Жұма, 22 Қараша 2024
Мемлекеттік тіл 14673 21 пікір 14 Қаңтар, 2020 сағат 13:50

Тілімізге реформа емес, мемлекеттік мәртебе керек

Президент Қ.Тоқаев өткенде өзінің бір сөзінде: «Қазақ тіліне реформа жасаймыз»,-деді. Бірақ, ол қандай реформа, мақсаты не, оны жүзеге асыру жолдары туралы таратып айтпады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері «реформадан» көз ашпаған орта білім саласында жұмыс жасап жүргендіктен де болар, реформа деген сөзге өзім біртүрлі сенімсіздікпен үрке қараймын. Тілдік реформа... Бұл не? Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымыздың тілі, қазақ тілін қалай реформаламақшымыз? Өте түсініксіз.

Бір нәрсені қайтадан бастап өзгерту деген мағынаны білдіретін шет елдік «ре» қосымшасында, сол «ре» қосымшасы жалғанған «ре-эволюция», «ре-форма» деген сөздерді де өз басым онша жақтыра бермеймін. Дамуды өзгерту деген мағынасы бар «ре-эволюция» сөзінен, табиғи түрде дамып жетілу деген мағынаны білдіретін «эволюция» сөзі құлаққа жағымды һәм көңілге қонымды, мағынасы да терең. Мұны айтып отырған себебім, кез-келген нәрсенің өзіндік табиғи даму заңдылығы барын біз қазір ұмыттық. Шетімізден «реформашыл» болып алдық.

Жалпы, реформа деген сөз өзгеріс деген мағынаны білдіреді. Ал, қазақ тіліне өзгеріс қажет пе? Әрине, қажет! Қажет болғанда да, ауадай қажет! Бірақ, әліпби, тілдік құрылым, лексико-грамматикалық тұрғыда емес! Қазақ тіліне шын мәндегі мемлекеттік тіл мәртебесі қажет! Ол үшін ең бірінші кезекте Билік, Үкімет, Парламент қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін білмейтін Қазақстан азаматы мемлекеттік қызметке алынбасын және Парламентке депутат бола алмайды деген заң қабылдану керек! Ақиқатына келгенде,бұл аса қиын шаруа емес.Бірақ,өз тілдерін білмегендіктен, ана тілінде сөйлегісі келмейтін Билік пен Парламент қазақ тілінің аясы кеңіп, оның кең көлемде қолданысқа ие болуына өте құлықсыз. Сондықтан да Билік өзінің шынайы бетпердесін көрсетіп алмас үшін түрлі реформалар ойлап табудың шебері болып алған. Бұл – бір. Екіншіден, кез-келген реформаны жүзеге асыру үшін оның артында қарапайым салық төлеушінің еңбегі мен маңдай терінен жиналған миллиондаған бәлкім миллиардтаған қаржы тұр. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік лауазым иелерінен бастап, ауылдың әкімдеріне дейінгі аралықта мемлекет қаржысынан бір қарпып,асап қалуды армандамайтын бірде-бір лауазым иесі жоқ біздің елде. Соның айқын бір дәлелі-жемқорлығы үшін қазір түрмеде отырған бұрынғы премьер министр мен оның сыбайластары. Осындайлардан қорғану үшін де дүниежүзінің ешбір мемлекетінде жоқ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасын» құрсақ та, мемлекеттік деңгейдегі жемқорлықтан құтыла алар түріміз жоқ. Негізінен біздің «реформашыл» болуымыздың ең басты себебі, ол – мемлекет қаржысынан бір қарпып асап қалуды армандаған ашкөздіктен туындап жатса керек. Болмаса, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымыздың тілі – қазақ тіліне қандай реформа керек? Тағы да қайталаймыз, қазақ тіліне реформа емес,   мемлекеттік мәртебе керек!

Еліміздің басқару жүйесі президенттік билік болған соң ба қайдам,президент не айтса болды соны еліміздің зиялы қауымы талғамай қағып алып, «жаппарқұлданып, ләпбай» деп қоштай кетуді әдетке айналдырғанына біраз уақыт болды. Осындайда ұлтқа жаны ашып, халыққа жол көрсетіп, жөн нұсқар зиялы қауым елімізде қалды ма, жоқ па деген трагедиялық ойға қаласың.

Президент тілімізге реформа жасаймыз деп еді, ол реформаның мақсаты не? Оны қалай жүзеге асырамыз?-деген сауал  төңірегінде талдау,сараптау жоқ, президенттің «реформа» деген бір ауыз сөзін қағып алып,соңын күтпестен «Ура» деп жүгіре жөнелдік. Қайда, не үшін жүгіріп бара жатырмыз? Еш түсініксіз.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфография басқармасының басшысы Гүлфар Мамырбек ханым «Тілдік реформа деген не?» атты мақаласында: «Президент Қ.Тоқаевтың қазақ тіліне деген шынайы жанашырлық көзқарасы қабылдаған шешімдері мен ұсыныстарынан айқын аңғарылып отыр»,-деп жазады (Abai.kz. парталы, 26 желтоқсан)

Егер, президент Қ.Тоқаев қазақ тілінің шынайы жанашыры болса, онда өзі бастап, биліктегілер мен үкіметке, парламент мүшелеріне мемлекеттік тіл қазақ тілінде сөйлеуді неге талап етпейді?! Айтудың өзі ұят, дүниежүзіндегі екі жүзден астам мемлекеттердің ішінде тек қана біздің мемлекет басшылары ғана өзге тілде сөйлейді. Тура бір басқа мемлекетте өмір сүріп отырған секілдісің. Осы да шынайы жанашырлық па?!

Президент қазақ тіліне  реформа жасаймыз,-дегеннен өзге әзірге ешнәрсе айтқан жоқ. Ол қандай реформа? Мақсаты не? Біз оны білмейміз. Тек, Гүлфар Мамырбек қана президенттің «қазақ тіліне реформа жасаймыз»,-деген сөзінен соң «тілдік реформаның» не екенін көпшілік қауымға түсіндіріп өтеді. Мақала авторының жазуы бойынша, тілдік реформа тілді жеңілдету мақсатында, арнайы құжаттар арқылы ресми бекітілген, «...белгілі бір тілдің графикасына яғни әліпбиіне,лексикасына, грамматикасына және сөдік қорына жүргізілетін өзгеріс». Мұнан әрі автор,қабылданғалы жатқан латын әліпбиін жеңілдету мақсатында келіп жатқан түрлі ұсыныстар туралы айта келіп: «Десек те, алдағы уақытта келіп түсіп жатқан бұндай жобалардың әрқайсысын талқылауға уақыт кетірмей, орфографиялық топ мүшелері дұрыс деп таныған оңтайлы әліпби жобасын тез арада үкіметке ұсынуы керек»,-деп жазады (Abai.kz. парталы, 26 желтоқсан).

Жазуымызды латын әліпбиіне ауыстыруды мойнына алған «тіл реформашылары» «Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығына салса,латын әліпбиін бүгін қабылданып кетсе,тамаша болған болар еді. Себебі түсінікті... Одан әрі мемлекеттік құжаттар, орта мектеп, орта арнаулы, жоғарғы оқу орындарының оқулықтары латын әліпбиіне ауысып, әліппе реформасын жүзеге асыру үшін мемлекеттен бөлінетін миллиардтаған теңгелер... Содан соң не істеу керек екенін біздің  шенеуніктер тамаша меңгеріп алған. Біздің елде ақша жүрген жерде «ұлт тағдыры», «мемлекеттік мүдде» деген ұғымдарға орын жоқ. Кейде мен ойлаймын, осы бізде пайда табу үшін кейбіреулер түрлі «реформаларды» әдейі ойлап табатын секілді. Әйтпесе, жүздеген миллион шығын шығарып, нәтижесіз аяқталған білім реформаларына кеткен ақшалардың қайда кеткенін мәжіліс спикері Н.Нығматуллин мырза қазіргі оқу министрінен сұрамас еді ғой.

«Әліпби» реформасының да соңы белгілі. «Қайын жұртыңа да барарсың, пұшық күйеу де аталарсыңның» кері болып, қазақ қоғамының ең өзекті де күрделі мәселесі болып тұрған білім саласының ғана дағдарысы тереңдей түсері анық. Себебі, әліпби реформасын жүзеге асыратын-білім саласы. Бұл-ақиқат. Сондықтан да болу керек,  тіл реформасы туралы ой қозғаған президент Қ.Тоқаев латын әліпбиін қабылдауда асығыстыққа жол бермеу керек екендігін қадап айтты.

Қай уақытта да, қандай ұлтқа болса да қолданыстағы әліпбиді өзгерту оңай шаруа болмаған. Бұл – асығыстықты көтермейтін, жан-жақты зерттеуді,сараптауды қажет етіп, «жеті өлшеп барып пішетін» аса күрделі шаруа. Осы біздің қазақ әліпбиіне реформа қажет пе еді? Біз осы мәселені жан-жақты саралап, зерделеп-зерттей алдық па? Ойымызды осы мәселелер жөнінде өрістетсек...

Бізде бір жаман әдет пайда болды. Қаптап кеткен «реформалар» туралы сын-пікір айтсаң болды «жаңаға жаны қас,ескі көзқарастағы адам» болып шыға келесің. «Реформа»-деп шулап жүргендерді көрсем болды, менің де көз алдыма бүкіл адамзаттың ғасырлар бойы жасаған мәдениетін жоққа шығарып, «барлығын жаңадан бастаймыз»,-деп өзеуреген кешегі Кеңес өкіметінің «пролеткултьшылдары» яғни «пролетарлық» жаңа мәдениет жасамақшы болған шала сауатты «кеңестік шолақ белсенділер» елестейді. Кез-келген жаңалық,бұрынғы қол жеткізген жетістіктің негізінде жасалынатынын біз қазір мүлдем ұмытып кеттік. Сондықтан да болу керек,соңғы кезеңде «реформа» деген сөз,ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған, мүлдем жаңа, басқа өркениетке бастап апарар жол секілді түсіндіріліп жүр көпшілік қауымға.

Біз өмір сүріп отырған «жаһандану» деп аталатын жаңа технологиялар заманында ақпарат үлкен күшке ие болды. Ақпарат кімнің қолында болса,билік те соның қолында. Әу баста латын әліпбиіне өту туралы дұрыс ақпарат берілген жоқ. Латын әліпбиіне өтудің себебі не, әліппе реформасының қажеттілігі, пайдасы мен зияны, экономикалық, моральдық-психологиялық салдары қандай болмақ? Бұл сұрақтар төңірегінде зерттеу, талдау мен сараптау деген атымен болған жоқ. Ең бастысы, әліппе ауыстыру туралы халықтың ой пікірін ешкім де сұраған жоқ. Егер біз латын әліпбиін қабылдасақ, тіліміз өркендей өсіп, ғылым-біліміміз биікке көтеріліп,еліміз технологиялық тұрғыдан дамыған, алдыңғы қатарлы, өркениетті елдердің қатарына бүгін барып қосыла қалатындай етіп,біржақты түсіндірілді. Латын әліпбиіне көшейік дейтіндердің пікірі мына төмендегідей ойға саяды.

Егер біз латын әліпбиіне көшсек: біріншіден, ағылшын тілін тез үйреніп, «бұлақ басынан су алғандай» дүниежүзілік ақпарат көздеріне жақын боламыз. Бұл – ғылым мен жаңа технологияны дамытады дейді. Екіншіден, бауырлас түркі елдерімен рухани һәм мәдени-әлеуметтік байланысымыз нығайып, тұтас түркі дүниесін жасаймыз. Үшіншіден, ең бастысы, орыс тілінің «экспансиясынан» яғни Ресейдің тілдік басқыншылығы мен ықпалынан құтылып, қазақ тіліміз өсіп-өркендеп,рухани тәуелсіздікке жетеміз,- дейді.

Осы айтылған пікірлердің барлығына да дау айтуға болады. Себебі, бұл пікірлердің барлығының да ғылыми негізі төмен.

Біріншіден,әріп өзергенімен тіл өзгермейді. Өйткені, әріп – тілдегі дыбыстың таңбасы. Сонда әріпті өзгерту арқылы дүниежүзілік ақпарат тілі деп жүрген ағылшын тілін қалайша біз тез үйрене қоямыз? Латын әліпбиі арқылы ағылшын тілін меңгерсе, дәрігерлер меңгерер еді. Себебі, дәрігерлер дәрінің атын да,науқасқа қоятын диагнозын да латын әліпбиінде жазады. Латын әліпбиін қолдану арқылы ағылшын тілін меңгеріп алған дәрігерді әлі ешкім көрген жоқ. Латын әліпбиіне көшу арқылы ағылшын тіліне қанша жақындағымыз келсе де,біздің өзіміздің қазақ тіліне тән ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і, ы, ә секілді тоғыз дыбысымыз бар. Міне осы тоғыз дыбысымыз үшін латын әліпбиіне сәйкестендіріп, әйтеуір бір таңба ойлап табуымыз керек. Әріпті өзгерту арқылы өзіміз түсінбейтін ағылшын тіліндегі ақпаратты қалай аламыз? Өте түсініксіз. Ақпарат алу арқылы ғана өркениеті дамыған елдердің қатарына қосылған елді біз әлі көргеніміз де, естігеніміз де жоқ. Ағылшын тілінде ақпарат алып, ағылшын тілін білу арқылы дамып өркендесе, бір кездегі Ұлыбританияның отары болған Индия дамыған өркениетті елдердің қатарында болған болар еді. Естеріңізге сала кетейік, Индия мемлекеті қайрышыларының көптігі жөнінен дүниежүзінде бірінші орынды иеленеді. Міне, осы Индияда күні бүгінге дейін ағылшын тілі ресми тіл болып есептелінеді. Ақпарат, ақпарат деп даурыға бермей ғылым мен өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасасақ, дамыған, өркениетті елдердің қатарына жылдамырақ қосылар едік. Жалаң ақпарат пен әліппе өзерту арқылы әлі ешкім де дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосыла алған жоқ. Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея секілді елдер латын әліпбиін қолданбай-ақ, дүниежүзіндегі ең қиын дыбыстық таңба өздерінің ұлттық иероглифтерін компьютер программасына енгізу арқылы ғылым мен технолониясы дамыған өркениетті елдердің көшбасшыларына айналып отырған жоқ па?

Латын әліпбиі түркі халықтарын біріктіріп,рухани жақындастырады,-деген пікірдің де ғылыми негізі төмен. «Түркі әлемі» деп жүрген түрік, әзірбайжан, өзбек, түрікмен жұрты бір тілді ел. Олар да біз секілді «қос тілділік» проблемасы жоқ. Есесіне, түрікмен, әзірбайжан,өзбек ағайындарының білім саласында латын әліпбиінің қабылдануына байланысты шешілуге тиісті түйінді мәселелер шаш-етектен. Естеріңізде болса,табыс табу үшін Ресейге бара жатқан өзбек жұмысшылары мінген автобус Қазақстан территориясында өрт құшағына оранып,жұмысшыларымен бірге жанып кеткенде, Өзбекстан президенті Ш.Мерзоев: «Бұл трагедияға осы күнге дейін Өзбекстандағы білім жүйесін жолға қоя алмай келе жатқан өзіміз кінәліміз»,-деп мойындаған болатын» Латын әліпбиін қабылдағаннан кейін «түрлі реформалардан» шаршаған Өзбекстанның білім саласы, әлі күнге дейін тығырықтан шығар жол таба алмай келеді.

Білім саласындағы «реформалар» туралы Өзбекстанға күлетін жағдайымыз жоқ. Десек те, тек қана өзбек тілінде сөйлейтін «бір тілді» Өзбекстанның жағдайы осындай болғанда, латын әліпбиін қабылдағаннан кейін «қос тілді» Қазақстанның жағдайы Өзбекстанның жағдайынан әлдеқайда ауыр болары хақ. Бұл – бір. Екіншіден, бір кезде бір халық болып,  тарихи факторларға байланысты түрлі этностарға бөлініп кеткен халықтардың «әліпби секілді» бір идея төңіргеніде қайтадан біріккенін адамзат тарихы осы күнге дейін білмейді. Бүгінгі таңда, түгел түркі халқына ортақ рухани дүниелерімізді тұтастыра алсақ, соның өзі үлкен жетістік. Бұл шараға әліпби ортақтастығының еш қатысы жоқ. 

Түркі халықтарының ішінде бізге генологиялық тұрғыдан ең жақыны өзбектер. Бір кезде бір халық болған өзбектердің көшпелі өзбек,отырықшы өзбек болып яғни қазақ, өзбек болып бөлінгеніне бес жүз жылдан енді асты. Содан бері бір кезде ортақ болған тілдің өзгеріске ұшырағаны соншалық, бүгінгі қазақтар мен өзбектер бірін-бірі еркін түсінбейді. Кириллица әліпбиін қолданғанда да, кейін латын әліпбиіне көшкенде де өзбектердің жазба әдеби тілін,біз қазақтар мүлде түсінбедік. Себебі, өзбектердің де өз тіліне тән төл дыбыстары бар. Бұл – бір. Екіншіден, тіл−үнемі дамып, өзгеріске ұшырап отыратын тірі ағза. Кеше ғана бір халық болған қазақ пен өзбектің арасындағы тіл мәселесі осындай күрделі болғанда, қалған түркі жұртын, біз, қазақтар, тіл тұрғысынан мүлдем дерлік түсінбейміз. Бұл – лингвистикалық тұрғыдан келгенде заңды құбылыс. Себебін тағы да қайталаймыз, тіл – үнемі толығып, дамып, өсіп, өзеріске ұшырап отыратын тірі ағза. Дәл қазіргі таңда, тілі бірін-бірі түсінбейтіндей дәрежеде қатты өзгеріске ұшырап, әдет-ғұрпы мен тарихи санасы бір-бірінен соншалықты алшақтап кеткен түркі халықтары латын әліпбиі төңірегінде біріге қояды деген пікірге сене қою өте қиын. Әрқайсысы өз алдына жеке-жеке ұлттық мемлекет болып, бөлініп кеткен байырғы түркі жұрты, бүгінгі таңда кез-келген мәселеге өзінің мемлекеттік мүддесінің тұрғысынан қарайды. Бұл – заңды құбылыс. Сондықтан да, түркі жұрты, түркі жұрты,-дей бермей, барлық мәселеге өзіміздің ұлттық мүдде тұрғысынан келуге тиістіміз!

Латын әліпбиіне көшу арқылы Ресей ықпалынан әрі орыстың тілдік басқыншылығынан құтыламыз,-деу, ол – бос қиял! Біз латынға көшсек, олар ақпаратты орыс тілінде, сол біз көшкен латын әліпбиінде жазады. Жазып та жүр. Қазірдің өзінде әрқайсымыздың қалтамызда жүрген ұялы телефондарымызға түрлі хабарламалар латын әрпімен жазылып, орыс тілінде келеді. Өзінің мемлекеттік мүдде тұрғысынан келгенде, Ресей Қазақстанды өз ықпалынан шығарғысы келмесі анық. Сол үшін де олар өз ақпаратын латын әрпімен орыс не қазақ тілінде жазуы бек мүмкін. Сонда не істейміз? Тағы да әліпбиімізді өзгертеміз бе? Орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін бізге миллиардтаған қаржы шашып, әліпби өзертудің түкке де керегі жоқ. Ол үшін ана тіліміз қазақ тілінің иммунитетін яғни абырой-беделін көтеруіміз керек. Тіліміздің иммунитетін көтеріп,абырой-беделін күшейту дегеніміз, ол – қазақ тіліне шын мәндегі мемлекеттік мәртебе беру деген сөз. Өзге де іс-шаралар арқылы біз қазақ тілінің мәртебелі беделін үнемі көтере беруге тиістіміз. Ол үшін бізге ұлттық рух,ұлттық намыс пен күш-жігер қажет. Егер біз қазақ тілінің абырой-беделін көтере алсақ,абыройы көтерілген қазақ тілі күшіне мініп, Ресей ықпалы мен ақпарат ағымына қарсы тұра алар қорған болары анық.

Латын әліпбиіне байланысты айтылған пікірлерді жан-жақты талдауымыздың ең басты себебі:мен латын әліпбиін қабылдауға жан-тәніммен қарсымын. Неге? Оның себебі бірнешеу. Ең бастысы, ол – тілге байланысты, орыс тілді және қазақ тілді болып екіге жарылып тұрған қазақ қоғамын, латын әліпбиі одан әрі тұтастыруға келместей етіп екіге бөлейін деп тұр. Неге десеңіз, орыс басылымдары, орыс мектептері мен орыс тілді жоғары оқу орындары кириллица харіпінде қалып, латын әліпбиіне тек қана қазақ тілділер өтсе, қазақ қоғамы екіге бөлінбегенде не болады? Ал, егер бір үйдің екі баласы бірі қазақ мектебіне, екіншісі орыс мектебіне барса ше? Екі түрлі әліпби арқылы білім алған олар бір-бірімен қалай ұғысады? XV ғасырдағы Қазтуған жыраудың тілімен айтқанда «Алаң да, алаң, алаң жұрт» болып, «Ел айырылған» деген сонда болмай ма? Сөз реті келген соң айта кетейік орыс тілді қазақтар-біздің өз бауырымыз. Орыс тілді болып өскені үшін олар кінәлі емес! Тарихи жағдай мен уақыт солай болды. Сондықтан да,мемлекеттік деңгейде жоспарлы-жоба қабылдап, оларды бауырымызға тартып,қазақыландыруымыз керек. Өйткені олар − тілі болмаса да жүрегі қазақ деп соққан, елін, жерін сүйген өз Отанының патриоттары. Көп жағдайда олардың патриоттығы мен елжандылығы қазақ тілділерден күшті. Біз мұны күнде көріп жүрміз. Орыс тілді қазақ бауырларымызды қазақыландыру-бұл әзірге мүмкін жағдай. Ал, егер қазақ тілділер латын әліпбиіне өтіп, орыс тілділер кириллица харіпінде қалса, уақыт өте келе біз орыс тілді бауырларымыздан мәңгілікке айрыламыз. Бұл сонда «Ел айрылған» болмағанда не болды? Онсызда аз қазақты қашанға дейін бөлшектей беруге болады? Бөлшектей, бөлшектей қазақтың жер бетінен жойылып кетуінің басы-қабылданғалы тұрған латын әліпбиінен басталмасына кім кепіл? Дүниежүзіндегі мемлекеттердің ішінде екі түрлі әліпби пайдаланатын мемлекетті өз басым білмейді екем. Әліпби қоғам мен ұлтты бөлуге емес, керісінше, ұлтты біріктіріп, қоғамды тұтастыруға жұмыс жасауға тиіс. Қазірдің өзінде балаларын орыс мектептеріне беріп жатқан ата-аналардың саны күннен-күнге көбеюде. Оның негізгі себептерінің бірі-латын әліпбиіне көшу. Олар: «Өзіміз түсінбейтін әліпбиде балаларымызға сабақты қалай үйретеміз?»−дейді. Бұл – қазақ отбасыларына байланысты жағдай. Ал, орыс отбасылары латын әліпбиі туралы ойланып та отырған жоқ. Оларға бәрі бір секілді. Сонда қалай, олар Қазақстан мемлекетінің азаматы емес пе? Статистика бойынша, 18 миллион Қазақстан халқының 10 миллионнан астамы орыстар мен орыс тілділер. Халқының үштен бірі ғана қолданайын деп тұрған латын әліпбиі Қазақстан мемлекетіне не үшін қажет? Оның үстіне латын әліпбиіне өту туралы қарапайым халықтың пікірін де ешкім сұраған жоқ. Өркениетті елдерде әліпби өзгерту секілді халық өміріне тікелей қатысы бар күрделі мәселелерге «Қажет пе, жоқ па?» деген сұрақтар арқылы бүкіл халықтық референдум өткізіледі. Себебі, жаңа латын әліпбиіне өту, өтпеуді жоғарыдағылар емес, халықтың өзі шешуге тиіс! Өз басым латын әліпбиіне өтуді жақтаған қарапайым бір адамды әлі кездестіргенім жоқ. Біз қазір «латын,латын»,-деп даурыға бермей, ең бірінші кезекте еліміздің білім саласын ретке келтіруіміз керек. Себебі, қабылданған жағдайда жаңа латын әліпбиін қолданысқа енгізетін – білім саласы. Бұрын да айтқанбыз, қазір де қайталаймыз, біз еліміздің білім саласының ұлттық консепциясын жасауға тиістіміз! Білімсіз мына «Жаһандану» заманында бәсекеге қабілетті ұлттың қатарына қосыла алмаймыз. Тіліміз екіге бөлініп, еліміздің білім саласы түрлі реформалардан «шаршап тұрған» осы бір алмағайып кезеңде әліпбиімізді өзерту,ешбір қисынға сыймайтын қисық іс болып тұр. Білім саласын қалпына келтіріп, реттеп алғанша латын әліпбиін енгізуді кідірте тұруымыз керек. Себебі, дағдарысқа ұшыраған еліміздің білім саласы – латын әліпбиін қабылдауға дайын емес. Білім саласының қазіргі «аласапыран» жағдайына латын әліпбиін араластырсақ, онда еліміздің білім саласын құтқара алмай, оны мәңгілік құрдымға жібереміз. Бұл – болашақ ұрпағымызды мәңгүрт етіп,оларды басыбайлы құлдыққа  байлап беру деген сөз. Себебі, білімсіз бәсекеге қабілетті ұлт болу мүмкін емес.

Мойындасақ та, мойындамасақ та ақиқат шындық сол – кириллица харпімен біздің әдеби, мәдени-ғылыми  тіліміз бен дүниежүзіне белгілі қазақ жазба әдебиеті және қазақ тілінің грамматикасы қалыптасты. Бір тілдің әдеби нормасы мен грамматикасын қалыптастыру қай заманда да көп уақытты талап ететін, күрделі де ауқымды жұмыс. Айтуға ғана оңай, бұл – ғалымдарымыздың жылдар бойы атқарған қыруар еңбегінің жемісі. Егер біз,латын әліпбиіне көшсек, тілімізге жаңа емлелік-грамматикалық заңдылықтар қалыптастыруға тиістіміз. Бұл ұзаққа созылатын, ауқымды жұмыс және ғалымдар арасындағы ғылыми айтыс деген сөз. Ол айтыс тілші ғалымдар арасында осы күннің өзінде басталып та кетті. Соңы не боларын бір құдайдың өзі білсін. Білім саласы аласапыранға  ұшырап, тіліміз екіге бөлініп,ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған дәл осы кезеңде бізге ешқандай айтыс-тартыстың қажеті жоқ. Одан қазақ ұлты ұтпайды, тек қана ұтылады!

Латын әліпбиіне өту, бұл – қарапайым салық төлеушілердің қалтасынан төленетін миллиардтаған мемлекеттік шығын. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, егер біз латын әліпбиіне өтетін болсақ, жеке құжаттардан бастап,көшедегі түрлі жазуларды айтпағанда, мемлекетік іс-қағаздар, орта арнаулы, жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқулықтары түгел ауысады деген сөз. Бұл – өте мол қаражатты қажет ететін ауқымды іс-шара. Керек емес әліпбиге жұмсалатын мемлекеттік қаражатты науқас бүлдіршін балалардың керегіне жұмсасақ, баспанасыздарға үй салып беріп, еліміздің кенжелеп қалған ғылым-біліміне жұмсасақ, еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, өркениетті елдердің қатарына ертерек қосылмай ма? Сондықтан, халықты  әуре-сарсаңға салып, мемлекеттің қыруар қаражатын босқа шашқанша, ұлтымызға тән тоғыз дыбысты қоспағанда, қолданыстағы кириллица харпіне онсыз да ұқсас латын әліпбиіне өтудің бізге қандай қажеттілігі бар?

Мен жоғарыда латын әліпбиіне көшуге неге қарсы екенімді толық баяндадым. Бірақ, дәл осы күнгі қолданыста жүрген кириллица харпін де жақтамаймын. Себебі, киррилица харпі арқылы тілімізге еніп кеткен бөтен дыбыстар қазақ тілінің мүмкіншілігін толық ашуға кедергі келтіріп отыр. Осы орайда белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының «Алаш зиялыларының отандық білімді жүйелеу тұжырымдамасы» атты ғылыми мақаласынан бір үзік ой ұсынғым келеді. Аталған мақаласында Дихан Қамзабекұлы: «Алаш тұсындағы  отандық білімді жүйелеуге қатысты тұжырымдама 1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда өткен қазақ білімпаздарының бірінші сиезінде жария етілді»,-дей келіп: «Топтың қарайтын мәселесі де алдын ала белгілі болады.Олар: 1. Қазақ емлесін бірөңкейлеу. 2. Харіп жағдайын қарастыру. 3. Халық әдебиетінің халін һәм оқылатын пәндерді жоспарлау. 4. Оқу һәм білім кітаптарын көбейту шарасын қарастыру. 5. Қазақ пән сөздері бір болу мәселесі. Қазақ емлесін бір ізге түсіруге арналған мәжілісте баяндаманы Елдес Омарұлы жасайды. Үстеме (қосымша) баяндаманы жасаушы Мұхтар Мырзаұлы... Мәжіліс хатшысы болған Е.Алдоңғарұлы: «Елдес пен Мұхтардың баяндамасы екі күннен аса талқыға түсіп, шешендер жан-жақты пікірлерін дәлелдесті»,-деп жазады. («Еңбекші қазақ» газеті, 1924 жыл, 24 маусым.) Нәтижесінде, сиез жиынындағы әртүрлі пікірлердің басын қосып, дұрыс-бұрысын саралайтын бес кісіден құралған білікті комиссия құруды жөн деп есептейді. Комиссияға сайланғандар: Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Халел Досмұхаммедұлы. Комиссия өзіне тапсырылған мәселелер ретін қарастырып: «Әуелі қазақша дыбыстар қандай екенін, оған лайық таңбалардың нендей болуын ашып алу керек»,- деген тұжырымға келеді де, дыбысталу мен жазылуының, айтылу мен үндесуін талқыға салып, әр таңба бойынша қорытындылар шығарады. Бұл тәжірибені қазақ тіл ғылымы фонетика саласының баға жетпес жетістігі еді демеске лажың жоқ. Бүгін де әліпбидегі әріп түзілісінің орысша сапын (қатарын) берік қалыптастырған біздер, қазақ білімпаздарының тобында оны мүлде басқа,өзімізге етене етілген ретпен тізгенін біле бермейміз. Ол төмендегідей (төте жазуға ыңғайланып жасалынған араб қәрпі бойынша: А,  (Ә), Б, П, Т, Ж, Ш, Д, Р, З, С, Ғ, Қ, К, Г, Ң, Л, М, Н, Ұ, (Ү), О, (Ө), У, Е, Ы, (І), И. Сиез осы ретті бірауыздан мақұлдаған болатын»,-деп жазады. Аталған мақаласында Дихан Қамзабекұлы: «Елдес Омарұлы жат сөздердің тігісін жатқызып, сөздік қорымызға қабылдаудың тоғыз тәсілін көрсетіп береді. Сиез бір ауыздан тоғызын толық қабыл алып, бұлардың барлығы қазақ тілінің пән сөздерін жасауға негізгі заңдар болып есептелсін деп шешті»,- дей келіп, осы аталған тоғыз заңға тоқталып өтеді. Ары қарай Дихан Қамзабекұлы: «Ең өкініштісі, А.Байтұрсынұлы бастаған тіл ғылымы көшінің құрметті сапындағы Елдес Омарұлын тілші ғалымдарымыз насихаттамай-ақ келеді»,-деп қатты өкініш білдіреді.

Байқап отырғандарыңыздай, ұлт болашағын ойлаған халқымыздың аяулы ұлдары, Алаш зиялылары білімді жүйелеу, әліпби мәселесі және жат сөздерді тіліміздің үндестік заңына сәйкес сөздік қорымызға енгізу тәсілдерін бұдан жүз жылдай бұрын тұжырымдаған. Жасаған тұжырымдарының ғылыми негізінің жоғарылығы бірден көзге түседі. Тарихи құжаттарға сүйеніп айтар болсақ: 1924 жылы жасалынған Елдос Омарұлының әліпбиін қазақ тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлының өзі қолдаған.

Елдес Омарұлы жасаған әліпби қатарында тілімізді шұбарлап, қазақ тілінің өрісін тарылтып,терең тамырлауына кедергі келтіріп жүрген орыс дыбыстары: Щ, В, Ч, Ф, Х, Ь, Ъ, Ё, Ю, Я, Ц, Э секілді дыбыстар да, сол дыбыстардың таңбасы да мүлдем жоқ.

Латын әліпбиіне көшуді жақтаушылардың пікірінше, латын әліпбиіне көшудің ең басты себебі, ол – кириллица арқылы тілімізге еніп кеткен жат дыбыстардан тілімізді тазарту. Олай болса,жат дыбыстардан тазартылған Елдес Омарұлының әліпбиін өзіміз үйренген кириллица харпімен неге қабылдай салмаймыз? Сонда, керексіз мемлекеттік шығындардан айналып өтіп, халықты да бос әуре-сарсаңға салмай, көп нәрседен ұтар едік. 

Әліпби ауыстыру − ұрпақ сабақтастығына кері әсер ететін үлкен фактор. Бұл − айтуға ғана оңай. Ұрпақ сабақтастығының үзілуі − әкесі баласын,атасы немересін түсінбеу,−деген сөз. Ұрпағы үшін өмір сүретін адамзат өмірінде бұдан үлкен қандай трагедия болуы мүмкін? Біз араб харпімен жазылатын  төте жазуды білмегендіктен, Алаш ардақтыларының еңбектерін оқи алмай, қазақ халқы сауатсыз,надан халық деген орыс отаршылдары ойлап тапқан «аңызға» сеніп өстік. Нәтижесінде, қазақпын деп айтуға намыстанатын, өз ұлтының тілін, тарихын білмейтін «мәңгүрт» қазақтар пайда болды. Ұрпақ сабақтастығының үзілуі − бізді осындай мәңгүрттікке алып келді. Латын графикасына өтсек, аға ұрпақтың жаңа латын әліпбиін меңгере алмай, «жоғалған ұрпаққа» айналу трагедиясын айтпағанның өзінде, сол аға ұрпақ қолымен жасалынған әдеби, мәдени, ғылыми жетістіктерімізді латын графикасымен сауаттанған кейінгі ұрпақ білмей өседі. Ұрпақ сабақтастығының үзілуі дегеніміз осы!

Әліпби ауыстыру тек ұрпақ сабақтастығына ғана емес, ұлттық сана мен ұлттың ойлау жүйесіне, болмысына, күнделікті тіршілігі мен жан-жүйесіне кері әсер ететін үлкен фактор. Бұл – ақиқат! Сондықтан да, «латын, латын»-деп шулап, даурыға бермей, санамызға етене жақын, түп негізі латын әліпбиінен бастау алатын, өзіміз үйренген кириллица әрпімен, жат дыбытардан тазартылған, алаштың тілші ғалымы Елдес Омарұлының әліпбиін қабылдасақ ұлтымыздың ұтары анық.

Сөз соңында айтарымыз: латын әліпбиі керек емес,-деп, неге сонша қара тер болып отырсың? Латын әліпбиін қабылдау туралы Президент жарлығы шығып қойған жоқ па?- деген сұрақ туары заңдылық. Оларға айтарым: «Халық қаласа хан түйесін сояды»,- деген. Мемлекет те, заң да адам игілігі үшін жұмыс жасайды. Сондықтан да, халық қаласа шыққан заңның күшін жою, онша қиын шаруа емес. Себебі, заң халық үшін жазылады.

Нұрғали Махан

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1435
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5150