Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5844 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 21:33

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ. ДОКТОРЛАР МЕН КАНДИДАТТАРДЫҢ ДYРМЕГI

Оқулық қашан оңалады?

Оқулық қашан оңалады?

Былыққа белшесiнен батқан бiлiм беру саласын батпақтан қалай алып шығамыз? Бүгiнгi күнi өзектiлiгiн жоймай келетiн бұл мәселенiң шешiмiн осы саланың тiзгiнiн ұстаған экс-министрлердiң ешқайсысы да таба алмады. Әсiресе, тәуелсiздiк алғалы берi жаңа буын оқулықтары сын тезiне қанша рет алынса да, жағдайдың оңалатын түрi жоқ. Керiсiнше, жыл сайын мектеп оқулықтарының парақтарынан бiлiмнiң кiлтiн емес, өрiп жүрген қатенi табу үйреншiктi әдетке айналған.

Олай демеске амал жоқ. Былтырғы жылдың өзiнде кемшiлiгi көзге түрпiдей басылған оқулықтардың бiразы оқу бағдарламасынан алынып тасталған-тұғын. 2007 жылы 7-11 сыныптарына арналған 240 оқулыққа сараптама жүргiзiлiп, нәтижесiнде 58 оқулыққа редакторлық өзгерiс енгiзу үшiн, 100-iн қайта өңдеу үшiн керi қайтарылса, 13 оқулық қолданыстан алынды. Ал, былтыр барлығы 2936 оқулық пен оқыту-әдiстемелiк кешенiнiң тек 1202-i ғана пайдалануға ұсынылып, 1107-i керi қайтарылды, 338-i қайта өңдеуге жiберiлсе, 289 оқулықтың сапасы төмен болғандықтан сараптамаға жiберiлмедi. Бұл мәселе Парламенттiң қабырғасында да сән мәрте көтерiлiп, өрескел қателер түзетуге жол тартты. Бiлiмнiң негiзi - оқулық! Ал, бiлiм берудi жақсарту ел Үкiметiнiң әрқашан назарында екенiн баса айтуымыз керек. Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары мен Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Бiлiм және ғылым министрлiгi 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы жобасын әзiрледi. Онда барлық балаларды мектепке дейiнгi тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету, 12 жылдық бiлiм беру моделiн енгiзу, техникалық және кәсiптiк бiлiмнiң экономика талаптарымен өзара байланысы, кәсiптiк стандарттар әзiрлеу, жоғары бiлiмнiң сапасын арттыру мәселелерi көрiнiс тапты. Десек те, арагiдiк талқыға салынып тұратын оқулық мәселесiнiң жыры мұнымен бiтетiн емес. Әсiресе, оқулықтағы олқылықтар экс-министр Түймебаевтың тұсында қызу тақырыпқа айналғаны есте. Тiптi, елiмiздегi отандық оқулық авторлары "Оқулықты қырғыздарға жаздырып жатыр" деген сарында газет бетiне ашық хат жазып, оқулыққа жауап беруi тиiс ғылыми-практикалық "Оқулық" орталығын дүрлiктiрген едi. Жасыратын несi бар, қазiр оқулықта кеткен қателер жөнiнде қандай да бiр ақпарат алғымыз кеп "Оқулық" орталығына хабарлассақ, олар: "Бұл сұраққа министрлiк жауап беруi тиiс" деп ат-тонын ала қашады. Ал, iле-шала министрлiкке телефон шалсаңыз, "Бұл мәселенiң анық-қанығын "Оқулық" орталығынан бiле аласыз" деген салғырт сөздi естисiз. Екеуi бiр-бiрiне сiлтейдi. Сонда елiмiздегi оқулықтарға кiм жауап бередi? Ғылыми-практикалық "Оқулық" орталығының басты мiндетi қайсы?
Бiз газетiмiзде оқулық мәселесiне қатысты бiрнеше материал жарияладық. Тiптi, басқаны былай қойғанда, бастауыш сынып оқулықтарының өзiнде қарапайым қателердiң "мен мұндалап" жүргенiн айтқанда, кейбiр баспалар өре түрегелдi. Ол аздай, 1-2-сынып оқушыларына арналған оқулық мәтiндерiнде шұбалаңқы сөйлемдер мен түсiнiксiз ұғымдар көп. Тiлге жеңiл, жұп-жұмыр болуы тиiс мәтiн жоқтың қасы. Неге? Әрине, әр баспа шығарған оқулығын қорғаштайтыны анық. Ал, оларға "Бұл қалай?" деп көлденең сауал қойсаңыз, "Қазiргi балалар техниканың заманында өмiр сүрiп жатыр. Оларға бұл мәтiндер ауыр емес. Баланы осы бастан қиындыққа төзетiндей, ауырды көтере алатындай жағдайда тәрбиелеуiмiз керек" деген бiржақты пiкiр естисiз. Алайда, әр нәрсенiң өз уақыты бар емес пе? Бiрiншi сыныпқа барған бала бiр мезетте соншама ақпаратты қабылдай алуы мүмкiн бе? Әрбiрден соң бастауыш сынып оқушысы "Абай жолының" үзiндiсiн, Әбiш Кекiлбаевтың романының тiлiн ұғына ала ма? Қазiр көп оқулықтарда тiлi ауыр осындай шығармалардан мәтiн келтiрудi сәнге айналдырған. Көбiне күнделiктi газет-журналда жарияланған материалдар қосындысын да тықпалайды. Автордың өзiндiк қолтаңбасы мен ұстанымын табу қиын. Яғни, бүгiнгi кейбiр авторлар "дайын асқа тiк қасық" демекшi, әр жерден алып құрастырып, "оқулық жаздым" деген атақпен масайрап жүр.
Бiзде қазiр бәсекеге қабiлеттi мемлекеттiк баспалар да санаулы. Балама оқулық жазатын авторлар да, оны жарыққа шығаратын баспа да күрт азайып кеттi. Жыл сайын баспалар мемлекеттiк тендерге қатысып, арнайы лот жеңiп алады. Соның iшiнде бiр баспа бастауыш сынып оқулықтарын шығарса, келесi баспа басқа оқулықтарды басуға мүмкiндiк алады. Әдетте, тендердi жеңiп алған баспа елiмiзде мектеп табалдырығын қанша баланың аттайтындығынан хабардар болса да, оқулық тапшылығына бой алдырады. Жылдағы жағдай сол. Оқу жылының ортасына дейiн оқулық iздеп, шарқ ұрып жүрген ата-ананы жиi ұшырататынымыз сондықтан.

ДОКТОРЛАР МЕН КАНДИДАТТАРДЫҢ САНЫ ҚАНША?
Оқулықты кiмдер жазуы керек? Құдайға шүкiр, бiзде қазiр не көп, атағы дардай ғалымдар көп. Олар өз саласын жiтi меңгерген кәсiби шебердiң санатында. Ғылыми дәрежесiн қорғаған бiлiктi мамандардың саны қанша? Бұл сұрақтың жауабын бiлу үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң көмегiне жүгiнiп, арнайы сұрақ жiберген едiк. Әрiге бармай-ақ, 2005-2010 жылдар аралығында ғылым салалары бойынша доктор және кандидат ғылыми дәрежелерiнде бекiтiлген iзденушiлер санын беруiн сұрадық. Көп ұзамай жауап та келдi. Бiз техникалық ғылым салаларына көз жүгiртпестен бұрын, қазақ тiлiнiң ұстасы, оқулық жазудың шеберi саналатын педагогтар мен филологтардың тiзiмiне көңiл аудардық. 2005 жылдан күнi бүгiнге дейiн Филология ғылымы бойынша доктор ғылыми дәрежесiн 124 маман қорғаса, кандидат ғылыми дәрежесi 695 маманға бұйырыпты. Ал, Педагогика ғылымы бойынша, доктор ғылыми дәрежесiн - 165, кандидат ғылыми дәрежесiн - 737 маман ақтап шыққан. Үшiншi, Тарих ғылымында 79 доктор, 335 кандидат тiркелiптi.
Айналасы бес жылдың iшiнде министрлiк мұншама доктор мен кандидатты қорғатып жатса, тәуiр-ақ екен деп қуануға да болар. Бiрақ сол Педагогика саласы бойынша ғылыми атақ алған 165 доктор мен 737 кандидат не тындырып жүр? 124 доктор мен 695 кандидат филология саласында қандай еңбек сiңiрiп келедi? Неге осы толып жатқан докторлар мен кандидаттар жабылып жүрiп бiр оқулық жаза алмайды? Тым болмаса, бiлiктiлiгi мен тәжiрибесiн сарқа жұмсап, отандық оқулықтардың түзелуiне неге күш салмайды? Әйтпесе, осы саланы бүге-шiгесiне дейiн зерттеп, ғылыми атақ алуына не жорық? Әлде, оларды министрлiк тарапынан оқулық жазуға жұмылдыру жұмыстары жүргiзiлмей ме?
Мәселен, бұл сауалды белгiлi математик әрi академик Асқар Жұмадiлдаевқа қойғанымызда: "Оқулықты жазатын - педагогтар. Бұл жерде үлкен парадокс бар. Кеңес одағында қателеспесем, педагогика бойынша небәрi 20 доктор болса, қазiр 1000-нан асып кеттi. Бiзде үлкен алшақтық бар. Ғылыми атақ пен ғылымның арасында қарым-қатынас жоқ. Тағы бiр себеп, Кеңес одағынан келетiн дәстүрден қол үзiп қалдық. Сол кезде Жоғары аттестациялық комиссия (ЖАК) деген болды. Оның талабы да, тәртiбi де қатал едi. Екiнiң бiрi барып, қорғай бермейтiн. Өте қиын едi. Қазiр ЖАК өзiмiзге келдi де, бәрiмiз мұрның бар да бiр сiңбiр деген принциптi пайдаланып, быт-шытын шығардық. Оқулық жазып жатқан кездейсоқ адамдар. Оның iшiнде педагогтар жоқ. Ал педагогикадан ғылыми дәреже қорғап жатқан адам ғылымға да, оқулыққа да еңбегi сiңбей жүр" дегендi ашына айтты.
Расында да, келешек ұрпақтың бiлiмдi, саналы болуы бiлiмнiң негiзгi кiлтi - оқулыққа байланысты. Оқулық жақсармай, бiлiмнiң тасы өрге домалай алмайды. Егер әлгiндегi мыңдаған кандидаттар мен докторларымыз атақ пен мәнсапқа құмар болмай, қоғамға, өскелең ұрпаққа пайдалы iс атқарса, нағыз ғалым екендiгiн дәлелдеген болар едi. Алайда, атақты ғалымдарға кәмпит таратқандай етiп үлестiре берсек, доктор, кандидат ғылыми дәрежесiнiң де құны өзiнен өзi құлдырай бермей ме? Бүйте берсек, екi-үш жылда екiнiң бiрi кандидат, үштiң екеуi доктор боп, талтаңдайтын күн туады. Есесiне, бiлiмi таяз автор онсыз да шимай-шатпаққа толы оқулықты ойыншыққа айналдырып, ту-талақайын шығармасына кiм кепiл?

ОҚУЛЫҚ МӘСЕЛЕСIН ЖҰМАҒҰЛОВ ҚАЛАЙ ШЕШЕДI?
Бiлiм және ғылым министрлiгi тiзгiнiн ұстаған Бақытжан Жұмағұлов жауырды жаба тоқып келген оқулық мәселесiне қалай үн қосады екен деген ой бәрiмiздi мазалаған-ды. Қызметiне араласқанына көп бола қоймаған министр оқулықтарды әзiрлеу, сараптау және басып шығару жұмыстарын жүйелендiру мәселесi бойынша республикалық кеңес өткiздi. Оған 50-ден астам баспа басшылары, 540 оқулықтардың және оқу-әдiстемелiк кешендердiң авторлары, оқу әдебиеттерiне сараптама жасайтын мамандар, елiмiздiң барлық өңiрлерiнен келген әдiскерлер мен педагогтар қатысты.
Күн тәртiбiнен түспей келетiн оқулықтың жыры тағы да басталды. Әлбетте, бұл мәселеге жаңа министрдiң мойын бұруы заңды да. Бұған дейiнгi экс-министрлердi сан қақсатқан оқулық мәселесi бүгiн, ертең жақсарып кетедi дегенге ешкiм сене қоймас. Дегенмен, бұл жайтқа немкеттi қарасақ, дәл қазiргi жағдайды мүлдем ушықтырып алуымыз да ғажап емес.
Кеңесте оқулықтардың және оқу-әдiстемелiк кешендердiң құрылымдық тақырыптарының мазмұнына баса назар аударылды. Оқу басылымдарын бағалаудың дәстүрлi критерийлерi сараптауға алынып, олар нарықтық нақты жағдайға қарай жан-жақты талдаудан өтетiн болады. Баспагерлер оқулықтардың мазмұны мен полиграфиялық безендiруi жөнiндегi санитарлық-гигиеналық талаптарға қатысты пiкiр-ойларымен бөлiстi. Сондай-ақ, электрондық бiлiм беру ресурстарының болашағы және оларды кешендi сараптамадан өткiзу туралы сөз болып, оқулықтардың сапасын сараптамадан өткiзу жөнiнде халықаралық сараптама жүйесiн құруды ұсынды.
Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов ұлттық оқулық кiтаптарын басып шығаруды одан әрi дамыту жөнiнде өздерiнiң ұстанымы мен көзқарасымен бөлiскiсi келгендердiң бәрiн де мұқият тыңдап, талдаудан байыпты қорытынды шығарды. Ол оң нәтиже ретiнде балама оқулықтар жасау үшiн бәсекелi орта қалыптасқанын атап өттi. Оның пiкiрiнше, алты мыңнан астам оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендердiң iшiнде жақсы баға алған материалдар аз емес. Олар оқушылардың өскелең ой-өрiсiн ескере отырып, түсiнiктi тiлмен жазылған, жақсы безендiрiлген. "Бiр сөзбен айтқанда, отандық оқулықтарды жасаушылар мен оның авторлары баспагерлермен бiрге шығармашылық iзденiсте екенi байқалады. Бiрақ та жаһандану дәуiрi жаңа талаптар қоюда. Сондықтан да қазiргi заманда баға жетпес капитал - бiлiм екенi сөзсiз, ал оны жақсы оқулықтар мен кiтаптарсыз көз алдыңа елестетудiң өзi қиын. Соған байланысты қысқа мерзiмде оқулықтар басып шығаруды дамыту үшiн оның пәрмендi құқылық базасын жасау қажет. Сапасыз оқулықтардың үлгiлерi олардың мазмұнын жариялы түрде талдау үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң веб-сайтына орналастырылатын болады. Оны жасаушылардың, авторлардың, сарапшылардың, баспагерлердiң, полиграфистердiң, бiр-бiрiмен қарым-қатынасын жоғары деңгейге көтерген жөн. Бұл орайда талапты күшейте отырып, олардың толыққанды жұмыс iстеуi үшiн қажеттi жағдайларды жасау керек. Оқулықтарды жасауға қатысатын мамандарды материалдық жағынан ынталандыру жүйесiн қайтадан қарастырған жөн", - дедi министр.
Әрине, жаңа министрдiң оқулықты оңтайландыру жолында бастаған қадамы орынды. Осы айтылған талап-тiлектердiң айтылған жерде қалып қоймауын қадағалау керек. Ол үшiн тарихты ресейлiк ғалымдармен бiрiгiп жазамыз деп аттандамай, жоғарыда айтылған докторлар мен кандидаттарды жұмылдыру қажет. Онсыз оқулықтағы олқылықтарды түзеу мүмкiн емес.

 

«Түркістан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963