Қаламгерлер аттап баспайтын тақырып (жалғасы)
Қазақ тарихына қатысты «Көркемдік және ғылыми таным» Abai.kz қашанда ел санасы мен ұлттық жадыға қатысты соны концепциялар мен авторлық көзқарастарды басқа БАҚ қарағанда зерделі оқырман назарына ұсынуды басты орынға қояды. Осы жолы Қазақтың қатпарлы да, бар сыры бүгулі тарихының ішіндегі әлі күнге дейін жабулы қазан қалпында қалып келе жатқан дүние – XVII-XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз қатынасына арналған Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-дилогиясына қатысты танымдық мақаланы жұртқа жария етіп отыр. Өткен жолы осы цикл аясында танымдық мақаланың бірінші бөлігімен таныс болған едіңіздер. Енді келесі бөлігін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қырғыздың ұлы жүзге көрсеткен құқайлары мен салған ойраны – қазаққа жасаған шабуылдарының бастапқысы емес. Бұған дейін Құлжа, Күнес, Бұратола өңірін басып кеп, Қабанбай батыр туысының ауылын талқандаған. Бұл – ұзында өші, қысқада кегі бар қаскөйдің қанқұйлы әрекеті. Тіпті, осындай амалмен «Қазақтың қолбасшысы Қабанбайдың ауылын қырғыздар шауыпты» деген сөз таратып, соның әуселесін әтүйір көрмек алысты орағытқан айланың шырмасы да шығар. Мұның ар жағында күллі елге айбын болған батырдың еліне кеп тию – қазақтың үрейін алумен бірдей еді. Қандай ниет, оймен болса да қанды балақ жендеттің үлкен істі көкейіне түйген пиғылынан туындаған зұлымдық екені аян. Алаңсыз, жаймашуақ күндердiң бiрiнде Қабанбайдың аталас туысы Мәмбет ұрпағының ауылы қырғыздар жағынан қатты қырғынға ұшырады. Жау шапқанын ести сала Қабанбай әлгi ауылға келсе, бүкiл ел түгел қырылған. Қазан ошақтың астына тығылып, аман қалған тек бiр ғана баланы тауып алды. Оны да далбасалап жүріп шешесі «бұраттардың көзіне түсіп, найзаның ұшында кетпесінші» деп, ошаққа жасырып үлгерген. Сол заматында мұрты едірейген бір дүбінген тасжүрек қайқы қылышын сермеп кеп жіберді. Бала үрейге булығып, жерошақтан шықпай жатып қалса керек. Анасы ошақтың аузына қансырай құлаған.
Үстi-басы қап-қара күйелеш-күйелеш баланы Қабанбай қолына алып: «қайран арысым-ай, сенен де бiр тұқым қалған екен ғой» деп, қойнына тыққан. Ол кішкентай бүлдіршіннің азан шақырып қойған атын кім білсін, үсті-басы, қарыны қарала-құрала болған соң «Қарақұрсақ» деп атапты. Жүрегі езілген батыр Қарақұрсақты бәйбiшесiне табыс етеді.
Бәйбіше әлгі баланы бағып-қағып, өсiріп жеткізген».
Бұл бір әулеттің шежіресі негіз болған, ақыры қырғыздың қолынан Шыңғожамен бірге ажал құшқан Қарақұрсақтың тағдыры – сюжеттік желіге айналса, екінші бір әулет шежіресін Қаншайым образы арқылы тілі төгілген оқиғалы эпизодқа ұластырған:
«Бірді шауып, біреуімен кескілесіп жүргенде «кө-ке-е, кө-ке-е!» деген үн құлағына ызыңдай жетті. Жәрдем іздеген жалынышты дауыс алаң көңілді жігіттің миына барып, тебендей қадалды. Мына бір арсыз бетті қисық көз қара қырғыздарды бір жақты етіп ап, жалынышты үннің иесін іздемек. Кенет «Бәйтелі кө-ке-е!» деген сөз өзегін өртеп жіберді. Құшырлана алмас қылышты екі сілтеп, жан-жақтан қаптаған қазақ жауынгерлерінің айбынынан үрке соқтай қимылдап жүрген зіл қараны жайратып тастады. Бұдан әріге шыдау мүмкін емес, дыбыс шыққан тұсқа тұра жүгірді.
– Қайдасың?
– Мындамын, көке!
Әлсіз дауыс шеткергі қараша үйден шығатындай.
Солай қарай ұмтылды. Киіз есігін қылыштың ұшымен іліп ап, кейін серпіп тастады. Түңілігі ашылмаған үй тастай қараңғы. Әуелде ештемені байқай алмады.
– Көке!
Кішкене қыздың үні құлағына анық жетті.
– Мені байлап қойған... үйде ешкім жоқ...
Баспалай кеп босағадан абайлай қарады. Сол босағадан бастап төрді сүзіп кеп, оң босағаға таяу тұста үрпиген бірдемеге көзі түсті. Шашы дудырап кеткен он жасқа жетер-жетпес қыз бала керегеге таңулы тұр. Қос жанары ғана жылтырайды. Еріні кеберсіп, айғыз-айғыз беті шыт-шыт жарылған. Апыл-құпыл аттап ұмтылып барып, кездігін суырып алды да кендір жіпті қиып-қиып жіберді. Кішкене қызды бауырына басып, көтеріп алды. Ол солқылдап жылап, мойнына жабыса түседі.
– Мені алып кетіңіз, үйге барам... мыналар жаман...
Бұрын мұндайды көрмеген Бәйтелінің жүрегі уылжып барады, немере ағасы Дүйсеннің қызы Қаншайымды қатты құшақтап, кеңсірігі ашып сала берді. «Оңбаған қырғыздар кішкентай баланы осынша байлап, азапқа салғандарын қарашы?» Қаны қайнап басына шапшыды.
– Апаң қайда? – Шешесін сұрады.
– Білмеймін... танауы пысылдап, өксік ата қыз әзер сөйледі.
– Мені қалай көріп қалдың?
– Тесіктен...
Қарындасының маңдайынан, бетінен сүйді. Көтерген күйі тұтқыннан босаған топқа қарай алып жүрді. Олар бүгіннен қалмай Балабөгенге аттануы тиіс.
– Көке, – деді кішкене бала қыз өксігін баса алмай, – олар Жандәулетті де алып кетті, іздеңізші.
– Іздеймін, Қаншайым...
Есіктің алдында домалаңдап шауып жүрген үш жасар кекілді ұл елестеді. «Осынша қаражүректікке баруға дәттері қалай жетті?..» Бір сәт кеудесіне біз қадап жатқандай халге түсті».
Автор тек бір ғана тарихи фактіні көркемдеуге бағыт ұстанбайды, қайта оны жанды суретке айналдыруға барын салады. Әділбек қолда бар, ел жадындағы фольклорлық туындыларды да шығарма шырайын ашуға ұтымды пайдалана білген. Оған куә «Сүйінбай мен Қатаған» айтысы. Мына бір үзінділерге үңіліп көрелік:
«Қырғыз болып аттансам,
Өзімдікі емес пе,
Қойныңдағы жарларың!
Атқа да мінген арларың!
Кенесары төреңнің,
Басын кесіп алғанмын,
Науырызбайдай бегіңді,
Итке сүйреп салғанмын! – дейтін «Сүйінбай мен Қатаған айтысындағы» бұрын қазақ оқырманы мен алаш қоғамынан тасаланған әдеби факторы арқылы қырғыз ұлтының қазаққа жаулығы ашылып беріледі. Бұған жауапты Сүйінбай:
«Сұлу деген сол елде,
Ашпаған бетін пендеге,
Еркектерін ардақтап,
Өмірі адам көрмеген!
Батырлары жасанып,
Аттары кетпес кермеден,
Қазақ деген батыр ел,
Ешкімге намыс бермеген!...
Әдіпті сөздің әуезімен қазақ әйелдері есі шықса да ешкімге етегін ашпағанын Қатағанның қауашағына құюға тырысты. «Қазақ деген батыр ел, Ешкімге намыс бермеген!» деп, жанынан арын биік қойған ел екенін айпарадай әлемге жайып салды.
Шынын айтайын соңғы ханымыз жайлы 333 беттік киелі санды айға жуық оқыдым. Ой сан саққа бөлінді: Рүстем мен Сыпатай әм қырғыз ұлтының киелі өлімге қатысты «жабулы жұмбақ», «айқай-шулы» дүниесі желісі үзілмей қамтылған. Әрі, «осы ақ өлімге» қатысы бар әр пенде мен ұлттың артында өз концепциясы мен аксимомасы әзір содырлы қауым тұр. Бірақ автор ханның аузына төмендегі сөзді салады:
«Қазақ ханын өлтірмес бұрын оны адамшылықтың шегінен шыққан қанқұйлылықпен азаптап, қасіреттен өткізіп барып өлім құштырды. Балалары мен бауырларының құлындағы дауысын құраққа шығарып, тай қазандарға салып тірідей қайнатты. Содан кейін барып олардың жанын ала бастады, ең әуелі қатардағы сұлтандардың басы шабылды. Қайсыбірінің әуелі қолдарын шапты, қылыш қылша мойынға соңыра сілтенді.
Бір кезде басын алуға ең соңынан Кенесарыны айдап әкелді. Қолы байлаулы хан жиналған халыққа қарады, алыста самарқау жатқан тауларға көз сүзді, жайдары күннің көзінен шуақты сәуле төгілген зеңгірге еліте назар тікті. Айналасын түгел шолып шығып, әдемі қоңыр даусымен әуендете жөнелді.
«Сүйегім қалды далада.
Тілін шайнап жүр еді,
Сатқындық жасап ұстатты,
Сыпатайдай жиенің
Жабылып қырғыз қарғадай,
Арқамнан таспа тілерсің,
Ойыңа келгенді істерсің».
Қырғызбен соғыстағы басты фактор «Барлығы бабамыздың байырғы аманаты, болашақ ұрпақтың бодансыз ғұмыры үшін еді». Солай десек те, автор үшін «Әркезде пасық өтіріктен ащы шындық қымбат».
Ақ патшаға бетін бұрған екі жүзділерді жаныштаймын деп, халыққа да зауал әкелетінін іштей білетін Хан Кене жазалау шараларын сөзінен тайып, теріс айналған қазақ елінің ішіндегі төрелердің ауылдарына да жасады. Дәл осы қарашы жұрттың көзіне үйірілген үрей мен көкейіне жиналған кек Орманбет мен Жантайға қырғыз халқын Кенесарыға қарсы көтеруге көмектесті. Бірде қазаққа, бірде қоқанға, енді бірде орысқа жонын бұрған манаптар – бұраттардың өздері үшін – қаһарман батыр қолбасшы бейнесінде көрінді. Сөйтіп, қазақ қолы манаптардың аламандарымен емес, халықтың қарсылығына тап болып, жанкештілікпен күресулеріне тура келді.
Манаптардың жандарында орыс пен қоқанның әскери шенділері кеңес пен бағыт беріп, шайқасты жүргізу амалдарын қайта-қайта ұғындырды. Қызылағашта отырған есауыл Нюхалов жалғыз сарбағыштың биі Орманбетке ғана хат жазып қойған жоқ, бұғы руының билері Борамбай мен Әжібайға, солты руының биі Жаңғарашқа да мөр басылған үшбуын жөнелтті. Ақ патшаның өкілінен арнайы қағаз келгенге манаптардың айыр қалпағы алшысынан түсіп, жұртын Хан Кенеге қарсы қоя білгені шынайы көркем тілмен кестеленеді. Соғыстың себебі де ашылып беріледі.
Осы жолда Орманбет пен Кенесарының хан аталуын автор былайша мәнерлейді:
«Жалпы, қырғыздар жиенге жарыған жұрт. Жиендерінің арқасында жіліктеріне май жүгіріп, кәдеге іліккен ел. Мәделіден кейін тақты иеленген Шералы мен Құдияр қырғыздардың алақанында аялаған жиендері еді. Олар балалық шақтарын нағашыларының ортасында өткізді. Шөнжіктен алпауытқа аяқ басқан екеуі хандықтағы орнығып қалған ықпалды нағашыларының арқасында кезекпе-кезек таққа отырды. Қырғыздың келесі жиені Құдияр таққа отырғанда хан сарайындағы белді де ықпалды адам – Әлімбек даруға жазатайым қаза тапты. Ханның шешесі Жарқынайым:
– Балам, ел тізгінін ұстау оңай емес, бір қолдаушы нағашыңнан айырылдың. Іргеңді бекем етем десең, сол Әлімбек нағашыңның үйіндегі Құрманжан жеңгеңді жаныңа тарт, арқа сүйе. Ол бір ақылды да батыл адам, – деді қамқор көңілмен.
Анасының аузынан шыққан сөзді жерге тастамаған хан жесір әйел Құрманжанға датқа лауазымын беріп, сарай ісіне араластырды.
(жалғасы бар)
Әбіл-Серік Әліәкбар,
салыстырмалы әдебиеттанушы.
Abai.kz