Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5480 0 пікір 3 Желтоқсан, 2019 сағат 10:02

Әлихантанушы ұстаз Тілеуғалы Әміртайұлы

Бұрын «мұғалім бол» деп батасын беріп жататын үлкендер. Қазір айтпайды. Бір сәт мұғалімнің, мұғалім-басшының іс-әрекетін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сонда... Ұстаздық ғұмыр, қайнаған өмір, дуылдап жүрген шәкірттер, абыр-сабыр мұғалімдер, одан қалды отбасың-балаларыңды еркелету, ойнату, сабақ үлгерімін қарау, көмектесу, баспа беттерін шолу, ертеңгі жұмысты жоспарлау, мұғалімдермен кеңес өткізу, кәсіби мамандығыңды көтеру, шығармашылық жұмыспен айналысу, білім саласындағы әлемдік озық технологияларды саралап, оқу-тәрбие үдерісіне үйлестіру мүмкіндіктерін зерттеу, ұжымның жұмысын бір мақсатқа жұмылдыруда ата-аналармен кездесу, қоғамдық кеңестермен, өндірістік кәсіпорындармен байланыс жасау, жоғарғы жақтың тапсырмаларын орындау – санай берсең таусылмайтын тауқыметті мойнымен көтеріп жүрген білім ордасының намысы, абыройы үшін аянбай еңбек етіп жүрген тұлғаны көресіз. Жас жеткіншектерге «мұғалім бол» деп айта алмайтын себептің бірі осы тауқыметті бүгінгі жастардың көбісі көтере алмайтындығынан болу керек. Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы – деп Ғ.Қайырбеков жырлағандай нағыз ұстаздың мінездемесі осындай болу керек шығар. Ал ұстаз болдың ба, онда осы еңбекқорлығыңнан айрылмай Ж.Ж.Руссо айтқандай «Ұстаз болу - өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» принципімен көш бастау керек. Міне, ғасыр белестерінде өз жетістігімен танылып үлгерген Қарағандыдағы бәсекеге қабілетті №76 қазақ орта мектебін ұзақ жыл басқарған, мектеп ұжымындағы қоғамдық сананың «Рухани жаңғыру» аясына сай қалыптасуына үлес қосып жүрген ҚР білім саласының үздігі Тілеуғалы Әміртайұлының кісілік қасиеті, ұстаздық әлеуеті, мазмұнды, тың жобаларға толы ғұмыры бой көрсетіп тұрғандай.    

1992 жылы жаңадан ашылған №76 қазақ орта мектебінің тізгінін қолға алған Тілеуғалы Әміртайұлы мектепке Әлихан Бөкейханның атын беру туралы ұсынысымен байланысты белгілі бола бастаған еді. Қала халқы ішінде бұл хабар, әсіресе орыс тілді басшылардың арасында жай түскендей құбылыс болды. 1917 жылы Алаш үкіметін құрған Алаш партиясының көсемі, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай болған, Еуропа, Жапонияға дейін белгілі болған мемлекет қайраткері! 8 қыркүйек 1955 жылы ақталған екен. Бірақ «Үш әріп» бұны 34 жыл жасырып келіпті. КСРО Жоғарғы соты 14 мамыр 1989 жылы қайта қарап, толық ақтап шыққан. Тілеуғалы Әміртайұлының қозғау салуымен басталған бұл ұсыныс қалалық комиссияда талқыланып, еңбектері зерттелінеді, Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы Әлихан Бөкейхан екендігі дәлелденеді. Осы деректерге қарамастан тартыс күшейе түседі.

Мәселе мынада болған. Әлихан Бөкейхан ірі тұлға. Кеңес үкіметінің жай ғана емес, ірі жауы! «Халық жауы» деген жамылғының алынбай тұрған кезі. Әрі тарт, бері тарт боп тұрған қыңыр заманда Әлиханның кім екенін орыс түгілі қазақтың өзі түсіне қоймайтын. Білетіндер азайып қалған, немесе сақтық керек, ашыла қоймайтын. Қазақ зиялыларының санасында сілкініс жаңа туа бастаған кез. Әлекең туған Ақтоғайда Тілеуғалы Әміртайұлы да туған. Жастайынан Әлекең туралы ауылдағы үлкендерден естігендерінің өзі көп ойларға жетелейтін. Аумалы-төкпелі заманда Кеңес үкіметімен тайталаса Алаш үкіметін құрып алған аты аңызға айналған қандай тұлға? Таң қаларлық. Ойлайтыны Әлекең туралы. Мазасыз сұрақтар көп. Ізденіп жүріп Смаханның естеліктерін, Сұлтан Хан Аққұлұлының еңбектерімен танысады.

Ауыл қарияларынан естігендерін жинап, зердесіне тоқи береді. 60-шы жылдары Әлекең туралы кейбір ой – түрткілерді, тарихи әңгімелерді Ақтоғайдағы Сейілбек, Аятай, т.б.ағаларынан,  Алматыдағы Өмірбек деген ақсақалдардың әңгімелерін жинап, жүйеге келтіреді. Міне осының бәрі кәдеге асатын кез жетті. Жоғарыда аталған ынталы топтың белді мүшесі әрі мектептің директоры ретінде қыруар құжаттар жинап, комиссияны керекті ақпараттармен қамтамасыз етуде аянбай тер төкті. Әлиханның кім екенін түсіндіре алмасаң, жеңілгенің. Барлық қоғамдық жиындарда, өндіріс орындарында, мектеп және ЖОО-да көптеген кездесулер ұйымдастырылады. Барлығында Тілеуғалы Әміртайұлы Әлихан туралы жан-жақты баяндамалар жасады. Әлихан Бөкейхан туралы Тілекең «Орталық Қазақстанға» көлемді мақала жариялады. Әттең, тарихшы болмаған. Әйтпесе, тарихпен айналысатын ғылыми-зерттеу мекемелерінде отырып, әлдеқашан ғылым докторы болатын жағдайы болған екен. Дегенмен, Әлекең жаралған топырақтан туғаны рас болса, тек жата алмас, Әлихан туралы, әсіресе білімге байланысты еңбектерін әлеуметтік айналысқа енгізуді мақсат етіп, ізденуді жалғастыра берді.

Тілекең Әлихан туралы ой толғамын былай білдіреді: Тіршілігінде Отаны үшін от кешкен, жақсылығы жаһанға жария, есімі мәңгілік бірегей бейнелер бар. Менің ойыма түрткі салып, тіліме тиек болып отырған әңгіме түйіні — ХIХ бен ХХ-шы екі ғасырларда көзі ашық, көңілі ояу зиялылардың құрметіне, халқының қадіріне ие болған, қазіргі ХХI ғасырымыздағы  ой-талғамы өскен тұлғалардың сана-сезімінен ойып орын алған абзал азамат, қарымды қайраткер, ғасырлар ғұламасы Әлихан Нұрмахмедұлы Бөкейхан дана.

Мен тарихшы да, жазушы да емеспін. Саясаткер де, сыншы да емеспін. Қарапайым қызметкер, көп оқырманның бірімін. Оқығандарымнан ерекше бір назар аудара байқағаным, ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап осы күнге дейін баспа беттерінен жиірек жарық көрген мақалалар Әлихан Бөкейхан туралы десем артық айтқан болмаспын. Әлекең туралы 100-ден астам мақалаларды оқыдым. Бәрінің де мазмұны Әлекеңнің ғұмыры, ел егемендігі жолындағы іс-әрекеттері, шығармашылық еңбектері, адамгершілік қасиеттері, әріптес-достарымен қарым-қатынастары, өскен ортасы мен туған-туыстары туралы тарихи да тың деректер. Орынды ой-пікірлер мен ұсыныстар. Тілеуғалы Әміртайұлы Әлекеңнің қайраткерлігін дәлелдеуде қажыр-қайратын аяған жоқ, қыруар еңбек сіңірді.

Бір кездегі ата-бабалардың, одан келе «Алаш» партиясының мүшелерінің азаттық жолындағы аңсауын алға тарта ұмтылған жастарымыздың 1986 жылғы жойқын қимыл-қозғалысы бастау болып, еркіндік пен егемендігіміз 1991 жылы тойланып, талай мерейлі де қаурыт істер күрт қолға алына бастады. Сол заматтарда қуантарлық істер көп болды. Санамызда жаңаша серпіліс туа бастады. Осындай қуанышты сәттерде мектепке Әлихан Бөкейхан атын беруге мүмкіншіліе бар еді. Алайда көңілге кір келтірерлік түсінбестіктер де кездескені белгілі.  Тілеуғалы Әміртайұлы өзі куә болған бірер жайтты былайша түсіндіреді:

-Аймағымызға айқай-шу тудыра, көп қиыншылықты жеңе Қарағандының Октябрь ауданынан алғаш рет №76 қазақ тіліндегі орта мектеп ашылды. Еркіндіктің жеңісімен қол жеткен мектепке, азаттықтың туын алаулата көтерушілердің бірі, бірі емес-ай көшбасшы көсемі Әлихан Бөкейхан есімін мектепке беру туралы шешім шығарып, жүгіріп бақтық. Бастамамызды басуға, қимылымызға кедергі болып, берілген құжаттардың әрбір жолын жақтырмай, «мынау жерде неге сұрақ», «мына тұста неге леп белгісі» деп, тіпті нүктесі мен үтірлерін дейін ұнатпай, «саяси сауатсыз жазылған» деп қағаздарымызды кері қайтарып, ақырында «соншалықты асқақтатын Әлиханың кім?!» деп ойларын ашық білдіргендер де болды. Менің таңғалуым, сол уақыттарда да, әлі де болса «Алаш» деген сөзден шошып, Әлихандай алыпқа мұрнын шүйіретін кейбіреулердің ел басқаратын, білім мекемелерінің біліктілігін бақылайтын орындарында отырғандығы (дәл сол сәтке дейін ондай орындарда тек көп оқыған, тәлімді де тәжірибелілер отыруы тиіс деп ойлайтынмын).

Одан кейін де «Октябрь ауданын, сол аудандағы Магнитогорская көшесін Әлихан Бөкейханның есімімен атап және Октябрь ауданындағы Мәдениет сарайының алдына ескерткішін қою жөнінде» қалалық, облыстық мәслихаттар мен әкімшіліктерге мектептер ұжымы мен аудан халқынан мыңнан астам қолы қойылған құжаттарды және Әлихан туралы деректердің көшірмесін  өз қолыммен апарып тапсырып, өзімше түсініктер берген болатынмын. Ол сұраныстарымызға да «Совет ауданына Қазыбек би атын әрең бекітті. Октябрь ауданының атын бекіту келесі сессияға қалдырылды» деген бір депутатымыздың ауызша жауабын естіп, «көпке шыдаған қазақ» артын күтіп біраз жүрдік. Содан соңғы тағы бір жазғанымызға «...Қарағанды облысының Қарағанды қаласындағы...№76 және Ақтоғай ауданындағы №1 мектептерінің, ОҚО-ың бір мектептің Әлихан есімімен аталуына байланысты, «бір есім үштен аспайтын… жағдайда беріледі» деген ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының бабын көлденең тартқан жауап алдық. Осы ренішімізді білдіре қолында қаламы мен билігі бар тағы бір азаматқа барғанымда «облыстық масштабта ғылыми-практикалық конференция өткізіп, халыққа жариялау керек» деген кеңесін берді. «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-cүргін» (С.Қонтаев, Т.Әміртайұлы, Қарағанды облыстық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы, 2007ж.) деп, екі тілде конференция өткізіп, оқырмандарымызға тараттық. Бірақ «Баяғы бір жартас...», ешбір қозғалыс болмады. Қаншама мазасыз күндер артта қалды. Әлиханның атын мектепке алып беру резеңке сияқты созыла берді, -дейді Тілекең. 

Алайда Тілекеңдер де жалықпай жоғарыдағылардың есігін тоздырып, қаншама қағаздар апарды. Ақыры не керек Тілекеңдер жеңіп шықты, мектепке Әлихан Бөкейхан аты берілді. Ерлікке пара-пар жеңіс!  

Енді Әлиханды ұлықтау осы мектептен бастау алуы керек. Ұйымдастырушылық, іскерлік, дизайнерлік қабілеті бар Тілекең үшін бұл онша қиын емес. Тек қолдаушылар болса болды. Мектеп ұжымындағы мүдделес, пікірлес әріптестерімен бірлесе отырып, «Әлихантану» пәні жоспарға енгізілді. Одан кейінгі жылдары «Әлихан өлкетану» мұражайын ашты.  Ол 1995 жылы облыстық байқауда III орын алды. Қазір облысымыздағы ең үлкен мұражайлардың біріне айналды. Еліміздің әр қалаларынан мұнда келушілер көбейе бастады. Тілекең өзі бас болып «Әлихантану» бағдарламасын жазып, балаларды Әлиханның өмірі мен еңбектерімен таныстыру жұмыстарын барлық сыныптарда ұйымдастырды. Сонымен қатар баспа беттерінде отыздан аса мақалалары, оның ішінде Әлиханды оқып-үйрену туралы әдістемелік жұмыстары жариялады. «Әлихан рухымен сырласу» поэмасын жарыққа шығарды. 

Тілекең өзінің басшылығымен облыс Білім басқармасының қолдауымен №76 Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте бірнеше мәрте облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді. Қазақстанның көптеген қалаларында және Астана, Алматыда ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Ал, «Әлихантану» әдістемелік жұмысы облысымыздың мектептеріне таратылып, басшылыққа алу ұйымдастырылып жатыр. Жетілдіріліп, жаңа нұсқасы дайындалу үстінде.  

Еңбекқор Тілекең 400 ден аса әртүрлі жанрда еңбек жазған. Оның ішінде үш танымдық, 4 әдеби кітаптар шығарған. «Құдіретті тұлғалар» дейтін кітабы танымдылығы мол, тарихи негізге сүйеніп жазылған құнды, тартымды кітап. Тілекең негізінде не нәрсе болса да, соның бастауында жүретін тұлға. Әскерде дизайнер, ауылда алғашқы механизатор, Қарағандыда №3 мектепте қазақ сыныптарын ашушы, мектепте Шаталов әдістерін, компьютер негіздерін үйретуші, облыстық педагогикалық мұражайды ұйымдастырушы боп басында жүрді. Бірнеше жыл облыстық білім басқармасында бөлім басшысы, облыстық білім көтеру және біліктілік арттыру институтында жетекші маман болып қызмет атқарып, білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып, 2018 жылы облыс әкімінің сыйлығын иеленді.  Ақындығы-жазушылығы және бар. Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі. Тілекең өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйген адам. Осы қасиеті оны небір қиын әрекеттерге жетелеп жүрді, іске батыл кірісуге септігін тигізіп жұрді. Нәтижесінде ойлаған ойына жетіп жүрді. Бүгіндері ардагер ұстаз қала, облыс деңгейіндегі білі саласындағы қоғамдық кеңестердің мүшесі. Бір кездері өзі басқарған мектеп бүгін еліміздегі ірі мектептердің біріне айналды. Шәкірттері облыстық, республикалық, Халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орын алып мектеп абыройын асыруда.

Біздің өңіріміздегі ұстаздардың ішіндегі алғашқы, алғашқылардың бірегейі жалғыз Әлихантанушы - осы Тілекең. 

Ошақбай Суханберлин

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347