Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ: Қасым – қазақ әдебиетіндегі лирикалық поэзияның Мағжаннан кейінгі атасы
(Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор)
(Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор)
- Өмірхан Әбдиманұлы, алғашқы сауалымызды сан ұрпақты өзінің дауылды жырымен, алдаспан өлеңдерімен тәрбиелеп келген Қасым поэзиясының құдіреттілігі жайынан бастасақ. Ақын өз дәуірін айшықты сөзбен өрнектеді, көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, төл әдебиетіміздің тарихында қалатын мәңгілік туындылар жазды. Шығармашылық адамы үшін ең үлкен бақыт бұл көзі тірісінде өзіне лайықты бағасын алып, қалың оқырманның құрметін сезіну болса керек. Қасым ақын көзі тірісінде шығармашылығына лайықты бағасын ала алды ма?
- Қазақ әдебиеті тарихында Қасым өзіне лайықты бағасын ала алған жоқ. Көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан соң да. Менің ойымша, қазақ әдебиеті әр жарты ғасыр сайын керемет ақындарды дүниеге әкеліп отырды. Асанқайғыдан бастасақ, біраз ақындар шығады. Әрқайсысы бір-бір белес. Мысалға алатын болсақ, XVIII ғасырдағы жырауларымыздың барлығы мықты. Тегеурінді. Сөздері жалынды. Алайда солардың ішінде Бұқар жыраудың орны ерекше. ХІХ ғасырдың басын алатын болсақ, Дулат та, Шортанбай да, басқа да мықты ақындар бар. Бірақ Махамбеттің жөні бөлек. ХІХ ғасырдың екінші жартысын алыңыз, ол кезде де өз деңгейіндегі ақындар болды. Дегенмен Абайдың өресі, шоқтығы биік. Енді ХХ ғасырға келейік. Ғасыр басында ғаламат, сұрапыл ақындар болды. Ал шындап келсек, Мағжанның ақындығы басым. Сұлтанмахмұт та арынды ақын, алайда өмірден ерте кетіп қалды. Сәбит Мұқановтың «Абай - ақылдың ақыны, Мағжан - ақынның ақыны» деп айтқаны бар ғой. Бұған ешкім таласа алмайды. ХХ ғасырдың екінші жартысына ауыссақ, әрине, бірден Қасым Аманжоловты айтамыз. Әбділда да, Сырбай да қандай қуатты ақындар. Соғыстан кейінгі буын. Бірақ Қасым жырының салмағы басымдау. Себебі Қасым өз дәуірінің бүкіл болмысын жүрегінен өткізіп, соны өлең қылып сығып шығарды. Ол қоғамдық өмірдің шындығын жазды және оны өнердегі шындыққа айналдырды. Ал Қасымдардан кейінгі толқынның ішінде өзгеше өлеңдерінің болмысымен дараланып шыққан ақын - Мұқағали. Төлеген, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай ақындардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Қадыр - ойдың, Төлеген - тебіреністің, Жұмекен - терең философияның, мәннің, ал Тұманбай - сезімнің ақыны. Алайда сол ерекшеліктердің барлығын Мұқағали өз бойына жинай білген.
Енді Қасым неге өз дәуірінде лайықты бағасын ала алмады дегенге келейік. Негізінде, әдебиетшілер қауымы Қасымның керемет ақын екенін білді.
- Тек әдеби қауым ғана бағалады ма сонда?
- Әдеби қауыммен қатар, жұртшылық та оның бағасын, ақындық қуатын білді, сезді, тамсанды. Өйткені Қасым жарқ етіп шықты. Қазақ поэзиясы аспанында Қасым өлеңдері жасындай жарқылдады. Төгіліп тұрды. Әл-Фараби айтады ғой: «Ақынның үш түрі бар. Біріншісі - ақын болуға талпынып, еліктеп жүретін ақын. Екіншісі - бойында бар кішкентай ғана дарынды өлең жазудың бүкіл амал-әдістерімен көркемдеп, керемет туынды жасап шығарады. Екеуі де мықты ақынға айналады, алайда олар тума таланттар емес. Ал нағыз ақын - бұл тұнба табиғаттың өзінен жаралған ақын» деп. Мен Қасымды осы үшінші топқа жатқызамын. Қасымды Құдай ақын қылып жаратқан. Ол жазайын деп жазбайды өлеңді, арғы жағындағы тылсым дүние жазғызады. Не жазса да, төгіліп түседі. Қиналмай жазады. Дәл осындай ерекшелік Мұқағалида да бар. Екеуі де өлеңді ойнап отырып жазған сияқты. Қиналып, ойланып, толғанып, жазғанын өңдеп отырмаған секілді. Алайда өлең олардың терең тебіренісінен туады. Бұл - Алланың оларға берген ерекше сыйы. Өлеңді күшеніп жазбайды, жүректен шығарады. Міне, Қасым осындай құдіретке ие.
Қасымды өз қатарластары, достары қатты құрметтеді, сыйлады. Алайда Қасымның тікмінезділігі, кей сәтте идеологияға қиғаштау кеп, қарсы сөйлеп қалатын кездері жиі болған. Ақын болған соң үндемей қала алмайды. Осындай сәтті оның бақталастары жақсы пайдаланды. Бәрі де Қасымның талантын қызғанудан басталған. «Әр кәлләда бір қиял» демекші, менмендік басым болған соң бәрі өзін Қасыммен теңестірді, қатар қойды. Сондықтан олар Қасымның кемшілігін тізбелеп отырды. Дегенмен ақынды қарапайым оқырман жақсы бағалады. Тамсанып оқыды. Осы кезде-ақ Қасымның құдіретті ақын екендігі айтылып қалып жатты. Бірақ сұрапыл идеологиялық машина - кеңестік биліктің жанында қарапайым халықтың, оқырманның пікірі ескерілмеді.
Мұқағалидың бақыты - ол өмірден өткен соң барлық шындық ашылды. Ол ақын ретінде, азамат ретінде, жалпы, тұлға ретінде өзіне тән толық бағасын алды. Ал Қасымға тиістіні айта алмадық. Қасым тірісінде де, пәниден озған соң да оның дарынын, көркемсөздегі құдіретті талант екендігін толық жарқыратып көрсете алмадық. Біріншіден, Қасым өмірден ерте өтті. 1955 жыл - халықтың соғыстан кейін жаңадан еңсе көтеріп, есін енді жия бастаған кез. Сол кездің өзінде Қасымды зерттеуге бет бұрғандар болды. Бірақ та 1958-59 жылдары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сынды ұлы таланттарымыз ақталды. Елдің де, ғалым біткеннің назары бірден сол жаққа ауды. Жалпы, қазақ еліктегіш халықпыз ғой. Жаппай соған бет бұрдық. Тума талант, ғаламат ақынымыз өстіп тасада қалып қойды. 1970 жылдары, біздің студент кезімізде Қасым қайта дүрк етіп көтерілді. «Өзім туралы», «Дариға, сол қыз», «Ақын өлімі туралы аңыз» сынды өлең-поэмалары елдің аузында жүрді. Концерт болсын, жастар жиыны болсын Қасымның өлеңдері міндетті түрде оқылып жатты. Сөйтіп, қайтадан халықтың Қасым шығармашылығына деген қызығушылығы артты. Оны көтерген - ақындардың өздері. Мұқағалидың «Қасым олай болмаса, несі Қасым, Қасымның басқалардан мысы басым» деген өлеңінен бастап, жас бөрілер, жас таланттар халықтың ықыласын Қасымға бұрды. Сол кезеңде жаңадан шыққан отты ақындардың басында басқа емес, осы Қасым тұрды. Сөз Қасымнан басталып, Мұхтар Шахановтан аяқталды. Қазақ әдебиеті тарихында сол 1970 жылдары сұмдық өрлеу болды, оқырманның поэзияға деген құштарлығы артты. Қасым енді ғылыми тұрғыда зерттеледі деп жүргенде Алаш арыстары ашылды. 1980 жылдардың аяғында, Тәуелсіздіктің басында елдің бәрі алаштанушы, ахметтанушы, әлихантанушы болып көрінгісі келді де, Қасым тағы да ұмыт қалып қойды. Сәкенді де, Сәбитті де ысыра бастадық.
- Сонда тарихтың ақтаңдақ бетін аршып аламыз деп екінші бір ардақтымызды, арысымызды жоғалтып отырдық па?
- Иә, өкінішке қарай, солай болды. Қоламтада жатқан шоқты үрлеуіміз керек еді. Оның қызуы, жылуы керемет, алайда үрлесең ол лаулап жанатын еді ғой. Өкінішке қарай, біздің ғалымдарымыз мерейтойға жұмыс істеп кетті. Өздерінің атақтарын тезірек шығарғысы келді.
Қасым өзінің беретінін толық бере алмады. Өзі айтпақшы, «Кенімді кеудемдегі жаба тұрдым, Азырақ әуре болып жөтелменен» дегендей, жазатынын жазып бітпеді. Оған мүмкіндік болмады.
- Сіз Қасым шығармашылығына біраз зерттеу жасадыңыз. Белгілі бір тұлғаны тереңірек таныған сайын оның белгісіз сырлары ашыла түседі емес пе, Қасым Аманжоловты сіз қай қырынан таныдыңыз?
- Мен Қасымды қазақ әдебиетіндегі лирикалық поэзияның Мағжаннан кейінгі атасы деп білемін. Қасым поэзиясының бір кереметі - сыр мен сезімнің тоғысуы. Әрине, бұл кезде Мағжан жабық тақырып болатын. Халық оны әлі оқымаған, тұшынбаған еді. Осы Мағжандағы ғаламат дәстүрді поэзияға Қасым әкелді. Бұл - біріншіден.
Екіншіден, оның азаматтық позициясы. Ол қазақ поэзиясына азаматтық рухты алып келді. Өткір ой, өткір пікір, азаматтық ұстаным Қасымның өлеңдерінде айқын танылып тұрады. Тайсалмайтын, жүректі, жалынды сөздер. Қасым поэзиясының сұлу жырдан құйылған тас мүсіндей болатындығы осы. Өлеңдерінде сезім бар, сыр тұнып тұр, ойы ашық. Мен Қасымды осы екі қырынан таныдым десем де болады.
- Аға, халық жүрегіндегі тұлғаның жарқын ісін, мәңгілік туындысын ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғау - бұл іргелі ғылымның қалыптасуымен ғана мүмкін болады емес пе. Осы ретте «Қасымтанудың проблемалары қандай?» деген сауал туындап отыр...
- Есмағамбет Смайыловтың «Өлең және өмір» деген Қасым туралы үлкен мақаласы бар. Қасымның өмірі, шығармашылығы туралы ең алғаш рет ашық жазған - осы кісі. Кейіннен Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаевтар зерттеді. Ал қасымтануда сүбелі еңбек жасаған Тұрсынхан Әбдірахманова болды. Қасым Аманжолов поэтикасынан докторлық диссертация қорғады. Осы диссертацияда бұл кісі Қасымның қазақ әдебиетіне өзгеше леп әкелген ақын екендігін дәлелдеп шықты. Оның тіліне, көркемдік деңгейіне, ақындық әлеміне жақсы талдау жасады. Ал кейіннен Қарағандыда біраз ғалымдар Қасымды зерттеу объектісіне айналдырды. Сосын Бекен Ыбырайым Қасымды жақсы зерттеп жүр. Соңғы кездердегі шоқтығы биік зерттеу деп осы Бекеннің еңбегін айтуға тиіспіз.
Алайда, қарап отырсақ, кейінгі толқыннан ақын шығармашылығын ғана емес, оның тұлғалық болмысын түпкілікті, жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдарды көріп тұрған жоқпыз. Адами, азаматтық, ақындық болмысы толық ашылмай, оның қоғамдағы орнын анықтамай, зерттеу өз дәрежесінде деп айтуға келмес. Сондықтан да қасымтану проблемасы десек, онда алдымен айтарым, ақынның тұлғалық болмысын толық ашудың күрделі мәселелерін айтқан болар едім. Алла қаласа, осы қыркүйек айының аяғына қарай біздің ҚазҰУ-де Қасымның 100 жылдығына орай халықаралық конференция өткізбекпіз. Сонда қасымтанудың проблемалары жан-жақты көтеріледі деп ойлаймын.
- Кеңестің кесірі көбінесе шығармашылық адамдарына тиді десек артық айтқандық болмас. Қатаң цензура, тырнақ астынан кір іздеу - әсіресе сөз өнерімен ауырған жандарға ауыр тиді. Бұл қасіреттен Қасым да қашып құтыла алмады. Оның өлеңдерінің текстологиялық өзгеруі, өңделуі туралы не білесіз?
- Ақынның 90 жылдығы қарсаңында болса керек, оның екі томдық жинағы шықты. Сол екі томдықта барлығы қалпына келтірілді деп ойлаймын. Әрине, Қасымның өлеңдері отты, жалынды еді. Тіпті сол кезеңнің үнімен қабыспай жататын жерлері де болды. Кезінде идеологияға да, саясатқа да жақпайтын сөздер мен ойларды шығарушылар күзеп, түзеп, өзгертіп отырғаны шындық. Алайда оның бәрі Тәуелсіздік кезеңінде өз орнына келді деп ойлаймын.
- Өмірхан аға, Қасымның «Шыңғыстауда» деген өлеңі бар. «Ағасы ақындардың туған жерге, Біз келдік інілік бір міндетпенен» деп Абай ауылына барыпты. Қасым Абайды өзіне ұстаз тұтқан секілді...
- Абай ауылына Қасым бірнеше мәрте барған секілді. Өзі арнайы жеке барған, мерейтойына да барды. Өйткені өзі де Семейде бірнеше жыл тұрды, оқып білім алды емес пе. ХХ ғасырдың басында Абайды Мағжан «хәкім», Сұлтанмахмұт «ақындардың пайғамбары», Шәкерім «ұстаз», Ахмет «бас ақын» деп атады. Сол секілді Қасым өзінің бағасын, ақындық биігін білді, Абайды өзіне ұстаз тұтты, шығармашылық дос санады. Сондықтан да ол Абайдың басына тәу етуге барды.
«Абайға айтарым» өлеңінде ақын:
Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза еттің жарайсың,
«Қалың елің - қазақты», - деп жырлады. «Абай десе Абайсың» деген сөзінде-ақ ұғатын адамға бірталай сыр жатқандығын аңғартады емес пе?!
- Ақынның «Жамбыл тойында» деген поэмасы жайлы арагідік бір пікірлер айтылып қалып жатады. Осы поэма жоғалған деседі. Оны табу мүмкін бе? Бәлкім, мұрағаттардың бірінде сақталған шығар. Қанша дегенмен ол да ақын мұрасының бір бөлшегі саналады ғой?
- Рас, 1938 жылы Қасым «Жамбыл тойында» деген поэмасынан үзінді оқыды деген пікірлер бар. Бірақ өтірік айтып қайтемін, өз басым оны таппадым, көрмедім. Бәлкім, басқа мұрағаттарда сақталған болуы мүмкін. Бірақ Қасымның 1946 жылы жазған «Жамбыл» деген өлеңі бар. Бұл өлеңінде ақын Жамбылға амандаса барғандығын жазады. Жамбылдың ақындығын керемет бағалайды. «Есімде, дәл осыдан он жыл бұрын, Бос тастап жүрген кезім ой шылбырын, Ақындық аспанынан қалдым көріп, Жарқ еткен ақ жамбыдай Жамбыл жырын» деп жырлауы - бұл Жамбыл жырына берілген үлкен баға деп есептеймін. Ал егер де жаңағы аталған «Жамбыл тойында» поэмасы жас зерттеушілердің ізденісімен табылып қалып жатса, нұр үстіне нұр, ал табылмаған күнде де Қасымның ұтылатын ештеңесі жоқ. Өйткені Жамбылды қалай құрметтегені, оның шығармашылығын қалай үлгі тұтқаны бізге белгілі. Жазба әдебиетінің ұлы тұлғасы - Абайды да, халық ауыз әдебиетінің ұлы өкілі, Асанқайғылардан басталған жыраулық өнердің көзі тірі жалғасы - Жамбылды да Қасым жақсы түсінді. Қал-қадарынша бағалады.
- Ақтаңгер ақын Ғафу Қайырбеков «Қасым - ұлттық ақын» деп айтып кеткен еді. Бұл пікір әлі өзінің маңыздылығын жойған жоқ па? Сұрағым келгені, Қасым поэзиясының құдіреттілігі әлі осы тұғырында тұр ма? Оның өлеңіне деген халықтың сүйіспеншілігі жоғалған жоқ қой...
- Ұлттық ақын дегенді біз қалай түсінеміз? Кеңестік кезеңде «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген ұран жетегінде кеттік. Сондықтан қоғамдық болмысты жырлауымыз керек деп ұрандаттық. Социалистік қоғам, коммунистік идеяны басты назарда ұстадық. Ал ұлтты жырласаң - ұлтшыл атандырды. Ал Қасым ағысқа қарсы жүзді. Өз ұлтының сөз асылын, ой асылын, қадір-қасиетін, дәстүр-салтын бойына сіңіріп, осындай жауһар қасиеттерді шығармашылығында жарқыратып көрсете білді. Қасымды сондықтан ұлттық ақын деп бағалады.
Жалпы, шығармашылық адамын, ақын-жазушыларды олардың өмір сүрген қоғамын танып-білмей жазғыруға болмайды. Мысалы, Сәкен Сейфуллинді ұлттық ақын деуге бола ма? Әрине, болады. Мейлі ол кеңесті жырласын, социализмді өлеңіне қоссын. Алайда ақын да адам ғой. Есесіне, ол ұлтының қажетіне жарайтын қаншама дүние қалдырды. Өз ұлтының ұғым-танымында ой тербеп, мұң-мұқтажын жүрегімен қабылдай алса, барлық асыл қасиеттерін сезініп, осының бәрін өзінің туындыларында көрсете білсе, неге біз оны ұлттық ақын демейміз?! Нағыз ақын ешқашан идеологияға құл болмайды.
Қасым өнердің барлық түріне жетік болды. Музыкалық аспаптың бәрінде ойнады. Бұл - Құдайдың барлық өнерді бітік-бітік етіп бір жанға бергендігі. Егер Қасым қаласа, ұлы музыкант болар еді, керемет әртіс те шығатын еді, әлемді аузына қаратқан ғаламат композитор болу да қолынан келер еді. Алайда ол өзінің рухына тірек етіп, тұғыр етіп ақындықты таңдады. Басқа өнерін осы ақындығын шыңдайтын, сезімін ұштап отыратын демеуші күш ретінде пайдаланды.
Қасымның тіл байлығы халықтың дәстүрлі сөз өнерінің тұнбасынан теріліп алынған. Мәселен, оның Нұрпейіс Байғанинге арнаған жыры бар. Ол Нұрпейістің жырын тыңдап таңғалған. Әрине, арнау жазғысы келсе, «Нұрпейіс ақын керемет екен» деп өлең жаза беруіне болатын еді. Бірақ ол: «Алысқа бір көз салып, Асқар биік тау көрдім. Асқар таудан жосылған, Ағыл-тегіл сел көрдім. Аққу ұшып, қаз қонған, айдын шалқар көл көрдім», - деп жырлады. Нұрпейіс - халық ауыз әдебиетінің жарқын өкілі. Сондықтан да Қасым өзінің тебіренісін қалыпқа салмай, бұрынғы жыраулық дәстүрмен жеткізді. Міне, қандай керемет ұлттық сөз маржандары, теңдессіз теңеулер! Қасымның сезімі мен сыры ұлттық сезіммен ұштасып жатты. Оны барлық өлеңдерінен аңғаруға болады. Сондықтан да Қасым халықтың жүрегінен ешқашан жойылмақ емес. Қазақ жер бетінде өмір сүрсе, Қасым әр қазақтың жүрегінде жатталып жатады. Қазақтың Қасымға деген сүйіспеншілігі ешқашан жоғалмайды. Қасым әр жырында қазақтың ойын айтады, қазақтың сезімін жеткізеді, қазақтың намысын сездіреді.
- 1940 жылы жазған «Сұлтанмахмұт туралы балладасында» Қасым ақын екі жас жігіттің қабір басында айтысып келе жатқандығын суреттейді. Бірі ақынның өлмегендігін, оның қазақпен бірге мәңгі жасайтындығын, өжет жырлары кең даланы шарлап кеткендігін айтса, екіншісі қабірге ақынның өзімен бірге жырларының да көмілгендігін айтып бой бермейді. Балладаның түйіні Сұлтанмахмұттың қабірден тұрып, жалынды жырын оқып жүріп кеткендігімен аяқталады. Осы жерде мынандай ой келеді: сол 40-жылдардың өзінде-ақ Қасым «халық жауы» атанған Алаш арыстарын сағынып, олардың күндердің күнінде ақталып шығатынына, қалың қазағымен қайта қауышатындығына сенген секілді...
- Қасым ақын алдағы күнді болжай білді. Қазағы аманда өзінің де, жырларының да ешқашан ұмытылмайтындығын, өлмейтіндігін сезді. Сол сияқты күндердің күнінде Мағжанның да, Сұлтанмахмұттың да, Алаш арыстарының да ақталып шығатындығына, халқымен қайта қауышатындығына, жазған еңбектері қазақтың керегіне жарайтындығына имандай сенді. Ол Алаш арыстарының шығармашылығымен өте жақын таныс болды. Сұлтанмахмұт туралы айту сол кезеңде тек Қасымның ғана қолынан келген ұлы іс еді.
- Демек, Қасым Алаш арыстарымен жақын араласты деп ой түюімізге негіз бар ма? Қанша дегенмен ол 1924-1930 жылдары Алаш қаласында (Семей) әуелі интернатта, сосын техникумда оқыды. Алаш көсемдерімен оның жақын араласуы, пікір алмасуы бек мүмкін ғой?
- Бұлай деп айта алмаймын. 1925 жылдан бастап Алаш арыстарын қудалай бастады. Үш-төрт жылда біразының шығармашылығына тыйым салынды. Алайда Қасым олардың шығармашылығымен жақсы таныс болды. Қасым Семейге барған кезінде бала болатын, Алаш ардақтыларымен сөйлесетіндей деңгейде болған жоқ. Ал ол есейіп, оң-солын танығанда арыстарымыздың біразын қудалап, халықтан жырақтатып әкеткен еді.
- «Аманжол Рақымжанның Қасымымын, Мен қалған бір атаның ғасырымын» деген ақын өз жайын өзі айтуға тырысты. Осы алты жылға жуық жазылған өлеңді формасына қарап «аяқталмай қалған поэма» дейтіндер де бар. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасымды?
- Қасым әуелгіде бұл өлеңнің тақырыбын «Сыр» деп қойған. 1948-54 жылдар аралығында жазылды. Басқаға емес, өз-өзіне айтқан сыры ғой. Есмағамбет Смайыловтың зерттеуінде осы өлең туралы айтылған. «1954 жылдың қыркүйегінде Қасым маған осы өлеңді оқып берді. Егіліп отырып тыңдадым. «Керемет екен, бірақ осы өлім дегенді неге көп айтасыз?» - дедім. Сонда Қасым: «Есмағамбет, мені көріп отырсың. Көңілімді неге алдайсың?» - деді. Бәрін де өзі сезіп отырғандай еді», - дейді. Ақын жан сырын айтып қалғысы келді. Қасым 1951 жылы 12 өлең, 1952 жылы - 7, 1953 жылы - 9, 1954 жылы төрт өлең ғана жазған екен. Өзінің сөніп бара жатқандығын ақын жан-жүрегімен сезінді.
Бұл өлеңнен ақынның азаматтық тұлғасын, адами қуанышы мен қайғысын, сырлы сезімі мен құпия сырын, былайша айтқанда, Қасымның адамдық бітімі мен ақындық болмысын бар қырынан танимыз. Әсіресе, ақынның өлеңге өзгеше құрметпен қарауы - оның ұлы мақсатын айқын танытады:
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
«Өзім туралы» өлеңі адамның рухани жан дүниесін терең ашады. Ол - жеке тағдыр мәселесін көркем жинақтау, өз деңгейіне көтерген философиялық лирика. Мұнда бәрі бар - өршілдік, тағдырдан тарыққандық, өлеңінің өлместігіне сенген сенім, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін таразылаған шындық. Олар ақынның дүние, тіршілік туралы таным-толғанысын айқындайды.
- Соңғы сауалым болсын, аға, біз неге Қасымның ақындық мектебі жайлы жақ ашпаймыз осы?
- Дұрыс. Қасымның мектебі жайлы көп айтылмайды. Ал енді сіз мына қызыққа қараңыз. 1960 жылдардың аяғы, 70-жылдардың басында әдебиетке «жыл құсындай жылылық әкелген» буынның бәрі - Қасым мектебінің өкілдері. Мұқағали, Жұмекен, Мұхтар, Қадыр, Тұманбай, Сағи тағы да басқа қаптаған кіл таланттар - Қасымның жырымен сусындаған, соның мектебін көрген ақындар. Олар Қасымның жырымен шабыттанды. Сондай-ақ өздерімен бірге Қасымды да өз тұғырына көтерді. Бір анық нәрсе, бұл - Қасым мектебінің түлектері қазақ поэзиясын биікке көтерді. Шоқжұлдыз болып жанды.
- Салиқалы сұхбатыңызға рақмет.
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Қадыр ақынның «Талантты тірісінде бағалаңдар» деген бір сөзі бар. Керемет айтылған. Әрине, басқаларға тән қазақтың да жақсылығы мен жамандығы бар. Алайда бізді бір тілек, бір жүрек қылатын бірлігіміз жетіспей жатады. Ұлттық тұрғыда ойлайтын санамыз жетілмей жатыр. Біз көзі тірісінде таланттарымызды түсіне алмаймыз. Түсінеміз-ау, бірақ түсінгіміз келмейді. Абай 44 жасында неге жылады? «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп. Бар-жоғы 44-тегі Абайдың жүрегі неге қарияның жүрегіндей қан жылап тұр? Мағжан мен Қасымды да өз кезінде түсінбей қор қылып алдық қой. Сұлтанмахмұтты да, тірісінде Мұқағалиды да ұшпаққа шығармадық. Сондықтан да енді бізге асылдарымызды дер кезінде ардақтап, таланттарымызды уақытында түсінетіндей тәуелсіз сана керек.
Автор: Дархан Бейсенбекұлы