Бақтыбай Айнабеков. Дін сабырмен ұстансаң - қазына, ұстай білмесең - қатер
(Тележурналист Нұртілеу Иманғалиға хат)
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Нұртілеу!
Мен бұл мақала-хатты Қадір түні алдында берілетін апта бұрын, алдын-ала бүгін (19.08) сен жазып алған «Көршілер» бағдарламасынан соң, осылай жасағаным дұрыс-ау деген оймен жазып отырмын. Сенің осы бағдарламаңда көтерілген бір тақырыпқа байланысты пікір бөлісу ниетінде...
Өткен өмірге назар аударсам, екеуміз кезінде осы «Қазақстан» телеарнасында он жеті жыл қатар қызмет жасаппыз. Сен жастар редакциясында жалын атып жүргенде мен насихат хабарлары бас редакциясында, соңынан біраз бөлімдер біріктірілген саяси хабарлар бірлестігінде комментаторлықтан бас редакторлық лауазымға дейінгі аралықта қызмет атқарыппын. Білесің бе, осы кезең менің журналистік өмірімдегі аса бір ыстық, ұмытылмас кезең болып қалды. Олай дейтінім Кеңес империясының тамырына балта шапқан Желтоқсан оқиғасы біздің көз алдымызда өтті. Осы бір әлемдік тарихи бетбұрыс кезеңі «Қазақстан» телеарнасы алдындағы Орталық алаңнан бастау алған жоқ па?.. Содан, еліміз Жаратушының рахымымен ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен өз егемендігін алды... Мұндай тарихи сәтті көзбен көріп, бастан өткізу кімге де болса естен шықпас үлкен мақтаныш әрі абырой ғой...
(Тележурналист Нұртілеу Иманғалиға хат)
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Нұртілеу!
Мен бұл мақала-хатты Қадір түні алдында берілетін апта бұрын, алдын-ала бүгін (19.08) сен жазып алған «Көршілер» бағдарламасынан соң, осылай жасағаным дұрыс-ау деген оймен жазып отырмын. Сенің осы бағдарламаңда көтерілген бір тақырыпқа байланысты пікір бөлісу ниетінде...
Өткен өмірге назар аударсам, екеуміз кезінде осы «Қазақстан» телеарнасында он жеті жыл қатар қызмет жасаппыз. Сен жастар редакциясында жалын атып жүргенде мен насихат хабарлары бас редакциясында, соңынан біраз бөлімдер біріктірілген саяси хабарлар бірлестігінде комментаторлықтан бас редакторлық лауазымға дейінгі аралықта қызмет атқарыппын. Білесің бе, осы кезең менің журналистік өмірімдегі аса бір ыстық, ұмытылмас кезең болып қалды. Олай дейтінім Кеңес империясының тамырына балта шапқан Желтоқсан оқиғасы біздің көз алдымызда өтті. Осы бір әлемдік тарихи бетбұрыс кезеңі «Қазақстан» телеарнасы алдындағы Орталық алаңнан бастау алған жоқ па?.. Содан, еліміз Жаратушының рахымымен ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен өз егемендігін алды... Мұндай тарихи сәтті көзбен көріп, бастан өткізу кімге де болса естен шықпас үлкен мақтаныш әрі абырой ғой...
Теледидарда жұмыс жасау әрбір тележурналист үшін мақатаныш. Оның үстіне «Қазақстан» телеарнасы қазақ елінің, қазақ халқының мінбері ғой. Киелі мінбер. Осы жерден бүгінгі ел тынысы мен тіршілігі, үмітті ертеңі көрініс береді. «Елдің теледиары қандай болса тіршілігі де сондай»- деушілер дұрыс айтады. Сондай абройлы мінберге қызмет жасау қандай бақыт. Бұл бақыт өз қызметіңе деген махаббатпен ұштасып жатса, нұр үстіне нұр. Ол махаббатың ыстық ықыласыңмен дайындаған әрбір хабарыңнан, әр тіршілігіңнен, әр қимылыңнан байқалуы керек. Сол тіршілікті өзге жұрттан бұрын өзің сезінуің тіптен ләззат. Сондай көрініс аз-кем менің өмірбаяныма да жазылған сияқты. Нақтылы дәлел - кезінде Қызылорда облысында «Алтын дән - 83» хабарына байланысты қырық күндік жол сапар кезінде өмірге келген сегізінші ұлымның есімін Алтын дән-83 деп атасам, 1986 жылғы ҚКП тарихындағы толқулы сьезде, Димаш ағамыздың орынында қалғаны туралы қуанышты хабар дайындап жатқан кезде өмірге келген тоғызыншы ұлымның есімін Съезд деп қойдым. Көз алдымда осы екі ұлым тұрғанда мен «Қазақстан» телеарнасы ұжымы тіршілігінен күні бүгінге дейін өзімді бөліп қарап көрген емеспін. Сырттай да болса ұжымның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендей сезінемін. Өз атыңа жазылып отырған мына хат та сол сұлу ықыластың көрінісі.
Әрине, біз қызмет жасап жүрген кездегі телехабарлар дайындау жұмысының қиыншылығы мен бүгінгі телехабарлар дайындау жұмысында жер мен көктей айырмашылық барын зор қуанышпен сезінемін. Ол кезде бүгінгідей хабар түсіретін жетілген техникалық апараттар болған жоқ. Сендер хабарды студияда немесе ПТС арқылы түсірумен шектеліп жатқанда, біздер 3-4 минуттық кинолентамен жарты немесе бір сағаттық хабар дайындау үшін «Максматорымызды» арқалап, еліміздің түкпір-түкпіріне режиссер, оператор, дыбыс жазушы мен жарық беруші топты соңымызға ертіп, жиі сапарға шығатынбыз. Аттың жалында, түйенің қомында жүргендей тіршілік кештік. Соның өзі біз үшін қуаныш еді. Үлесімізге тиген шамалы кино пленкаға қажетті көріністерді түсіріп, барған елді мекеннен жазылатын хабарға қатысуға тиісті адамдарды жергілікті басшылармен келісе отырып, студияға шақыра келетінбіз. Қандай ауыр... Сондай қиыншылығы болғанмен, сол хабарды дайындау бізге барынша қызық көрінетін. Өтті ғой, өтті «Қазақстан» тарихында сондай кезең...
Шынын айтайын, сенің мына жазған діни хабарыңа көмекшілерің Дастан мен Жанар телефон арқылы шақырғаны болмаса, сен жүргізетін «Көршілер» бағдарламасы екенін ескерткен де жоқ және қандай тақырып аясында сөз болатынын біле де қоймадым. Ойладым, соңғы кезде БАҚ беттерінде менің «Хазіретке хат жаздым, құлағдар бол, жамағат», «Елбасына хат жаздым, құлағдар бол, жамағат», «2000 жылы көтерілген өзекті мәселе нәтижиесі, 2011 жылы қоғамға діни агенттікті алып келді», « Елбасы - елдің символы, ол кісіні арандатудан сақтайық!» деген тақырыппен, елміздегі Исламның жағдайына байланысты жарияланған ащылау жазылған сериялы мақалаларым жастар назарына түскен болар, соған орай шақырып жатқан шығар деген оймен, өз пікірлерімді ойша жинастырып, хабарға жеткен болатынмын. Студияда өзіңмен кездестім...
Байқағаным, республикадағы қазіргі діни ақуал мен соңғы кезде кешігіп барып құрылған дін істері жөніндегі агенттік жұмысына байланысты жазылған бұл хабарға республика мұсылмандары діни басқармасының шариғат бөлімінің жетекшісі, наиб муфти Мұхаммед-Құсейін Алсабеков, Нұр Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы Шәмшідін Керім, Мұсылмандар Одағының төрағасы Мұрат Телебеков, Алматы қалалық дін істері департаменті директоры міндетін атқарушы Жасұлан Тәжібаев бастаған біраз адамдар шақырылған екен.
Нұртілеу, тележурналист әріптесің ретінде бірден айтайын, сен бүгінгі таңда республика көрермендері мойындаған танымал тележурналист әрі телебағдарлама жүргізушісің. Тележурналисткикаға толқын толқын болып келіп жатқан жастар легіне ұстаздық ете алатындай кемел тәжірибе жинақтаған кәсіби мамансың. Алайда, осы хабарға жеке дайындығың шалалау болған сияқты және хабарға қатысушылармен арадаға әңгімең де жарасымды шыға қойған жоқ. Мұны хабарың эфирден өткен соң көрермендер де байқай жатар. Әр хабарды жүргізуде өзіндік стилі бар, көзіне киген көзілдірігінің үстінен сұспен қарап тұратын Нұртілеу бұл жолы сол үйреншікті қалпында көрінбеді. «Көршілерге» келген қонақтар арасында да тақырыптың аясын ашатын кісілер аз болды. Алсабековтың жауабын кім түсінді?.. Сен түсінбесең мен ештеңе ұқпадым. Хабарға діни басқарманың пәтуа бөлімін басқарған соң, дұрыс пәтуа айтар деген ниетпен шақырған шығарсың. Азаматымыз ол үдеден шықпады. Қызметіне орай қазақтың дәстүрлі дініне жаны ашитын болса, осы хабардың аяғына дейін сабыр сақтап отырар еді ғой. Олай да жасамады. Хабар тізгінін ұстап отырған өзіңмен жөнсіз ілінісіп қаншама уақытты алды. Әттең, осы көріністі толық эфирге жібермейсің ғой, жіберсең қалың жамағат мұсылмандар діни басқармасының пәтуә бөлімінің тізгінін қандай жан ұстап отырғанын өздері де байқар еді. Біздер шешен ағайындармен діндес болғанмен, ұстанатын мазһабымыз бөлек. Қазақ ұлты күні бүгінге дейін Имам Ағзам Әбу Ханафия мазһабын ұстанады. Шешен ағайындар Имам Шафиғи мазһабында. Бізде діни намыс болмай тұр ғой, болмай тұр!.. Бүгінгі таңда діни басқарма шығарған пәтуалардың жиі сынға ұшырауы пәтуә бөлімінде осы азаматтың отыруынан екенін көп адам біле бермейді. Жалпы бұл хабарға Алсабековты емес, Әбсаттар Дербісәлінің өзін шақыруың керек еді. Өйткені муфти деген сөздің өзі діннен пәтуә шығарушы ғұлама деген сөз. Ал бас муфти деген муфтилердің көсемі ғой. Осыны онбір жылдан бері Әбсаттар білмей келе жатқан жоқ. Біз Әбсаттарды жаңа мешіттердің ашылу салтанатында ғана көріп қаламыз. Салтанатта астына ат мінгізіп, иығына шапан жапқанға мәзбіз. Сол рәсімдерде күні бүгінге дейін «Мешіттің ашылу салтанатына келгенің қандай жақсы болды, енді дін ғұламасы ретінде мешіттегі бүгінгі намазды да өзіңіз өткізіп беріп кетіңіз»-деген жан баласы болмапты ғой. Содан соң, бұл елден не үміт, не қайыр... Әбсаттар дін мәселесін көтеріп ел алдына шыға алмайды. Бүгінгі таңда елдегі діннің ушығып тұрған проблемасына араласпай жүруінің өзі де осыдан. Қазіргі діндегі сансыз ағымдарды, діни фанаттар қимылын, еш уақытта үкімет тоқтата алмайды. Оны сол мемлекеттің ұстанатын діні, дін зиялылары ғана тоқтатады. Ол үшін діннің басшысы дінін де, елін де сүйетін нағыз патриот, үлкен діни білім иесі болуы керек. Ондай толыққанды білімі бар дін басшы әзір біздің елдің маңдайына жазылмай отыр.
Хабардағы басты әңгіме - жаңадан құрылған діни агенттік туралы болды. Менің 07.03. 2011 жылы жазылған «Елбасына хат жаздым, құлағадар бол, жамағат» деген проблемалық мақалам араға үш күн салып, «Абай.kz» порталында жарық көріп, одан біраз БАҚ көшіріп басып, мақала Елбасы атына жолданған болатын. Сол мақалада мынадай ұсыныс-пікір айтылған; «...Жоғарыдағы келтірілген жауап хат Діни комитет пен оның бүгінгі таңдағы қызмет істеу қабілет дәрежесін көрсетсе керек. Сіз өткен жылы Діни агенттік ашу жөнінде өте орынды ұсыныс айттыңыз. Бұл ұсынысты 2000 жылы, қазір өзгеріп кетпесе, Үкіметтің 06.05.2000 жылғы діни ұйымдармен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығы Ережесіндегі «Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу талабын» басшылыққа алып, сол кездегі Кеңес хатшылығы Төрағасының орынбасары Т.Сауранбековтың атынан Діни Агенттік ашу жөніндегі барлық сметалық шығындарын жазбаша көрсетіп Президент Әкімшілігінің сол кезегі жетекшісі С.Қалмырзаевтың алдына шығарған болатынбыз. Бүгінгі Діни комитетте отырғандар тым болмаса Сіз айтқан осы ұсынысты қолдап кетуі керек еді. Ондай қимыл көрінбейді. Комитеттегілер бір министрліктің қолтығында тығылып алып күндерінің өткеніне мәз. Ал бізге бүгінгі таңда ел тағдыры үшін жұмыс жасайтын Діни агенттік ауадай қажет. Қазір еліміздегі тіршілік ана сүтіндей ақ, ана тілегіндей таза болып тұрған жоқ. Ішкі діни ақуал ел егемендігін барынша қауіпті жағдайға әкеліп тіреп отыр. Бұл жағдайды қазір кім жөнге сала алады, мұнымен түпкілікті кім айналысуы тиіс?.. Ендігі жерде Республика мұсылмандары діни басқармасының қазіргі бетімен кеткен жайына, Елбасы ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызға тура келетін сияқты...
«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» демекші, кезінде Үкімет діни басқарма Жарғысы талаптарын бұза отырып, бұл діни ұйымға дінсіз адамды басшы етіп қойып, қазір соның барынша зардабын тартып отыр деп білемін. Бұған қосымша жоғарыда айтып кеткеніміздей дәл қазір, шолақ ойлы оншақты дін дүмшелері таныс-тамырларын салып Өзіңіздің маңыңызды орағытып жүргенін де көріп біліп отырмыз. Дінді саясатқа айналдырғысы келетін бұл «белсенділердің» екі-үшеуінің шет елден қаржыланып отырғанын БАҚ беттері күн құрғатпай сөз етуде. Мен білетін бұл «белсенділердің» ішінде дәстүрлі Ислам дінінің қамын жан-тәнімен ұғынатын жан байқалмайды. Бірі Құдайдан қорықпай, жай ғана Әбсаттар құсап атақ қуаласа, екіншісі дінді бизнес көзіне айналдырып, байығысы келетін діннен мүлдем сауатсыз мұнапықтар. Дін - Алланың ісі, саясат - адамның ісі. Саясат - сағат сайын өзгеруі мүмкін, дін - мәңгілік. Осылардың арқасында бұрын үш жүзге, руға бөлінсек, енді түрлі дін мен ағымға бөліне бастадық. Дін мен саясатты қосқысы келіп жүргендердің бұл мақсаты үрей тудырады. Бұл өте қатерлі қадам, қоғамға бүлік салады. Мұндай қауіп қатерді көре біле тұра үнсіз қалсақ, Алла алдында да, Отан алдында да қылмыс болып саналады. Бұл ретте қазіргі араб елдерінде орын алып отырған толқулар мен қабат көрші қырғыз, өзбек елдерінде орын алған қанды қырғындардан да сабақ алуымыз керек».
Осы Ашық хат түрткі болып ой салды ма, әлде елдегі діни ақуал мәжібүрледі ме, араға ай салмай Елбасы қол қойған, Мәдениет министрлігі құрамындағы бүгінгі күнге дейін өз қызметін дәрменсіз көрсетіп келген Діни комитет таратылып, орынына Республикалық Діни агенттік құрылғандығы туралы Жарлығы жарық көрді. Ұзамай жаңа агенттік төрағалығына Қайрат Лама Шәріп мырзаның бекігендігін естідік. Кеш те болса бұл агенттіктің құрылуы елдегі ушығып тұрған діни ақуалдың саябырсуына нақтылы ықпал жасайды және Конституциядағы «дін мемлекеттен бөлек» деген тұжырым орынына «мемлекеттің дәстүрлі діні - Ислам, әлемдік діндер ғана мойындалады» деген тұжырым енгізуге күш салады деген ойдамын. Бұлай етпеген жағдайда еліміздегі есепсіз діни ағымдар мен әлем мойындамаған жаңа діндерден құтылуға жол жоқ... Мен осы пікірімді сен жазған хабарда да қатаңырақ айттым. Ол сөздерімді толық бересің бе, бермейсің бе, ол өз қолыңдағы шаруа. Бірақ, хабарға қатысып отырған Төлеу қажы ақсақалдың «Хабардың жаны енді кірді ғой, хабарды Бақтыбайдың осы әңгімелерімен түйіндесек» -деген сөзі жадыңда болғанын қалар едім. Менің соңғы айтқан бұл пікірім жүзеге аспаса діни агенттікке Лама Шәріп түгілі Кәләм Шәріп атымен келген адам болса да ештеңе тындыры алмайды. Мұны айтып отырғаным «бір мемлекет -бір дін» деп келген бұл ініміз де қазір алғашқы екпінінен саябырсып қалған сияқты. Ол айтқан «Қалыпты ислам» концепциясы да көп үміт күттіріп отырған жоқ. Бұған қосып айтарым қазір діни агенттік құрылымы облыстар мен аудандарда да жасақтала бастады. Байқаймын, алынып жатқан кадрлардың көпшілігі, дін исі мұрынына кірмейтін, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін кеңседе отырып жалақы алудан аспайтын жас шинеуниктер болып барады. Агенттікке алына бастаған ондай кадрлардың түкке де қажеті жоқ. Мен мысал келтірейін, 2000 жылы төрт жыл жабылып қалып, әзер ашылған Үкімет жанындағы Діни ұйымдармен байланыс жөніндегі хатшылық бөліміне, аяқ астынан Т.Сауранбековтың орынына А.Мұқашов деген азамат елшілік қызметтен ауысып, басшы болып келді. Мамандығы - энергетика жағы екен. Діни жұмысқа дайындығы жоқ сол азамат өз дәрменсіздігінің «арқасында» Үкімет жаныннан әзер құрылған Хатшылықты бір министрлік қолтығында жұмыс жасайтын комитет дәрежесіне дейін түсірді. Жаңа құрылым өз кадрларын осы бетімен жасақтаса, онда үмітті істің ертеңі буылдыр. Өзің көрдің ғой, хабарға шақырылған Алматы қалалық дін істері департаментінің директоры міндетін атқарушы Жасұлан Тәжібаев жаңа құрылым туралы не айтып жарытты?.. Мен айтып отырған осы мәселеге орай хабарға қатынасқан Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, профессор Шәмшідін Керім мырза да діни оқу орынын бітірген өз жастарын жаңадан құрылған осы агенттікке ұсыну, еліміздегі жалғыз дін ғұламасы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізін қалаушы Рәтбек Нысанбайұлы сияқты дін зиялыларын өздеріне сабақ беруге шақыру туралы жанды ұсыныстар айту орынына, муфтияттың бүгінгі таңда бетімен кеткен жұмысын қорғаштаумен шаршады. Мен бұларды айтқанда агенттік пен діни басқарма жұмысын жолға қойып берейін деп отырғаным жоқ, көргенімді көрген қалпында жеткізіп, бұхараға ой салғым келіп отыр. Жазылған хабардың басты мақсаты да осы емес пе?..
Хабар барысында тықпышталған діни агенттік жаныннан ұйымдастырылған үгіт-насихат тобының жұмысы да мақтаныш ретінде көрсететін көрініс емес. Діннің негізгі насихат жұмысын ұйымдастырушы қашан да діни басқарма мен діни қызметкерлер, діндәрлар, дін зиялылары болуы тиіс. Жаңадан құрылған агенттіктің максаты бұдан басқарақ болуы керек... Сондықтан да, хабарды салмақты етіп дайындауға қаншама мүмкіндігің болғанмен, жазылған хабарың солғындау шықты ма деген ойдамын...
Нұртілеу!
Сен хабар барысында менің кезінде «Дін - апиын» хабарын жүргізгенімді алға тарттың. Рас айтасың. Бірақ ол хабар менен де бұрын болған. Осы жерде «апиын» сөзін кім қалай ұғындырады, кім қалай ұғынады деген пікірді аша кеткім келіп отыр. Апиын - аз мөлшерде пайдаланса, жанға шипа. Сауықтырып, бойыңа қуат беретін таптырмас дәрі. Көп мөлшерде пайдалансаң, әрине, уландырады. Дін де саналы түрде сабырмен ұстансаң пайдасы мол сарқылмас рухани қазына, ұстай білмесең - қатер. Бүгінгі діни экстремистер мен фанаттар қимылы соның жарқын көрінісі...
«Дін - апиын» хабарының кезінде маған тапсырылуы, мені имандылық жолына бастады. Діннің елге де, өзіме де керек екендігіне көзімді жеткізді. Содан қазақ эфиріне ең алғашқы діни насихат хабарын мен алып келдім. Алғашқы «Әдет ғұрыптың озығы бар, тозығы бар» деген тақырыппен дайындалған 55 минуттық хабарды эфирден өткізу үшін Орталық партия комитетінен сегіз рет тексеру болғанын сен білмейсің де ғой. Айтыс он үш айға созылды. Сегізінші рет болған тексеруде хабарды Орталық Комитеттің сол кездегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтың өзі көріп, эфирге қоюға ұрықсат берген болатын. Дайындалған хабардың бар кінәсі хабарға бас муфти Рәтбек Нысанбайұлының қатысуы еді. Бұдан соң апта сайын «Иман» хабарын жүргізуге кеңшілік алдық. Қазақстан мұсылмандарының алғашқы құрылтайынан жарты сағаттық репортаж бердім. Құранның 114 сүресі туралы 114 насихат хабарын ұйымдастырдым. 1996 жылы қазақ журналистері арасында тұңғыш қажылыққа барып, сапар барысында «Сәлем, Мекке!» деген тақырыппен алты сериялы видиофильм түсіріп, эфирден көрсеттім. Қазір осы хабарлардың көшірмесі менің жеке мұрағатымда өз іздеушісін күтіп сақтаулы тұр...
Сөз соңында айтарым, «Қазақстан» телеарнасы бүгінгі ел көлемінде жұмыс жасап жатқан барлық телеарналардың әкесі мен шешесі. Қазақстандық телеарна жүйесінің негізі. Мен соны мақтан тұтамын. «Қазақстан» өзім құрмет тұтатын, өзім қызмет істеген мемлекеттік қара шаңырақ. Сол қарашаңырақта абыройлы қызмет атқарып келе жатқан өзіңе арнайы жазған бұл хатымның қысқаша баяны дін мәселесіне қатысты тақырып көтеріп, діни хабар дайындайтын тележурналистерге ой түссін, сабақ болсын дегенге саяды...
Алла алдағы уақытта да абройыңды еселей берсін!
Сәлеммен, қашанда жұмысыңа сәттілік тілеуші әріптесің, тележурналист Бақтыбай АЙНАБЕКОВ
21.08.2011 жыл
"Абай-ақпарат"