Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 20251 11 пікір 10 Шілде, 2017 сағат 11:53

Бүгінгі қазақ зиялысы кім?

Ұлттың ұлттық болмысын анықтайтын, заманауи мәселелерді көтеріп соған шешім іздейтін, өзінің шебер туындыларымен таң қалдыратын, ұлт болашағына бей-жәй қарай алмайтын, ұлт көсемдері зиялы қауым деп қарастырылады. Ал бүгінгі Қазақстандағы зиялы қауым кімдер? Осы сауалға жауап іздесеңіз іздегеніңізді таба алмайтындай көрінесіз. Неліктен?

Ұлттың дамуының әр кезеңіне сай зиялы қауым да түрлі миссияны жүзеге асыруды мақсат етіп қояды. Зиялы қауымы жоқ қоғам – болашағы жоқ қоғам. Зиялы қауымның жалауы жалғыз ащы шындық пен ұлттық мүдде. Қазақ тарихында да мұндай кейіпкерлер аз емес. Алашорда, жәдидшілдер, бертін келе Бейсембай Кенжебаев, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков қайраткерліктің эталонына айнала алған, ұлттық мүддені жеке мүддесінен жоғары қойып, соның нәтижесінде ресми биліктен аяусыз озбырлық көрген тұлғалар. Бүгінгі күні ұлы Абай қазақ қоғамын көрсе – көңіл көншітерлік сөз айтар ма еді? Осынша құрбандықпен келген тәуелсіздікті, қазақ мемлекеттігіне, шенеуніктер жүргізіп отырған саясатқа көңілі толар ма еді? Ол кездегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасында үлкен айырмашылық бар ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Иә, бүгінгі қазақ қоғамы алдыңғы қатарлы ғаламдық техника мен технологияның иесі, пайдаланушысы, түрлі тілдерді біледі, инновациялық әлеуетті арттырып, ғылыммен айналысады. Бірақ мәселе осымен шектеледі ме? Мәселе тіпті заман өзгерісінде емес, ұлттық болмыста жатқандығын бүгінгі күні түсіну қиын емес шығар. Әрине заман өзгерді, заман өзгерісіне сәйкес заң да, қоғам да өзгерді. Бірақ ұлттың бұрынғы айбындылығы, бұрынғы жанкештілігінен не қалды? Оның орнын жағымпаздық, саяси басырлық, бәскекелестіктің орнын бақталастық басты. Сонда Абай атамыздың заманынан көп нәрсе өзгерді деп ойлайсыздар ма? Жоқ. Жасампаздықты жағымпаздық, бәсекелсетікті бақталастық женген қоғамда қандай әділеттілік орнауы мүкін. Ғасырлар бойы Еуразия континентіндегі саяси-экономикалық үрдісті өзгертіп, Ұлы Жібек жолын жұмса жұдырығында ашса алақанында ұстап, әлемді бағындырған, Лев Гумилевтің тілімен айтқанда «пассионарлық бабаларымыздан» не қалды? Барын ұқсата алмайтын, сырттағы ұлы көршіге, одан қалды іштегі түрлі топтарға жалтақ мемлекеттік саясат пен сол саясатты қоғамға емес, жеке мүддеге пайдалануды мақсат етіп қойған колониалды өткенінен бойын арылта алмай келе жатқан саяси элита. Элита сөзінің мағынасы мен миссиясын түсінбейтін саяси режим мен ақша билеген қоғамда элитаның бір бөлігі болу құқығынан айрылған зиялы қауым. Бүгінгі қоғамды дәл осылай сипаттасақ артық айтқандық болмас. Бұған жеке адамды немесе жекелеген әлеуметтік топты кінәлауға немесе мінеуге болмас, бұл жағдайға осы жағдайды тудыруға ықпал еткен тұтастай қоғам кінәлі болар. Бірақ қоғамның дамуында – өзге әлеуметтік топтарға қарағанда зиялы қауымның жауапкершілігі мол.

Қоғам мен мемлекет өмірінің күрделі кезеңдерінде түрлі тарихи процестер мен себептер нәтижесінде ұлттың өзін-өзі құтқару функциясы іске қосылып бір немесе бірнеше тарихи тұлға пайда болады. Өткен ғасыр Қазақстан тарихында мұндай тұлғаларға ерекше бай болды, өйткені ұлт пен мемлекеттің жойылу қаупі жоғары болатын. Бұл тұлғалар, тарихи кезең талаптары мен қаупіне сәйкес Алашорда секілді ұлттық мемлекеттікті тұғырландыруды, немесе тың және тыңайған жерлерді игеру желеуімен Қазақстанды әлемдік картадан жоюды көздеген Хрущев саясатына қарсылық ретінде елдің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшеновтей батыр тұлғаның, рухани құндылықтардағы сабақтастықты қамтамасыз етудің ғылыми негіздемесін жасап, Қазақ әдебиетінің тарихын тек Кеңестік дәуірмен шектеген иедологияға қарсы шығып, ұлттық тарихты сан ғасырларға жетелеген профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды белді ғалымды, ұлттың жәдігерін сақтап ұлттық болмысты түсінуге ерекше еңбек сіңірген Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет қайраткерін тарих сахнасына шығарды. Бұл тұлғаларды біз сөзсіз қайраткерлік пен зиялылықтың эталоны ретінде білеміз.

Ал бүгін ше? Иә, еліміз тәуелсіздігін алды. Дербес ішкі, сыртқы саясат жүргізіп келеді. Бірақ бұл ұлт мұратына жетті, ұлттық қауіпсіздік қамтамасыз етілді, қоғам кемеліне келді деген сөз бе? Әй қайдам. Кезінде өз құдіретімен Еуропаны таң қалдырған француз королі Людовик ХІҮ: «Мемлекеттің негізгі қасиеті оның ешқашан кемел немесе қауіпсіздік жағдайында өмір сүре алмауында, дағдарыс мемлекеттің негізгі серігі» - деген екен. Бүгінгі күні бұл дағдарыстар мен әлемдік ықпалды күштердің денгейі ол кезбен салыстырғанда әлдеқайда биік. Қоғам мен мемлекет тәуелсіздігіне түрлі қатерлер төніп тұрғанда, қоғамдағы ойдың негізгі бөлігі зиялы қауымның өз миссиясын дұрыс түсінуіне байланысты. Сонымен бүгінгі зиялы қауымға анықтама беріп көрелік.

Әдетте зиялы қауымның негізгі ерекшелігі ретінде ой еңбегін айтады. Алайда ой еңбегімен айналысатындардың барлығын зиялы қауым өкілдері деп айтуға бола ма? Әй қайдам. Ой еңбегінің негізгі көрінісі не? Ғылыми атақ, даңқ па? Иә бәлкім солай-да шығар. Онда еліміздің зиялы қауымының саны жыл өткен сайын белсенді артуда. Құдайға шүкір ғылым докторы, ғылым кандидаты, PhD доктор ғылыми дәрежесі бар адамдардың саны бойынша Еліміз әлемдік лидерлердің қатарында. Бірақ бұл адамдардың бәрін зиялы қауым қатарына жатқыза аламыз ба: Әй қайдам...

Біріншіден, әрине бес саусақ бірдей емес. Дегенмен ғылыми қауымдастықтың негізгі мәселелерінің бірі ұрлықы жолмен, ғылыми дәреже, атақ алғандар екендігі белгілі. Олар тіпті басқару жүйесінде де жетекші орындарға ие болып жататын кездері болады. Осындай адамдарды зиялы қауым қатарына қосуға болар ма екен? Әрине жауап жоқ.

Екіншіден, бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің негізгі дені жалтақ адамдар. Менің бұл пікірім туралы басшылық не ойлап қалады екен? – деген ой академиялық қауымдастықты жегідей жеп отырады және оның дамуына кедергі келтіреді. Бұл қоғамда болып жатқан өзгерістерге қарсылық немесе өзге пікір айтушылық жоқ деген сөз емес. Бірақ әдетте ой еркіндігі отбасы ошақ қасымен шектеледі. Зиялы қауым отбасылық немесе асханалық батырлықпен шектеледі.

Үшіншіден, әдетте зиялы қауымның бір ерекшелігі ретінде оның ресми билікке оппозициялық сипатын айта кеткен орынды. Неге? Өйткені олар уақытынан озық туатын жандар. Зиялы қауымның дәл бүгінгі күні емес, еңбегінің жемісі мен ойының тереңдігін болашақ ұрпақ бағалайды. Өзі өмір сүретін кезеңнің ауыртпашылығын, тауқыметін молынан көріп, соған жауап іздейтін де зиялы қауым. Зиялы қауым өз заманындағы билікті қолдаған күннің өзінде оған негізді дәйек іздейді. Әрі билікке сырттан қарайды. Ежелгі замандағы сарай ақындарының өздері патша саясатын негіздей келіп, оның ақталатын, ұтымды тұстарын өз көруі бойынша сипаттайды. Яғни биліктің айтқан дәлелі мен дәйегінен басқа өз дәйегін келтіреді. Демек саяси басырлық билікті қолдайтын зиялы қауымның өзіне де тән емес.

Төртіншіден, зиялы қауым оқымыстылық пен ішкі мәдениеттің көрсеткіші. Нағыз зиялы ұтқыр ойды тәрбиеге ұластыра алған тұлға. Әдетте зиялылық үшін тек терең білім керек секілді көрінеді. Бірақ білгір адам тек өз саласының маманы ғана. Яғни барлық білімді адамды бірдей зиялылар қатарына қосуға болмайтындығы айдан анық. Әдетте тәрбиелі адам зиялылықтың эталоны секілді көрінеді. Бірақ бүгінгі күні тәрбиесіз адам жоқ. Адам өскен ортасына сай тәрбие алады, сол мәдениеттің кейпін елестетеді. Демек, мәдениет зиялылықтың бір көрінісі ғана. Бірақ жоғары мәдениет өкілдерінің барлығын зиялы адам деп айтуға келмес. Мәдениет зиялылықтың ажырамас бөлігі бола тұра, білімсіз ештеңе бере алмайды. Демек, осы екі элементті бойына сіңіре алған тұлға ғана өзін зиялы қауым қатарына жатқыза алады.

Бесіншіден, зиялы қауым өкілі үнемі ізденіс үстіндегі адам. Ізденістің негізгі мақсаты қоғамды оңтайландыру. Маңызды мәселелерге үн қату.

Ал жоғарыда қойылған сауалды қайталайық. Қазақстанда зиялы қауым бар ма? Бұған жоқ деп жауап қайту орынсыз болар. Бірақ өзінің қоғамдық функциясын толыққанды атқарып отыр ма зиялы қауым? Өкінішке орай барлығы бірдей орындап отыр деуге келмес. Неліктен? Өйткені бүгінгі қазақ зиялысы өзіне тән емес жүйеде өмір сүруге мәжбүр. Өйткені бүгінгі күні отансүйгішітік ұғымы, «көзсіз сеніммен», ал ұлтжандылық және ұлтшылдық фашизммен теңестірілген кезең.

Зиялы қауымның қоғамдағы орны мен функциясы тек белгілі салада маманданумен шектелмейді. Ол халық атынан сөйлеу мүмкіндігіне ие адам. Халыққа өз айтқанын жеткізетін адам. Халықты артынан ерте алатын адам. Сондықтан ол құдіретті. Зиялы адамның құдыреті, оның мемлекетте алып отырған мансабымен, әлеуметтік мәртебесімен айқындалмайды. Бірінші кезекте халықшылдығымен айқындалады. Ал осындай зиялы қауым бізде көп пе? Әй қайдам. Қазақстандық зиялы қауымның басты мәселесі оның екі формацияны бастан өткеріп, өз даму векторы мен қоғамдағы орнын айқындай алмай қалуында секілді көрінеді. Кеңестер одағында мемлекеттің идеологиялық рупоры функциясы ретінде қалыптасқан зиялы қауым, бүгінгі күні де өз миссиясын солай елестеді. Бұл инерциялық көзқарас. Ал билік ше? Билікке еркін зиялы қауым керек пе? Әрине жоқ. Мемлекетке керек дүние билікке керек болмауы да мүмкін. Неліктен? Мемлекет ашық пікірсайыс алаңын қалыптастыруға мүдделі емес. Ашық пікірсайыс алаңы тұрақтылыққа кедергі келтіреді. Бұл ой барлық дерлік әлеуметтік топтарға сіңірілген психологиялық стереотип. Зиялы қауым тұрақтылық пен тұралаудың айырмашалығын түсіне бермейді. Ел тыныш болсын деген ойды ұстанады. Әрине Ел болашағын ойлау осыдан туындайтын тұрақтылыққа жетелейтіндей көрінеді. Бірақ тарихи мысалдар ел тыныштығын тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы ретінде мойындамайды. Гитлер тұсында Германиядағы дүмпулер тоқтап, мемлекет тұрақты күн кешкендей көрінетін. Бірақ тұрақтылықтың құны тұтастай бір этникалық топтардың жойылуына алып келді. Сталин кезінде Кеңестер одағындағы «тыныштық» реперссиялармен қамтамасыз етілді. Есесіне жұрт тыныш болатын. Сонда қоғам дамуы үшін ең маңызды алғышарт тұрақтылық па? Әй қайдам. Мемлекет өз дамуын тек тұрақтылық есебінен қамтамасыз ете алмайды. Қамтамасыз ете алмайтыны тұрақтылық тұралауға алып келуі мүмкін. Тұрақтылық пен тұралаудың негізгі өзгешелігі неде? Тұрақтылық – белгілі бір қуатты әлеуметтік-экономикалық негізі бар мемлекетке немесе әлеметтік құрылымға тән құбылыс. Тұрақтылық жағдайында қоғам өз жеткен құндылығын сақтап қалуға тырысады және оған арқа сүйейді. Ал тұралау деген қоғамдық-экономикалық процестердің самарқау басуына байланысты, мемлекет пен қоғамның кемелденуіне жолдың жабылуы. Тұралау тоталитарлық қоғамға тән құбылыс. Неліктен? Өйткені белгілі бір жетістікке жеткен жүйе жеткен жетістігін ең маңызды құндылық деп қабылдап, бұдан арыға бармауға тырысады. Тұралаған мемлекет өзінің әлеуметтік базасынан айрыла бастайды да, аяғында құлап тынады. Тұралау ешқашан тұрақтылыққа әкелмейді. Өйткені тұралау дәуірі піспеген қоғамға тән құбылыс. Бірақ, өкінішке  қарай, тұрақтылық уақыт өте келе тұралауға соқтыруы мүмкін. Екі типологиялық құрылыста да зиялы қауымның алатын орны ерекше. Өйткені зиялы қауым өзі өмір сүріп жатқан қоғам мен мемлекетке диагноз қоятын тұлға. Ал бізде зиялы қауым осы мәселені күн тәртібіне қоя алып отыр ма? Әй қайдам. Тұралауды тұрақтылық деп түсінетін, ұлтшыдық фашизмге теңестірген қоғамда зиялы қауымның үні керек. Ол үн халықтың саяси мәдениетін қалыптастыруда да, еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы үшін де қажет.

Шыңғыс Ергөбек

Abai.kz

 

 

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052