Жылда 15 мектебін жапсақ, орыс мектептерінен 100 жылда құтыламыз...
Қоңсы ақысы – қоқысқа тасталды. Ресей билігі өз топырағындағы жалғыз қазақ мектебін жауып тастады. «Үйлерінде құлпы болмайтын» (Плано Карпини, «Моңғал тарихы», Алматы, «Шапағат-нұр», 2013 жыл, 31 бет) кең пейілді, ақжарма ниетті қазаққа орыс көршісі нағыз осқырынған «туысқандығын» осылай көрсетті.
«Қыз да, әйел де атқа мінетін» (Плано Карпини, Бұл да сонда) өр рухты, «Үйге табалдырықты басып кірген адамды өлім жазасына кесетін» (Плано Карпини, Бұл да сонда) қайсар болмысты қазақтың қалың жұрты да; «тық» десе, тауыққа тиетінге секемшіл толерантшыл қазақ билігі де жұмған аузын ашқан жоқ. Майқы би бабамның: «Сараң үйге – кісің түспесін, парақор биге – ісің түспесін» дегенінің дәргейі.
Әлемдегі өркениетті елдердің түгеліндегі әмбе үлгілерге негізделген жалғыз талап – елдің тұрғылықты азаматы болсаң (тіпті, белгілі уақыт мерзімінде сол жұртта тұрсаң) мемлекеттің ресми тілін сөйлеп, өмір сүресің. Басқа жол да, нұсқа да жоқ.
Бүгінгі батысшыл қазақ билігінің мемлекеттің ұлттық, ресми тілінің үстемдік қағидасын қасақана «ұмытып қалуының» себебі біреу-ақ – қазіргі қазақ билігінің 80 пайызы жат тілде, орысқұл тілде сөйлейді. Өзегі талған бұл орысқұлдар өзгере алмайды. Отыз жыл оттаған жануар-екештің өзі жасыл жайлауының жусанына тілін үйіріп, ділін үйретіп алар еді. Яғни, Қазақ Елінде шұбырған әрбір келімсек этностың талап-тілегін ескеру – іс жүзінде мүмкін де, қажет те емес.
Қазақ Елінде қазір орыс тілінде 1500 мектеп бар. Егер біз жыл сайын 15 орыс мектебін жапсақ, еліміздегі 1500 орыстілді мектептерді 100 жыл бойына, яғни, тұтас бір ғасыр мерзімінде түгесеміз. Осыншама сиырқұйымшақ созып, сартап уақыт күтсек, қазақ тілі біржола өліп тынады. Сөз – тілден құралады. Кіндік ұлттың туған тілінің көзі ашылып, сөзі жүрмесе, елдің ертеңгі аспаны ашылмайды. «2020 жылға таман Қазақ Елі жұртының 95 пайызының қазақ тілінде сөйлеуі керек» екенін көксеген Елбасы емеуріні етекте қалды. Етектегі еренді төрге тартуға қазақ билігіне дереу қабылдануға тиіс таза қазақтілді қызметкерлер ғана қауқарлы. Өйтпесек өзегіміз талып, тіліміздің күңгіртті «көрген күні» – «Nafyka kosse boya» (ежелгі грекше «нафика коссе бойа», орысшасы «Зачем козе баян») тәмсілімен, яки, «Мұныңды артыңа тығып қой» (қазақша еркін мағынасы) дегеннен аспай, әлі тағы да жүз жылға жалғасуы кәдік.
Кешегі орыстың патшалық билігі мен совет өкіметі қазақтардың ырқына қараған да жоқ, қалауымен санасқан да емес: қазақтың даласы мен баласына орыс тілін зорлық-зомбылықпен таңды. Демек, бүгінгі қазақ билігі де өзінің мемлекеттік қауіпсіздігі мен ұлттық ерекшелігін сақтап қалу мақсатында батыл, бірізді, бірыңай, бірқалыпты саясат жүргізуге міндетті. Абайдың: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың» – деп, түңілген түнек-күні келмеске кеткенде, кімнен, неден сескенеміз?..
Қазақ тілін күн сайын әрбір азамат сөйлейтін қоғамның қолданыстағы ресми тілі етудің төте жолы – орыс мектептерін топ-тобымен (жылына 100 мектептен аса) індете жылдам жабу. Ең алдымен, балаларын орыстілді мектептерге берген жан бауыр, айнымас дос – қазақ ата-аналарымен тәлім-тәрбиелі, таным-түсінік жұмыстарын жүргізген мақұл.
Елбасының жарлықтары, қоспалаталы Парламенттің заңдары, Үкіметтің қаулылары, әкімдер мен министрлердің бұйрықтарының түпнұсқалары қазақ тілінде әзірленбей, «мемлекеттік тілді өміршең етемін» деу – бос сөз, «бір заманда не патша, не есек өледі» деген есекдәме ғана. Қазақ тілін түсінбейтін жоғарғы лауазымды қызметкер орынын босатсын! Ана тіліміз алдыға шығып, күнделікті нантабар тілге айналса ғана – алтын сандықтың үстінде ашөзек отырған ел қамытынан құтыламыз!
Бостан бас, еркін ырықты соңғы үш онжылдықта қазақтың орыспен мәмілелеспеген мәселесі қалмады: Кеден Одағын «келістіріп», «Еуразия Одағын» орнатты. Ендеше, топырағындағы жалғыз қазақ мектебін жауып тастаған орыстың айтылған сөз – атылған оғы қайда қаңғып кетті? Жорналшы Арман Шорайдың есебінше, орыс орманындағы қазақтың санын есепке салсақ, Ресейде бүгінгі күні бақандай 360 қазақ мектебі жұмыс істеуге тиіс екен.
Көне қазақтың «Орыс досың болса, айбалтаң өткір қайралсын» деуі тегін емес. Маскүнем ұрт, мүлгіген жұртқа мүлдем сенім жоқ. Үмбетей Жырау «Алыстағы дұшпаннан, аңдып жүрген дос жаман» дегенде, алдымен, сірескен серті мен үкілі уәдесін құмға сіңіретін арам пиғыл, харам қарекетті қоңсыны меңзеді.
«Хан екі сөйлесе, қара болады; қара екі сөйлесе, қатын болады» қағидатымен қанаттанған қазақ – қара мен қатынды ажыратып алмай, алысқа шаппас. «Сүйреп салған тазы – түлкі алмайды»...
Мыңжан Байжанин, қоғам қайраткері
Abai.kz