Бақтияр Бабажанов: «Діни идеологияларды қолдайтындар діни идеологиялардың құрбанына айналады»
Танымал исламтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан Республикасы ҒА Шығыстану институтының кафедра меңгерушісі
Б. Бабажанов Abai.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында: «Діни идеологиялар жергілікті халықтың діни және мәдени дәстүріне мүлде жат болғанымен, Орталық Азия елдеріне ықпал үшін күресіп жатқан кейбір сыртқы ойыншыларға ыңғайлы болып тұр», - дейді.
- Ассалаумағалейкум, Бахтияр аға! Сізбен соңғы сұхбатымыздан бері біршама уақыт өтті. Бұл арада әлемде, соның ішінде Орталық Азия елдерінде көптеген өзгеріс әкелген айтулы оқиғалар болды. Бұл туралы соңынан айта жатармыз. Ал қазіргі әңгімемізді өзіңізден бастасақ. Қазір немен шұғылданып жүрсіз?
Танымал исламтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан Республикасы ҒА Шығыстану институтының кафедра меңгерушісі
Б. Бабажанов Abai.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында: «Діни идеологиялар жергілікті халықтың діни және мәдени дәстүріне мүлде жат болғанымен, Орталық Азия елдеріне ықпал үшін күресіп жатқан кейбір сыртқы ойыншыларға ыңғайлы болып тұр», - дейді.
- Ассалаумағалейкум, Бахтияр аға! Сізбен соңғы сұхбатымыздан бері біршама уақыт өтті. Бұл арада әлемде, соның ішінде Орталық Азия елдерінде көптеген өзгеріс әкелген айтулы оқиғалар болды. Бұл туралы соңынан айта жатармыз. Ал қазіргі әңгімемізді өзіңізден бастасақ. Қазір немен шұғылданып жүрсіз?
- Қазіргі уақытта Киото университетінде өткізетін лекциялар мен семинарларға (алғашқы семестрдегі) дайындық үстіндемін. Орталық Азиядағы сопылық тарихы, біздің аймақтағы мұсылман құқығы (фикх), біздің діндар ғұламалардың діни жазбаларды түсіндіру ерекшеліктері (фуру' ал-фикх саласы) тәрізді жалпы өзімді қызықтыратын тақырыптармен айналысуды жалғастырып жатырмын. Мен үшін әсіресе, діни шарттардың нақты өмірде, соның ішінде саяси элита ортасында іске асуы ерекше қызық. Сонымен қатар, соңғы жылдары Ресей империясының Орталық Азияны отарлауының бас кезеңіндегі ислам тарихымен шұғылданып жүрмін. Бұл мәселелердің барлығын өзімнің соңғы шыққан «Қоқан хандығы: билік, саясат, дін» атты монографиямда да белгілі бір деңгейде айтып кеттім (Токио-Ташкент, 2010, 744 б.). Аталған хандық аймақтағы Түркіменстаннан басқа барлық дерлік республикалардың территориясын алып жатты. Сондықтан бұл тақырыптың қаншалықты өзектілігін бағамдай берсеңіз болады.
Әрине, біздің аймақтағы ислам - жазылған жай шығармалар немесе оқиғалар және есімдер тізбегі ғана емес. Бұл, сонымен қатар, ұзақ тарихи даму, бірнеше саяси және әлеуметтік катаклизмдер, атеистік шабуылдар, бір сөзбен айтқанда динамикалық өзгерістер. Сондықтан мен аймақтағы исламға қатысты қазіргі үрдістерді де бақылап отырамын. Онсыз тарихи келешекті дұрыс бағалау мүмкін емес.
- Міне, осы жерде исламның қазіргі жағдайына тоқталсақ. Бүгінде саяси ислам туралы жиі айтылады, бұл жерде, әрине, Орталық Азия да шет қалмайды. Бұл мәселе бойынша ғылыми ортада қандай жоба, зерттеулер жүргізіліп жатыр?
- Әрине, мұндай жобалар мен зерттеулер әртүрлі. Мен бұл жерде зерттеу әдістері де түрлі деп айтар едім. Бұл әдістердің сапасы мен тереңдігі, қолданатын әдістемесі оны жүзеге асырушы нақты зерттеушіге, оның мәселені білу дәрежесіне, ең бастысы, жалпы ислам туралы түсінік деңгейіне тікелей байланысты. Сонымен қатар, сарапшылардың көзқарастарына, әсіресе олар жариялап жатқан материалдарға басқа да факторлар айтарлықтай ықпал етеді. Мысалы, көптеген сарапшы (немесе, көп жағдайда өздерін сол қатарға жатқызатындар) өз мемлекетінің (немесе өздері тұратын елдің), белгілі бір саяси және экономикалық корпорацияның, әсіресе діни-саяси партиялардың, идеологиялардың және т.б. топтардың мүддесіне тікелей немесе жанама түрде қызмет етеді. Ал бұл жағдай күрделі мүдделердің тоғысуынан және сол мүдделерден туатын ақпаратты құбылту схемасынан хабары жоқ адам үшін түсінікті бола бермейді. Бұл бүгінде танымал БАҚ-тарда, соның ішінде интернет-сайттарда кең қолданылатын қарапайым схемалар мен әдістер. Өйткені, олардың міндеті - қоғамдық пікір қалыптастыру, сонан соң оларды басқарып, саясаткерлердің шешіміне ықпал ету. Осы жағдайлар ақпаратты біржақты қылады. Сондықтан сіз шын мәнінде «саяси ислам» дамуымен байланысты үрдістерді түсінгіңіз келсе, әлгіндей басылымдардың және сол ортаның танымал авторларының қорытындыларына көзсіз сүйенудің қажеті жоқ. Сөз арасында айтар болсақ, осы «саяси ислам» туралы түсінік те біркелкі емес. Мысалы, мұсылман ғалымдарының бір бөлігі ислам ешқашан саясаттан тыс болмаған, теория жүзінде ислам және саясат өзара байланысты және өзара бағынышты дегенді басшылыққа алып, «саяси ислам» ұғымын мүлдем қабылдамайды. Олардың түсінігі бойынша, мемлекет өзінің басқару және саяси, заңнамалық және заңдық институттары негізіне шариғатты алмаса, «исламдық» деп атала аталмайды, ал оның территориясы «Дар ал-ислам» (Ислам территориясы) деп саналмайды. Мұсылман ғалымдарының басқа бөлігі (әсіресе біздің аймақтың ханафилері) дінге сенушілердің рухани құндылықтарына құрметпен қарау шарты орындалған жағдайда ғана зайырлы мемлекетте мұсылман жамағатының толыққанды өмір сүру мүмкін екендігін мойындайды. Осыған сәйкес, жамағат жетекшілері мен мүшелері өтем ретінде негізгі саяси мәселелерге араласпайды, кем дегенде, мемлекеттің зайырлы сипатын өзгерту туралы мәселе көтермейді.
Зайырлы бағыттағы сарапшы-дінтанушылар да «саяси ислам» ұғымын біркелкі түсінбейді. Жалпы алғанда бұл термин (олай аталуы орынсыз да саналуы мүмкін), сыртқы және ішкі саясат мәселелерін шешуде, экономикалық ресурстар мен мемлекеттік билікті бөлуде діндарлардың тікелей қатысуы туралы мәселе көтеруші діндәрлар мен олардың жақтастарына қатысты пайдаланылады. Басқаша айтқанда, «саяси ислам» өкілдері зайырлы және діни билік бір-бірінен ажыратылған европалық түсініктегі саяси-құқықтық құрылымды мойындамайды, билік ісіне діни қауым өкілдерінің тікелей қатысуын, тіпті басымдыққа ие болуын талап етеді. Қазіргі Орталық Азия елдеріндегі кез-келген деңгейдегі саясаткер өз елдерінің Конституциясына қайшы келетін мұндай схемаларды қабылдамайтынын Сіз жақсы білесіз. Сондай-ақ, тұрғындардың басым көпшілігі де исламданудың мұндай түрімен келісе қоюы екіталай. Сондықтан «саяси ислам» өкілдері «билікке енудің» өзіндік кестесін жасап шығарады. Олардың кейбірі астыртын жолға түсіп, интернетті белсенді пайдалана отырып, «ислам мемлекетін», кейде тіпті әбден жауыр болған «халифатты» қалпына келтіруді ұсынады. Енді бірі алдымен насихат (дағуа) жолымен қоғамды исламдандырып, «исламдық саяси ойлауды» қалпына келтіріп, осы арқылы саяси құрылымды табиғи исламдануға дайындау керек деп ойлайды. Үшінші топ тым сақ қимылдайды. Олар мемлекетпен ашық қақтығысқа бармай, заңды ислам институттарын (діни басқармалар, мешіт, діни білім беру мекемелері), кейде тіпті өз аумағында (облыстық, аудандық, мекемелік деңгейде) ықпал етудің нақты тұтқасын қолға алу үшін билік құрылымдарын пайдалануға тырысады. «Исламның саяси жаңғыруының» мұндай кестесі көбіне «руханият», «толеранттылық», «таза ислам» және басқа ұрандарды жамылып жүргізіледі. Араб елдерінің кейбір діни-саяси құрылымдары осы «үшінші жолды» белсенді қолдайды. Бұл қолдау, ең алдымен материалдық сипатта, яғни қаржылық-корпоративтік жымдасу тұрғысында болады. Қазақстанға қатысты кейбір материалдарды саралай отырып, Сіздерде дәл осы «үшінші жол» күн сайын күшейіп, маңызды орынға шығып келе жатыр екен деген қорытындыға келдім.
- Менің ойымша, саяси ислам қазіргі кезде тек ғылыми проблема емес, ол қоғамның бас ауруына айналып бара жатқан тәрізді. Қазақстанның батыс аймағындағы (Ақтөбе облысы) соңғы оқиғалар жағдайдың ушығып кеткенін көрсетті. Сарапшылардың ешқайсысы жағдайды түзету туралы іске асатын нақты, ақылға қонымды ұсыныс айта алмай отыр. Есіңізде болса, осыдан үш жыл бұрын аймақта, соның ішінде Қазақстанда саяси ислам көрінісі белсенді түрде жүруі мүмкін деген болжам жасаған болатынсыз. Қазіргі жағдайды қалай түсіндіресіз? Қандай ұсыныс айтар едіңіз?
- Ақтөбедегі оқиғалар туралы және Батыс Қазақстан аймағындағы басқа оқиғаларға қатысты ақпараттарды мен де оқыдым, кейбір болжамдарым шынға айналып жатқанына өкініш білдіремін. Қазақстандағы ахуал бұл мәселе бойынша ушығып бара жатыр дегенге келісемін. Бірақ, менің ойымша, бір-екі «жамағатты» немесе террористік топты жоя отырып, біз көп жағдайда бұл масқара құбылыстың себебімен емес, салдарымен күресудеміз. Мәселенің мәнісі «діни либерализм» ұғымын қалай түсіну керектігінде болып тұр. Ең бастысы, «діни либерализм» стратегиясын қай сарапшы жасамақ? Либерализм мен жағдайдың бақылаусыз кетуі арасындағы қылдан нәзік шекара қайда? Әзірше бұл сауалдардың жауабын және осы мәселенің өзін нақты бағамдай алмай отырмыз-ау деген әсер басым. Сондықтан, менің ойымша, мәселе жағдайды түзету үшін қандай да бір (сізше айтқанда «ақылға қонымды») ұсыныс беруде емес. Мәселе қалыптасқан жағдайды жұрт (әсіресе билік құрылымдары мен кейбір діни қайраткерлер) қалай бағалап, әсіресе, қалай түсінетінінде. Қазақстанда «ваххабилер» немесе «салафилердің» күшеюін қолдайтындар (өкінішке орай, ондайлар аз емес) жағдай тұрақты деп есептейді және мен айтып кеткендей, «толеранттылық» пен «рухани даму» сөздерін жиі қолданады. Енді бір топ (әсіресе, Пәкістанда және басқа да білім беру орталықтарында оқып, сол жердің ықпалына түскендер) «ата-бабалар діні - таза исламның жандануы» пікіріне толық қосылады. Бірақ бұл мырзалар да көбінесе Қазақстанда жаңа діни идеологияның іргетасын нығайту бағытындағы күрделі халықаралық жобаның құралына айналып отыр. Қайталап айтамын, бұл діни идеология жергілікті халықтың діни және мәдени дәстүріне мүлде жат болғанымен, Орталық Азия елдеріне ықпал үшін күресіп жатқан кейбір сыртқы ойыншыларға ыңғайлы болып тұр.
Ал осындай діни-идеологиялық (әсіресе «ваххабилік») жобалармен әрқашан қабаттаса жүргізілетін күмәнді «қаржы схемаларына» қатысушы бизнесмендер тобы бұл істің ақыры Қазақстанға қандай саяси және идеологиялық залал әкелетінін біле бермейді. Мен бұл жобалардың елді, одан әрі тұтас аймақты көптеген қоғамдық күйзеліске, саяси проблемаларға соқтықтыруы мүмкін екендігін батыл айтудан еш тайсалмаймын. Оның үстіне, осындай агрессивті идеологияларды ойланбай қолдайтындардың өздері соның құрбанына айналатынын және қадап айта беретін боламын.
Бірақ, ең бастысы қоғамдық пікірге сүйенген тікелей саяси ерік болмаса, сарапшылардың ешқандай «ақылға қонымды ұсыныстары» көмектеспейді. Бұл жерде тіпті қоғамдық пікірге сүйенген саяси көсемге тән көрегендік қажет. Менің ойымша, террористердің жалған идеологиясына өзек болатын жат діни-саяси идеологияны ашық орнату үдерісіне кейбір құқық қорғау органдарының енжар қарауының қаншалықты қауіпті екендігін Қазақстан қоғамы түсінді (тіпті сезінді десе де болады). Мен жағдайды дұрыс түсінсем, әзірше саясаткерлер қоғамның мұндай дабылына жеткілікті мән бермей отыр. Бұл, менің ойымша, қауіпті құбылыс. Бірақ, қоғам қайраткерлері мен танымал беделді адамдардың белсенділігі үміт оятарлық.
Осы тұста кішкене шегініс жасап, жергілікті теологтардың ұғымындағы «ваххабизм» - мемлекеттік сипат алғасын жұмсарып, либералдық сипат иеленген қазіргі Сауд Арабиясы корольдігінің идеологиясы еместігін айтқым келеді. Ханафилер және сунниттердің көпшілігі ваххабизмді мұсылмандардың ұлттық ерекшеліктерін мойындамайтын, ата-баба қабірін зиярат етуге қарсы, теократияны қалпына келтіруге ұмтылатын және т.с.с. белгілері бар саясиланған қозғалыс деп түсінеді. Өзінің жергілікті формасындағы ортаазиялық ислам, іс жүзінде, зайырлы және діни биліктің бөліну мүмкіндігін мойындап, Пайғамбар заманындағы теократиялық билікті (қазіргіше - «халифат») қалпына келтірудің ваххабиттік үлгісіне қарсы шықты. Бұл діни тартыста сопылық, соның ішінде ясауия жетекшілері де елеулі роль атқарды.
Жалпы, ясауилер мен түрлі кейіптегі фундаменталистер арасындағы діни тартыстың маңызды тұсы неде? Түсіндіріп көрейін. Мен аудио және бейнетаспалардағы Исматулла шейхтың «патша Нұрсұлтан Әбішұлына өзінің ісін жүзеге асыруына кедергі жасамаңдар» деген сөздерін естігенде, мұның ясауия немесе қадарияның дәстүрлі конформистік сөзі екенін түсінемін, олар зайырлы мемлекетте мұсылмандардың толыққанды өмір сүру мүмкіндігін мойындап, заңды билікті үнемі қолдап отырды. Бұл түсінікке сәйкес, адамдар мен ғұламалар билеушіге кедергі жасамай, керісінше көмектесуі қажет. Бұл бауырластықтың дәстүрі осындай. Дегенмен, кейбір сарапшылар (ислам мен сопылықты дұрыс білмейтіндер) осы сөзден («президент» орнына «патша» және т.б. сөздерін қолдану) «ортағасырлық ойлауды», «консерватизмді» көреді. Бірақ бұл кәдімгі діни риторика екенін түсінетін уақыт болды ғой! Ол қазіргі зайырлы тілге ұқсамайды және ұқсамауы да керек, себебі басқа сөздікке жүгінеді, басқа терминдер мен образдарды қолданады. Әрине, қазіргі сөздік пен риторика да бүгінгі дін ғұламаларының тіліне ықпал етеді. Сонда да ол бәрібір діннің тілі болып қала береді.
Енді ясауишылар мен олардың қарсыластары арасындағы пікір таласына қайта оралайық. Жалпы, аймақтағы мемлекеттерде (әсіресе көшпелі ортада) зайырлы және діни билік тармақтары іс жүзінде бір-бірінен ажыраған болатын. Бұны фундаменталистер «қате ислам» деп санайды. Дегенмен, олар мұны айтса, ясауия мұрагерлеріне пайдалы екенін түсініп, басқа жолдармен олардың беделін түсіруге тырысады. Мысал үшін «ханафиліктен алыстады», «шариғаттан безінді» деген сияқты айыптаулар қолданады. Сопыларға ең басты, бірақ ашып айтылмайтын өшпенділік - ясаушілердің дәл осы саяси либерализмінде жатыр. Бұл либерализм «салафиттер» мен «ваххабиттердің» саяси жобаларына елеулі кедергі келтіреді. Міне, жұрттың бәрі түсіне бермейтін діни тартыс астарындағы осы кілтипанды ажырата білу маңызды.
Реті келгенде тағы бір түсініктеме беріп кетейін. Егер есіңізде болса, өткен сұхбатымда мен ислам тарихи феномен ретінде, діни заңнамалық, мәдени құбылыс және өркениет ретінде - өте күрделі дін екенін айттым. Ислам ішінде «дұрыс ислам» туралы пікірталас әрқашан болып тұрды, ал осының негізінде шексіз секта мен бағыттарға, ал қазір партия мен жамағаттарға бөліну орын алып отыр. Сондықтан қауымның жұмаққа баратын жеке-дара бөлігі туралы тартыс (Пайғамбарымыз с.ғ.с. хадисіне сәйкес) ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Бұл тартыста кейбір діндарлар исламның ұлан-ғайыр аймаққа түрлі дәстүрлермен таралатынын түйсініп, толерантты позиция ұстанады. Бірінші кезекте, мұндай түсінік сопыларға, философтарға, танымал діндарларға тән. Ал басқа діндарлар «бастапқы исламды» қалпына келтіруге тырысып, әрдайым радикалдық жолға түсіп отырды; оларды қазір фундаменталистер, салафилер, діни экстремистер және т.б. деп атайды. Қазіргі кезде діннен шыққан фундаменталистер, шынына келгенде, ондай қауіпті де емес шығар. Дегенмен, олардың идеологиясы қолына қару алып, шахид белбеуін тағатындардың, ұлттық дәстүрді ұстанушы, «жат діндегілерге» кеңшілікпен қараушы мұсылмандарды кәпір деп жариялап, жек көретіндердің агрессивті түсінігіне негіз болатыны қауіптірек.
Сондықтан Қазақстанда зайырлы дәстүр, билікке құрмет және т.б. сезімдер күшті екеніне сеніп қалудың қажеті жоқ. Шынында да, қазіргі Қазақстанда зайырлы идеология күшті, «діни жаңғырудың» қарқыны көрші елдерге қарағанда баяу, діни либерализм саясаты сәтті, орнымен жүріп жатқан секілденіп көрінеді. Бірақ сөэ болған діни жаңғыру үрдісі Қазақстанда да күш алып келеді, оның үстіне қазіргі коммуникация (ақпараттық және жеке) түрлерінің дамуы жағдайында ел, бірінші кезекте, діни-идеологиялық және басқа да сыртқы ықпалдар үшін қорғансыз күйде. Көп жағдайда, бұл ықпалдар да «еркіндік пен демократия үшін күрес» деген сияқты сырттай игілікті сипатты бүркеніш етеді. Әлемнің түпкір-түпкірінде болып жатқан көптеген оқиға осыған дәлел емес пе? Осы тұста «қоғамның, әсіресе оның діни бөлігінің идеологиялық көзқарасы мен сана-сезімі тез өзгеріп жатқанда кешегі күнге тән стратегияны бүгін басшылыққа алуға бола ма?» деген сауал пайда болады. Ал «Қазақстанда діни жаңғыру қандай формада жүріп жатыр?» деген сұраққа кім нақты жауап бере алады? Таяу 10-15 жылда біз қандай қатермен бет-бет келуіміз мүмкін? Мен діни либерализмге қарсы емеспін. Бірақ қазіргі саясат белгілі бір стратегияны жасауды, діни өмірді реттейтін тиімді шаралар әзірлеуді, кез келуі мүмкін қатерлерді айқындауды қалайды. Оның үстіне, «діни карта» (көп жағдайда, экстремистер тобы) халықаралық деңгейде басқа елдің ішкі ісіне қол сұғу, қысым көрсету және т.б. әрекеттердің әдісі ретінде қолданылуда.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»