеттес. Журналистердің мейлінше дерекке сүйенгені абзал, ешқандай ағаттық жібермеуі тиіс, шындықты шыңғыртып бетіне басқандықтан, әртүрлі қылмыстың әлем серкелері мен сыбайлас жемқорларға ұнай бермейтіндігі түсінікті. Осының салдарынан олар кейде сотқа да тартылып, соққыға да жығылып, миллиондаған айыппұл төлеп жататын сәттері де болып тұрады.
Қазіргі таңда, телеарналар мен радионың дамыған заманында баспасөздің беделі асқақтап тұр деп айта алмаймын. Таңертеңнен кешке дейін көк жәшікке телмірген жастарға қылжақбас арзан күлкіні дәріптейміз, одан қала берді жаңалықтардан кілең қатыгездіктің сан-алуан түрін көрсетіп, ұрығын сеуіп жатқанымызды сезбейтін жағдайға жеттік. Мән-мағынадан жұрдай, не айтып тұрғанын өздері түсінбейтін әншісымақтар мен шоумендер қаптап кетті, дауыссыз, талғамсыз орайын тауып шала байыған «жұлдыздардың» дөрекілігіне өскелең ұрпақтың құлағын үйретіп, нағыз ұлттық өнерімізді өгейсітіп тастағанымызды тіпті байқаудан қалдық.
Еліміздің солтүстік өңірлерінде Ресейдің саясатын қолдайтындардың қарасы қалың. Журналист болып біреуден немесе бір жерден дерек жинаудың өзі қыруар іс, біреуден ақпарат алудың өзі қиямет-қайым жұмыс, оны басынан өткізгендер өте жақсы біледі. Келмеске кеткен КСРО кезінде журналистерді Алматыдағы бір ғана университет дайындайтын еді. Бүгінде кез келген университет журналистика факультетін ашып алады да, өз бетінше маман дайындап жатыр. Республикалық деңгейдегі білікті маман дайындай ала ма - ол жағында шаруасы жоқ. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның» кері.
Сол себепті кейінгі уақытта біздің елде өмірінде бір кітапты басынан аяғына дейін оқымаған немесе кімнің-кім екенінен бейхабар, бейне бір басқа мемлекеттен келгенге ұқсайтын журналистер өріп жүр. Мәселен, 2013 жылдың 22 қыркүйегінде Алматыда "Сарыарқа" кинотеатрының артында Мұхтар Шаханов ағамызбен бірігіп өткізген мемлекеттік тіл туралы бейбіт шеруімізге 500-дей адам жиналды. Сахнада академик Тұрсынбек Кәкішев бастаған зиялы қауым тұрған едік, бір жас жігіт қолына микрофонды алып, "Сұхбат алайын деп едім, Мұхтар Шаханов қайсыңыз?» демесі бар ма... Жиналған жұрт қыран-топан күлкіге батты. Сасқанынан Мұхтар ағаның өзі де күліп жіберді. Кімнің кім екенінен хабарың жоқ болса, журналистикада нең бар, айналайын-ау?
2014 жылдың 1 желтоқсанында «Қазақстан-Заман» газетінің бірінші бетіне «Әлем брендіне айналған тұлға» деген мақала шықты. Біріншіден, ағылшын тілінде Brand - 1. Малға салынған белгі. 2. Дақ. 3. Сапа деген мағынаны білдіреді. Екіншіден, бренд ұғымын тап осы жерде тықпалау орынсыз. Сол тақырыпты «Әлем таныған тұлға» десе де жетер еді.
2014 жылдың желтоқсан айы бойы «Қазақ радиосын» тыңдадым. Радионы қашан қоссам да, әйтеуір орыс тілінде сөйлеп жатады. Әлде мен ылғи сол тілдегі хабарларға тап келемін бе? Бастығы Мақат Садыққа хабарласып едім, «50 де 50 деген бар ғой» деп ақталды. Мысалы, Ашхабадқа барып «Туркменское радио» деп орыс тілінде сөйлесең, жұрттың бәрі бетін басып, күледі екен. Ал біздің қазақтар «Вы слушаете Казахское радио» деп сайрай береді. "Шалқар" радиосында жұмыс істейтін сауатты тілші Жасұлан Наурызбайға бір әріптесі келіп, «әнші Тамара Асар мен Досымжан Таңатаровтан сұхбат алдым, енді төменде Тұрсынбек Кәкішев пен Серік Қирабаев дегендер келіп тұр екен, өздері танымал ма?» деп сұрапты. Қазіргі журналистердің сиқы осы сықпыттас болып тұрғаны-ай.
2014 жылдың 3 қарашасында, Алматыда, Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойында ақын Иран-Ғайып ағамызбен сөйлесіп тұрғанмын, қасымызға бір қыз келіп, «Аға, сізден сұхбат алса бола ма?» деді. Жас жігіт үлкен камерамен бейнатаспаға түсіріп тұрды. Иран аға «иә» дегендей сыңай танытты. Мен артқа шегіндім. Әлгі қарындас «Аға, аты-жөніңіз кім болады?» деп еді. Иран аға әзілдеп, "Менің аты-жөнім Мейрамбек Беспаев" дей салды. Еш күдіктенбестен әлгі тілші «Мейрамбек аға, Қазақстан Республикасында демократия бар ма? Әлде жоқ па?» деп тұр! Иран аға сасып қалып, «Өзің қалай ойлайсың, қызым? деді. Тілші қыз «сұраққа сұрақпен жауап бергеніңіз не, қызық адам екенсіз?» долданып кетті. Бұдан артық шыдамай, сөзге мен араластым. «Айналайын қарындас, бұл кісі ақын Иран-Ғайып деген ағамыз болады, саясат жайлы емес, әдебиет жайлы сұрақ қоясаңыз жарасады, жарай ма?» дедім.
"КСРО кезінде баспасөзге деген құрмет өте жоғары болатын" деп әкем Кеңес айтып отырушы еді. Кез келген газеттің редакторы министрмен бірдей жалақы алатын. Журналисті қабылдамайтын партия өкілі жоқ еді, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болатын. Баспасөзде сыналған адам ертесінен жұмыстан қуылатын. Ал қазір сынға ешкім пысқырып та қарамайды. Қайта сынағаның үшін сені сотқа тартады.
Қазақ баспасөзі мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж екені рас, бірақ әлгіндей кәсіби кемшіліктерімізді біз өзіміз шешуіміз, түзеуіміз, сауатты маман, майталман журналист болуға ұмтылуымыз қажет.
Жұмамұрат ШӘМШІ.
Абай.kz