Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 6717 5 пікір 27 Сәуір, 2018 сағат 13:35

«Жан беру»

Несібелі апа әуелгісіндей әңгімесін айта бастады. Әршінақын деген байдың малын бағып жүрген кезіндегі бір оқиғаны ойына түсірген екен...

-Сөйтіп жүргенде аяқ астынан бір қырсық сап ете түсті. Бәле қайдан жала қайдан дейтін емес, олда Алланың сынағы шығар, басымыз дауға қалды. Бағып отырған малымыздан, Семіз, болған дөнен өгіз ұшты-күйлі зымзия жоғалды. Көзден таса қылмай қарап жүрген, бір түнде ғайып болды. Қаңғып кететін бұқа емес, кешінде өрістен келген мал қайда барады, Қасқырдан аман екені анық, құлап өлетін қыс емес күздің кезі, малдың әбден семірген шағы, неде болса қолды болғаны белгілі... Рахымберді болғанын болғандай етіп Әршінақынға барып айтты. Олда пенде «Жуықта базарға шығарайын деп отырғамын, екеуміздің келісіміміз бар, жоғалған малға кешірім жасамаймын. Ол сенің бір жылдық еңбек ақың, басқа сөз жоқ, Төлейсің!» депті. Бізгеде оңай дейсің бе? Бір жыл бойы аш отырғанмен бірдей, еткен еңбек төккен тер далаға кетті деген осы...

-Бай еке, малыңызды жәп-жақсы қарап жүргемін, менен болмағанын өзіңізде біліп отырсыз, сол күндері осы ауданда шығаннан шыққан ұры Бабаханды қырдан көзім шалып еді. Айналадағы сұқтанғандардан тіл-көзде өтіп кетті-ау деймін!.. «Байдың малын бағып шыр біте қалған мынаның әуселесін көрейін»-деген, болуға тиіс. Менің куәм жоқ болса да, күдігім күшті. Одан өзге жан-пендесі тимеген болу керек.

-Онда қалысқа түсесің бе? Күдіктенген кісіңнің үстінен арызданасың ба?-депті бай.

-Нар тәуекел арызданамын. Босқа күйгенше өзімді дәлелдейін.

-Мақұл ендеше,  мен арыз жазып берейін, сен қолыңды қой, жоғарыға тапсырамыз.

Өзіне сенімді Рахымберді қағазға қол қойып беріп бір тәуекелге бел буды. Жергілікті тергеушілер қанша сұрап тексерседе әккі Бабаханды мойындата алмады. Дәлел-дәйексіз, ешбір куәсіз тергеушінің де шарасы таусылып, «бұл мәселені ақсақалдар арасында өздерің бітіріңдер!»-деп, сырғытып тастады. Рахымберді де бастаған ісін жолда қалтырмай бес қарияның алдына жүгініп ұрының сөзсіз Бабахан екенінен танбады. Ұйғыр мен қазақтың қариялары ақылдаса келе «Жан беру» арқылы анықтауға келісіпті.

Сол күні қариялар Рахымберді мен Бабаханды  бейіт басына шақырыпты. Алдын ала қазылып көр даярланып қойылыпты. Көр болғанда да кәдімгі өлген кісіні қоятын ақымы ашылған шынайы қабір екен. Үкім мынау: Арызданушы Рахымберді алдымен мынау қазылған көрге түсіп жатады. Бір сүт пысырым уақыт күтеміз, айтқаны ақ болса аман шығады. Ісі қара болса жатқан жерінен тұрмайды. Ал, онан соң күдікті Бабаханды жатқызамыз, ол өзгенің малын алмаса аман шығады, момынды заржылатқаны рас болса, сол жерде тілтартпай кетеді.

Рахымберді дәретін алып бір Құдайға тәуекел етіп қариялардың алдына келеді. Жергілікті молданың пәтуәсі бойынша тірі адамның «жаназасын» шығарыпты. Сонан соң, «Бісмілла! бәрін көріп тұрған Алла, өзіңе тәуекел еттім» деп қабірге түсіп, аяқ-қолын созып ұзынынан жатады. Айтқанындай сүт пысырым уақыт толып, Қазы «Әй, Рахымберді, тірі болсаң тұр орныңнан!»-дейді. Рахымберді «Иә, Алла!» деп орнынан тұрып көрден шығыпты. Одан соң «Ал, Бабахан ендігі кезек сенікі!»  дегенде, бейшара ұры жер шұқып орнынан қозғала алмай қалған екен. Мың жерден заңды айналып өтіп, теңдік бермесе де, бәрін көріп тұрған Құдайдың алдында тәуекелге бара алмай мысы құриды. Мынау көрге жатса, орнынан қайта тұрмай қалатынын ол жақсы біледі. Жерден шыққандай құмыққан дауыспен,

-Әршінақын, ұры мен едім. Алған малдың басына қосақ, артына тіркеу беріп айыбымен төлейін. Мынау көрге әзірше түскім келмейді!-дейді, мойнына су кетіп.

Осылайша ұрлықтың дауы шешіліп, Рахымберді ақталып шықты.

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303