Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 9284 13 пікір 28 Маусым, 2018 сағат 17:16

Әлімжанға әлі көп іздену керек...

жас талап Ә.Әлішер шығармашылығындағы кемшіліктер  хақында

Ә.Әлішердің «Мені құшақта» жинағына сын

   

Әдебиетке соңғы бес-онжылдықта келген жас буынның әдебиетсүйер, өлеңсүйер қауымға танылып үлгергені бар. Соның бірі – Әлімжан Әлішер баласы. Жақында Ә.Әлішердің «Мені құшақта» деп аталатын тұңғыш жеке жинағы жарық көрген болатын. Әлеуметтік желілерде түрлі қоғамдық топ өкілдерінің мақтап, бағасын асырып отырған «Мені құшақта» жинағын біз де оқып көрдік.

Сонымен, Әлімжанның кітабын сын көзбен парақтай отырып, екіұдай күй кештік. Өлеңдері қатты боранға төтеп бере алмайтын қауқарсыз;  былық-шылығы көп балаң, шикі екені көзге бірден көрінеді. Бәлкім, бұл жазғандарын тезірек жинақ қылып, оқырман назарына ұсынуға асыққан замандастың албырт шағындағы көңілінен туындаған сезімі болса керек. Оны да түсінуге болады. Десе де, осы Әлімжанымыз 18-20 жастағы бозбала емес, елге танылып қалған, жігіт жасына келген азамат емес пе, сондықтан оның жасына мұндай бір емес, екі-үш қайнауы ішінде, толық жетілмеген шарана өлеңдер лайықты емес еді.  Амал нешік, Әлімжанның әдеби ортаға енуі осылай өте сәтсіз қадаммен басталып отыр.

Мысалдарға жүгінейік:

Мен аспанға қол созамын,

Қол созады аспан маған.

Тек жақсылық аңса, жаным,

Өмірім бар басталмаған. (?)

 

Қылсаңыз да дүр қошемет,

Міне, осындай көрінісім.

Мен бір емес бірнеше рет(?)

Жеңілгенмін жеңу үшін!

Дәл осындай сезім көзім,

Тәуекелге әзір кезім.

Жұбатамын өзімді-өзім,

Ұнатамын өзімді-өзім!

 

Сіз де онымен дос болдыңыз,

Алдамасын алау-сағым.

О, зиялым, қош келдіңіз,

Осы жүрек ғаламшарым! –

деп жүрегін ұсынып, «Мені құшақта» деген жинақтың беташары осы  «Жаратылыс» (5 б.) өлеңмен басталыпты. Әдемі безендірілген жинаққа публицистикалық темпераменті өте көп, айтары аз, сұйық өлеңдер талғамсыз еніп кеткен. Жоғарыдағы өлеңнің алғашқы шумағында өмірді енді бастаған адамның екінші шумақта әлденеше рет соққы алып, «өмір сынына қарсы жүзем!» деген даусын естіп, тосырқап қаласың. Осындай бір-біріне қарама-қайшы келетін шумақтар көп-ақ. Қарап отырсаңыз, жеңіл-желпі жазылған  жазбадан не мінез, не дауыс көрмейсің. Төмендегі мысал «Экстаз» деген өлеңінен:

Ғажайыпты күтерсіз, сірә, менен,

Бір емес, сан сүрінген Құлагер ем.

Қаламым бар – сиқырлы таяқшам бар,

Түртіп қалсам, құлпырып шығады әлем.

Қалған шумақтар да осы шамалас. Сонымен, осы жолдарда қандай көркем өрнек, қандай сонылық бар? «Сіз олай қарамаңыз, есім дұрыс// Қаңтардың тоқсаныншы күні бүгін» дегендей бұлыңғыр әрі күмәнді түйіннен не жаңалық табамыз?  Осы өлеңде айтылған барлық жай – кез келген деңгейдегі оқырманға жақсы таныс, ап-айқын нәрселер. Оңай айтылған, жеңіл жазылған сөздер биттей өріп жүр. Мәселен: «Бағдаршамда тоқтай сап жасыл жанса// Қызыл жанса керісінше кесіп өтер», «Түс көретін уақытта оянатын// Оянатын уақытта түс көретін», «Қателік деп білмейтін бұл тірлігін// Осындаймын, осынша бір түрлімін» т.с.с.  

Әлімжанның шығармашылығындағы зор кемшілік – өзге ақындардың тауып айтқан ойларын «жиендеп» имендену, вариацияға айналдыру. Демек, бұл тек Ә.Әлішерге ғана емес, осы сықылды тағы басқа жас буынның шығармаларында жиі көрініс беріп жүрген жай болып отыр. Жас буынға еліктеу-солықтау жарасқанымен, өз жолын, өз сүрлеуін таба алмаса, бұл кешірім көзімен қарауға тұратын нәрсе еместін. Мысалы, Әлімжанның «Жалғандағы жалғыз мекен» өлеңінде:

Қасиетіңнен ғұмырыңа жалғасты,

Көз алдымда барлық әлем алмасты.

Сазға толы ғажайып үн әлдилі,

Ана болды айтқан сөзім алғашқы,

Ана болды айтқан әнім алғашқы.

 

Есімің бар өшпес мәңгі санада,

Сенсіз менің бақ жұлдызым жана ма?

Сен өзісің мейірімнің жалғанда,

Сен өзісің ұлылықтың жан ана.

 

Мұхиттардың кезсемдағы жағасын,

Сезсемдағы қасиетіңнің бағасын.

Мен қаншама бұл ғаламды аралап,

Құшағыңдай жер таппадым анашым,

Жүрегіңдей жер таппадым анашым.  

Бұл өлең – «Ару ана» әнінің желісімен жазылғаны байқалады. Тіпті, сол әннің сөздері кірігіп кеткен-ді. Қалған шумақтарынан селт еткізер сезім көре алмадық.

«Гүл сатамын» деген өлеңінде жақсы лирикалық көрініс бар. Адамдардың бір-біріне деген мейірімін арттырып, жақсылыққа жасауға асыққан Әлімжанның бұл ойы дұрыс болғанымен,  өлеңнің жеңіл формаға құрыла салғаны өкінішті. «Өмірде сатылмайтын дүниені// Сатып келем, жарығым, гүл арқылы» деп жалаң уағызбен түйіндей салған. Жас талаптың таза ниетіне еш қарсылық жоқ, бәрі дұрыс. Дегенмен, жаңалығы да, көркемдік ерекшелігі де жоқ. Әдетте, айтыс аламанында сөз қағыстырып отыратын ақындарға тән «айтқыштық» қасиет жақсы болғанымен, жазба поэзияның заңдылықтарына келе бермейтінін ескерген жөн сияқты.

Ә.Әлішердің қай өлеңін оқысаң да сергелдең сезімге түскен, шын қимастық, әлдебіреуге ынтыққан сағыныш, аңсар барын көресің. «Мені құшақта» лирикалық бағытта жинақ болған соң, махаббат машақатын тартқан бозбаланың жүрек сыры сияқты қабылдадық. Бірақ ( тағы да «бірақ» демеске шара болмай тұрғаны) сағыныштан туған аңсар әннің, сүйіспеншілік сырын шерткен өлеңдердің бәрі қалыпты дүниелер. Жаттанды ұғымдар, жасандылық, сезім салқындығы бірден «менмұндалап» тұрады.  Жас қалам иесінің лирикалық кейіпкерлері, дұрысы лирикалық Мені жеті түннің ішінде әлдекімді аңсап торығады, алыстағы біреуді сағынып, бөлмесіне сыймай шарқ ұрады. «Ғашық жанның басындағы хәл бөлек» болған күннің өзінде де сол баяғы ескі сүрлеу, ескі картина. Оқи отырып, «осы да сөз болып па?» дегендей ғана қарайсың. Жүрегіңе, сезіміңе әсер етпейді. Өйткені өлең жалаң, сезім жасанды. Поэтикалық күш-қуаты жоқ өлең оқырман кеудесіне шабыттың шырын тамыза алмайды. Мәселен,  «Жаңбыр әні» деген өлеңіне зер салсақ:

Көңілім бар көктемнің бүршігіндей,

Шақырады Ол өзіне тылсым үндей.

Сол бір үндей ғажайып жаңбыр әні,

Жаңбыр әні – жүректің дүрсіліндей.

 

Жыр саулайды бұлттардың қанатынан,

Көрдім бақыт аспанның тарапынан.

Жаңбыр әні мазала, мазалай бер,

Тыңдап сені тағы да таң атырам.

Осылай тақпақтап келіп, махаббат, сезім мөлдірлігі мен ынтықжанның қастерлі кейпін:

Сағынулар, күтулер, аңсатулар,

Осындайда жүрегің болса тулар. (?)

Жүрексінбе жаңбырдан, жаңбыр емес,

Көз жасынан қорғасын қолшатырлар (?) –

деп түйіндей салады. Не деген салқын, эмоциясы жоқ, жеңіл жолдар еді?! Әлімжанның бірқатар өлеңінде осындай жүдеу, қайталанатын ойлар мен сөздер біршама. «Жаурағанда жаныңнан табылғанмын// жанарыңның ішінде жоғалғанмын»; «Қандыра алмай шөлімді теңізден еш// Ешкім мендей жаныңнан мән іздемес»; «Жанарыңа осылай байландым да// Жүрегіңнен осылай жеңілдім мен!»; «Өзің жаққа сүйреді сағынышым// Ұшып келді сен жақтан сезімдерім»; «Өзіңменен ауырдым да// Өзіңменен дерттендім»; «Жүрегімді жетектеп ал, кете бер// Өз еркіңмен келмесең»; «Кеудемдегі жалынды саған деген// Сөндіре де алмады Көз нөсері»;  «Жолықтық біз тағы жаңбыр астында// Кездестік біз тағы жүрек үстінде»; «Сен жай ғана тартымды жыртқыш шығарсың// Жүрегімнің жартысын жеп тауысқан» (Не деген теңеу еді?!) т.б. осындай жолдарға қарап, қалай таңырқанбайсың?

Өлеңнің биік үдесі, көркемдік талабы тұрғысынан қарай отырып, Әлімжан Әлішерге айтар ескертпеміз: сөзді жүйелі, орнымен қолдануға мұқият болу. Негізі, кез келген жас талап иесі өлең болсын, әңгіме болсын әйтеуір көркем дүние жазу барысында сөз әуезділігіне, тіл көркемдігіне қатты мән бергені дұрыс. Сөзбен жұмыс істеу, сөз мағынасын түсіну – ең зор мәселе. Осы жағынан алғанда, Әлімжан өлеңдерінің дүмбілез, шикі болуы заңдылық. Себебі оның шығармашылық ізденісі аз, өзін-өзі кәсіби тұрғыдан жетілдіру бәсең. Егер, ол көп оқып, көп ізденсе, сөзсіз әр сөздің мәнін біліп, мағынасын ажыратар еді. Мысалы, «Қалай ғана оп-оңай күлесің сен, Жүрегімнің жатса да тісі ауырып» дегені несі, тәйірі! О заманда, бұ заманда адам жүрегінің «тісі» бар ма еді! Қиял жетегіне берілгеннің өзінде, сөзге абай болу керек емес пе еді. «Жүрмін қазір Лаураның маусымында, Ал, сағатым Лаурадан Лаура кетті» деп өзінің музасы болар Лаураны өзінше жырлаған жас талаптың «Лаурасы» сәтсіз шыққан көшірме ғана. Жұматайдың «Ләйлісін» оқып, өз «Лаурасын» суреттеген болады. Осы өлеңге ден қойсақ:

Исі шығып тұрады жерден оның (?)

Оған бірден бақытқа жол беремін.

Атын айтсам – мен оның жаурамаймын,

Атын айтсам – басылар шөлдегенім.

немесе:

Тең қоямын Күн менен Ай үшеуін,

алаңдатар мені ылғи жайы соның.

Білем оның балдан да тәтті екенін,

Сосын Лаура қосылған шай ішемін.

 

Алақандай бағымды қолға берсін,

Көңіліме басқаша арман енсін.

Мен ғашықпын!

Әлемде бұдан былай –

Махаббаттың есімі «Лаура» болсын!

Лаураға ғашық адамның жан дүниесі жайдақ, ой әлемі жұтаң. Тебірентпейді. Толғандырмайды. Жүрегіңе жетпейді. Ғашық адам жүрегіне, сезімінің қалтарыс-бұлтарысына үңілмеген, көңілдің гармониясына зер салмаған. Ғашық жанның жанарына, оның жазылмаған жырына, айтылмаған сырына қанық болмаған поэтикалық ойдың таяздығы осылай қарабайыр болады.  Көп оқу керек демекші, расыменен, Әлімжанға ендігіде көп оқып, көп іздену мақсат емес, міндет. «Жиенқұм жыр» (38 б.) өлеңінде:

Әрбір ұлың дүр десе де болады,

Әрбір қызың үр десе де болады.

Жанарыңды күн десе де болады,

Тікеніңді гүл десе де болады,

Есігіңді ілмесе де болады, -

деген екен. Бұны да жай айта салғаны болар. Әйтпесе, көркемдігі солғын. Бір анығы – Әлімжанның шығармашылығындағы сөздердің аясы тым тар. Тар болғаны соншалық, сол «ғаламшар», «есігі ілінбейді», «мейірім», «дүр», «сезім ырымы», «құшағындай жер» деген сияқты т.б. сөздер әр өлеңінен қылаң ете қалатыны сондықтан.

Жас талаптың «Хан апама хат» (Ақын Ханбибі Есенқарақызына жазған арнауы) өлеңінде:

Қарт Қаратау сабырлы бегіміз қалай,

Қарапайым қадірлі еліміз қалай?

Оңтүстіктің асаси аспаны қалай,

Айтпақшы, жеріміз қалай?

 

Аспан жылу төкпейді бекерге олай,

Түркістандай киелі мекен қалай?

Бақытжан әкем қалай,

Мархабат көкем қалай? –

деп жазылған бұл хат түріндегі өлең шын мағынасында өлең емес, телефон арқылы хал-хабар сұрап отырған адамның кейпіне ғана келеді. Сосын поэзияда ауызекі тілде сөйлей беру оқырманды қандай ойға қалдырарын кім білсін?! «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бишарасы» деген Абай хәкімнің сөзін поэзияға қойылар талап,  ескертпе-ереже, қасиетті Құран сөзіндей қарауымыз керек!

Ә.Әлішердің «Апа», «Аспан, сен білесің бе?», «Ақын ауыл», «Жоғалған кітап», «Жұмекенге» секілді тәуір шыққан өлеңдері бар. Жас талап шығармашылығының жетістігі сол – жақсылық пен мейірім сәулесін көрсету. Бірақ, бұл поэзия үшін аз элемент нәрсе ғана. Төрт аяғын тең басқан шумақты өлеңдер жазу – оның қолынан келеді.

«Мені құшақта» жинағына қазақтың интеллектуал ақыны, қазақ поэзиясына жаңалық әкелген Ерлан Жүністей құшағы кең ағамыз алғысөз жазыпты. Адам баласының көңілін қимайтын Ерағамыз інісіне жомарт болыпты. Ал, жинақтың редакторы өзіміздің қатарласымыз Шерхан Талап болған екен. Қазақ сөзінің құдіретін білетін, ақындық мәдениеті бар Шерхан өзіне тапсырылған жұмысқа сын көзімен қарап, өңдеу керек еді ғой...

Сөз басында айтқан әлеуметтік желідегі жұрттың пікірін «көңіл» үшін мақтап, «көңіл» үшін бағасын арттырғанын түсініп, Әлімжанға жаның ашиды. «Өз қотырын өзі қасысын» деуге болатын еді, бірақ әдебиет алдындағы жауапкершілік үшін республикалық деңгейдегі мүшәйра, әдеби байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ОҚО-ның  2014 жылғы «Ең үздік ақыны», халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, ел үміт артқан Әлімжандай замандасқа шынайы ниетпен сөздің әділін айтайық деп шештік.

Біз, жас талап Ә.Әлімжанның  бойындағы Жасаған Ие берген талабын жоққа шығармаймыз, керісінше сол Тәңірінің сыйы болған талабының өсіп-жетіліп, өркендегенін қалаймыз. Соны қалай отырып, Ә.Әлімжанның жазар әр сөзінің сапалы болғанын талап етеміз. Сұңғыла А.Сүлейменов айтқандай, сынның міндеті – жастар творчествосындағы тәжірибесіздіктен туған болбыр, күйкі жәйттарді әлі келгенше көрсетуге көмектесу, кеңес беру болмақ. Алдағы уақытта жас талаптың көркемдік кеңеске құлақ асып, еліктеу-солықтау, жасандылық пен жаттандылықтың ауылынан іргесін аулақ ұстап, өз жолын тапса екен деген ниетпен жақсылық тіледік. Егер, Әлімжан осы қалпынан тезірек айырылмаса, атағы мен жарнамасы қанша мықты болса да, қатардағы көп өлеңшінің бірі болып қала бермек. Осыны ескеріп, болашақты ойлап, дереу шығармашылық ізденіс әлеміне ену керек.. («Жүрекпен жазылған өлең» сияқты смайликтерді «сөйлету» өлеңге форма тауып, тыңнан түрен салған болып табылмайды, бұл таза жасандылық, осындай «жаңашылдықтан» күдеріңді үз!).

PS:  Өлең! Құдіретті өлең, парасатты поэзия, лирика туралы айтар ой көп. Парықсыздық пен парасатсыздықтан, жасанды мұң, сала-құлаш тіркес, ашық-шашық теңеу, ой, сөз жүйесіздігінен ада, шынайы өлеңді оқығың келеді. Жас буын ақындардың шығармашылығынан үміт күтесің. Сенесің. Бірақ алдыңнан сылдыр-сылдыр бос сылдыр сөз, былдыр-былдыр бөбек сөз шығады да тұрады. Сосын «Е, бұл да өлең техникасын меңгерген өлермен өлеңші екен» деп қынжыласың да қаласың...

Елдос Тоқтарбай, әдебиет сыншысы, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963