Ноябрь Кенжеғараев. Діни сауат һәм Абай
Ғылыми техника шарықтаған, мобилді коммуникациялар заманында өркениетті қоғам мен жетілген адамды қалыптастырудың басты құралы - дін болып табылатыны даусыз. Дінсіз қоғам, дінсіз мемлекет, дінсіз адам - адамгершіліктің, дамудың, өркениеттің кемел шыңына шыға алмайтындығы да сан ғасырлар бойына айтылып келеді. Тән мен нәпсі құмарлығы, пайдакүнемдік шарықтау шегіне жетіп, материалдық байлық, тән қызығы культке айналған қазіргі қоғамда - діни-этикалық, моральдық, рухани, адамгершілік құндылықтардың шетқақпайлануы, төмендетілуі адамзат баласының рухани деградацияға ұшырағандығының көрінісі. Араны тоймас «тұтынушылықтың» адамзатқа ортақ дертке айналғандығын бүгінгі күндегі жер бетіндегі түрлі соғыстар мен қанды қырғындардың, қылмыстардың, тән және жан ауруларының өршуінен көруімізге болады.
Ғылыми техника шарықтаған, мобилді коммуникациялар заманында өркениетті қоғам мен жетілген адамды қалыптастырудың басты құралы - дін болып табылатыны даусыз. Дінсіз қоғам, дінсіз мемлекет, дінсіз адам - адамгершіліктің, дамудың, өркениеттің кемел шыңына шыға алмайтындығы да сан ғасырлар бойына айтылып келеді. Тән мен нәпсі құмарлығы, пайдакүнемдік шарықтау шегіне жетіп, материалдық байлық, тән қызығы культке айналған қазіргі қоғамда - діни-этикалық, моральдық, рухани, адамгершілік құндылықтардың шетқақпайлануы, төмендетілуі адамзат баласының рухани деградацияға ұшырағандығының көрінісі. Араны тоймас «тұтынушылықтың» адамзатқа ортақ дертке айналғандығын бүгінгі күндегі жер бетіндегі түрлі соғыстар мен қанды қырғындардың, қылмыстардың, тән және жан ауруларының өршуінен көруімізге болады.
Ғылым мен білімнің, экономика пен техниканың адамның рухани құндылықтарынсыз дамуы - оны орға жығатын қауіпті басты фактор деп айтуға болатындай. Өндіріс пен техниканың, экономиканың жалаң өсуі мен дамуын діттеп жүріп, діни-рухани тұрғыдан құлдырауға ұшыраудың зардабы өте қиын болмақ. Жасыратыны жоқ басқа дамыған елдерді қойғанда, соңғы уақытта елімізде табыс әкелетін, пайда көздеріне, байлыққа бастайтын салалар мен мамандықтарға басымдық беріліп, маңыздылығы арттырылып, культке айналдырылу тенденциялары үстемдік етуде. Мемлекеттік кадрлар даярлау саясаты да осы арнаға түбегейлі бұрылған. Онсыз да Кеңес дәуірі кезеңіндегі атеизмнің қасаң шеңберінен зорға құтылып, шалажансар күй кешкен руханият әлемінің күйі қазір де оңала қоймады. Батыстық «тұтынушылық» модель біздің қоғамның, жасы мен кәрісінің санасына мықтап сіңірілді. Сондықтан жеңіл жолмен пайда табуға негізделген уланған жас санасы қылмыстың нағыз қарабайыр түрлерін жасауға жетелеуде. Түптеп келгенде қоғамымызда жастарға тәрбие, білім беру, адам, тұлға қалыптастыру үдерістері ақсап отыр. Ол кемшіліктердің бәрі мемлекеттің жүргізіп, ұстанып отырған саясатына байланысты туындайды. Өскелең ұрпаққа діни білім беріп, діни санасын қалыптастырмай, діни сана мен дін этикасын адамгершілік этикасымен ұштастырмай, адамзат күйреген үстіне күйрей береді. Бұл үрдісте күш пен байлыққа негізделген алпауыт мемлекеттердің ғана асығы алшысынан түсетіні белгілі. Діни сананы қалыптастыру бір күннің не бір пәннің міндеті емес. Діни сананы қоғам, өмір қалыптастырады. Ес біле бастаған жас бала ата-анасы мен отбасының ұстанған дін рәсімдерін көріп өсуі, ер жете бастағаннан сол діннің терең сырларын ұғуға талпына бастауы, ата-анасы мен отбасының оған дін туралы берген тәрбиесі, қарым-қатынас барысында айналасынан көрген-түйгенімен қатар, діни әдебиеттерді оқуы, түсінуі абзал. Діни сананың теориялық және практикалық тұстары болатыны анық. Бала діннің осы екі аспектісін де қамтып өскені дұрыс. Дінтану пәні арқылы әлемдегі діндердің шығу және қалыптасу тарихын білгені, оның ата-бабаларының дінінің ерекшелігін сезінуімен, түсінуімен, болашақта қандай жолды ұстанатындығын айқындауымен сипатталады. Діни санасы қалыптаспайынша, тұлға қалыптаспайды. Ол ғылым мен білімнің көптеген салаларынан жақсы қаруланған білімді адам болуы мүмкін, дінсіз ішкі мені, рухани әлемі терең, адамгершіліктің жоғары құндылықтарын бойына сіңірген, мейірім мен шапағатқа, әділетке толы жан болып жетілуі екіталай.
Қазақ қоғамы жастарға діни білім беру мен діни санасын қалыптастыру барысында дана Абайдың мұраларынан алары мол. Бұл тақырыпқа келгенде ұстанар негізгі темірқазығымыз Абай ілімі болса адаспаймыз. Шынтуайтқа келгенде, бұл жердегі діни сана дегеніміз де шартты ұғым, дәл XXI ғасырда саф түріндегі діни сана деген де болмайтындай. Қазіргі әлемде сананың бәрі бір-бірімен араласып, синтетикалық жүйеге айналған. Ойшыл Абай да тек діни сана қалыптастыруға, діни адам тәрбиелеуге ұмтылған емес, ол адамгершілікті адам, толық адам, камили инсан моделин жасауға, тәрбиелеуге талпынған тұлға. Алайда бұл деген сөз біз Жаратушыны, оның жіберген кітаптарын, Елшілерін мойындамаймыз деген ой тумауы керек. Хакім Абай да, біз де бәрін мүлтіксіз мойындаймыз. Адамзаттың қарбалас, динамикалық даму үстіндегі қоғамында, экономикалық мәселелер алдыңғы қатарға шығып тұрған заманда, заманға сай, заманның даму үрдісі мен идеологиясына сай - діни ұстанымыз бен адамгершілік пайымымыз ұштасып жатса, XXI ғасыр биігінде адамзат қоғамы адамгершілік ілімін, рухани әлемді басшылыққа алса деген ниеттен туындаған пікір.
Абай өзінің діни-философиялық ой-тұжырымдарының жемісі ретінде - толық адам ілімін ұсынады. Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы дінмен ұштасып, дінмен дамиды, дінмен жетіледі. Ислам дініндегі, ислам философиясындағы «толық адам» ілімі мен Абайдың толық адамының арасында принципиалды айырмашылық жоқ. Өз дәрежесінде Абай ислам діні мен философиясындағы толық адам ілімін жетілдіруші, жаңа сапаға көтеруші. Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде алдымен қазақ қоғамындағы толық адамның моделін, одан шыға ислам дініндегі кемел адам келбетін, сондай-ақ кең мағынадағы барша адамзатқа ортақ толық адам моделін ұсынады. Оны мәңгілік триада, үштаған деп атасақ та болады:
ҰЛТ - ДІН - АДАМЗАТ
Ислам діні тарихындағы түрлі ағымдар мен танымдардың көбін сараптау барысында, Абай ғылыми дәл пікірлер айтып, тура жолды ұстана білген. Абайдың діни көзқарастарының біздің кәміл дінімізге туралығы, сәйкестігі жөнінде дінтанушы ғалымдар айтып-жазып жүр. Абай ұстанымының ерекшелігі және басты жаңалығы өзіне дейінгі көп ғалымдар, білгірлер сынды бенделіктің камалаттығы идеясымен шектелмей, инсанияттың камалаттығы идеясын ұсынуы, жетілдіруі. Абайдың толық адам идеясына жету бірнеше сатылардан тұрады, ол да екі бағытта ұсынылған жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға. 1-ші кесте жоғарыдан төменге:
Пайғамбарлар - Әулиелер - Хакимдер - Кәміл мұсылмандар [1, 199].
2-ші кесте төменнен жоғары қарай:
Надан - Жарым адам - Жарым мұсылман - Толық мұсылман - Толық адам [1, 190].
Діни тұрғыдан да, этикалық-интеллектуалдық тұрғыдан да адамзаттың бәрі пайғамбар, әулие, хаким деңгейіне жете бермейді. Толық адамдыққа ұмтылу әрбір адамның парызы. Толық мұсылман мен толық адамның арасында айырмашылық бар ма, бар болса қандай айырмашылық? Абай 38-ші қара сөзінде жіктейтін Адамның ғылымы және Алланың ғылымы деген тұжырымдар бар. Толық адам осы екі ғылым саласына қанық, екі ғылым саласында қатар алып жүретін, оларды өзінің адамгершілік қалыбын, ішкі иманын жетілдіру үшін тұтынатын болса керек. Толық мұсылман адамның ғылымынан гөрі, алланың ғылымына ден қойған, сол бағытты терең ұстанған иман жолындағы адамға айтылса керек. Абайдың толық адамының ерекшелігі жоғарыда айтқан ғылым түрлерін меңгеріп, ішкі иманын арттырып қана қоймай, әлеуметтік мәселелерде адамзат қоғамының бейбіт те бақытты, әділетті өмір сүруі үшін тер төгетін, елінің, ұлтының қамын ойлайтын күрескер, азамат болуы қажет. Ел тұрмысына, экономикасына, өндірісіне қызмет етіп, адамзат тұрмысының әділетті түрде дамуына қолқабыс ететін қайраткер тұлға. Кәсіппен шұғылдану, кәсіпті игеру, ғылыми жетістік пен кәсіпті ұштастырып, адамзат игілігіне мүмкіндік тудыру, адамдар арасындағы қарым-қатынастарда құқықтық теңдікті, әділеттілікті сақтау, насихаттау сынды сүбелі компоненттер ақынның толық адам туралы талабын, танымын кеңейте түседі. Абайдың толық адамы ғылымды игерген, иманды, кәсіппен шұғылданған, қарым-қатынаста әділеттілікті ұсанған тұлға ғана емес, моральдық-этикалық тазалықпен қатар, өнер мен мәдениетке, әдебиетке жақын, жанын сыршыл сезімталдықпен тазарта білетін, жаны мөлдіреген таза сезімдерге толы, сұлулыққа құмар, сұлулықты аңсайтын, адами іңкәр сезімдерді ұлықтайтын, сақтайтын эстет тұлға. Санамалап отырсақ, Абай толық адам идеясын керемет моральдық-эстетикалық, азаматтық қасиеттермен жетілдіре білген. Абайдың толық адамы кешенді, симбиоз, синтетикалық тұлға. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, өнерпаздық, эстетизм, т.б. бойында жетілдіре білген, дамытқан адам - Абай ұсынған толық адам концепциясы. Терең үңілсек, өмірде осындай адам болуы мүмкін бе, қажет пе деген сауалдар туындайтындай. Алла тағала хауас арқылы бұл барлық қасиеттерді адам бойында бар етіп жаратты, қайсысы жибили, қайсысы кәсіби ақын оны да ажыратып береді [1, 214].
Сол Алла тағала әр адамның бойында бар етіп жаратқан қасиеттерді дамыту, тәрбиелеу, жетілдіру әр адамның өзінің міндеті. Абайдың ойынша кез-келген адам адам болып жаратылып дүниеге келген соң, адам болуға, толық адам болуға ұмтылуы, тырысуы керек және ол оның ең басты міндеті.
Абайдың діни танымының ғылымилығы және ақиқилығы оның білімдарлығымен, еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен түсіндірілсе керек. Оның сопылық туралы пікірлері де ғылыми дұрыс талданған пікір болып есептеледі. Теориялық сопылық пен практикалық сопылықтың мықты және осал тұстарын дөп басып көрсетуі, қазіргі таңдағы көзқарастардың да қандай бағытта дамуы керектігін анықтап беретіндей.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты концептуалды өлеңінде үш сүю идеясын айта келе:
Руза, намаз, зекет, хаж -талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс,- [1, 112]
деп діни таным мен сенім мәселесінде сүю, ішкі иман, мейірімділік, әділеттілік мәселелерін алдыңғы қатарға қоюы көп жәйтті аңғартса керек. Қазіргі қоғамымызда, әсіресе, жастар арасында діннің ішкі мазмұнына, философиясына емес, сыртқы түріне көп көңіл қоюшылық тенденциясы орын алып отыр. Дана Абайдың сөздерінен бұл көкейтесті мәселелердің де жауабын естисіз: «Сіздің батиныңыз таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат - батыныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағыңа көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.
Менің хаупім бар, олар хас осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады екен деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағың қасд қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?» [1, 208]. Абай әрқашан ішкі жан дүниенің, рухани әлемнің, ішкі иманның тазалығын қадап айтып, оның маңыздылығына көңіл бөлген, мәселенің бастысы сыртқы түр, сыртқы рәсімдерде емес, ішкі мазмұнда, «Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған»,- деп ішкі әлемнің, иманнің шешуші екендігін айтады.
Өскелең жастарымыздың құлағына хақ дініміз ислам Абайдай хакимнің трактовкасымен, интерпретациясымен ұғындырылып жатса, қоғамымыз кемел адамды қалыптастыруда жеміске жетер еді. Жалпы адамзат атаулыға қатысты діндерді неміс философы Г.Ф.Гегельдің табиғи дін (естественная религия), рухани тұлға діні (религия духовной индивидуальности), абсолютті дін (абсолютная религия) деп жіктегені белгілі [2]. Діни сананы қалыптастыратын діни таным, дін философиясы өте күрделі сала. Діннің танымдық қырынан этикалық қырына келер болсақ, әрбір діннің қалауы мен көксеген мақсаты да - жер бетінде адамгершілік пен тыныштық орнататын толық адам тұлғасын қалыптастыру, тәрбиелеу болып саналады. Иран ғалымы М.Мутаххаридің «Исламдағы толық адам» еңбегінің де мазмұны осы жоғары айтылған пікірлерімізде дәлелдейді [3]. Ойшыл Абай «Алланың, пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз» дей отырып, ислам дінінің ішінен алтын желіні көре біліп, оны адамзаттық адамгершілік идеяларымен ұштастырып, адамзатқа ортақ «толық адам» тәрбиелеуді мұрат тұтады. Академик М.Әуезов тұжырымдаған, ғалым М.Мырзахметұлы таратып, түсіндірген Абайдың дінге қатысты қөзқарасына байланысты ұстанылған «Абай діні - сыншыл ақылдың шартты діні» [4], «Абай діні - адамгершіліктің діні» [5] сынды тұжырымдарды ескерсек, Абайдың діни танымы, көзқарасы - дін мен ғылымның, этика мен философияның қорытындысынан, қоспасынан шыққан синтетикалық дүние. Діни сана деген ұғымның да қазіргі таңда синтетикалық дүниеге айналғанын ескерсек, жастардың діни санасын қалыптастырудағы негізгі құралдардың бірі - Абай шығармашылығы, адамгершілік ілімі екендігі өзектілігімен ортаға шығады.
Ноябрь Кенжеғараев,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының
аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.
«Абай-ақпарат»
Әдебиеттер
1. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2. Алматы: Жазушы, 1995.
2. Гегель Г.Ф. Философия религии. Т.2. Москва: Мысль, 1977.
3. Мутаххари М. Совершенный человек в исламе. - Сантк-Петербург: Петербургское Востоковедение, 2008.
4. Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары. Алматы: Ғылым, 1982.
5. Мырзахметұлы М. Абай және Шығыс. Алматы: Қазақстан, 1994.