Елді дүрліктірген Қарабалық батыр ескерткіші тұғырға қонды
Қарабалық ауданында таяуда ғана ғаламтор тұтынушылары арасында қызу талқыға түскен құлатылған ескерткіштің орнына жаңа мүсін орнатылды. Қарабалық батырдың ескерткіші 25 қазанда ресми түрде ашылады.
2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына орай орнатылған ескерткіш жарамсыз болып қалған болатын. Қарабалық ауылы әкімдігінің өкілдері осыған орай басқа шешім қабылдады. "Жаңа нысан таза қоладан жасалды және бұрынғы ескерткіштен 50-70 сантиметрге биік болды. Ол үшін Алматы қаласына тапсырыс берілді. Бұл мүсін "Қарабалық батыр" қоры қаржысына әзірленіп жатыр", — деп ақпарат берген еді селолық округ әкімі Асан Шектібаев.
Жаңа ескерткіштің суреттерін сол аудандағы Жаңбырбай Көлбаев есімді оқырман облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясына жолдапты.
«Абай» порталында да Қарабалық батыр туралы материалдар берілген болатын. Қараңыз. "Құлатылған ескерткіш орнына ешкімге белгісіз Қарабалық батырдың мүсіні қойылады", "Қарабалық батыр өмірде болған адам", "Аңыздық деректерге абай болайық!"
Енді оқырмандардан сүйінші сұрауға болатын секілді. Батыр ескерткіші тұғырға қонды. Ол Тоғызақ өзенінің жағасына, аудан орталығына кіреберісте орналасқан. Аудан орталығы да осы батырдың есімімен аталады.
Асылбек Шаяхмет
Abai.kz