Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 29565 12 пікір 14 Қаңтар, 2020 сағат 13:50

«Махаббатсыз дүние бос...»

(Абайдың «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңіне түсінік)

Заман келбетіне үңілсек, кісілік ақырын-ақырын адам жүрегінен алыстап кетіп барады. Қазіргі қоғамның көзге ұратын сипаты да осы сияқты. Билік ұлы Абай – қазақтың киесі, ұлттың бойтұмары деуін дейді.  Бірақ Абай ауызға қол емес. Көрмейін десем көзім бар демекші, Абай сөзінің нұрын, сырын көру емес, өңкей сырты қамтылған науқандық тірліктер (ескерткіш қою, аударма жасау, конференция өткізу т.б.) басым. Халыққа қажеттісі – жан азығы мен ұрпақ тәрбиесі десек, Абай білім беру ауылынан тым аулақта қалды. Заман талабына сай Абай жинағы да, оқулық та жоқ, дүниеге кемеңгердің көзімен қарауды үйретсек деген ынта, пейіл де жоқ.  Толағай тұлғаны таныту, насихаттау ісі адам айтса нанғысыз төменге құлдыраған тұста президентіміз Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы мүлдем сөнуге айналған шоқты үрлегендей әсер етті маған. Әсіресе: «Іс-шаралар той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілсін. ...Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «толық адам» формуласынан іздеген жөн» дегендері көпшілік күткен ізгілікті пайымдар. Қайтіп іске аспақ, оны келешек көрсете жатар. 

Сонымен, қыстың арты – жаз деп, түсініктер циклін жалғастырмақпын. 

Төменде «Кейде есер көңіл құрғырың» деп басталатын төрт шумақ өлеңге түсінік. Оны Абай 1890 жылы жазған. Жазылу тарихы жайлы дерек жоқ. Өлең өзегі – махаббат пен достық, яғни жүректің қалауы мен тілеуі. 

Адам баласының көңіл-күйі айнымалы, құбылма. Бірде қамығулы, жабырқау көңілдің келесі сәттерде есері, көкке шарықтауы бек мүмкін (оған қызбалы, асау жүрек, оның кейде жөнді, кейде жөнсіз алқынуы себепкер). 

Кейде есер көңіл құрғырың,
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар, - деуімен Абай патша көңілдің сондай бір қалтарысын жырға қосқан. Бұл ақын 45-жасқа келген, Толағай құсап, күллі қазақтың мұңын иығына алған шақ. Қазақ әдебиетінің классигі атандырған парасат биігіне шыққан мезет.  Сол парасат биігіне өмірдің бейнетін тарта отырып, тағдырдың күйігі мен тәлкегін көре-көре сатылағаны анық. Мұны екінші шумақта:

Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат – өмір көркі, рас,
Өлген соң, ол да үндемес, - деуінен аңғаруға болады. Тартқан бейнет те, тоқтаусыз уақыт та – «жүректің отын сөндірмес». Неге? Өйткені, «махаббат – өмір көркі» деп сыр шертеді ақын. Сөйтіп, адамның жүрек отын сөндірмей, оның қызулы қылушы құдірет – махаббат екендігі мағлұм болды.

Оған дәлел: «Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс  табылмас» дейді кейінгі Абай («Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» өлеңінде). Жүректе от (яки қайрат) болмаса, қызыққа, жылулық пен достыққа жарымай, құр мүлгумен өтпексің. Махаббат сезім отқа тамыздық қана емес, тіпті тіріліктің де белгісі: «Өлген соң, ол да үндемес». Тағы Абай: «Дүниенің мағмұрлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе» (38-сөз) дейді. Мұндағы арабтың «мағмұр» сөзі  әлгідегі «махаббат – өмір көркі» деген тіркеспен астасып жатыр. Абай бұл сөзді қызық, әдемі, көрікті деген мәнде қолданған. Тізе берсек, Абайда жүрек культі қалыптасқанына мысал көп-ақ. Жүрек – жан мекені деп кәміл сенбесе, Абай Абай бола ма. 

Енді үшінші шумаққа өтейік: 

Махаббатсыз – дүние бос,
Қайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.

Қоғамда қызу пікірталас тудырып келе жатқан, осы әуелгі жол. Оны Абай жинақтары бірде «Махаббатсыз – дүние бос» деп, енді бірде «Махаббатсыз – дүние дос» деп басқан.  Қайсысы дұрыс? Әсілі, бұл жеңіл-желпі мәселе емес. Ойлау жүйемізді өзгертуге де қауқарлы, принциптік таным. Сондықтан байыппен тоқталмақпыз. 

Бірден айтайық, біз, дұрысы – «Махаббатсыз – дүние бос» деуліміз. Неге? Себебі, Алла тағала он сегіз мың ғаламды (мына жарық дүниені), оның ішінде адамзатты махаббатпен жаратқан. Адамның ес-ақылын билейтін  онан асқан құдірет кәне. Махаббат сезім кімде көбірек болса, оны кімнің жүрегі тынбай іздесе, «ол кісі – ғалым, сол – ғақыл» (Абай). Керісінше ақылға сәуле (әділет, махаббат деп ұғыңыз) қонбаған пенде «қайуанша жүріп күнелтпек». Махаббат сезімі жұтаң адам өзінің «жан» екенін білмейді. Сол үшін ойшыл: «Қайуанға оны қосыңдар» деген. Сөйтіп,  Абай махаббатсыз есіл өмірдің бос, қайран уақыттың зая өтерін жеткізіп отыр.

Бірақ «Махаббатсыз – дүние дос» ұғымын тастай ғып ұстанатын екінші тараптың пайымынша, Абай өлеңінде «Дүниеден суын!» деп уағыздаған, «Жүректі тазарт, Құдайды таны!» деп өсиеттеген. Өйткені, кімге «дүние дос» – соның  көкірек көзі жабық дейді. Ол – Құдай сәулесі түспеген малқұмар, дүниеқоңыз, сараң пақыр. «Дүние дос» тіркесі осы мағынада деседі.  

Міне, екі тарапта көзқарас екі түрлі. Қайтсек түйткілді түйін тарқатылар екен? Абай «дүние» деп мал-дәулетті айтқан ба, жоқ, әлде күллі жарық әлем дегені ме? Алдымен осы мәселені қаузайық.

«Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім», «Дүние –үлкен көл, заман – соққан жел» немесе «Жүрегім менің – қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден» дегенін еске салайық. Абай «дүние» сөзін күллі тіршілік деген кең мағынада қолданған ғой. Міне сол тіршілікке дос, ынтық болу да – махаббат көрінісі. Онсыз ата-ана мен балаңды, отаның мен ұлтыңды қайтіп сүймексің.  

Сондықтан өлеңдегі «дүние» сөзі мал-дәулет, байлық қана емес, күллі тіршілікке қатысты деген байламға келеміз. «Махаббатсыз – дүние дос» тіркесі мен «Сана тұрмысты билемек» тезисі сәйкес. Бірақ бұл махаббат һәм достық, сұлулық пен өмірге ғашықтық ұғымдары үшін тар шеңбер. 

Осы айтылған пайымға дәлелдер алып, тереңіне үңілейік.

Көпке аян, фәни дүние қызығынан қаш, тіршілікке суық көзбен қара деген – мұсылмандық сопылық ілім қағидасы, оны «тәркі дүние» немесе «тариқатқа кіру» дейді. Оған үндеу 1880-жылдардың соңындағы Абайға тән бе, ұстанымына үйлесе ме? Сірә да, жоқ. Бұл ағартушылық майданында   мыңмен жалғыз алысып, қазағына дүниенің ғылымын біл, мал тап, көптің қамын ойланы насихаттап, заманды түзетуге құлшынған кезеңі. 

Тариқат күллі миллетке (мұсылман қауымы) жол деуден кейінгі Абай да аулақ. «Тасдиқ» трактатынан (38-сөз) екі мысал алайық. Біріншісі: «Күллі адам тәркі дүние болып «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? ...Екінші – бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де қаупі бар», – дей келе, мағыналы ғұмыр сүрудің, яғни жарық дүниеге дос болудың мәнісін былайша ұқтырады: «Ғұмыр – өзі хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ». Екіншісі, ғалымдар жайлы мынадай жақсы пікір қосады: «...Электрді тауып аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы... – баршасы пайда беруші болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дағуа (шарт) жоқ».  Айта өтері, Құран Кәрімде: «Алланың бергенін ақиреттің қамына жұмса, бірақ фәни дүниедегі несібеңді де ұмытпа» (Қасас сүресі, 77-аят) деген аяттар баршылық.   

Келтірілген екі үзіндіден дана Абай қандай адамды аңсағаны аңдалмақ.  Ол жүрегіне иман ұялаған әрі көңілін тіршілікке бөлген – «дүниеге дос» кісі. Бүгінгі тілмен айтсақ, ол, бір жағынан, иманды, екінші жағынан,  ғылым мен прогрессті ілгерілетіп, заманды жақсы қылушы технократ жан.  

Сонымен, Абайша кемелдіктің кепілі  – дүниенің екі жағына да ынтық болуға саяды. Кімде кім екі алуанның үйлесімін танып-білсе, сол толық адам. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, қайуан жаны болады» (7-сөз) демегі сол. «Көрінген сыры» деп Абай барша жаратылыстану білімін (күллі дүниеауи пәндерді), ал «көрінбеген сыры» деп Құдай, жан, ақирет, хақиқат туралы ілімді айтқан. Білімнің егесі –  ғалымдар, ілім егесі – хакімдер. Жоғарыдағы аяттың екінші бөлігі: «Алла саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық істе, сондай-ақ, жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді» деп жалғасқан. Осындай аят-хадистермен үндескен терең ой, былайша айтқанда, осы заманғы шетін (радикалды) көзқарасқа және фанатизмге қарсы «антивирус» – Абай ілімінде мейлінше мол.

Ілкіде аталған мақаласында президент Қ.Тоқаев: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алу қажет» деп тапсырма жүктеген екен.

Сол үшін сәл шегініс жасап, «Болмыс бірлігі» («Уахдат-ул ужут») деген мұсылман фалсафасының іргелі теориясын келтіре кетейік. Ол бойынша Алла бір, Ол жаратқан Болмыс та бір. Екіге бөле-жара қарастыру болмысты біздің өлшеулі ақылымыз түсіну үшін қажет. Адам сол болмыстың кішкене ғана моделі. Себебі, жан және тән бірлігінен тұрады. Жан, рух әлемі болмыстың – көрінбейтін жағы, мына жарық дүние (фәни) – көрінетін жағы. Алдыңғыға ахирет, махшар, бақи деп ат қойған.  

Шүбәсіз, ислам – махаббат діні. Ол дүниенің бір жағын терісте, тек екінші жағына ғашық бол демейді.  Дүние тұтас болса, бірін біріне қарсы қою, алалау ақылға сия ма? Абайдың тариқат жолына сілтемегені осындай тереңгі себептен деген ойдамын. «Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Раст болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма?» деп мәлімдеуі осыған айдай айғақ. Президент сөзінде көтерген өзін-өзі жетілдіру мен саналы адам капиталы – «толық адам» тұжырымына қатысты айтар сөз әзірге осы.          

Тақырыбымызға қайтып оралайық. «Махаббатсыз – дүние дос» дейтін екінші тарап әдетте Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» (1895) өлеңіне сілтейді. Бірақ мұндағы мәселе басқа. Ойшыл ақын:

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған, -дей келе, туынды соңын:

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас, -деп қорытады. Бұл жерде «дүние» ұғымын Абай байлық, мәнсап деген тар мағынада қолданған. Зейін қоя оқысақ, өлең өзегі – алдыңғы сияқты махаббат емес, шын иман мәселесі. Көптің дүниеге бой алдыратыны несі? Өйткені, Құдай бар, Ол ақиретте сұрау алады дегенге сенімі бұлдыр.  Қу тіршілікке құлай беріліп, қиянатқа салынып, ақыр аяғы ғапыл қалмақ. Міне Абай жамағатты осындай көрсоқыр «жарым адам» болудан сақтандырған. Осыны бір жыл кейінгі «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде тағы ескертіп, сараңдыққа бой алдырған, малға дос пенделерге:

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, - деуімен «толық адам» бейнесін қарсы қояды. Малға достың Құдаймен ісі жоқ. Мұны күнделікті өмір шындығынан әркім өзі көреді.   

Сөйтіп, хакім Абай ұсынғаны тариқат жолы емес, ОРТА ЖОЛ – табиғи үйлесімділік (гармония) заңы. Бұл екі дүниенің де қамын жеп, оларды тең қабылдау, тең ұстау деген сөз. Егер «дүние бос» сөзін «дүние дос» деп өзгертіп, халыққа Абай өсиеті тәркі дүние деп жеткізсек, бір жақтылыққа ұрынуымыз бек мүмкін. Бір сөз, бір әріп мағынасы қандай терең десеңізші!           

Жоғарыда айттық, өлең қай жылы жазылғанын ескеру маңызды деп. Шығармашылығына сүйенсек, 1895-96 жылдар Абай фәни дүниеден алыстай, бақи дүниеге жақындай түскен. Ойшыл теология биігіне шыққанына «Лай суға май бітпес қой өткенге» және «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңдері куә. «Кейде есер көңіл құрғырың» бес жыл бұрын, ағартушылық сатыда жазылған  өлең. Бұл да «махаббатсыз – дүние дос» тезисін теріске шығаратын дәйектің бірі.  

Енді өлеңнің соңғы шумағына келейік.

Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан бәрі – тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.

Бұл шумақты ұғыну кілті – алғашқы жолда. «Жүрегі жұмсақ» дегені –адамның мейірімді, қайырымды мінезі. Пенденің жүрегі қайтсе жұмсармақ? Тек қана Құдай бар, ақирет шын деген иманменен, әйтпесе жоқ. Әсіресе, дос көбейтпекке ұмтылу жүрек тілегі, адамның қарызды ісі. Ал пайда, мақтаннан жүрек тек қатаяды. Әл-Фараби бабамыз: «Бақытқа жету жолында бірі-біріне көмектесетін халық – қайырымды халық» десе, Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі – бос» деп үн қосқан. Себебі, достық жоқ жерде, жан тыныштығы да жоқ. Бақыт баянды болуының іргетасы – махаббат пен достық. Соңғы шумақ алдыңғымен осылай астасады. 

Тұжыра келгенде, «Кейде есер көңіл құрғырың»  – хакім Абай ұлтын жаңғыруға шақырған өлеңнің бірі. «Махаббат, достық – өмір көркі» деп жырлаған туынды өмірдің мәнін дұрыс түсінуге септеседі. Ұлы ұстаз халқының білімді ғана емес, ілімді болуын көксегені сөзсіз. Әр өлеңі осының куәсі. Бұдан бөлек, өлеңнен «толық адам» концепциясына әкелетін ізденісі басталғанын да аңғаруға болады.

Асан Омаров

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5456