Кино – қазақ тарихын талапайға салмасын!
Жақында қазақтың фольклорлық музыкасынан едәуір хабары бар, домбыра тартып («ойнап» емес!), терме, қисса-жыр айтатын бір інімізді көріп қалдым.
–Ау, домбыраңды арқалап қайда тарттың?
–Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақфильмде» фильм түсірілуде екен…
–Актер боп кеттің бе?
–Жоқ. Фильмде Орақ, Мамайдың жоңғарлармен соғысы туралы жырдан үзінді орындаймын.
–Не деп тұрсың? Орақ, Мамай жоңғармен емес орыспен, орыс княздіктерімен соғысты ғой. Олар қалмақ, жоңғар дегенді көрген емес қой,–десем иығын қиқаң еткізеді. Ол кеткесін «апыр-ай, бұл қазаққа ғасырлар бойы кімнен қорлық-зорлық көргенін, елін, жерін, байлығын қай ұлт, қай мемлекет тонап, жас ұрпағын тілінен, ділінен, ұлттық санасынан қай мемлекет ажыратып мәңгүрттендіргенін ашық айтатын тарих оқулықтары мен фильмдер қашан шығар екен» деп ішімді ит тырнағандай күйге түстім. Тіпті, тәуелсіздік алдық деп қанша жерден атойлап жүрсек те әлі күнге бүкіл ата-тарихымызда жоңғар дегеннен басқа жау болған жоқ, қазақты орыс қырып-жойған жоқ, қазақты адам еткен орыс деген сияқты санасыздандыру саясаты оқулықтарда оқытылып, киноларда көрсетіліп, баспасөзде айтылып та, жазылып та келеді. Несін жасырамыз, соның кесірінен қазақтың сана-сезімі баяғы Ресейге бодандық, тәуелділік психологиядан әлі де толық арыла қойған жоқ. Әлі күнге шейін екі қазақтың бірі «қазақты адам еткен орыс» деп тұрғанын жиі ұшыратамыз. Ол байғұстарда не кінә бар?! Өйткені, Мәскеуден азаттық алдық деген жыл ішінде не тарихи оқулықтарда, не кинода, не заң аясында қазақты оның Қазақ ССР гимніндегі «көп рахмет айтамыз, ұлы орыс халқына» деген құлдық, отарлық психологиядан арылтатын бірде-бір әрекет жасалған жоқ.
Сол әрекетті осы күні қазынадан миллиардтап қаржы бөлініп жатқан кино саласында да баяғыда қолға алуға болатын еді.
Иә, «Барлық өнер түрінің ішінде біз үшін ең маңыздысы –кино»-деді бір кезде пролетариат көсемі В.Ленин. Ол өзінің артында қалған бұл сөзді Еуропа мен Азия кеңістігін жайлаған тоқсан түрлі ұлттар мен ұлыстарды Ресей империясының уысында ұстау үшін бұл ұлттардың санасын улайтын күшті құрал–кино екенін жақсы білгендіктен айтқан еді. Иә, кино өнері сол заманда Мәскеудің өзге ұлттарды атып-шабу, басып-жаншу, әсіресе қазақтар мен украиндарды қолдан жасалған қуғын-сүргін, ашаршылықтар арқылы –материалдық та, рухани да тонаушылыққа ұшыратудың өзін ең дұрыс жол деп көрсететін өте қуатты қаруы болды. Сол кездегі бүкіл кино– орыс деген ұлттың ең ақылды, ең күшті, ең білікті, басқаларға үлгі боларлық «ұлы ұлт» – «великий русский народ» екенін «дәлелдеумен» болды. Бүгінгі Ресейде түсіріліп жатқан фильмдер сол бір «ұлы орыстық», империалистік пиғылды әлі де басты идея тұтынатыны және рас.
Ал сол Ресейден тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде Қазақ Елінде түсірілген фильмдер ше? Оларда қандай-қандай мәселелер қозғалып, қандай идеялар басты ұстаным болған? Бұл фильмдер бүгінде не өтірік,не рас екені нәгүмәндау тәуелсіз қазақтың осы жолда бастан өткерген қорлық-зорлыққа толы тарихын бүгінгі ұрпаққа ашық айта алып жүр ме? Қысқасы, әлгі пролетариат көсемі айтқандай кино бүгінгі еліміздің «ең маңызды өнер түрі» болып отыр ма? Баж еткіштер баж етсін, бірақ бұл сұрақтарға «Әттең, олай болыңқырамай тұр ғой!» дер едік. Бір таңданарлық нәрсе сол Мәскеу басқарып тұрған кездің өзінде «Өзбекфильм» студиясы түсірген фильмдердің өзінде өзбек ұлтының салт-дәстүрі, ұлттық тәрбиесі, ұлттық дүние-танымы, ұлттық рухы ап-айқын көрініп тұратын. Бұл орайда қырғыз, түркімендер де өз-ағаңнан қалыспай, кеңестік идеологияның бір оғымен қос қоянды қатар қағып түсіретін фильмдер аз болған жоқ. Ал біз ше?
Мәскеуден тәуелсіздік алғаннан бері қазақ киносы дүниеге әкелген туындылар туралы алуан-алуан пікірлер, көзқарастар аз айтылған жоқ. Әсіресе, қазекемнің көп фильмдері әлі де орыс тілінде түсірілетіні адамның ұяттан қызармаған жерін қалдырмайтын өрескелдік. Бұл да әлі де болса құлдық психологиядан арыла алмай жүргеніміздің бір дәлелі шығар, сірә?! Әсіресе, бүгінгі жарық көріп жатқан фильмдердің көп орайда ұлттық болмысымыздан, ұлттық тәлім-тәрбиеден, ұлттық рухтан алшақтап, шығандап шығып кететіні туралы көп айтылуда. «Келін», «Қайрат чемпион», «Аңшы» фильмдеріндегі ұлттық намысты таптап, халқымызды ең бір жабайы мақұлық қып көрсететін, әлем алдында ұятқа қалдыратын көргенсіздіктер талай-талай ашу-ызаға толы әңгімелерге арқау болды. Бірақ оған құлақ асып, бұнымыз қате болды деген фильм түсрушіні көрген де, естіген де емеспіз. Тіпті, ондай аталы сөзге ашу шақырып бұл фильмдер шет елдерде жоғары баға алуда деп өршеленіп кеткендерді де көрдік. Осылай дегенімде әдебиеттен де, өнерден де ілім-білімі мол бір ғалым досымның қазіргі қазақ киносы хақында айтқаны әлі есімде:
–Жарайды, сен айтып отырған фильмдер ұятсыздықты, жабайылықты насихаттайтыны анық көрініп тұр. Бірақ сен ондай ашық анайылықтары жоқ бола тұра бүгінгі жас-кәріңді де, ертеңгі ұрпағыңды да намыссыз, санасыз ұлтсыз, дінсіз дүбәра бір тірі жанға айналдыратын және сол арамзалық саясатты білдірмей, жымысқылықпен жүзеге асырып жатқан фильмдерді шынымен білмейсің бе? Тәуелсіздік алдық деп ұлардай шулаған сонау алғашқы жылдары түсірілген әнебір «Перекресток» деген сериал-сымақты-ақ алып қарашы, алысқа бармай-ақ. Қаншама эфирлік уақытты алатын, қаншама қаржы жұмсалған, не өз тілі жоқ, не діні жоқ, бір-бірімен тек орысша сөйлесетін, біз қазақпыз ғой деген сыңар ауыз сөзі жоқ, сол «Перекрестоктың» өзі-ақ қазақты ұлттық нышан дегеннен жұрдай дүбәра халыққа айналдыруға молынан жетіп жатқан жоқ па?! Абай Қарпықов деген қазақ түсірген бұл телехикая тележәшіктен әлі де көрсетіледі. Бұл фильмнің жаңағылардан айырмашылығы осы заман адамдарын суреттеген болып отырып, қазақтың тілін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін сақтамай-ақ бүкіл қазақ елі де, қазақтың қаласы да, даласы да, байлығы да өзге жұрт атаулыға ортақ екенін, сөйтсек өзге ұлт, өзге жұрт атаулының да көңілін тапқыш және орыс тілі деп аталатын бір ғана ортақ тілі бар әрі мәдениетті, әрі өркениетті аты-жөні жоқ ұлт боламыз дегенді қазақтың жас ұрпағының санасына білдірмей, байқатпай сіңіретіндігінде»,–деп еді досым.
Содан бері теледидардан қазақтар түсірген басқа да «заманауи» сериалдарды көрген сайын досымның сол айтқаны есіме түседі. Әсіресе, «Құдалар» деген хикая-сымақтағы қандай жағдаят болып жатса да түрі еш өзгермей беті мен көзі не күлмей, не жыламай қимылсыз сазбеттеніп тұра беретін, актерлік шеберліктен жұрдай, тек орысша, не екі сөзінің бірі орысша жандарды көріп отырып бүгінгі қазақ осылай кете берсе, көп ұзамай кімге, қандай тіршілік иесіне айналарын ойлағанда зәрең ұшады. Ал арғы-бергі тарихымызда болған, мұрағаттарда аты-жөні жиі кездесетін тұлғаларымыз туралы түсірілген фильмдер ше? Кітап бетін ашпайтын бүгінгі қазақ баласы соларды көріп болғасын:
Өй, абылай, сартай, сұлу жібегің осы болса… десе не бетімізді айтамыз? (Деп те жүр ғой).
Әңгімені, «Қыз Жібек» фильмінен бастап көріңізші. Қыз жібектің әкесі –Сырлыбай да, Бекежан да 18-ғасырдың орта шенінде өмір сүрген. Ресей мұрағаттарында аты-жөні бірнеше жерде кездесетін жандар. Сырлыбай – Кіші жүздің беделді биі. Ол Ресей елшісі Тевкелевтің бүкіл арам пиғылы қазақ жерін орыстарға қосу саясаты екенін түсініп, оған қатты қарсылық көрсеткен. Фильмде бұл туралы ләм-мим жоқ. «Қыз Жібек» жырының екінші бөлімі – ел қорғаны болуға, отаншылдыққа, жаугершілікке толы пәрмені күшті пафоспен жырланады. Мұнда Қыз Жібек ата-баба үрдісімен Сансызбайға әмеңгерлік жолымен жеңгелей тиген әйел ғана емес. Ол –әрі-ана, әрі сүйікті жар, әрі Сансызбайға қосылып Қоренге қарсы азаттық күресінің белді тұлғасы ретінде керемет көркемдікпен суреттелетін еді. Мәскеудің көңілін табу үшін баспадан шыққан эпостан да, операдан да, фильмнен де Сансызбайдың, яғни, әмеңгер күйеудің «көзін құртқасын» фильмдегі Қыз Жібек те бұл қасиеттерінен жұрдай етілді. Сөйтіп, қазақтың ең бір ұрпақшылдық, тәрбиешілік, әйел затының ұлттық үрдіске адалдық туралы мәңгі үлгі-өнеге болуға жарарлық бұл рухани асыл қазынасы барып тұрған оңбаған, керітартпа, «ұлы орыс халқы» бастаған жарқын өмірге қайшы жабайылық деп түсіндірілді. Ақырында, бүгінгі ұрпақ Бекежан деген бір қанішер деп білетін болды да ел үшін, жер үшін, қазақ ұлты үшін жанын жалау етіп жүрген Сансызбай деген болғанынан бейхабар, тіпті оның есімін естімеген ұрпаққа айналды. Қыз Жібек ару о заманда бұ заман қазақ халқы естімеген өзін-өзі өлтіруші, бүгінгі теледидардағы «Жаңалықтар» тілімен айтқанда суицид жасаушы болып шықты. Бұл сол кезде ата-баба әруағынан, Қыз Жібектей ананың әруағынан қорықпай, Мәскеудегілердің қас-қабағына жетім күшіктей жәутеңдеген Қазақстан басшылығының тапсырмасымен жасалды.
Бұл фильм Мәскеудің миллиондаған қазақты әдейі жасалған ашаршылықпен қыруы мен саяси қуғын-сүргін заманынан қырық жыл өткен Д.Қонаев басқарған кеңшілік заманда түсіріліп жатқанына қарамастан, бұл ерсілік туралы сол кездегі ең аузы дуалы Сәбең, Ғабеңдер, көзі тірі Әбдіжәмил Нұрпейісовтер бір ауыз қарсы сөз айтпағанына ренжиміз. Тіпті, қуғын-сүргін кезеңдер өтіп, «халық жауы» атанғандар ақталғаннан кейінгі жылдары да сол кезде абырой-атағы жер жаңғыртып тұрған Ғабит Мүсірепов бүкіл Орта жүзге қасиетті исламды үлгі еткен ардақты Науан хазіретті бүгінгі ұрпаққа сұмпайы, жексұрын қып, ал Мұхтар Әуезов "Айман-Шолпан" пьесасында Ресей отаршылығына қарсы күрескен әрі көсем, әрі әулие Көтібар батырды әулекі, жынды-сүрей біреу қып көрсетті. Бұл өз алдына бір әңгіме.
Ал, өз тізгініміз өз қолымызға тиген соң түсірілген «Көшпенділер» ше? Бұл фильмнің ұлттық рухтан мүлде алшақ жатқан тұстарын, нақты тарихи тұлғалардың түр-тұлғасы ашылмағандығын, өзге де қыруар кемшіліктері мен ерсіліктерін,оған жұмсалған,біреулер 30, біреулер 40 миллион доллар деп жүрген қаржы-қаражаттың қайда ғайып болғанын айтпай-ақ қоялық. Ал мұндағы Абылайдың кісі күлерлік түр-түсін, хан деуге келмейтін жүріс-тұрысын айтпағанда сол Абылай ханның қыздың астындағы атқа мінгесіп қашып бара жатқанының өзі-ақ ақылға симайтын, әрі анау-мынау емес қазақ тарихында өз орны бар атышулы ханды қорлауға мол жетіп жатқан жоқ па? Келіссеңіз де, келіспесеңіз де дәл осы эпизод шетелдің, әсіресе, Голливудтың бір еркектің қасында міндетті түрде әйел не бір негр бүкі қияметті бірге көріп, шырылдап жүретін шым-шытырық фильмдерінен көшірме деуге әбден болады. Көшірсе көшірсін, бірақ қазақтың Абылайдай ханы түгіл жәй еркегі басына қанша күн туып жатса да қатынның артына міңгесіп жаудан қашпайтынын режиссер Т.Теменов білуге міндетті еді. Жалпы, «Қазақфильм» түсірген бұл «Көшпенділердің» не тарихи, не көркем, не аңыз фильм екені түсініксіз. Кезінде ол туралы осындай талай-талай пікір айтылғанда ақсақал деп жүрген актеріміз Асанәлі Әшімовтың «О-ой, бұл фильмнің прокаты керемет болайын деп тұр» деген, «сәуегейлігі» де құр сөз екенін көріп отырмыз.
Осындайда «фильмдерімізді түп-түгел түкке тұрғысыз етіп ауызды қу шөппен сүрте бермейік, «Жау жүрек мың бала» ше? дегендерді де естіп қап жүрміз. Ендеше, сол «Жау жүрек мың балаға» кеңірек тоқталайық. Әп дегеннен айтарымыз, бұл фильмнің басты кейіпкері Сартай батыр тарихта өз орны бар, үлкен тұлға болған. Ол туралы мұрағат деректері де жеткілікті. Бірақ ол мына «Жаужүрек мың бала» фильміндегідей 16 жасында опат болған жоқ. Ол жасы 90-нан асып өз ажалынан өлген әрі батыр, әрі би болған адам. Бұл фильмді қоюшыларға осыны және оның жанындағы 1000 баладан тұратын жасақ туралы айтқанымызда «О-ой, бұл көркем фильм ғой» деп бет бақтырмады. Бұл білместікті жуып-шаю үшін ғана айтылған, әрі тым қолапайсыз сылтау ғана. Өйткені, ол жәй көркем фильм болған жағдайда оның басты кейіпкерінің есімін Сартай демей басқаша атап және мың бала деген сөз де болмауы керек еді. Ал мына күйінде бұл фильм Сартай батыр мен ол құрған мың баладан тұратын жасақ туралы тарихи шындыққа қанша қайнаса да сорпасы қосылмайтын шіп-шикі және шылғи өтірік дүния. Сондықтан бұл фильм жоңғарға да, Ресейге де тәуелсіз азат ел болу үшін қан төккен Сартай мен оның достарына, яғни, аруақтарға жасалған үлкен қиянат болды.
Сонымен, әуелі Сартай батыр кім екеніне тоқталайық. (Оның Жылқайдар, Жылқаман, Бүкірек батырлар сияқты қандыкөйлек достары жайлы мұрағат деректеріне сәл кейінірек тоқталамыз). Сартай батыр есімі кіші жүзге аян Әйтеке бидің үзеңгілес серігі Байжан бидің баласы еді. Шежіре бойынша Байжан кіші жүз Жақайым руының Ақбура аталығынан. Осы Ақбураның кіші әйелінен Асан, Асаннан Қосқұлақ, одан Байжан, Байжаннан Сартай туады. Батыр, әрі би болған Сартай 1711 жылы туып, ұзақ ғұмыр кешіп дүниядан өткен. Оның 16 жасында мың баладан жасақ құрып Әбілхайыр ханның әскеріне қосылып жоңғарларға қарсы, кейін Ресей басқыншылығына қарсы күрескені туралы жазба мағлұмат өте көп. Бір ғана Тевкелевтің «Күнделігінде» Сырлыбай (Қыз Жібектің әкесі), Сартай бастаған кіші жүз Шекті руының жігіттерінен өзіне қатты қауіп-қатер төнгені туралы жазбалар бар. Бір ғана мақалада Сартай батыр туралы толып жатқан тарихи, мұрағаттық деректерге түгел тоқталып шығу мүмкін емес. Ол туралы осы Тевкелевтің күнделігінде әлденеше рет, Дэвид Кэстльдің жол жазбасында, 1732-1817 жылдар аралығындағы Ресей мұрағаттарындағы құжаттарда, әсіресе хаттар мен сирек кездесетін әдебиеттерде, Ә.Кекілбаевтың «Үркер», Ю.Сергеевтің «Петербургский посол» романдарында Жақайым руының Сырлыбай, Сартай, Байғара, Бәби,Жылқыаман, Жылқыайдар, Бүкірәлі батырлар, қарақалпақ Оразай, Нияз сұлтан, Таймас (башқұрт) тархан, тама Есет, табын Бөкенбай батырлар, билер туралы деректер өте көп. Ал, Сартай батыр туралы атақты ақын Нұрмағамбет Қосжанұлы (Бөлебай ұлы деп те айтылады) дастан жазғаны үшін 1937 жылы атылып кетті. Өйткені, ұлт азаттығы үшін ғұмыр бойы жанын шүберекке түйіп өткен осы бабаларымыз бен бірге Сартай батыр да Ресей тарихи оқулықтары мен көркем шығармаларында «ұры-қары», «баскесер», «қарақшы» деп көрсетілген. Иә, Ресей Ресей болғаннан бастап күні бүгінге шейін бауырлас халықтарды бір-біріне айдап салумен келеді. Орыстар 1733 жылы башқұрт Таймас батырға 3000 адамдық әскер беріп кіші жүз жеріне жорыққа аттандырғанда оларды Сартай мен Жылқаман бастаған қазақ жастары ойсырата жеңеді. Бұл туралы 1734 жылы 1 мамырда И. Крыловтың Анна патшайымға жолдаған ақпаратында да көрсетілген дейді тарихшылар. Осы «Сартай батыр» дастаны марқұм әрі тарихшы, әрі журналист-жазушы Өмірзақ Жолымбетовтың жетекшілігімен 1996 жылы «Санат» баспасынан жарық көрерде өзім оған редактор болған едім. Әттең, билігі жағынан да, батырлығы жағынан да, Ресей отаршылдығына қарсы күрескерлік жағынан да исі қазаққа ортақ тұлға ретінде төбемізге көтеруге әбден лайық тұлға Сартай батыр Байжанұлы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихынан да өз биігіне көтеріле алмауы жаныңды күйдіреді.
Міне, бүгінгі қазақ киносы, оның ішінде «Жаужүрек мың бала» фильмі туралы әңгімелегенде біздің тарихшыларымыздың, әсіресе кино саласындағы азаматтардың нағыз ұлттық рухымызды көтеруге тиісті фильмдер жасауға келгенде біресе замана желіне қарай қамыстай майысып, біресе шетел фильмдерінің әуенімен кетіп, тіпті тәуелсіз ел атанғаннан бері де Ресей қалай қарайды деген сыңайдағы жалтақ, үргедектігін саяси тайыздығын дәлелдеу үшін Сартай батыр туралы деректерге көбірек тоқталдық. Шынында да Сартайдай көрнекті тарихи тұлғаны бұл фильмде 16 жасқа жетер-жетпесте «өлтіре салу» ата-баба рухына, ұлттық тарихымызға қиянат емес пе? Бұл бір.
Екіншіден, «Жаужүрек мың бала» фильмі қазақтың ұлттық салт-дәстүріне, ұлттық тәрбиесіне, дүниетанымына деген қарама-қайшылыққа тұнып тұр. Әрине, өмірде не болмайды, бәрі болады. Қазақта қыз бала ата-анасының үйінде отырып буаз болып қалуы болды ма, болмады ма кім білсін. Ал бола қалған жағдайда ондай қауесет о заманда масқаралық, дүзқаралық, азғындық ретінде о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын қазақ даласына тарап кетер еді. Осы «Жаужүрек мың балада» әлі тұрмысқа шығып, басқа үйдің босағасын аттамаған Зере-қыз Сартайдан екіқабат болып қалады. Мейлі, әрі желдің өтінде, жаудың бетінде жүрген Сартайдай батырдың күні ертең қаза болуы мүмкін екенін ескерген қария бұл екеуінің болашақта ерлі-зайыпты болуына батасын берген-ақ делік. Бірақ, бата екі жасқа бүгіннен бастап төсекке жатыңдар, ата-баба салтын осылай бұзып, басқаларға, ертеңгі ұрпаққа бетсіздік үлгісін көрсетіңдер деген сөз емес.
Фильмдегі үшінші бір сорақылық мынау: Фильмнің соңында Сартайдан буаз боп іші кәдімгідей білініп қалған Зере шаңырақ тігіп жатады. Бұл қанша жерден символикалық сәт десеңіз де қазақ ұлтының қалыптасқан үрдісіне (традициясына) ашықтан-ашық қайшылық, тіпті, қарсылық дер едік. Өйткені, қазақ қазақ болғалы үй тіккенде әйелге шаңырақ көтертпейді. Үрдіс бойынша «Бисмиллаһи ир рахмани ир рахими» деп алып шаңырақты қарулы ер-азаматтар, жігіттер бақанмен көтереді. Ондайда шаңырақ құлап, не бір жағына жантайып кетпеуі керек. Ол жаман ырым деп есептеледі.
«Қыз Жібек» фильмінде Бекежанға үш жүздің әр ақсақалы өз жүзінің атын атап тұрып «Өлім!» деген жазасын айтатын еді де, сосын бірнеше қатын-қалаш Бекежанның бетіне бір-бір түкіріп өтеді. Жырды былай қойғанда осы фильмнің өзінде де Бекежан–ел қорғап жүрген батыр. Ендеше қанша қылмысты болса да қазақ қатындарына батырдың бетіне түкіртпейді. Шаңырақты да көтертпейді. Ал үш жүздің ақсақалының әлгіндей «миссиясы» жырдан мүлде алшақтап, жәй «жүзге бөлгеннің жүзі күйсін», «бірлік болмай тірлік болмас» деген сияқты әлдекімдер ойдан шығарған арзан ұран-мақалды дәріптеудің өте орашолақ түрі. Мұны айтып шегініс жасаған себебіміз, осындай арзан ұраншылдық «Мың балада» да көрініп қалады. Мұнда бірнеше балаң жігіт «біз ана жерденбіз, біз мына жерденбіз» деп, енді біреулері өздерінің ру, тайпасының атын атауы да біздің кино түсіру кезінде де ұраншылдық саясатқа түсіп кететінімізді аңғартып қалады.
Әрине, белгілі бір шығарманы, не тарихи уақиғаны сахнаға шығарғанда, киноға түсіргенде оның толық өз қалпын сақтап қалу қиынның қиыны. Алайда, негізгі желіден ауытқып, басты кейіпкердің жаратылысын, тарихи желіні ту-талақай етіп өзгерту қай жағынан да ақтауға келмейтін әрекет. Ал біздің режиссерларға осылай десең, «бұл көркем фильм» немесе «көркем сахналық дүние» оны қалай түсіру, қалай сахналау өз еркімде дегенге шейін барады. Бар айтар дәлелі де, уәжі де сол ғана. Оған көп ретте шығарма авторының келіспей, режиссермен керілдесіп жатқанын да көріп жүрміз.
Бұл жерде біздің айтпағымыз мынау: Егер ұлттық тарихта аты-жөні әйгілі тұлғалар туралы фильм түсірілетін не сахнаға шығарылатын болса, олардың өмір жолынан бастап ақтық демі біткенге шейінгі тағдырын, азды-көпті ғұмырындағы мінез-құлқын, мақсат-мұратын қолдан келгенше ешқандай заман желісінің ығына қарай бұрмай, әр режиссер өзінше «шешім шығармай», қолдан келгенше тарихи шындықтан тым шығандап кетпеуге күш салса екен дегіміз келеді.
Ал өйтуге болмаған жағдайда Абылайды «Көшпенділердегідей» аласұрған, қатынның артына мінгескен қашақ, Науан хазіретті– қатігез, жауыз, ел қорғаған әрі би, әрі батыр, әрі әулие Көтібарды жындысүрей, алаңғасар, Қыз Жібекті суицид жасаушы, Сартайды қыршынынан қиылған бозбала етіп көрсеткеніміз де жетер деп, ондай тарихи тұлғалардың аты-жөнін өзгертіп беру керек шығар?
Әйтпесе, мұндай тарихи тұлғаларымызды осындай көркем фильмдерден, ал «Ер Төстік» пен «Алдаркөсені» мультфильмнен ғана көрген бүгінгі, ертеңгі ұрпақ «әкелеріміз аузынан тастамайтын ата-бабамыздың түрі осы-ақ па» деріне сөз жоқ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: ата-бабамыз ғасырлар бойы, әсіресе соңғы 400 жылда азаттық үшін кіммен, қай елмен көп арпалысты? Бүгінгі көптеген ұрпағымыздың ана тілінен, ұлттық намысынан айрылуына қай ел, қай ұлт себеп болды? Міне, осыны тарих оқулықтарында да, кинода да, тіпті мультфильмдерде де ашық айтпай, әлі де күлбілтелеп, сипақтатудан арылмасақ, ұлтымыздың ұлттық санасы ұйқылы-ояу күйінде қала береді.
Мырзан Кенжебай
Abai.kz