Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4971 1 пікір 14 Мамыр, 2011 сағат 16:28

Қайнар Олжай. Шаян хақындағы баян. тақпақ пен таным, дәстүр мен дабыл арасын қамтиды-ау

ТАҚЫЛДАҒАН ТАҚПАҚТАР

ТАҚЫЛДАҒАН ТАҚПАҚТАР

Мынау бір артық, бір кем дүниеде қанша тақпақ жаттадық екен, өзі?
Кітаптағысы бар, елден естігеніміз бар. Онда шопан, тракторшы, шопыр атаулының бәрі ақын ба дейсің. Бала тіліңді қызықтап, бір-бір тақпақ жаттатып кетеді.
Тау басында трактор,
Лампочкасын бұрап тұр, - деп келетіндері, әйтпесе:
Тауда қоян ізі бар,
Кәллекейдің қызы бар, - деп басталатындары - еш кітапқа енбеген, ауылдағы ағалардың туындысы. Өлеңдердің таудан басталатын себебі: балалығымыз өткен жерде тау көп еді. Бірінен бірі асқақтап, ақыры Тарбағатайдың ең биігі Таз тауына жеткенше. Одан ары - Қытай. Қазақстанмен тауларды ғана емес, өзендерді бөліскен ел.
Балалық шақтағы «репертуарда» тақыл­даған тақпақпен бірге қара өлең жүретін. Әуені әркімдікі. Әлгі шопан, шопыр, тракторшы шетінен ақын ғана емес, композитор да. «Ой, гәгәлім, гәгәлім, ешкімге жоқ залалым» деген сынды өз сарындары болады. Соған қарап бірін «Гәгәлім», енді бірін «Ей-ахау» деп атай береді. Солар үйреткен шығар:
Біздің Зайсан үлкен көл,
Түбінде ойнар шабағы.
Иісі жұпар аңқиды,
Сұлу қыздың тамағы, - дейтін бір шумақ қара өлең бар еді.
Енді өлеңдетуге Крыловтың мысалымен жет­кізсек: бізге қарағанда өгіздің бұлбұлға үлгі қылатын әтеші әнші шығар, дауыс жоқ та, аздап ұят бар. Содан шығар, мақамы емес, мәтіні есте қалыпты.
Ал Зайсан көлінің үлкен екені талассыз. Айдын беті - 1,8 мың шаршы шақырым. 2008 жылы барғанымызда кенересін керіп, шүпілдеп тұрған. Арада екі жыл өткенде сол шараның шамамен үш метр төмен түсіп кеткенін байқап едік. Баяғы біз шомылған тұс енді құмдақ жағалауға айналыпты. Біреулер «Зайсанға құятын Қара Ертісті шекараның арғы жағында Қытай кері ағызып жатыр» дейді. Енді біреулер «Бұқтырма су-электр стансасы суды бұрынғыдан артық ағытып жіберген» дейді. Екеуі де қисынды.
Өлеңдегі шабақ ойнар көл түбін шаян басып кетіпті. Әрі тұщы суда жүретін сопақ түрі емес, басқа қапақ түрі. Қазаққа таңсық таңқы шаян, баршаға түсінікті атауы - краб. Зайсанда шоршыған 23 түрлі балықтың қаншасы құрығанын кім білсін, ал быжынаған шаян көлдің ендігі иесі сияқты.
Санамыз сол тұстағы Зайсан суындай тұнық кезде «Оспан балықшы» деген тақпақ жаттағанбыз. Оқулықта жүрді ме, «Жыл он екі ай» жинағынан көрдік пе... Әйтеуір, бізбен бірге Оспанова деген қыз оқыған. Қатыш. Толық аты Қатира шығар. Өйткені ауылда өмір бойы Бәтіш атанып өткен әженің шын аты Бәтима болып шығады. Бір әулет не, бар аудан Сапан деп атайтын шалдың жаназасы шығарылғанда Нұрсапа деген атын алғаш естігенбіз. Өзі соны естімей кетті, жарықтық. Қайран, қазекең... Бұл - бөлек әңгіменің сорабы. Сонымен, «сенің атаң осындай» деп жаңағы тақпақты айтып, Қатышты мазақтайтынбыз. Әлбетте, оның атасына еш қатысы жоқ кітаптағы Оспан балықшы суға қармағын тастап жатып:
Ал, балық, ал, балық,
Аузыңа сал, балық.
Тайдай-тайдай табан балық,
Сала-құлаш сазан балық, - деп құлшы­натын.
Зайсанның астау толтыратын табанын, құйрығынан екі кісі әупірімдеп көтергенде аузынан майы ағатын сазанын көргенбіз. Тақпақ жаттап жүрген жылдары. Одан басқа көксеркесі болған. Түсі томар түбіндей тарғыл нән шортаны көктемгі су тасқыны кезінде уылдырық шашу үшін көлге құятын Боғас, Базар, Қарғыба өзендерін өрлеп, тура Тарбағатайдың төсіне дейін жететін. Шәкерғали сынды ағаларымыз ортан белінен тұзақ салып тартып қалғанда, суырып шығу аз күшке түспейтін. Тұзақ үзіліп не қармақтың сабы сынып, Боғастың бетіне бомба түскендей болады. Ағамыз жанталаса жағаға суырып шықса, талай уақыт құйрығымен жер сабап, шоршып жататын.
Енді көксеркенің, сазанның, тыранның, табанның, аққайранның, шортанның, тағы басқасының уылдырығын жалмап, шабағын шайнап, Зайсан көлінде таңқы шаян пайда болыпты. Өзін таңқы емес, тура «танкі» шаян десе жарасқандай.
Таңқы шаян Зайсанға аспаннан жауған жоқ. «Аспаннан шұға жауған күн» - жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың хикаясы. Прозада. Ал поэзияда... Қостанайда үш студент - Қали Сәрсенбай, Мұхтар Құл-Мұхаммед, әлбетте, ол кезде сойымызға «ов» деген орыс жалғауы жалғанатын, облыстық газетте өндірістік тәжірибеден өткен жылдары Ғұбай деген ақын сол «Коммунизм таңында» қызмет істейтін. Біртоға, тіпті өте жуас кісі еді. «Аспаннан кәмпит жауған күн» атты тәп-тәуір балладасы болды. «Жалын» альманағында жарияланған. Сосын... сатирада Есенжол Домбаевтың «Жаман Жәутік» атты романында аспаннан бірталай нәрсе жауатыны бар. Оның бәрі - көркем шығармалар. Табиғатта бір жердегі жәндіктерді құйын көтеріп, екінші жерге лақтыра салуы - талай кездескен құбылыс. Бірақ таңқы шаянды Қытайдың суынан суырып алып, біздің көлге тастаған құйын туралы ақпарат естімедік.
Естігеніміз: таңқы шаянның Зайсандағы уыл­дырық пен шабақ не, кейбірі аңқау шора­ғайларыңыздың өзін қышқашымен қиналмай ұстап, қылғымай жұтып жатқаны.
Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем! - деп ауылдың шопаны емес, атақты Махамбет ақын айтқан. Мектепте Зүбіш емес, Зүбәйла мұғалім жаттатқан!

АҢҚЫЛДАҒАН АҢЫЗДАР

Мынау бір артық, бір кем дүниеде қанша аңыз естідік екен, өзі?
Оның бәрін әжімді әжелер мен сақалды қарттар айтатын. Бірінде Барақ батырыңыз біреумен ерегіскенде әлгінің сағын сындыру үшін тірі күшікті мойнын бұрап бір-ақ жұта салады. Енді бірінде айсыз қараңғы түнде зираттан ағаш суырған жас батыр өзін аруақ болып қорқытқан ақ жамылғылы адамдарға «сүйектерің қурап қалған сендер түгіл, тірі Қабанбай аштан өлгелі жатыр, тыныш жатыңдар, түге» деп ақырады.
Кеңестік-коммунистік заманның өзінде ел ішінде Қабанбай, Барақ сынды батырлар тұрмақ, хандардың аттары еркін айтылатын. Тағы бір естіген аңызымыз, жалпы өзі қазақ ішіне кең тараған әңгіменің бірі - Абылай ханның түс көруі. Хан түсінде арыстанды көреді. Бірақ әлгі аң патшасы сәлден соң - қасқырға, қасқыр - түлкіге, түлкі өзінен әлсіздеу - қарсаққа, ақыр аяғында бақа-шаянға айналып кетеді. Аңызға сенсек, түсті жорушы абыздарда қапы жоқ. «Арыстан - сіз, қасқыр - өзіңізден тараған ұлдарыңыз, не­ме­релеріңіз, одан кейінгі шөбере-шөпшегіңіз - түлкі мен қарсақ, әрі қарайғы ұрпағыңыз бақа-шаянға айналады» деген. Жеті атаға жетер-жетпес, екі ғасырға созылар-созылмас кезеңнің нақ көрінісі. Қазақтың астаудағы суға салып қойған шаяндай отарлық кейіпке түсерін он сегізінші ғасыр ортасында Абылайдың қасындағы ақылманның қапысыз болжағанына қайран қаласыз.
Хан түсіне кірген бақа-шаян әлмисақтан қазақ даласын мекендеп келеді. Алланың жаратқан жәндігі. Адамға ұнасын-ұнамасын өз тірлігі бар. Кейде ол тірлік, амал жоқ, адам әрекетімен шектеседі. «Шаян шағып алды» деген хабар ықылым заманнан бері естіліп қалатын. Шаянның түрі көп. Көп болғасын кісіге кездеспей тұрар ма?!
Қырдағысы мен құмдағысын, тұщы су мен ащы судағысын қосқанда шаянның 35 мың түрі есептелген. Арасында көп таралып, жақсы зерттелгені де, бір рет кездесіп, мүлде зерттелмегені де бар. Оны мұхит суының 7 мың метрлік тереңінен де, Гималай тауының 7 мың метрлік биігінен де тапқан. Минус 50 градустық аязда қатқан мұз астынан, плюс 50 градустық қайнаған құм астынан шыққан. Камчатканың бұрқырап аққан ыстық қайнарларында осы шаян тектестер тіршілік етеді.
Ана бір жылдары Қарабұғазға барғанбыз. Ол - Каспийдің ең ірі шығанағы. Толықтай Түрікменстан аумағында. Жағасында Бекдаш атты кент бар. Біз көргенде таза қазақтар тұратын. Тұз өндірумен айналысады. Бір жағы бітпес сұрқай дала мен екінші жақтағы таусылмас қаракөк теңіз арасында алдыңыздан аппақ әлем пайда болады. Жанға сая таптырмас мына ыстықта қалай аппақ қарға тап болдық деген сезім билейді. Бұл аппақ әлем - қар емес, кәдімгі тұз. Ерте көктемде Қарабұғаздың суын терең арналар жырып, әйтпесе алып сорғымен айдап, көлтабандар құяды. Сосын мамырдан бастап бұл аймақты күн табаға салғандай қуырғанда әлгі толқыған қап-қара су кеуіп, теп-тегіс аппақ тұз шығады. Шетінен кертіп, өңдеп, теңдеп, жан-жаққа жөнелте бер. Тұз құрамы жағынан әлемде Қарабұғазға теңдесер телегей жоқ. Біз Иордания мен Израиль арасындағы Өлі теңізді көргенбіз. Оның суы мынаған қарағанда айналайын сияқты. Тек жарнамасы жақсы. Соншама тұзды Қарабұғазда балық жүзбейді, бақа секірмейді, маса ызыңдамайды. Тек шаянның артемия атты түрі мекендейді. Не деген төзімді, жаны сірі жәндік десеңізші.
Шаян 200 миллион жылдан бері Жерді мекендейді. Кезінде қатар тіршілік еткен ди­нозаврлардың сүйектері қурап қалған. Шаян­ның үстіндегі сауыты сондай сауытты динозаврлар тұсында пайда болса керек. Өзі жер бетіндегі заңдылық бойынша, алыптар алдымен өліп, қортықтар ұзақ жасайды ғой. Бір өзі бір төбе сынды динозаврға қарағанда, шаян - көзге ілінбес жәндік. Көп түрі көзге ілінбейді, миллиметрдің оннан екі бөлігіндей. Ең ірісі - жапонның таңқы шаяны аталатын түрі. Аты айтып тұрғандай, жапон жағалауына жақын суларды мекендейді. Тырбақ аяқтарын жазып тұрып есептеген екен, ұзындығы 3 метр 60 сантиметрге жетіпті. Бізде қаптаған таңқы шаяндар соншалық ірі де, ұсақ та емес. Зайсан көлінің іргесіндегі Ақжар ауылымызда тұратын жиеніміз Дидардың айтуынша, тұрқы - 20-25 сантиметр. Ара-тұра 35 сантиметр­ге дейін жететіндері бар.
Шаян өте өсімтал келеді. Бір жолы 32 мың жұмыртқа тастайды. Өнімділігі одан он есе жоғары туыстары кездеседі. Зайсанға тап бол­­ған таңқы шаян елу жыл еркін жасайтын көрінеді.
Не қалды? Пайдасы мен зияны. Зиянынан бастайық. Теңіздегі ұсақ шаяндар түбіне жабысқан кемелердің дұрыс жүзе алмағаны туралы ақпарат бар. Ыстық әрі орманды жерлерде шаяннан ауру тарайды. Оңтүстік-шығыс Азияда қаптаған шаян күріш шаруашылығына зиян әкеледі. Біздің күріш егетін Қызылорда облысы мен Алматы облысының Балқаш ауданында шаян­нан келген шығын жоқ. Жалпы, Зайсандағы мына жойқын шабуылға дейін қазақ шаяннан шыққан шатаққа тап болмаса керек.
Рас, көне заманнан бүгінге дейінгі өлең мен жырда бұл жәндік өріп жүрмесе де, ара-тұра кездесетін. Алпысыншы жылдары жас зерттеуші Мұхтар Мағауин көне қолжазбалар мен кітаптар арасынан суырып шыққан, тоқсаныншы жылдары жас толғаушы Бекболат Тілеуханов сахна мен эфирде сұңқылдатып айтқан Қазтуған жырау толғауын тыңдаңыз:
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас
Қайран менің Еділім!
Он алтыншы ғасырда қазақтардың Еділ бойында жүргеніне, ол жақта шаянның көп болғанына нақты дәлел! Рас, бақа шаяннан белсенді болса керек, бір шумаққа екі рет ілігіпті. Хош, Қазтуғаннан беріге көз салайық. Мына Қытайдың өткен ғасырында түрменің талқанын татпаған қазақ ақыны аз. Рекорд жарықтық Қажығұмар Шабданұлында болса, көген басында Ақыт қажы Үлімжіұлы тұр. Аса сауатты және алғыр ақын. Әттең, жоқтаушысы келіспей жүр, біздің топшылауымызша, Шәкәріммен деңгейлес. Араб, парсы, түрік, орыс, моңғол тілдерін білген. Мына орыс пен қытайдың шекарасы бекімей тұрған шақта Тарбағатайдың берідегі бөктерінде көп жүрген. Санкт-Петербург пен Қазан баспаларынан кітаптар шығартқан. «Сейфүл Мәлік -Бәдіғұл Жамал» дастанын аударып бастырған. Өзінің бірнеше дастаны шыққан. Орысша білетіндігінің бір мысалы: «Айқап» журналына жолдаған мақалаларына «А. Алтайский» деген лақап ат пайдаланған. Меккеге қажылыққа барған. Жиырмасыншы ғасыр басында Алтай аймағындағы керей елінің қазысы, қазіргіше соты болып сайланған. 1939 жылы Гоминдан билігі тұтқындап, 1940 жылы азаптап өлтірген. Айтыңызшы: тағдыры қай жағынан Шәкәрімнен кем түседі? Жыры ше? Жыры сұрапыл. 1960 жылдары Қытайдан қайта келіп, «Ленин жолы» совхозында қой баққан Көкен Қалибаев деген қария сол Шәкәрім мен Ақытты ауыздан тастамайтын. Екі қажының жырларын біз - жас шопан, екі тау арасындағы өрісте естіп едік. Қойшы Көкеннен естіген жырларымызды «Қазақ энциклопедиясы» редакциясы 2000 жылы шығарған «Екі мың жылдық дала жыры» атты поэзия антологиясынан жолықтырдық. Анда құлақпен тыңдадық, мұнда көзбен оқиық:
Бір Құдайдан басқаға
Бас кессе де бас ұрма!
Ұяттан өлмей ер жігіт
Өсек сөзді тасыр ма?
«Жаным, жаным» десе де
Жат қотырын қасыр ма?
Жігерің болса, жігіттер,
Жігіңді бөліп ашылма!
Бұдан бір ғасыр бұрынғы адуын жыр әлі күнге маңызды. Қазақ болам деген азаматтың ұранына лайық. Сол Ақыт қажыны оқи отырып біз шаянды да таптық:
Малым көп деп қуанба
Есеп қылар күн болар.
Қайыр-зекет бермесең
Есек қылар күн болар.
Қылған ісің Құдайға
Ғаян болар күн болар,
Зекетсіз мал - жылан мен
Шаян болар күн болар.
Қажы өлеңінде жылан мен шаянның қатар келуі заңдылық: екеуі де шағады, екеуі де улы. Жыланның уы тісінде екенін бәріміз білеміз. Шаянның уы қайда? Ойланып қалдық. Жауабын іздеп қайдағы бір зоология кітаптарын ақтарып әуре болмадық. Төрде тұрған Абайдың кітабын қолға алдық:
Құйрығы - шаян, басы - адам, Бай­қамай сенбе құрбыға. Жыл­мыңы сыртта, іші арам,
Кез келер қайда сорлыға.
Өтіп бара жатқан заманның биі, орнығып жатқан заманның аға сұлтаны болып өтпелі дүниедегі өз орнын сақтаған Құнанбайдың бел баласы әкеден кем тумаса керек. Ол алда келетін замандардың бәрінде қазақтың маңдай алды ақыны деген орнын сақтаса, өз заманы үшін ғұлама еді. Білгендіктен жазып отыр: шаян құйрығымен шағады. Құмда жүргенде сан рет байқадық, қатер төнгенде басын емес, құйрығын көтеріп айбат шегеді.
Жалпы, мал баққан қазақ үшін судағы шаян­нан құрғақтағысы қауіпті болыпты. Өлеңге, негізінен, құрлық шаяны көп іліккен.
Қазақтың жырларында ғана емес, орыстың мысқылшысы Крыловта шаян бар. Ол суға шортанды салып, шаянды жерге жібереді. Көктегісі - аққу. Тартатын жүктері - бір арба. Есіңізге түсті ме:
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.
Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарған - Ахмет Байтұрсынұлы. Совет заманында Байтұрсынұлының атына тыйым салынды. Ал орыстың Крыловына еш тосқауыл қойылған жоқ. Сондықтан бұл мысалды қайтадан бас­қаларға аудартыпты. Әлбетте, Ахаңның аудармасындай қайдан болсын! «Есек аттай жел­мейді» дейді қазақ. Бұл да - басқа сөздің сорабы, біз шаян төңірегінен шығып кетіппіз-ау.
Шаян, аққу, шортанды бір арбаға жеккен Крылов, шамасы, үшеуінің тарту күштері өзара тең деп тапса керек. Қуат бірлігін механика ғылымында «1 ат күшімен» есептейді. Бұлардыкі соның жүзден бір бөлігіне жетпейтін шығар. Кезінде академик Жолдасбековке аспирант болсақ, қазір-ақ есептеп берер едік. Біз - сөз соңында кеткен пақырмыз. Басқа академик Зейнолла Қабдоловқа шәкіртпіз. Ол кісі әдебиет теориясын оқытқан. Әдебиет ертегі, батырлар жырлары мен аңыздардан бастау алады. Бірақ онда Абылай туралы аңыз оқулықтарға кірмейтін. Отаршыл озбыр империяға соңындағы бақа-шаян емес, басындағы арыстан Абылай аты қорқынышты еді.
Аңыз бен жырлардағы кеспірсіз, кесапатты образ түріндегі шаянның нақты өмірде бұрын шабақ ойнаған тұнық көліміздің түбін жаулап алуы - хан түсіне қатысы жоқ экологиялық келеңсіздік. Бірақ бізге бәрібір де саяси астары бар сияқты көрінеді.

КӨЛБЕҢДЕГЕН КӨРІНІСТЕР

Мынау бір артық, бір кем дүниеде қанша көріністер көрдік екен, өзі?
Соның бірі Германияда алдан шыққан. Неміс елі тиянақты. Артық даңғазаға аттап баспайды. Кешкі тоғыздан кейін көшеден бейсауат ешкімді көрмейсіз. Мұның қасында таңға дейін думандататын Америка бізге келіңкірейді.
Біз тоқсаныншы жылдар ортасында бір айдай Бонн қаласының іргесіндегі Реймаген атты қалашықтың дәм-тұзын татқанбыз. Аяққа құйған астай шағын, қыздың жиған жүгіндей көз тартарлық қаланың бір іргесін тау жотасы қымтап жатса, екінші іргесін көмкеріп Рейн өзені ағады. Мектепте жүрген кезіміз социалистік жүйенің капиталистік жүйеге қара күйені аямай жағатын заманына тап келгендіктен, оқулықтардың біріндегі «Рейн - Европаның клаокасы» деген сөйлем есте қалыпты. Батыс өндірісінің бүкіл қалдық суы осы өзенге құйылады дейтін. Жоқ, біз көргенде Рейннің суы тұнық. Мөп-мөлдір. Әлде оқулықтағы өтірік, әлде Батыс Еуропа экологиясын түзетті, оны індетуге уақыт жоқ.
Рейннің екі жағасында бір-біріне қарама-қарсы салынған бекет қақпалар тұр. Бұрын араны көпір жалғастырыпты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтастар көпірдің ортасын қиратып кеткен. Жағадағы бекеттері сау қалған. Соғыстан соң бір емес, екі Германияны қалпына келтірген немістер Рейндегі осы көпірді түзе­меген. Кіре беріс бекеттерін ескерткіш ретінде қалдырып, ішін мұражайға айналдырып жі­беріпті.
Тұнық өзеннің ортасымен үздіксіз ары-бері жүк тасыған баржалар, жолаушылар мінген кемелер жүзіп жатыр. Бейбіт өмірдің қанық бояуын­дай болып балықшылар жолығады. Міне, балық мәселесінде Рейннің қиналатын тұсы бар. Жердегі жаулаушы табанын жалтыратса да, өзендегі жаулаушының кетер түрі көрінбейді. Ол қандай басқыншы? Қытайдың таңқы шаяны!
Қазақтың Зайсанын енді жаулап жатқан жатжерлік жәндік Батыс Еуропаны шулатқалы бір ғасыр болыпты. Алғаш 1912 жылы 29 қыркүйекте немістің Везер өзенінің бір саласы Аллер өзенінен балықшылар бұрын кездеспеген шаян түрін ұстайды. Арада екі жыл өткенде бұл бейтаныс жәндік Эльба өзенінің басқы сағасында балық торына шырмалып шығады. Тұрқы жұдырықтан кем емес, ал қышқаштарын түк басқан. Содан оны «түкті шаян» атайды. Арада жиырма жыл өткенде немісше түкті, бізше таңқы шаян Везер өзенінен батысқа қарай 400, ал шығысқа қарай 900 шақырым аумақты жаулайды. Рейн мен Одердің түбін жайлап, Солтүстік теңіздің төріне жетеді. Сол теңізде армансыз көбейіп, енді оған құятын ұсақ өзендерді басып алуға аттанады. Есін сонда жиған Батыс мамандары шағын өзендерге бөгеттер салғызып, кідірген түкті шаянды миллиондап қырғызады. Өйткені бұл жатжерлік жәндік өзендер мен көлдердегі балық шаруашылығына орны толмас зиян келтірген. Ін қазып, бөгеттер мен тоғандардың түбін қопсытқан.
Осы тұста орнымыздан атып тұрдық. Зайсанға жеткен таңқы шаян баяғы көктемде шортан өрлейтін Боғас, Базар, Қарғыбамен тау бөктеріне дейін жетіп жүрмесін! Енді тұспалшыл Абайды қойып, терең ғылыми зерттеулерді іздестірдік. Әлгі тұнық судың балығына бықпырт тиген «түкті кәпірмен» соғысқан Батыс ғалымдарының еңбектерін қарастырсақ, қышқашы түкті шаяндар, шынында, өзеннің ең бастауларына дейін барады екен. Жағаның бәріне ін қазады. Ұсақ балық атаулыға мәтіби. Өзеннің өн бойын бес жылда толтырған соң теңізге қарай аттанады. «Тәулігіне 10 шақырым жылдамдықпен өзенді құлдилаған мыңдаған түкті шаянды көруге болады» деп жазыпты немістің бір табиғат зерттеушісі. Қыста қайтеді? Осы біз орыспен бір мемлекет болып отырғанда жаулауға келген сол немістер қатты қысқа шыдамап еді, өзі? Жоқ, түкті, таңқы шаян қыста өзен мен көл түбінде батпақ арасында жатып, су жылынғанда жорығын жалғастырады.
Рейн мен Одер жағасында жүргенде түкті, қышқашты мақұлықтың бұл өзендерге қалай пайда болғанын сұрастырғанбыз. Сөйтсек, 1911-12 жылдары Қытай теміржол салып, оған Германиядан паровоздар сатып алады. Немістер отарбаны үлкен кемелермен жеткізіп береді. Қайтарда бұл кемелер толқын қуып, жел айдап кетпейтіндей салмақ болу үшін трюмдеріне су толтырады. Германияға келген соң оны ағызып тастайды. Міне, сумен бірге «түкті шаянның» ұрығы топ етіп неміс жеріне түскен.
Зайсанға құятын Қара Ертіс Қытай жерінен басталады. Ол ел кейінгі жылдары оңтүстік-шығыстағы еңіске ағатын өзендерді солтүстік-батыстағы бұйратқа қарай кері ағызып жатыр. 2010 жылы Ресейдің бірқатар ғалымдары бұған алаңдаушылық білдірген. Бірақ ана жақ шыбын шаққандай елемеді. Сол жоба хансу халқына ғана емес, таңқы шаянға да жаңа өріс ашқан сияқты.
Таңқы туыстасы топ ете түспей тұрғанда Еуропаның суларын ежелден өз шаяны мекендейтін. Ол - біздің Ертіс пен Есілде, Жайық пен Іледе, олардан басқа жүздеген ұсақ өзендер мен шағын көлдерде жүрген кәдімгі шаян.
Іленің төменгі ағысын Абылайдың немересі, атасының түсі бойынша көкжал Кенесары патшаға қарсы бұлғақ кезінде бір жыл қыстаған. Содан ол жер Қамау аталған. Қамаудағы Іле мен Нарын суында шаян көп еді. Есілде әлі шаян жеткілікті. Сыртқы істер министрлігінде істейтін Болат досымыз түскі тамақ кезінде білегін түріп жіберіп, Астананы екіге жарып жатқан өзен жағасындағы бетон шегенінің астына қолын тығады.
- Бар екен, - деді де, қолын екінші созғанда жыбырлатып шаянды алып шығады.
- Қайдан білдің?
- Қышқашымен тістеледі емес пе?!
«Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген - осы. Қырдағы қазақ мақалы судағы мақұлыққа әлі жетпепті, әттең.
- Мұны қайтесің?
- Тура қазір асып жеймін.
- Қашаннан бері жейсің?
- Германиядағы елшілікте істегелі. Мұны немістерден үйрендім...
...Ғалымдардың анықтауынша, адамдар шаян жеуді сонау неолит дәуірінен бастаған. Оны Георгиан күнтізбесі бойынша тек «Р» әріптері бар айларда аулаған дұрыс дейді біл­гіштер. Демек, «сентябрь» - «апрель» аралығы қамтылады. Атауында «Р» әрпі жоқ «май» мен «август» арасындағы төрт ай кірмейді. Бұл кезеңде, біріншіден, шаян ұрық шашады, екіншіден, өзінің сауытын жаңалап, түлейді. Тұрқы он сантиметрден асқан шаян жеуге жарайды. Ондай бойға ие болу үшін бұл жәндік үш жыл өсуі керек. Қазақы есеппен, «дөнен» атанатын жыл.
Швеция шаян жеуде немістерден қалыс­пасына бұл елге барғанда куә болдық. Тіпті арнайы шаян жеу айлығы өтеді. Ол айда майлыққа дейін шаян суреті салынады. Еуропадан әрідегі Америка Құрама Штаттарының Жаңа Орлеан қаласында шаянды жылдам жеуден жарыс өтіп тұрады. 2011 жылдың чемпионы - Соня Томас деген әйел. Қазір америкалық болғанмен, шыққан тегі - кәріс екен. Он минутта бір жарым келісін сыпырып-сиырып соғып алыпты.
Тоқсаныншы жылдардың соңында осы Алматыда бір жолдасымыз шаян жеймін деп, сауытын қоса жұтып жіберген. Ол асқазанда қорытылмайтын пәле екен. Ішегіне көлденең тұрып қалсын. Түркияда операция жасатып жаны қалған. Соня Томастың жылдамдығын көргенде сол досымыз еріксіз есімізге түссін.
Соняңыз бұрын да жәндіктерден жасалған тағамдарды жеу жарысында еркектерге шаң қаптырған. Айталық, он минутта таңқы шаян етінен жасалған 46 котлетті қылғыта салған. Соған қарап семіз біреу ме десек, қайыстай қатқан келіншек. Өз салмағы - 45 келі. Қарап тұрып Абайдың баяғы:
Қара қатын дегенде қара қатын,
Үзіп-жұлып алып жүр қанағатын.
Ала жаздай байың кеп бір жатпайды,
Қазақтың не қыласың шариғатын, - деп бас­талатын қағытпасы көмекейге келді.
Сосын бала кезімізде жаттаған және бір тақпақ бар еді. Аударма. Алғашқы нұсқасы Еуропада пайда болған. Одан орыс, орыстан қазақ аударған. Мұзафар атамыз редактор кезінде «Балдырған» журналында жарияланған:
Робин Бобин түк қоймай,
Бәрін-бәрін құртты, ойбай, - деп, әлгі мешкейдің құйрықтары тегенедей он қойды, мүйіздері шаңырақтай бес өгізді, айдарлары алтын жалатқандай қырық қоразды және басқасын жалмап жегені туралы еді. Тағы бір жарыста 67 жұмыртқаны бірден жеп кеткен Соня Томас содан кем емес сияқты.
Шаян жеу жағынан Францияңыздың қа­лыспайтынын көрдік. Париж бен Руан арасында қайда барсаңыз да осы су жәндігінен жасалған жеңсік ас алдан шығады. Ел астанасынан солтүстікке қарай Берк-сюр-Мер деген қалашық бар. Онда жыл сайын батпырауық ұшырудан халықаралық фестиваль өтеді. Біз батпырауық ұшырып тұрған ересек адамдарды Пәкістан мен Қытайдан көргенбіз. Бұл ермек Шығысқа тән деп жүргеніміз бекер екен. Жыл сайын Франциядағы фестивальге Пәкістан, Қытаймен қатар Австралия, Америка және Еуропа елдерінің әуесқойлары жиналады. Ұшыратын батпырауықтары арасында аю, қолтырауынмен қатар таңқы шаян бейнесін көргенде бас шайқадық.
Бұл жыры таусылмас шаянды тағы қайдан көріп едік? Е-е, ата-ана ретінде қазақ-түрік лицейіндегі жиналысқа барғанда. Жиналыс биология кабинетінде өтті. Көрнекі құралдар ағылшынша. Соның бірі - жоғарыдан төмен қарай сатыланған кесте. Ең төменде жал­ғыз арыстан жатыр. Келесі сатыда оған қабылан, жолбарыс қосылады. Демек, мысық тұқымдастар. Одан әргі сатыда бұл топқа ит пен қасқырды қосыпты. Жыртқыштар отряды. Одан бұғы, қабан, тағы бірдеңелар қосылған класс. Одан қарасы көбейген сатыда кит жүр. Демек, сүтқоректілер. Сосын құстар қосылды. Бұл - омыртқалылар. Ең соңында омыртқасыз шаян мен өрмекшіні қосып - «анимал»деп жазыпты. Демек, барлық тірі әлем. Тақта алдындағы көмекші құралға іліккені аз көрінсе керек. Артқа қарасақ: сөре үстіндегі шыны құты ішінде әлде спиртке, әлде басқа мөлдір ерітіндіге батырған шаянның және бірнеше түрі тұр. Қайда барсаң, шаян шығады. О, Алла! Қалай десең де, «Қорқыттың көрінен» тәуір.

ДӘУІРЛЕГЕН ДӘСТҮРЛЕР

Мынау бір артық, бір кем дүниеде қанша
дәстүрге қанықтық екен, өзі?

Шаян - Еуропаңызда жеңсік ас болса, Қытайда күнделікті тамақ. Ежелгі кәсіпшілік. Байырғы ұлттың дәстүрі бойынша тамақ екі түрге бөлінеді. Біріншісі: ыстықтатады. Екіншісі: салқындатады. Ет, шай, ащы тұздық, әлбетте, арақ бірінші топта. Екінші топта күріш, көкөніс, соя, балық пен шаян бар. Азықтық шаян тірідей сатылады. Өлгенінің етінен адам уланады. Тірі шаянды қайнаған тұзды суға салып пісіріп жейсіз бе, ыстық табадағы майға салып қуырып жейсіз бе, өз еркіңіз.
Шаянды тірідей сату үшін қытайлар түрлі тәсіл тапқан. Әдетте қағаз қораптарға екі-екіден төрт қатар етіп сегізін салады. Сосын дүкендегі тоңазытқышқа қояды. Шаян бес градус салқын ауада ұзақ уақыт қимылсыз тірі жататынын анықтаған бұл қытайлар. Жейтін тамағы сол болған соң, әлбетте, жай-жапсарын біледі.
Қорапқа қалай салатынын арнайы көрдік. Үлкен астау іші бықыған шаян. Одан сүзіп, жиырма-отыздайын кішірек астауға тастады. Бұл астаудың қасында екі буушы отырады. Олар ұзын жіптің бір ұшын ауызға тістеген. Бір қолымен шаянның сегіз аяқ, екі қышқашын бауырына бүктеп жібереді. Домаланып қалған шаянды екінші қолға ұстаған жіппен екі айналдырып орайды. Енді асты-үстінен екі айналдырып, жіпті буып тастайды. Қаусырылған шаян қайнаған қазанға, шыжылдаған шөңкеге түсер сәтке дейін қағаз қорапта қимылсыз жатады.
Біз армансыз тамашалаған бұл тәсіл ескіріп барады екен. Айталық, сіз сегіз емес, бар болғаны бір шаян іздейсіз. Айналасын автоматтандырған қытайлар мұның жолын ойлап тапқан. Ол үшін шаянды жіппен буып әуре болмайды. Таңқы шаянның тұрқына сай пластик қаптама жасаған. Ішіне шаянды салады да, сырт еткізіп жауып тастайды. Пластиктің тұрқы ғана емес, түстері де сан қилы. Бірі төбесінен, бірі белінен, бірі астынан ашылып-жабылады. Бұл қаптаманы метро мен дүкен есігіндегі автоматтың ішіне салады. Қатар-қатарымен. Сосын көшеден үйіне бара жатқандар тиісінше 50, 40, 30, 20 юаньды автоматқа енгізсе, сырт етіп қажет шаян алдына домалап түседі.
Мұндай автоматтар алдымен Нанкин қаласында пайда болды. Сосын Шанхай пен Бейжіңге жетті. Автоматтың іші, біз жоғарыда айтқандай, Цельсий бойынша бес градус. Егер шаян өлі шықса, компания оның орнына бес тірі шаян береді.
- Осы кезге дейін автоматта бірде-бір шаян өлген емес, - дейді компания өкілі Ши Тюянчжи.
- Бәрекелді! - дегеннен басқа не айтасың!
Қалай десең де, шаян жеу қытай халқында ұлттық өнер деңгейіне жетіпті. Хан Цзыцянь деген ұстаның шеберханасын тамашаладық. Оның кәсібі - шаянды боршалап жейтін аспаптар жасау. Қазақ ер-тұрманға қалай мән берсе, шаянның асай-мүсейі одан кем емес көрінеді.
Әлгі қазақтың ер-тұрманы күмістен болса, мыналардың шаянды жейтін аспабы да түгел күмістен. Біріншісі: алдыға қоятын шаршы күміс. Табақ емес, беті біртегіс. Ортасында - шекіп салған шаян суреті. Хан шебер суретті алдымен қағазға қара сиямен салады. Сосын күмістің бетіне жапсырып, түгел шекіп шығады. Тақта бетінде шаян бедері қалады. Екінші аспаптың шеті төртбұрыш, ортасы ойық. Бала кезде сия құйған дәуітіміз сияқты. Үңіліп қараған жан дәуіттің ішінен де шаян бедерін байқайды. Сосын балға. Сосын қырғыш. Сосын қайшы. Сосын қышқаш. Сосын екі түрлі пышақ. Бірі оташының қандауырынан аумайды. Бәрі күмістен.
Осыны алдыға жайып тастап, жақсылап шаян жеуге отырасыз. Күміс шаршыға шаян салынады. Шалқасынан. Себебі астыда қалған сауыты тұздықтың ағып кетпеуіне қолайлы. Тұздық күміс дәуітке құйылады. Қытайда отыз түрлі ас тартса, кемінде онының өз тұздығы бар. Қайшы - бунақ аяқтарды қырқуға. Балға мен қандауыр - сол аяқтардың жіліктерін шағуға. Қышқаш - жілік ішіндегі жіптіктей майды суырып алуға. Қырғыш - сауыт ішінде тарамыстай ет қалдырмай тегіс қырып шығуға.
Тура осылай желінген шаянда арман жоқ шығар.
Сөз соңында судағы жасыл шаянның піскенде неге қызарып кететінін айта кетелік. Баяғы Абайдан «білгенге - маржан» деген сөз қалған. Шаян сауытында каротин көп. Ол, айталық, сәбізде де жеткілікті. Сәбіз содан қызғылт. Ал тірі шаянның каротині түрлі белок­тармен аралас жүрген соң жасыл, көкшіл, бурыл түстер береді. Суда қайнаған кезде белоктар бөлініп кетіп, қалған каротин шаянды қызартады.
Осымен шаян хақындағы баян... тәмам. Біздің тарапымыздан.

Қазақстан-Түрікменстан-Германия-Швеция-Франция-Қытай

«Ана тілі» газеті

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550