Бұл экологиялық апаттың дабылы ма, әлде бизнестегі лоббилік пе?
Өткенде «Ведомости Казахстана» (kazvedomosti.kz) сайты «Қасым-Жомарт Тоқаевтың атақ-беделін экономикалық ойындарға араластыра бастады» (Авторитет Касым-Жомарта Токаева начинают использовать в экономических играх) атты мақала жариялады. 14 қараша күні. Іле-шала, 15 қарашада «Central Asia Monitor» (camonitor.kz) сайтында «Этично ли использовать статус члена НСОД и встречу с президентом в подобных целях?» атты мақала жария болды.
Орыс тіліндегі екі мақалада да белгілі қоғам белсендісі, эколог Азаматхан Әміртай мырзаның есім-сойы аталыпты. «ҰҚСК мүшесі Азаматхан Әміртай президент қабылдауында болып, жеке компанияның мүддесін қорғап шықты» деп жазады олар. Лоббилік жасады дейді. Сөзбе-сөз, міне:
«Мысалы, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» ҚБ жетекшісі Азаматхан Әміртай, өзінің «Фейсбуктегі» жеке парақшасында жазғандай, өзіне берілген уақыттың жартысынан көбіне жуығын автокөлік дөңгелектерін өңдейтін зауыттың тағдырына және оның ЖШС «РОП» дегенмен арадағы кикілжіңіне арнапты (десе де, Ол (Азаматхан Әміртай) мұны стратегиялық маңызы бар экологиялық мәселе етіп көтерген екен). Құдды Ол (Азаматхан Әміртай) әлдекімдердің мүддесін қорғап жүргендей ой қалдырады. Тіпті бұл олай емес дегеннің өзінде, мұндай мәселені көтеру үшін мемлекет басшысымен кездесуді пайдалану қаншалықты этикаға сай? ҰҚСК мүшесі осымен айналысуы керек пе? Ол (Азаматхан Әміртай) мұнысы арқылы ҰҚСК-ға деген елдің сенімін сейілтей пе?» деп жазады «Central Asia Monitor» (camonitor.kz) сайты.
Ал «Ведомости Казахстана» (kazvedomosti.kz) сайты: «Жуырда Ақорда аудиенциясында ҰҚСК мүшесі, «Байтақ-Болашақ» РҚБ өкілі, эколог Азаматхан Әміртай болды. Күн тәртібіндегі жалпы мәселеден бөлек, экологиялық белсендінің президентпен кездесудегі басты мотивациясы астаналық компания - «Kazakhstan rubber recycling» ЖШС мүддесін қорғау болса керек. Бұл зауыт – автокөлік дөңгелектерін өңдеумен, дәлірек айтсақ, дөңгелектерді ұсақ резеңке қиыршыққа айналдырып, балалардың ойын алаңшаларына, жүгіру жолақтарына және спортзалдарға пайдаланатын материал әзірлеумен айналысады. Бұл зауыт елшілік нарықтың 90 пайызын қамтып отырған зауыт.
Және ҰҚСК мүшесінің бірі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты межеге алып, «Kazakhstan rubber recycling» ЖШС қожайындары үшін жағымды нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекетке қомақты қарызы бар жеке компанияның мәселесін көтеріп отыр» деп жазады.
Біз эколог Азаматхан Әміртай мырзаның «Фейсбуктегі» жазбасын оқып шықтық. Президент қабылдауында көтерген нақты үш мәселе жөнінде егжей-тегжейлі айтқан эколог шынында «Kazakhstan rubber recycling» ЖШС туралы айтқан екен.
https://www.facebook.com/209953059873414/posts/473397440195640/
Жаңағы Азаматхан Әміртай мырзаның айтып отырған зауыты - «Kazakhstan rubber recycling» ЖШС дейтін, автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеумен айналысатын зауыт. Мемлекеттің қазынасына 2,2 миллиард теңге берешек көрінеді. Қарызын қайтара алмай, ақыры банкрот болудың шақ алдынды тұрған кәсіпорын туралы «Ведомости Казахстана» (kazvedomosti.kz) сайты, кімге, қанша және не үшін берешек, тәптіштеп жазған екен.
Аталмыш ақпардан ұққанымыз, «Kazakhstan rubber recycling» ЖШС қожайындары 10 жыл бұрын Қазақстанның даму банкінен 930 миллион теңге несие алған. Бұл соманың белгілі бір бөлігі доллармен, қалғаны теңгемен алынған. 5,5 миллион теңге. Теңгеге шаққанда сол кездегі курспен 930 миллион теңге. Қазір доллар бағамы өскен. Демек, қарыз сомасы да өскен. «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы қарызды төлуге шамасы келмеген зауытқа екі мәрте уақыт созып берген. Әуелі 2014 жылы қарызды төлеу мерзімін 2021 жылға дейін ұзартқан. Жоқ, түк төлемей қоймаған. Сол кездегі қарызы 1,5 миллиард теңгеге жеткенде 4,4 миллион теңге төлепті. Ал 2017 жылы ҚИҚ қарыз мерзімін өтеуді 2023 жылға дейін тағы ұзартқан. Осы уақыт аралығында «Бәйтеректің» еншілесіне бары 17 миллион теңге төлем түскен. Сөйтіп, зауыттың мүдделестері аталмыш зауытты банкрот қылу туралы айта бастаған. Неге? Банкрот болғандықтын барлық қарыз кешіріледі-мыс. Сөйтіп, бәле де жоқ, басқа да жоқ болады. Айтпақшы, біржарым жыл бұрын зауыттың барлық есеп-шоттары да бұғатталған екен.
Мақұл ғой. Жеке компания мен мемлекеттік сектордың арасындағы дау-тартыс. Жеке мәселе. Алайда бұл мәселенің, жеке бизнес мүддесінің ҰҚСК-ға қандай қатысы бар? Шынында, бұл эколог Азаматхан Әміртай мырза айтқандай, жалпыұлттық масщтабтағы экологиялық апат па? Әлде, бизнесттік лоббидің бір формасы ма?
Жә, айтпағымыз мынау... Күні кеше ғана, 17 қараша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына тұп-тура төрт ай уақыт өтті. 17 шілдеде Ақорда ҰҚСК құрамын бекітіп, жариялаған еді. №63 Жарлық. Біз де бұл тізімді сайтымызға салдық.
Әуелде ел-халықтың пікірі екіұшты болды, рас. Жаңа құрылып жатқан бұл кеңестің жұмысына күдік-күмәнмен қарағандар да, керісінше, кеңес қоғамның қоясын ақтарады, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігіндегі ең өзекті мәселелелерді көтереді дегендер де болды.
Сөйтіп жүргелі 4 ай. Қазірге дейін сол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан жалғыз жиыны өтіпті. Сол жолғы жиылыста кеңес ішінен жасақталған жұмыс топтарының модераторларының монологтары, иә, ұсыныстары айтылды. Ол 6 қыркүйек болатын. Оған да 2 айдан аса уақыт өтті. Келесі жиын қашан өтетіні бізге белгісіз. Белгісізі жалғыз бұл емес. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің: нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық сараптама жасау, жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету т.б. деген нақты міндеттері бар.
Қазір аталмыш кеңес нақты немен айналысып жатыр? Бұл көптің көкейіндегі сауал. Біздің білетініміз біреу. Ол – ҰҚСК секретариаты қазір кеңес мүшелерін кезек-кезегімен президенттің қабылдауынан өткізіп жатыр. Осығаған дейін тұп-тура 16 адам Ақордадағы қабылдауда болып қайтты. Олар:
28 тамыз.
Сейдахмет Құттықадам,
Асылбек Қожахметов,
Берік Әбдіғали.
9 қазан.
Ораз Жандосов,
Бағдат Мусин.
14 қазан.
Ерлан Саиров,
Мұхтар Тайжан.
23 қазан.
Айман Омарова,
Данияр Әшімбаев,
Ауыт Мұқибек.
30 қазан.
Жеміс Тұрмағамбетова,
Гүлмира Илеуова,
Қанат Нұров.
6 қараша.
Азаматхан Әміртай,
Арман Шораев,
Айдос Сарым.
Тағы жиынма нешесі кезекте.
Жаңағы Ақордада өтетін бетпе-бет кездесулерде кеңес мүшелері нақты қандай ұсыныстар айтты? Ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Исаның мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы баяндамасы, саясаткер Айдос Сарымның 5 заңға ұсыныс енгізу туралы баяндамалары мен ақын Ауыт Мұқибектің президент қабылдауында шетелдегі және Қазақстанға көшіп келген қандастар мәселесі жөніндегі айтқан ұсыныстары «Abai.kz» ақпараттық порталында жария болды. Ал қалғандары ше?
Иә, бұл президенттің жеке-жеке қабылдауы болған соң, ондағы кейбір мәселелер жариялау категориясына жатпайтын болар. Әйтсе де, арагідік сол қабылдауда болып қайтқан азаматтар әлеуметтік желіде әңгіменің ауанын ақтара жазып, ақпар бөлісіп жатыр. Әйтпесе, осыған дейін өткен 15 кездесуде нақты қандай мәселелер көтерілді? Көп-жұрт біліп жатқаны шамалы. Ақпарат ашық болса, Ақорда әрбір кездесудің жай-жапсарын ел-халыққа түсіндіріп таратса, жаңағы Азаматхан Әміртай мырзаның мысалындай даулы мәселе туындамас та еді.
Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыда аты аталған азаматтарды нақақ қаралау ниетімізде жоқ. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz