Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2485 0 пікір 14 Қыркүйек, 2011 сағат 07:50

Дәурен Қуат. Күнтекті Алаш

Abai.kz ақпараттық порталы ғаламтор әлемінің есігін ашқан күннен бастап Алашорда ардагерлерінің соңында қалған мұраларын ыждағатпен жинастырып, алаштанушылардың зерттеу еңбектерін үзбей беріп келеді екен. Қазір порталымыздың мұрағаттар қорында Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлындай алаштанушы әйдік авторлардың еңбектері қазынабасы жауһар дүниелердің сорты ретінде қалыптасып та үлгерді. Қазақ басылымдарында жарық көріп жатқан Алашқа қатысты дүниелерді де сілтемесін көрсете отырып, «Абай» қопасына қоныстандыра бастаппыз. Бұл әрекетімізді тұяққапты тіріліктің күңкілінен биік сөйлей алатын ағайын іштей ұғып, «азымыздың» өзін алтынға балап жүргеніне кәміл сенімдіміз. Әйткенменде,  Алаш мұрағатын қалыптастыру жұмысы бізден басталды деген астам пікірден аулақпыз. Көпке мәлім,  Алаштану идеясы 1980 жылдардың ортасынан ауа пәрменге ие болды. Ендігі мақсат - осы бағытты жетілдіре түсу, іргелендіру, кешенді мемлекеттік саяси институт деңгейіне жеткізу. Сондықтан алаштану ғылымы бүгінгі қазақ қоғамында тиянақталды, нүктесі қойылды дей алмаймыз. Ендеше, екі қадам ілгері басса, ешкікөздене еліретін туысқандарға ескертпе:  «Алғашқы Әлихантанушы мен едім», «Әлекеңнің жазғандарын Орынбор, Петребор архивінен тауып, жариялаған қасқаң біз боламыз» деп кеудені дүңк-дүңк соғу, сыпайы қайырсақ, ақымақтықтың асқынған түрімен аяқталады.

Abai.kz ақпараттық порталы ғаламтор әлемінің есігін ашқан күннен бастап Алашорда ардагерлерінің соңында қалған мұраларын ыждағатпен жинастырып, алаштанушылардың зерттеу еңбектерін үзбей беріп келеді екен. Қазір порталымыздың мұрағаттар қорында Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлындай алаштанушы әйдік авторлардың еңбектері қазынабасы жауһар дүниелердің сорты ретінде қалыптасып та үлгерді. Қазақ басылымдарында жарық көріп жатқан Алашқа қатысты дүниелерді де сілтемесін көрсете отырып, «Абай» қопасына қоныстандыра бастаппыз. Бұл әрекетімізді тұяққапты тіріліктің күңкілінен биік сөйлей алатын ағайын іштей ұғып, «азымыздың» өзін алтынға балап жүргеніне кәміл сенімдіміз. Әйткенменде,  Алаш мұрағатын қалыптастыру жұмысы бізден басталды деген астам пікірден аулақпыз. Көпке мәлім,  Алаштану идеясы 1980 жылдардың ортасынан ауа пәрменге ие болды. Ендігі мақсат - осы бағытты жетілдіре түсу, іргелендіру, кешенді мемлекеттік саяси институт деңгейіне жеткізу. Сондықтан алаштану ғылымы бүгінгі қазақ қоғамында тиянақталды, нүктесі қойылды дей алмаймыз. Ендеше, екі қадам ілгері басса, ешкікөздене еліретін туысқандарға ескертпе:  «Алғашқы Әлихантанушы мен едім», «Әлекеңнің жазғандарын Орынбор, Петребор архивінен тауып, жариялаған қасқаң біз боламыз» деп кеудені дүңк-дүңк соғу, сыпайы қайырсақ, ақымақтықтың асқынған түрімен аяқталады. Ал, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов бастаған саңлақтар ізін саралау - «Күн сөнгенше сөнбейді!» Осы ақиқатты алдымен сол ғазиз ағалардың өздері айтып кеткен. «Күн сөнгенше сөнбейміз! - деді олар. - Алаш туының астында!»

Күн және Алаш. Көкте - Күн, Жерде - Алаш. Апыр-ау, қазақтың кешегі халін көре тұра алашордашылар «сөнбейміз», «өлмейміз» деген сөзді қалай айтқан? Қандай күш ол сөзді Алаш оғыландарының аузына салып тұрған? Біз бүгін тап солай айта аламыз ба? Иә, айтамыз, ауызекі әжүк-гүжік әңгіменің арасында айтып та жүрміз. Бірақ, рухсызбыз.  Рухсыз айтамыз. Сөздің рухын  түсінбеген соң амал кем.  Ендеше қайтпек керек? Қалам кемірген қағазбасты ағайын қабылдар, қабылдамас, біз алашордашылардың рухын түсіну үшін алдымен Алаш сөзінің мағынасына жетіп алу керек шығар дейміз.

Алаш сөзінің сырын ұғуға алдымен алашордашылардың өздері ұмтылыпты. Еліміздің батыс аймағындағы алашордашылардың іздену нәтижесіне сүйенсек, «алаш» қалмақтан шыққан сөз екен.  Еділ бойының қалмақтары қайта-қайта шауып, дүркін-дүркін дүбір салатын қазақты шапқыншы, яғни «алашшы», «алашы» деп атаса керек. Ежелгі жау қалмақтың есін алып, үрейін ұшырған қазақ атының алаш атты варинатын алашордашыл бәлкім, сес көрсету үшін, жігер жану үшін әдейі иеленген  шығар. Алайда, алаш этимологиясының тарихы тым әріде емес пе? Алаш оқымыстыларының ол жайттан хабарсыз болуы неғайбыл.  Жаңағы «алашшы», «алашы» сөзінің қазақпен қатар көшіп қонған қалмақтың аузынан табылуында да терең мән бар. Қазақ тарихының білгірі Мұхтар Мағауин бұрынғы қазақ хандағы «алты алаш, яғни алты ұлыстың бірлігі еді» деп жазады . Тұрсын ханның  қазақ ордасына опасыздық істеуінен қырылып кеткен қатағандар мен өзбек ішіне сіңген құрамаларды есепке алса, алаш алтау емес, сегіз болады екен (бұл да Мағауиннің байламы). Демек, алаш қазақтан да әріде болып тұр ғой. Солай сияқты. Ендеше, алаш атауын ықылымнан іздесек қайтеді. Сөйтіп көрелік. Ол үшін  Шоқан Уәлиханов жазып қалдырған мына бір естелік-ертекке көз жүгіртіп шығалық:

«Ерте, ерте, ертеде, Тұранда Абдулла есімді хан болыпты, басқа бір аңыздарда оны Абдул-Әзиз хан деседі, осы ханның алапес ауруына шалдыққан Алаша есімді ұлы болыпты. Осы жұқпалы аурумен ауырғандардың барлығын елден аластайтын көнеден келе жатқан салтты орындай отырып, әкесі алапес баласын елден аластайды. Сол заманда, Абдулла ханның асқан қаталдығына төзбеген ашыққан адамдар Сыр өзенінің солтүстігіндегі далаға, Қарақұм мен Борсық құмдарына кетіп қазақылық жасай бастады. Олардан шыққан батыл да ержүрек батырлардың саны үш жүзге жетіп, тез арада күш қуатымен және байлығымен танымал болады. Бірнеше жылдар өтіп, күйзеліс басталады: қазақтардың қонысы көршілермен ұдайы болған соғыстарда жеңіліс табады. Даланың еркін елі аштықты сезініп, ағайын арасындағы бассыздық пен алауыздық оларды ыдыратып, өзара соғысқа алып келеді. Ыңғайлы уақытты пайдаланып Абдулланың өзі бейбақтықты соңына жеткізудің жолын қарастырады, оларды біржола құрып кетуден көрегендіктің күші ғана құтқарады. Осындай қиын-қыстау жағдайда екіжүздіктің ішінен Алаш (жат жұрт) деген дана қарт шығып, соншалық ақылға қонымды сөз айтқаны сондай, қазақтар оны өздерінің рубасы, қазысы етіп сайлайды және оның ақыл кеңесімен Абдулла ханның елден аластатылған алапес ұлы Алашты шақырып хан сайлайды. Осылайша, даланың кезбе қазақтары енді салауатты қоғам мен ұлтқа айналады. Өздерінің жеке тәуелсіздігінің құрметіне өздерінің ханы Алаш пен рубасы әрі қазысы Алаштың есімдеріне естелік үшін Алаш немесе жүздіктің санына  (үш жүз) қарай Үш Алаш атанады. Осылайша Алаш ел болды, Алаша хан болды» (Ш. Уәлиханов, Көптомдық шығармалар жинағы, 2 т, 173 б).

Бұл, әрине, аңыз-ертегі. Аңыздағы Алаш хан алапес дертіне шалдығып, бала кезде хан ордасынан, әкесінің қасынан аласталыпты. Аңыз көңіліңе олқы соғады. Оның үстіне, алашқа атын берген ханымыз алапес екен. Аңыздың астарына бармай сөзді тура қабылдайтын адам үшін бұдан әрі айтармыз шамалы. Ал, «содан кейін не болыпты?» дейтін қызғушылықпен әңгіменің аяғын күтетін оқырманның  тосын бір жайтқа көз жеткізері  даусыз. Оқырманымызды ғажайыпқа кенелту үшін біз осы арада қазақ мифологиясының тылсым қатпарларын ашқан, ғұлама ғалым Серікбол Қондыбайға жүгінеміз.

 

«Алаш - прототүркілердің ортаазиялық тобының мифологиясындағы күн және шарт пен келісім тәңірінің есемі».

«Алаша - мифттік алғашқы адам, алғашқы қоғам құрушы, билеуші, батыр»

(С. Қондыбай. Толық шығармалар жинағы, 1том, 86 бет)

 

Міне, көріп отырсыздар Алаш Күнтекті тәңір ие екен. Үндіевропалық, үндіирандық елдердің қай-қайсысы демейік, алғашқы адамды өздерінен бастайды. Мысалы, скандинав елдерінің мифологиясында адам пішінді алғашқы пенде - Имир. Тәңірлер оны өлтіріп денесінен ғалам жасайды.

Ийма - ежелгі иран мифолгиясындағы алғашқы адам. Ол жер бетіндегі жасампаздықтың бастауындағы тұлға.

Яма - үнді мифологиясындағы бірінші адам.

Скифтерден қалған аңыздарда жер бетінің алғашқы тұрғыны - Папай. Грек мифологиясында да Тәңіртектес адамдар жер бетіне бірінші болып «түрен» салады.  Үнділерде олар қайырымды Ашвиндер бейнесінде көрінеді.

Серікбол Қондыбай әлем елдерінің мифіндегі Тәңірие тұлғаларды Алашпен туыстырады. Сөйте келіп біз тіксіне қабылдаған «алапестің» құпиясын ашады.

«Егер зерттеушілер Алашаның алапестігін «мынау шынында да ауру алапес болған екен» деп қабылдай қойғанның өзінде, тағы бір түп ата - Қалшаның да денесінде қалы бар екен деп тіке түсіну ұят болар еді. Өйткені, ата-бабасын қайта-қайта ауру қыла беретіндей өткен бабаларымыздың басынан ат теуіп пе, тек олар ежелгі мифтік Күн мен оның күнтекті інісін осындай жолымен астарлап түсіндірген» (С. Қондыбай. Толық шығармалар жинағы, 1том, 109 бет).

Сонымен, қал, ала, ала-шұбар Күн әлеміндегі белгілер немесе таңбалар болды. Аңыздағы Алаштың (Алаша ханның) ала болып туылуында да әлгіндей Күн тектілік жатыр.  Сонда алашордашылардың Алаш атын ұрандап шығуында осындай тылсым сыр болғаны ғой. Алашшылар өздерінің күн текті ұрпақ екендерін бек түсінген. Олардың  «Күннен туғанбыз», «Гүннен туғанбыз»  (Мағжан) деп күркірей сөйлеулерінде Күнтекті сөнбес сәуленің рухы жатыр. Сол себептен де  олар  жын бүркіп, жын атқан қасап заманның қанды езуінде кетіп бара жатып жасып-жабырқаған жоқ. «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» деді. Күн сөне ме? Оған пенденің ақыл-ойы жетпейді. Сен де Күнтекті алаш ұлдарындай бол, қазақ ұланы! Ұлт мүддесі жеңіліс тапқан  сәтсіздіктердің ешбіріне мойыма. Сәтсіздіктің, жеңілістің, бүгінгі бүтінделмеген тірлігіңінің бәрі де уақытша, сенің азаттықтың қадырын танып, қасқайып өмір сүруге деген ұмтылысың ғана мәңгілік. Алашшыл бол, алашшыл болайық, ағайын!

 

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540