Зеленский соғыстың басталуына КСРО кінәлі екенін айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Екінші дүниежүзілік соғысты бастаушылардың бірі - Кеңес одағы екенін айтты. Осыны айтып, ойбайға басқан орыстың «Ren.tv» арнасы.
Брифингте сөйлеген Зеленский тоталитарлық режимнің өзара келісімімен жасалған қастықты алғаш болып Польша көргенін, сол тоталитарлық режим - екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болғанын, нацистерге «Холокостты бастауға мүмкіндік бергенін айтты. Бүгінгі әлем басшылары, Еуропа лидерлерінің 1939 жылғыдай «үнсіз қалуға құқы жоқ», деп сөйледі Зеленский.
Сондай-ақ, ол Аушвиц өлім лагерін азат ету туралы айтты. Зеленский лагерді босатқан КСРО деген жоқ. Бірақ ол азаттық операциясына қатысқан украин азаматтарын еске алды.
Соңғы уақытта Польшадағы саясаткерлер мен тарихшылар Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Ресей кінәлі дегенді жиі айтып жүр. Қаңтар айының басында ел парламенті екінші дүниежүзілік соғысты КСРО мен Германия қатар бастады, деп айыптаған қарар қабылдап, көптеген поляк саясаткерлері Ресейге қарсы мәлімдемелер жасаған. Сонымен қатар, Поляк депутаттары бүкіл әлемге «нацистік-кеңестік тоталитаризмнің құрбандары» деген сөз тіркесін енгізуді ұсынған.
Жыл сайын, 27 қаңтар күні халықаралық деңгейде Холокостты еске алу күні атап өтіледі. 1945 жылы дәл осы күні ең үлкен өлім лагері - Аушвиц азат етілді. Онда шамамен 1,4 миллион адам өлген. Олардың 1,1 миллионы еврейлер. 1947 жылы осы жерде мұражай ашылып, 1979 жылы ол ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.
Айта кетейік, осыған дейін Ресей Президенті В.Путин Мәскеуде өтетін «Жеңіс парадына» бірнеше елдің басшыларын шақырған. (Путиннің парадына қатысу міндет пе?) Және, ол парадқа келмеу - үлкен қателік әрі соғыста шейіт кеткен жауынгерлерге құрметсіздік екенін айтқан.
Ал, 22-қаңтар күні Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының Путиннің шақыруын қабыл алғанын және парадқа қатысуды жоспарлап отырғанын айтқан.
Abai.kz