Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
5147 10 пікір 24 Қаңтар, 2020 сағат 14:14

Қазақстандық студенттер вирус таралған Ухань қаласынан шыға алмай отыр

Қытайда белгісіз вирустан екі апта ішінде 17 адам көз жұмды. Ресми Пекиннің дерегінше, 2019-nCoV деп аталатын вирусты 500-ден аса адам жұқтырған. Инфекция ошағы – 11 миллионнан аса тұрғыны бар Ухань қаласы қазір жабық тұр.

Қаңыраған қала, маска таққан тұрғындар, азық-түлік таусыла бастаған дүкендер. Қытайда оқитын қазақстандық студенттер вирус ошағы Ухань қаласының (қазақстандық студенттердің саны бойынша Қытайда ондыққа кіреді) қазіргі көрінісін осылай сипаттайды.

Қытайда былтыр жыл соңында "пневмонияға ұқсас ауруға шалдыққандар" күрт көбейген. Кейін оның қоздырушысы беймәлім вирус екені белгілі болды, инфекция жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп жатыр. Аурудан айыға алмай көз жұмғандар да көбейіп келеді. Қытай билігі емі мен вакцинациясы табылмаған вирустың таралуын тоқтату жолын іздеп жатыр.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Рабиға Сисенғалиева Уханьда қалып қойған қызы Анель Сисенғалиеваның жағдайына алаңдайды. Айтуынша, Нанкин қаласында оқитын қызы "қысқы демалысын өткізу үшін Уханьдағы құрбысына қонаққа барған". Жалғыз перзентін уайымдап отырған ана Қазақстан үкіметінен Ухань қаласындағы студент қызы мен өзге де қазақстандықтарды эвакуациялауды сұрайды. Оның сөзінше, бір ғана Ухань колледждің жатақханасында қазір 20-25 қазақстандық бар.

- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел үкіметінен, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен көмек сұраймын. Ухань қаласында қалып қойған студенттерді вирус қаупі әбден сейілгенше елге эвакуациялап, қол ұшын берсеңіздер екен, - дейді ол.

Қаңтардың 23-і күні Нұр-Сұлтанда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жандарбек Бекшин брифинг өткізіп, эвакуация мәселесіне қатысты жауап берді.

- Вирус ошағынан шығуға болмайды. Ереже – сол. Ондағы студенттерді Қазақстанға сау екендеріне көз жеткізген соң алдыруымыз керек. Вирус жұқтырған адам сол жерде қалып, сонда емделуі тиіс, - дейді Бекшин.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Азаттыққа "Қытайдағы қазақстандық студенттердің жағдайы бақылауда" деп мәлімдеді.

- Бұл жағдай сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында. Уханьда қалып қойған барлық студентпен байланыс орнатылған. Вирус жұқтырғандар арасында қазақстандықтар жоқ, - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Азаттыққа.

2019-nCoV деген ат берілген вирус – бұған дейін ешбір адамда анықталмаған коронавирустың бір түрі. 2000 жылдары 800-дей адамды мерт қылған Sars вирусы да осы коронавирустың бір түрі еді.

Вирус Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар қаңтардың 1-інде жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. Қаңтардың 22-сі күні "Медициналық вирусология" журналында зерттеу жариялаған ғалымдар "вирустың жыланнан тарағанын" жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2018