Тұрсын Жұртбай. Кімнің беті қалың, ұяттан өліп кететін кім еді? (жалғасы)
Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:
http://abai.kz/post/view?id=7271
http://abai.kz/post/view?id=7292
http://abai.kz/post/view?id=7363
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7819
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7963
http://abai.kz/post/view?id=8004
http://abai.kz/post/view?id=8164
http://abai.kz/post/view?id=8190
http://abai.kz/post/view?id=8438
http://abai.kz/post/view?id=8635
http://abai.kz/post/view?id=8747
http://abai.kz/post/view?id=8925
http://abai.kz/post/view?id=8955
http://abai.kz/post/view?id=9050
http://abai.kz/post/view?id=9536
http://abai.kz/post/view?id=9857
http://abai.kz/post/view?id=10194
http://abai.kz/post/view?id=10277
http://abai.kz/post/view?id=10532
http://abai.kz/post/view?id=10740
http://abai.kz/post/view?id=10973
http://abai.kz/post/view?id=11107
http://abai.kz/post/view?id=11260
http://abai.kz/post/view?id=11485
http://abai.kz/post/view?id=11583
http://abai.kz/post/view?id=12512
http://abai.kz/post/view?id=12602
http://abai.kz/post/view?id=12674
http://abai.kz/post/view?id=12762
http://abai.kz/post/view?id=12863
Шындығында, бір отбасының тағдыры былай тәмәмдалған.
Мұхтар мен Валентина Николаевна 1926 жылы ақпан айында ресми түрде үйленеді. Бұл хабарды Кәмила естімейді. Жазғы демалысында елге қайтпаған Мұхтар келесі жылы Алтай экспедициясына жазылады. Бірақ бармай қалады. Оның себебін Әлкей Марғұланның: «1927 жылдың мамыр, маусым айлары. Мұхаң «не істеуім керек?» деген оймен қатты толғануда болды. Біраз уақытта каникул да жетті. Бір күні отырып:
– Мен Алтай экспедициясына бармауға бел байладым. Бұл – елге, Шыңғыстауға бармау деген сөз» – деген естелігінен анық байқаймыз.
Сол жылы жазда Мұхтар барлық жағдайды түсіндіріп, өзі қатты бағалайтын Жебірейілге хат жазып, Әлкей Марғұланнан беріп жібереді.
Мәкен Тұрағұл қызы Кәмиланың өмірі туралы біраз мәлімет беріп еді. Кейбір жайлардың жоғарыда басқа кісілердің аузымен айтылғанына қарамастан, естеліктің ойы үзіліп қалмас үшін толық келтіреміз. Және көптеген бейтаныс деректер де қызықтырар деп ойлаймыз:
– Мұхтарға тұрмысқа шыққан соң Кәмеш апайым екі бала көтерді. Бірақ екеуі де жастайынан дертке шалдығып, қыршын кетті. Оның үстіне Кәмештің өзі де көкжөтелге шалдығады. Мұхтар Ленинградқа оқуға кеткенде Кәмеш өз сырқатының жазылмасын сезіп, іштей Мұхтармен қоштасып, жоқтау өлең де шығарыпты. Оны Абай ауылындағы кемпірлер осы күнге дейін айтып жүр. Ол сонда аса жоғарлай биік ұшқан Мұхтарға өзінің мәңгілік жар болмасын, болғысы келсе де денсаулығының жетпейтінін біліп, өзіңе лайық тең тапсаң менің бетіме қарама деген сыңаймен өлең шығарыпты. Іштей қоштасыпты. Содан аралары суыған.
Әлі есімде, 1927 жылы Семейдегі Жебірейілден Тұраш ағама хат келді. Ауыл боп қуанып, бір жерге жиналдық. Хатты ашып жіберіп оқи берген Тұраш ағамнын өңі сұрланып, көзінің жиегі қызарып кетті. Үндемей отырып қалды. Сәлден кейін: «Жебірейіл аман-есен екен. Жағыпарды шақыртыңдар» – деді. Сөйтсек Ленинградтан Мұхаң Жебірейілге сәлем жолдап, онымен қимас достығын білдіре келіп, өзінің үйленгендігін айтыпты. Кәмештен кешірім өтіне отырып, оқу мен жер алыстығын, ұзақ көріспеген кездердің салдарынан суынған көңілді айтып, Тұраш ағамның алдынан өтуді сұрапты. Жебірейілдің өзін Ленинградқа оқуға шақырыпты. Бұл хатты Кәмеш жылап отырып оқып:
– Мұхтарға артар өкпе-назым жоқ. Сүйген жүрекке жазық бар ма? Аяғына тұсалғым жоқ еді. Қарғамаймын, қарғамандар. Ол өссін, көгерсін. Мен соламын ғой бәрібір. Жер түбіне де бірге еріп жүрер ем, қу денсаулық... – деді мұңайып.
Содан кейін төрт-бес жылдан соң Кәмеш апайым көкжөтелдің кесірінен өмірі үзілді. Бұл бізге де, Мұхтарға да қатты батты. Біз, Ташкент маңында, Мұхтарға жақын жерде едік. Оны естігенде, кейін есіне алғанда:
– Кәмеш тұрсам – ойымнан, ұйықтасам – түсімнен кетпейді. Әттең, көкжөтел..., – деп мұңайып қалатын.
Мұхаңның жастық кезіндегі бір оқиға осы. Мұны айтқан мені де, басқаны да кінәлауға реті болмас. Автобиографиялық шын дүниені, көрер көзден жасырып сыбырлағанның сыбыры мол болады. Мұхтар да адам. Заман талабына сай адамның жан дүниесінің жаңғыруын сергек те сезімтал ұрпақ түсінсе керекті».
Осы арада Мәкен апайдың сөзін үзіп тастап, әдейі айтылмаған, бірақ әділетсіз пікірді келтірейік. Ниет ақ, дерек дұрыс, ал араға алпыс жыл салып барып топшылаған жорамалы жаңсақ. Сіздер Тұрағүл Абайұлының Мұхтар мен Кәмила туралы айтқан пікірін естеріңізге түсіріңіздерші. Ақылды, парасатты пайым ғой. Ал: «Біздің Ленинградтағы өмірімізден есімде қалғаны осылар. Мұхтар Омарханұлының Қазақстандағы туысқандары мен достарының ешқайсысы біздің одағымызды қолдаған жоқ. Бізге құттықтау жіберген жалғыз адам... Абайдың немересі Тұрағүл болды. Қазір жарты ғасыр өткен соң ғана түсіндім, бәйбіше мен тоқалдан туған балалардың арасындағы бақталастықтың ұшығы ғой деп ойлаймын. Себебі: Мұхтар Омарханұлы мен үшін Мағауияның қызын тастады ғой, бұған Әйгерімнен туған ұлдың қуанбауы мүмкін бе!» – деп Тұрағүлдың «қуанышын» күндестіктен көру – оның жан дүниесіне жара салу сияқты. Екеуінің үйленетінін естігенде Кәмилаға: «Мұхтар биікке және алысқа ұшатын қыран. Шарықтаймын десе – етегіне жабыспа. Еркіне жібер. Ал ең дұрысы – райыңнан қайт. Кейін – өкініші кетпейді» – деген де Тұрағұл. Жеделхат жолдауы – «шын қуанғандықтан» емес, ел арасы – өштесіп, кек қуып кетпесін деген ойдан туған ізет. Тағдырға Тұрағүл көнсе, көңілін қосса – өзге Абай ұрпақтары кек сақтамас деген тілек. Ол тілек толық орындалмады. Ел ішінде өкпе туды. Бұл туралы сәл кейін айтамыз. Ал хатты алған Тұрағүл Кәмиланы жұбатып, Мұхтарға кешірім жасады. Жеделхат – соның белгісі. Сөз тізгінін қайтадан Мәкен апайға береміз:
– Мұхтар елге, Семейдегі Абай ауылын айтамын, он жылдан астам уақыт бара алмады. Әр түрлі шығармашылық жұмыстар да қол байлау болғаны анық. Ол Шыңғысқа барғандағы көңіл-күйін, елге сағынышын тебірене толғағанын қалай ұмытайын. Мұхаң мені де он жылдан соң көрді. Дидарласа алмай ынтызар едім. Өйткені 1927 жылы тұрмысқа шықтым. Бала кезімде «жезде» деп әзілдесіп жүретінмін.
Араға жылдар салсақ та ізгі ниеті, ыстық ықыласы өзгермепті. Қалжыңдап:
– Мәкен осы сен қалай ер жетіп кеттің. Маған әлі сол әнші қыз сияқты болып көрінесің, – дейтін. Сол жолы ел жайын баяндап, көрген-білгенін тілге тиек етіп, өткен-кеткенді есіне алды.
– Осы жолы бүкіл Шыңғыстың арғы-бергі тарихын қозғап, жер-суын, табиғатын, тас, тоғайын көңіліме қондырып Алматыға көшіріп әкелдім. Сонау жылдардағы оқиғалар елестеп, іштей бір керемет жаңғырықтым. Мол әсер, көп қуаныш, жасырын сырға қанықтым. Енді романға дайынмын. Бәрі де – Абайға, Құнанбайға қатысты жайларды анықтадым. Тек жастығың өткен жерге егделеу тартқанда оралсаң, көңілде ерік болмайтын көрінеді. Ералы жазығына жетіп дөңге шыққанда тұла бойым, тұтас денем шымырлап, егіле, бердім. Көзімді жұмып қойып: сонау «Еңлік-Кебек» қойылғандағы шаттығы мол шақты, күміс күлкіні есіме алып, әр үйді өз орнына көңіліммен қондырып, қызыға қарадым. Жанарымды ашып алғанда мұнарланған көкжиекті көрдім де, көзіме жас толып, төгіле бергені. Мен сол жолы үш адамды қатты жоқтай сағынғанымды аңғардым. Ең алғашқысы – Қасымбек Әуезов. Шіркін Жебеш (Жебірейіл). Кәмештің Ленинградқа кеткенде жылап шығарып салғаны ойыма орала береді. Сол үшеуінің орны, мен үшін толмас өкініш, сағыныш болды, – деді Мұхаң.
Сол әңгімеде маған ән айттырып, Ерзаковичті шақырып алып Абайдың әндерін, сөздерін қағазға түсіртті. Академияның қолжазба қорына 30 ән жазылды. Соның он жетісі Абай әкемдікі. Айтпақшы, сол жолы бір қызық жай кездесті. Мен «Сегіз аяқты» ырғағымен айтып ем, Ерзакович:
– Сіз енді бұзбаңыз. Маған Әрхам Ысқақов ыңылдап айтып берген әуені басқаша, – деді.
– Ол кісі өмірі ән айтпаған адам. Даусы жоқ. Маған ағаларым осылай үйретті, – дедім жөнімен.
– Сенікі қалай дұрыс болады. Сен кішкентайсын. Абайды көрген де жоқсың. Әрхам бәрімен араласқан, – деп Ерзакович қатты кетті.
Мен де қылтия қалдым да, «Сегіз аяқты» қайтадан айтпай қойдым. Біраз жылдан соң Алматыға Шымкенттен келіп, Мұхаңның үйіне түстім. Есіктен кіре салып амандасқан соң Мұхтар дереу Ерзаковичке телефон арқылы хабарласып, менің келгенімді айтты. Сөйтсем Ерзакович екеуміздің көріскеніміз Мұхаңа мәлім екен. Ол барлығын түсіндіріпті. Ерзакович:
– Мәкен, айтасың ба? – деді. Мен:
– Ұрсасың ба? – деп әзілдедім.
Ерзаковичке сонымен Мұхаңның тапсырмасымен Ақылбайдың, Майбасардың Мұхамеджанның әндерін, өлеңдерін айтып бердім. Мұхамеджан есімі «Абай жолы» эпопеясында Біржанның Абай ауылына келген тұсында Әмір мен Үмітейдің сал-серілерінің өнері жайлы жазылған беттерде жиі көрінеді. Оған өзінің әндерін де орындатады. Абай әкемнің көңілі қатты құлаған жас таланттың бірі еді. Шырағым, осы «Абай жолындағы» Үмітей ұзатылып бара жатқанда Әмірдің қимай қоштасатын жерін ашшы. Е, міне, «Әмірдің достарының ішінде жас әнші, ақын серінің бірі, қызыл шырайлы, қой көзді, сұлу жігіт Мұхамеджан болатын». Осында:
«Серінің серменуге көңлі оянды,
Ойланып бастайын бір соянды.
Кетті ғой сәулем алыс, жолдастарым,
Айдашы қамыс құлақ, “Бозқоянды”,–
деген әннің шумағы да келтірілген. Мұхамеджанның әндері қоңыр дауысқа лайык, майда келеді. Соны Мұхаң ерекше ұнататын. «Тарихта, қағазда қалсыншы» – дейтін қоңыр үнмен. Ерзакович әлі күнге дейін маған хабарласып тұрады. Ол «Ләйлі – Мәжнүн» хикаясындағы Ләйлінің әнін, әуенін нотаға түсіремін деп жүр. Даусым келсе несіне аянайын. Іште қалғаннан гөрі, ел есінде ұстағаны лазым ғой.
Енді аса бір есте ұстап, ұмытылмайтын сапар 1945 жылғы Абайдың 100 жасқа толу мерекесі. Мұхаң, Ғабит тағы да басқа көптеген жазушылар Семейге түсті. Мен де солармен ілесіп жүрдім. Келген қонақтарды Семейдегі Абай музейіне Мұхаң апармады. Өйткені музей өте нашар жабдықталған еді. Соны көріп өзі ренжіп келе жатқан Мұхаңа көшеден біреу жабыса кетті. Маған бейтаныс емес адам Мұхаңа ентелей келіп:
– Менің әкемді неге Абаймен теңестіріп жазбайсын. Сен жазбасаң – өзім жазам, – деп өрекпіп, ауыр-ауыр сөз айтты. Мұхаң түтігіп кетті де:
– Щенок! Пәлі, мынау мені қабамын деп арс-арс етеді. Қап, қапшы, ал! – деді де бұрылып кетті. Содан кейін:
– Мұха, өзін тәртіпке салдырып, шара қолдандырмайсыз ба? – дегендерге:
– Пәлі, ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады, – деп жауап берді.
Абай тойы кезінде Мұхаң өте көңілді жүрді. Соғыстан соңғы қуаныш қой. Мұхтар аға алтыбақан құрдырып, тақия тастамақ, ақсүйек ойнаттырды. Өзі де топ ішінде болып, өзге ұлт жазушыларына да көрсетті. Абай әні алтыбақанда көп айтылды. Қатты ризашылыққа бөленіп:
– Міне, өскен өнерлі ұрпақ қой, – дей береді. Мұхаң өзі де алтыбақан теуіп, маған ән айттырды.
Сол кезде Ғабит Мүсірепов аға:
– Мұхаң қарындасын қасынан шығармайды. Бізге де рұқсат беріңізші, – деді.
Алтыбақанға сырбаз басып Ғабит отырды да, біраз тербетілген соң салмағы мені басып, тым жоғары көтеріліп кеттім. Басым да айналды. Жерге түсіп ән айттым. Сонда Мұхаң:
– Ғабит-ау, әуелі қызды отырғызар болар. Сонда салмақ аумайды. Сен әуелі өзің отырып алдың, қайдан, – деді.
Сол бір соғыстан соңғы той аса қызықты өтті. Жалғыз Мұхтар аға емес, барша қатысқан жұрт бір серпіліп қайтты. Адам болған соң, әр қилы жағдайлар кездеседі ғой. Өзім өз боп Мұхаңның алдынан кесе көлденең өтіп көрген пенде емеспін. Өзі де биязы, сырт пішіні ұяң еді ғой. Тек бір рет жолдасымыз Ұлықбек екеуміз Мұхаңның үйіне бардық. Кенет оқыстан маған сұрақ қойды.
– Осы Абайдың ұрпағы неге өспей, өшіп барады. Соны айтшы? Осы адамның қарғысы зауалға ұшыратады дегенге қалай қарайсың. Құнанбайдың теріс батасын алды ғой, – деді.
Несін жасырайын Мұхаңнан күтпеген сауалым.
– Әй, асыл аға, бізді қыз-қырқын деп менсінбей отырсыз-ау. Құнанбайдың қарғысына ұрынса, кейінгі үрім-бұтақта сөзі қала ма. Оның Әмірді буындырып, ұшындырғаны да жетер. Жақсы ұл қалмаса заман толқыны. Кешегі соғыста Тоқташ қаза тапты. Жебеш кімнен кем еді. Аты өшпейді ғой. Көңіліме қарасаңыз еді, – дедім.
Ол кісі ойланып, тұнжырап қалды да:
– Тұраш аға да қаншыл, өзімшіл еді, – деді. Одан соң ұзақ уақыт үндемей қалды. Зады мені сынайын дегені ме екен. Өмірімде Мұхаңа қарсы жауап қатқаным осы. Бұл сөз реті келіп, тілге үйіріле берген соң айтқаным ғой.
Оңтүстік сапарында Мұхаң біздің үйге келіп түсті. Ол кезде Ахмет Әуезов те сонда болатын. Өте көңілді қайтты. Ол туралы бірнеше кітап шықты. Сонда бәрі қамтылған. Тек:
– Ағайын-туыспен қоян-қолтық араласып, бір бел шешіп қайтқан сапарым болды, – дегені есімде.
Ал, шырағым, қызыл тілде буын бар ма. Барға қанағат тұт. Әңгіме қиылысып тұрса, шырайлы шығады. Абай әкем мен оның ұрпақтары жайлы, асыл арысымыз Мұхтар Әуезов турасында бар білгенім осымен тәмәт-тәмәм дей алмаймын. Дегенмен де жүрек-жарды лебізім, негізінен осылар. Кейбір нәрселерді айтпауға да, жарыққа шығармауға болар. Дегенмен де, шындықтың шылбырын аттап кете алмадым. Оқырман өзі көңіліне екшеп, әділін бағалар.
Үлгі ғибадат тұтар қасиеттері мол ғой Мұхаңның. Асылды жасыра алмайсың. Ол өзі де жыл өткен сайын жаңарып, жалтылдап отырады, – деп Мәкен апай үш сағатқа созылған әңгімесін аяқтады.
Иә, асылды жасыта алмайсың. Ұлының ұлылығы – жұмбақ құбылыстарының молдығында. Сол тылсым сырдың бір ұшығын Кәмила Мағауия қызының бейнесінен алып келеді. Ауыр үкімді ер-азаматтай тік көтеріп, туған-туыстарына өлер алдында: «мен десеңдер, әруағым риза болсын десеңдер Мұхтарды ренжітпеңдер, сыртқа теппеңдер. Сыйлап өтіңдер» – деп өсиет айтар ма еді. Сонау алыстағы Ленинградта ой соқты күйде жүрген Мұхтарға өлеңмен хат жолдапты. Қоштасу жыры да сондай әсерлі, махаббатты сырға толы екен. Тек, үлкен сезімнің үзіліп түскен үш тамшысындай болған төмендегі үш шумақты ғана таптық.
Үш шумақ – жүрекке тамған үш ыстық жас тамшысы сияқты. Өлең былай басталады:
Сәлемет, сау ма денің өмірлесім
Қосылған махаббатпен көңілдесім.
Сағынып жүргенімде кеттің алыс,
Жүреміз өмір ғылып бұның несін.
Тілегім, бар қызығым ауды саған,
Бір сөзің жүрегіме тиді жаман.
«Жолыңа жаным құрбан»– деген қалқам,
Көрісер ме екенбіз есен-аман.
Зырқырап басқызбайды аяғым-ай,
Жүрер ме ем зыр жүгіріп баяғыдай.
Қайғымен құсаланып ғашық көніл,
Уайыммен өтеді-ау заманым-ай.
Асыл ару Кәмиланың алыстағы қалаға жолдаған сәлем-мұңын Семей қаласында тұратын, Кәмештің құрбысы Күлән Құндызбаевадан қағазға түсіріп алдық.
Кәмиланың Мұхтарға арнаған өлеңі ұзақ және әрқайсысы көңіл-күй ауанына байланысты әр мезгілде жазылған сияқты. Тіпті ол өзінің мұңлы өмірі туралы толғау да шығарған сияқты. Кәмиланы Мұхтар Ақшоқыдан ұрлап алдырғанда, Шыңғыстың ішіндегі үңгірге «мамайлардан» қорқып, бірге жасырынып жүрген немере сіңлісі Қауаш Әлімқұл қызы Ақылбай немересі Кәмиланың тағы да біраз өлең шумақтарын білетін боп шықты.
– 1927 жылы Кәмеш пен Мұхтар ажырасқанда апайымның өзі шығарған бір-екі ауыз өлеңі есімде қапты, соны айтып берейін, өзі ұзақ болатын.
Ата-анам өлді жасымда,
Тәрбие көрмей қасында,
Теріс те болдым – әруаққа,
Біле ме адам ашуда.
* * *
Көзінің сағынамын қарағанын,
Жүрекке махаббат боп тарағанын
Отырам күндіз-түні қапаланып,
Өмірімді ауру қылып жараладың.
* * *
Ей, жарым, жаным сүйген көңілім құлап,
Хат жаздым рахметіңнен етіп талап.
Демесең қар етейін мен ғарыпты,
Жауап бер шын көңіліңмен ойың балап, –
деп дауыс қосып айтатын да, қатты солқылдап жылап отыратын. Мұхтарды уайымдап, содан шерменде боп, арманда өтті ғой. Дерті де содан басталды. Біздің естуімізше, Кәмеш 1932 жылы қайтыс болды. Кәмештен Зере, Мағрипа деген екі қыз туған. Екеуі де жас кезінде өлді».
Сүйген адамынан мәңгі айрылғанын білген соң Кәмила өз бетінше дербес өмір сүруге талпынған сияқты. Техникумға да түсіпті. Бірақ сабағын жалғастыруға жағдайы көтермеген, 1928-жылы Абай ұрпақтары қудалауға түсіп, конфискеге ұшырап, жер аударылады. Соған байланысты оқуын үзіп алған. Сонда да Мұхтардың мұны тастап кеткеніне сенбегенге де ұқсайды. Өйткені, Мұхтарды күндеушілер 1925 жылдан бастап Кәмиланың атына әр түрлі ғайбат сөздер жазылған жеделхаттар, хаттар жолдап, әбден зықысын шығарыпты. Соған қатты алаңдаумен жүргенде Валентина Николаевнадан Елдос атты ұлдарының дүниеге келгені туралы хат алыпты. Мұхтар Ташкентке барар жолда Семейге соғып, Кәмиладан кешірім сұрапты. Бірақ Кәмила кешпеген көрінеді делінеді. Ищан Жағыпар қызының бізге айтқан бұл дерегінің растығын анықтаудың еш мүмкіндігі болмады. Ал Ниязбек Алдажаровтың айтуы бойынша Кәмила үшін екі рет күйінді болған Абай ұрпақтары қатты ренжіп: «Құнанбайдың әруағын басынды. Біз де есесін қайтарамыз» – деп Мұхтардың немере ағасы Арынбектің қызын (Жебірейілдің әйелі) төркініне қайтарып жіберіпті. Одан Алпаш атты ұл бала қалыпты. Абайдан қалған ұрпақтың бір бұтағы сол. Мағауия немересі Ищан (Ищағи) Жағыпар қызы, Разақ қызы Ғафурадан, Мұхтардың жиені Мәжит Диханбаевтан, Уәсила Мағауия қызынан Кәмиланың өміріне қатысты естіген жайларын жинақтап, бір ізге түсіре жүріпті.
Ищан Жағыпарова: «Кәмила туа салысымен Мөржан дүние салған. Содан Дәмегөйдің бауырында өсті. Тәуке батырдың тұқымы Дәмегөй де бетті болатын. Ерке, өткір, ақылды ару еді. Жеңгесіндей еркелеп өскендіктен бе, кейде оны Қәмила тыйып тастайтын. Туған қызындай еркелетті. Сондықтан Мөржаннан туған деп айтуға ешкімнің аузы бармаса керек. Тағдырдың жазуы шығар Мұхтар екеуі ажырасқан соң Аралтөбедегі біздің ауылда жатты. 1930 жылдары әкем Жағыпар Семейден мұғалімдік курсты бітіріп, Белағаш жақтағы Уба – Форпост селосына жолдама алды. Көшкен кезде Дәмегөй әжеміздің, Кәмила тәтемнің бізбен бірге арбаға отырғаны әлі көз алдымда. Үйдегі барлық қымбат заттарды, кітаптарды, неше түрлі суреттерді сандыққа салып, тошаланың ішіне көміп тастап кеттік. Оның алдында Семейдегі училище ме, техникум ба, әйтеуір бір жеңіл оқу орнына түскен. Өмірін қайта бастағысы келді. Абдолла деген татардың үйін пәтерге жалдады. Мені қасына алды. Бірақ денсаулығына байланысты жалғастыра алмапты. Ол Семейге келгесін бізбен бірге Белағашқа бармай қалып қойды да, Фрунзеге Уәсиланың үйіне кетті. Кейін Уәсила тәтемнің әңгімесінен ұққаным мыналар. Кәмила Ташкентте Мұхтардың қолды болғанын, абақтыға қамалғанын біліпті. Ертелі-кеш соны әңгіме қылып, не істер екен деп сұрап отырады екен».
Валентина Николаевна: «Мұхтар Омарханұлының екінші әйелі Мағауияның қызы Кәмила (Уәсиланың сіңлісі) еді. Олардың қай жылы үйленгенін білмеймін, тек білетінім, Абайдың үйінен ұзатылатын қыздардың салты бойынша жасауына Абайдың қолжазбалар жинағын ала келіпті. Бұлардың баласы болды ма, жоқ па, ол туралы Мұхтар Омарханұлы маған ештеңе айтқан жоқ. Егер бала болған күнде де, жастай өліп қалса керек. Біз үйленген кезде Кәмилада бала жоқ еді. Абайдың барлық тұқымдары сияқты ол да аурушаң болыпты, бірнеше жылдан кейін «Үлкен үйдің» бәйбішесі есебінде, ата-анасының бар байлығының ортасында тұрып ауылда қайтыс болды. Ал біз ғой, жоғарыда айтқанымдай, жалғыз жастықпен өмірімізді бастадық».
Жоқ, Валентина Николаевна, Сіз бұл арада қателестіңіз! Кәмила болып-толып, байлыққа бөгіп отырып өлген жоқ, қасіреттің уына өртеніп, ашаршылықтың азабын тартып барып бұл өмірден құсамен кетті. Бұл сөзіміз үшін аруағыңыздан кешірім сұраймыз. Шындық солай. Амал қайсы.
«Қаракөздің» – Кәмиланың тағдыры, міне, осылай.
Ал, сыртқы дүние, жаңа өмір Мұхтарды қалай қабылдады?
Сыртқы дүние «Қаракөзді» екіұдай көзқараспен қарсы алды. Бір топ – таңдайын қағып, көркемдігіне, шұрайлы тіліне «желдей ескен» лебіне сүйсіністі. Екінші жақ шоқпар ала ұмтылып, «а» дегеннен-ақ атойлап қарақшының түбіне жетіп барып, айғай салды. Бұл айғай қашан Мұхтардың көзі жұмылғанша басылмады. Тек кейде өрттей қаулап өршиді де, кейде сәл саябыр тауып, әр жерден күңкіл боп естіліп қалып жүрді. Мұхтардың прологтағы толғаудың арасына көп нүкте қойып жазуының өзіне шошына қарап: «Бұлардың тынған жерлеріне неге көп ноқат қойып кетеді. Ол ноқаттардың астында тығулы, жасырулы елге көрсетпейтін қандай жұмбақ бар» – деп Жұмабай Орманбайұлы қойған «жұмбақтардың шешуін, біз таптық па, жоқ па, кім білсін. Алайда, «Қаракөзге» қатысты жайдың аныққанығын жасырып қалғамыз жоқ.
Анығы – дәл осы «Қаракөздің» жазылу тарихы, өмірлік жолы қандай қиынға соқса, оның өнер сапары да сондай ауыр болды. Оған көз жеткізу үшін Мұхтарды жала мен наланың ортасына тастаған және бұдан кейінгі барлық кесірлі сөздердің «қозғаушы күшіндей», дәлелді себебіндей» көрінген «Құс жолындағы» мақалаға назар салсақ та жеткілікті. Автор жоғарыдағы әшкерелеулерін қорыта келіп: «Мұның бірі де емес, адам тумысында болмайтынды жазатын қияли жазушы деп осыны айтамыз. Неше түрлі ашықтар туралы біреуді тірілтіп, біреуді өлтіріп жазатын батыс пен шығыстың қияли (идеалист) жазушыларына еліктемек болдықты (болып – Т. Ж) жазушының ажарлаймын, суреттеймін, «мәденилестіремін» деп былықтырып алғаны. Жазушымыз қияли болғанда, Шекспирді көп оқыған болар. Көбінде Қаракөзді Шекспирдікіндей қылмақ болыпты. Бірақ екі кісі өлтіргенмен жазу білгеннің бәрі Шекспир бола алмайды ғой. Бұрын түйе көрмеген іштен келген бір татар бір ауылдан үлкен түйені көріп, онан кейін екінші ауылға келгенде түйенің ботасын көріп: «Жануар, түйе болам деп бола алмай қалған екен» – депті.
Сондай-ақ Мұхтар да Шекспир болам деп жануар бола алмай, бүлдіріп алыпты. Анығына келгенде Қаракөз жалғыз ашықтықтан өлмеуі керек еді, көп көрген қорлық, отырса басқа, тұрса аяққа ұрумен өлуі керек еді... Бұл арадан еңбекшілер қандай үлгі алады... Жалғыз-ақ бұл арасының пайдасы –діннің «шын тағдыр» дегенімен қиялилардың «шын махаббат» деген қияли пікірлерін күшейте беретін құрал» – деп ойын бір түйіп тастайды.
Мұны әдеби сандырақ, әдепке жатпайтын көргенсіздік демеске лажы жоқ. «Екі кісі өлтіріп... Шекспир боламын деп жануар бола алмай қалған» адам Мұхтар ма, жоқ, Жұмабай ма, оны уақыттың өзі анықтап, орнына қойып берді. Шекспирді де, Мұхтарды да «қиялилар» қатарына жатқызып, «тисе – қоса қабат, тимесе – жалаң қабат» деп шаптықса да, ол мақсатына жете алмады. Қайта Мұхтар оның осы пікіріне ерегесіп, Шекспирлікке ұмтылғандай әсер қалдырды. Ол – ағылшын Шекспирі емес, дала Шекспирі дәрежесіне көтерілді. Сол кездің өзінде «жануар» емес данышпан екен. Ал, «шын махаббат» – адам адам болғалы қадір тұтып келе жатқан ең аяулы сезім.
Оны, Жұмабайлар ғана түсінбеді. Мүмкін түсінгісі келмеген шығар.
Бұдан кейін таза кіжіну, қорлау басталады: «Енді Нарша мен Қаракөздің өлуі қалай: себепсіз ағаштың бұтағы сынбайды. Базарда адамның құнынан да артық бұйымдар бар, бірақ елдің бәрінің күші жетіп сатып ала бермейді. Көзі қаншама қызықса да қолы жетпей жүре береді. Адам адамға қызығу деген де осындай. Көшеде Париждің бір адам асқан сұлуы кетіп бара жатыр. Оған Мұхтарлардың бірі ашық болды. Ол сүймейді. Қолы жетпейді. Етер айласы жоқ жүре береді. Бірақ ол әйел сүймеді деп Мұхтарлар да өлмейді. Олай болса, ауырмай, сырқамай, ұрмай-соқпай, асылып, болмаса атылмай толық себепсіз адам өлмейді. Бұлай болғанда Сырымға ашық болып Қаракөз өлмейді».
Мейлі Париждің көшесінде, мейлі Жұмабай мақаласын жазып отырған Қызылорданың көшесінде болсын, бәрібір, асылзада махаббат қыдырып жүрмейді. Ол – ынтызар тіршіліктегі жүрек құпиясы. Мұхтар да сондай сезім шарпуымен «өле ғашық боп» барып жазған шығармасы бұл. «Қолы жетпесе де» уысынан шығарып алған адамның ащы запыраны, тіпті, жан дүниесінің зары. Мұхтардың пенделік ғұмырындағы ең осал тұсы, барлау тамыры. Өлген Қаракөз ғана емес, махаббаттын, да азасы бұл. Ал неге осылай болды? Оған сол Қаракөзді дүниеге әкелген Мұхтардан басқа ешкім де жауап бере алмайды.
Өлі мен тірінің пікір таластыруы – (жолсыздық, жөнсіздік боп табылады. Дегенмен де, өз тіршілігінде екінші бір адамның алдына ор қазып қойып, оны солай қарай қақпайлаған күйкі пенделікті кешіру де, үнсіз қалу да – «ар ұялатын іс емес» (Абай). Жұмабай жолдас қолына кездейсоқ қалам алған жоқ, және «құрбандығы» жалғыз Мұхтар емес. Ендеше, іркілудің де реті жоқ сияқты... Бірақ бұл сыншының кейінгі тағдыры қандай зауалға ұшырағаны белгісіз, отызыншы жылдардан соң аты өшіп тынады. Ол да сталиндік репрессияның тырнағына ілінді ме, қайдам. Әйтеуір Мұхтарға «қатерлі үкімін» шығарып үлгіріпті. Оның тұжырымы мынадай:
«Қаракөзде» пролетариат әдебиетінің иісі де жоқ. Оның жолына қайшы, пролетариат салтына да сыймайды. Тілегіне келмейтін бөтен.
Енді «Қаракөзді» не дейміз?
Жалпы қазақ салтына келе ме? «Қаракөз» жоғарыдағы дәлелдермен саяси бағыты теріс болғанымен қатар қазақтың салтына да келмейді, байлардың қиялы. «Солардың» әдебиеті.
Ендеше «Қаракөзге» бәйге неге берілді?»
Міне, гәп осы сұрақта. «Қаракөзге» өкпесінің қазандай болатын себебі де бар екен. Оны автордың өзі де былай деп мойындайды:
«Пьесеге бәйге жарияланды. Бәйгенің басына комиссия сайланды. Сонда біздер шет қалаларда жатып: «бәйгені Мұхтар, Жүсіпбектер алады» – дедік».
«Комиссия оларды жақсы біледі. Оларға бәйге шапса да, шаппаса да береді. Олар бәйгеге кітап жазарда бәйгені алатын болып комиссиямен келісіп жазады; басқалар бәйгеге түсіп әуреленбесе де болады дедік. Осыны айтушы жолдастардың осы күні бәрі тірі, «Қызыл Қазақстан» журналында бір жолдас: «Бәйгенің қарақшысы – пролетариат үстемдігі. Кімде-кім бәйгеге түсетін болса –сол қарақшыны көз алдынан кетірмей, нысана қылып жазсын. Сонда ғана бәйгеден келеді. Ол нысананы көрмеген, білмеген жортақыларға бәйгені бермеу керек» – деді. Анығында осы жолдастыкі дұрыс еді. Бірақ жоғарыдағы сәуегейлердің пікірі де далаға кеткен жок. Өтірік болса – айтушының жаны шықсын. Бәйгеге түскен 30 кітап қаралмай қалып, Мұхтар «Қаракөзді» жаза салып, бәйгені алды. Бәйге емес, комиссияның жай бере салған ақшасын алды. «Қаракөз» басылып шықты, сахнаға қойыла бастады. Көргеннен кейін көруші жұрт: «Бәйгені «Қаракөз» алған жоқ екен, Мұхтар алған екен! Мұхтардың сүйкімділігі алған екен!...» – десті. Осыны айтушылар да тірі. Әлі де айтады.»
Сонда бұл пікірді айтып жүрген кімдер? Егер де бәйгеге түскен дүниелердің ішінде «Қаракөз» бен Жүсіпбектің «Шерниязынан» шоқтығы биік туынды болса, онда ол қандай пьеса? Сол кезде жазылған бұл екеуіне пара-пар шығарма әдебиет тарихына әзірге белгісіз. Табыла қоюы да неғайбыл. Бірінші бәйге – біреу, конкурс комиссиясы – біреу. Бірақ та соның өзінен саяси астарды сауыртпақтап шығарып:
«Пролетариат қарақшысының басында отырғандар «Қаракөзді» байлардың қарақшысына шауып келсе де бәйге берді. Бұл арада комиссия өте қателесті. Қателескенде әдейі қателесті. Бәйгені емес, Мұхтарды сыйлап ақша берді. «Қаракөзге» бәйге бердік дегенге ұялмаған комиссия мүшелерінің беттерінің қалыңдығын айтсаңдаршы. Болмаса – ұялмақ түгіл өліп қалатын жұмыс қой» – деп бет жыртысуға барады.
Кімнің беті қалың, ұяттан өліп кететін кім еді? Пьесаның да, сын мақаланың да аты – «Қаракөз». Тек бірі – «айыпкер», бірі – айыпталушы. Ақиқат қай жақта?
Біз оны талқыға салмаймыз. Тек, соңғы «Қаракөздің» Мұхтарды екі жыл темір тордың ішінде отырғызып қоюға мұрындық болғаны анық. Дегенмен ол да өзінің діттеген қаскөй мақсатына жетіп тынды.
«Қаракөз» қақында өзге де басылымдар қарап жатпады. Оның бәрін теріп шығу мүмкін емес. Дегенмен де республикалық партия комитетінің сөз ұстар басылымы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған Оспан Шәріпбайұлының «Салт-сана жайында» атты мақаласында Жүсіпбек пен Мұхтардың шығармалары қатты сыналды. Ол «Қаракөздегі» домбыра, сыбызғы, сал-серілік туралы алғашқы толғауды толық келтірді де: «Мінекей, бұл сөздермен жастарымызды үкі тағып, жындандырып, сері, пері қылуға әуліктірді. «Алаштың» ескі жынын қоздырып, жастарды пролетариат бағытынан тайдырды. Мұнан зиян әдебиетті Кеңес өкіметіне дұшпан болып отырған шет мемлекеттің, байлар мемлекетінің баспасөзінен де таба алмассың» – деп қорытты. Мақала емес – үкім. Оспан Шәріпбайұлының бұл тілегі «қабыл болып», сол жылы Ахмет, Әлихан, Жүсіпбек, Міржақып бастатқан қазақ көсемдері қамаққа алынды, іле ол тұзақ Мағжан мен Мұхтарға да түсті. Бұлардың сот ісі жөнінде «Шырмалған шындық» атты мақаламызда толық мағлұмат берілгендіктен де оның жай жапсарын қайталап жатпаймыз. Соттың немен тынғаны белгілі ғой.
Өмірінің қызық та қиын бір белесі болған Ленинградтағы күндер туралы бұл бөлімді Валентина Николаевнаның мына естелігімен тәмәмдаймыз:
– «Біздің некеміз заңды түрде 1936 жылы 5 шілде күні, сол кездегі Алматыдағы жалғыз қалалык ЗАГС-те тіркелді, содан бастап өсіп қалған Ләйлә: «Неге папам екеуміздің фамилиямыз бірдей, ал мамамдікі басқа» – деп сұраумен болды. Ал некеміздің нақты қиылған күніне келетін болсақ, оны өзіміз де білмейміз, сондықтан да менің туған күнімді – 1927 жылдың ақпанның 25 жұлдызын «той күніміз» деп белгіледік. 1927 жылы мамыр айында Декабристер көшесіндегі № 14 үйдің № 1 пәтеріндегі бір бөлмені жалға алдық. Біздің қожайынымыз теміржолшы еді. Зады бұл бұрын байдың үйі болса керек, дәліздегі бір бөлмеге кіретін екі есігі бар, онда бізбен бірге көшіп келген Әлкей Марғұланнан басқа да адамдар тұратын, залы сондай әсем безендірілген, терезелердің ортасындағы кернезіне алтын жалатқан таушасы болатын. Мұнда үш ұшқыш, оқып. біреуінің әйелі және бес өзбек тұрды. Айтпақшы, 1928 жылы жаз айында мен осы пәтерде Сәбит Мұқановты тұңғыш рет көрдім. Бұл кезде біз ол үйден кетіп қалғанбыз, үй иесі әйеліне сәлемдесе шығайын дегем. Ол маған: бір қазақ Әлкей Марғұланның тілек хатын әкелгенін, оның қазір осында тұрып жатқанын айтты. Сол кезде жиегі жалпақ қара қалпақ киген Сәбит те кіріп келді, біз таныстық. Кейін Сәбит өзінің бір кітабында біздің үй иесінің әйелі туралы сондай әдепсіз пікір білдіріпті. Әлкей маған: сондай жақсы адамдар еді ғой, Сәбит оларды тоғышар етіп көрсетіпті – деп ренішпен айтты. Жасау-жиһазды кең үйде Сәбит жалғыз өзі тұрды, демек, үй иесі әйелінің оның қалтасын қағуы түсінікті. I Думада бірге істеген әріптестерімен (фамилиясын ұмыттым) жолығу үшін Мәскеуден арнайы келген сайын Әлихан Бөкейханов үнемі осы үйге түсетін. Ол өзін Александр Николаевич деп атайтын, қолыңды сүйіп амандасатыны мені таңдандырды. Мұндай әдет ол кезде ұмытылып кетіп еді...
1927 жылы маусым айында біз осы тұңғыш пәтерімізге тіркелдік, бірақ та мен ата-анамның қолында тұра бердім де, Мұхтар Омарханұлы жаз бойы елде болды. 1927 жылы 4 қыркүйекте Мұхтар Омарханұлының 5 күні Ленинградта болатыны туралы Мәскеуден соққан жеделхаты келді. Оны «өзіміздің бөлмеде» қарсы алу үшін таңертең ерте сонда бардым, жолай Мальцев базарына соғып табақ пен май және тағы бірдеңелерді сатып алдым – бұл біздің үйіміздің алғашқы бұйымдары еді... Содан кейін, әуелі 1927 жылы 31 желтоқсан күні дүниеге келген тұла бойы тұңғышымыз – Елдостың жарыққа келуін күтумен, кейін оны мәпелеумен күн кештік».
Кәдімгі үй-ішінің тіршілігі. Бірақ та Мұхтар үшін сондай шабытты шақ еді. Себебі «Қилы заман», «Қараш-Қараш», «Хан Кене» осы кезде, айналасы алты айдың ішінде жазылды. Смағұл Сәдуақасовқа дәл осы кезде өзі туралы: «26-27 жылы «Сұғанақ сұр» деген повесть жазып едім, баспаға шықпады. 27-жылдың күзінен бері «Қараш-Қараш оқиғасы» деген бір повесть жазып «Жаңа мектепке» жібердім. Аяғында жақында «Қилы заман» деген бір ұзақ әңгіме жазып Госиздатқа жібердім. Ірі жазғандарым осы» – деп мағлұмат берді. «Қилы заманды» ұзақ әңгіме дегеніне қарағанда «Сұғанақ сұрдың» көлемі қандай болды екен деңізші. Архив тартпаларының бірінен шығып қалу үміті әлі де үзіле қойған жоқ.
(жалғасы бар)
Abai.kz