Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 9155 4 пікір 28 Сәуір, 2020 сағат 11:29

Алаш зиялылары індетпен қалай күресті?

Бүгінде әлемдік пандемияға айналған жұқпалы COVID-19  таралуына байланысты әлем елдерінің көпшілігі қатаң шаралар қабылдағаны белгілі. Қазақстан үкіметінің де өз кезегінде төтенше жағдай режимін жариялады. Қатаң карантиндік талаптар енгізгені. Бұл шешімдер – індеттің алдын алудағы қабылдаған дұрыс іс – әрекеттер деп есептейміз. Жұқпалы індеттердің алуан түрі адамзат баласымен бірге өмір сүріп келе жатқаны тарихтан мәлім. ХХ ғасыр басында қазақ даласында да дәл осындай жұқпалы індеттер болған еді. Сол кезеңде жұқпалы ауырулар туралы Алаш зиялылары не айтты, індетпен күресудің қандай жолдарын ұсынды деген мәселе бойынша шолу жасап өтпекпіз.

ХХ ғасыр басында Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі саналатын» газет арқылы Қазақтың білімді азаматтары ұлт істеріне пайдалы мақалалар жазып, халықтың рухани, мәдени һәм саяси сауатын арттыруға күш салды. Олардың қалам тербемеген тақырыптары жоқ деуге де болады. Солардың бірі, қазақ тұрмысына қажетті – денсаулық тақырыбы еді. Патшалық Ресей кезінде жалпыұлыттық «Қазақ» гезетінде Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Дәулетшаһ Күсепғалиұлы қатарлы азаматтар денсаулық жайынан, жұқпалы ауырулар, олардан сақтану, алдын алу туралы құнды жазбалар жазып, халыққа ғылыми кеңес беруге талпынды.

1918 жылы Түркістанның бір қатар орындарында аштық, 1918-1920 жылдардағы ақтар мен қызылдар арасындағы соғыстар халық тұрмысын қатты күйзелтті. Оның соңы 1921-1922 жылдардағы Орал, Бөкей жерлерінде «атадан ұл, анадан қыз айырылған» аштыққа ұласты. Аштықтан қалжырап, әлсіреген жұртқа қоса келген індет, жұрттың сеңдей соғылып босуы, жұқпалы ауырулардың таралуына бір себеп болып – эпидемияға айналып, халықты жусатып салды. Жұмағали Тілелин бұл туралы «Жұқпалы науқастар» кітабында былай жазады: «1919-1921 жылғы сүзектер, оба науқастары елде күшті болды. 1919-1920 жылдарда Қазақстан жерінде соғыстан боса қашқан ақтың, қуып өткен қызылды әскерлерінде үш түрлі сүзектің үшеуі де жұғып жайылып сол уақытқа дейін естіп, көрмеген сұрапыл апат болды.  Ауылдардың көбінде шаңырағы құрып қалғандар көп болды. Науқастың күшті болған жерінде 60 шамалы үйлі ауылдан 80 шамалы өлім болғаны бар. Егерде 60 үйдің жанын, үй басына 5 жаннан деп есептесе, 300 жан. Бұл жүзден 27 (не болмаса 27% шамасында болғаны). Мұндай санды өлімді болған сүзек індетін науқас тарихы айтпайды. («Жұқпалы науқастар». Мәскеу. 1926 жыл. 37- бет)».

Оба індетінен Есіл бойындағы елдің аман қалғаны аз болды, деп күйіне жазады. Індеттің алдын алуға, сақтандыруға жергілікті үкіметтің қауқарсыздығы, дәрі-дәрімектер мен дәрігерлердің жетіспеушілігі басты себептердің бірі болды. Сонымен қатар, жұқпалы науқасты таратушы қазақтың кейбір дәстүрі мен тұрмыстағы бейғамдығы да әсер етіп, індет өрши түскен.

Алаш зиялыларның «Қазақ» газеттерінде жариялаған денсаулық сақтау, жұқпалы ауырулар мен олардан күресу туралы мақалалары мен жазбалары кейін Кеңес үкіметі кезінде іргелі ғылымға айналып, қазақ тіліндегі алғашқы денсаулық сақтау туралы кітаптардың жазылуына, жарыққа шығуына ұласты. Бұл әрине қажеттіліктен туындаған, оқыған қазақ баласының істеуге тиісті азаматтық борышы еді.

Азамат соғыс жылдары үзіліс тапқан денсаулық жайында кітап жазу мен шығару бастамалары Кеңес үкіметінң алғашқы жылдары жалғасын тапты. Аударма кітаптарды қазақ тұрмыс-тіршілігіне бейімдеп қайтадан жазды. Аталған мәселе туралы  Ахмет Мамытұлы: «Осы күні біздің Қазақстан мемлекетінде қолға алатын екпінді мәселенің біріде, ертерек шабандыққа сала бермей ұмтылуды тілейтін де «денсаулық, жұқпалы ауыруларменен күрес» деген нәрселер болуға керек. Неге десеңіз бұл туралы әбден буыны қатып, бұғанасы бекімеген, тіршілік таласында жеңіліп қалуға қолайлы тұрған надан, салақтау келген қазақ жұрты алдында, мейірімі аз, мүсіркеуі кем тарих соты алдында бәріміз де жауапты, сұраулы».

Білім көкжиегінде жүрген қазақ зиялыларына денсаулық сақтау мәселесі бірінші кезекте екенін, бұл салада кемшіл тұстар барлығын ойға салып, кітаптар жазу - оқыған азаматтардың тарих алдынағы жауапкерлігі, азаматтық міндеті, борышы екенін айқындайды.

Мәскеудегі «Күншығыс баспасында» қызмет атқарып жүрген Әлихан Бөкейхан өзі бас болып «Денсаулық сақта» кітабын шығарды. Жұқпалы ауырулар туралы жазылған бірнеше еңбектерге алғы сөз жазып, сын берген. 1926-1927 жылдары бұл баспадан таралымы жағынан 3000 мен 5000 тираж аралығын қамтитын оннан астам тек қана «Жұқпалы ауырулар» туралы кітаптар басылып шығарылған. Денсаулық тақырыбында кітап жазған өзге де авторлар қатарында: Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатұлы, Тұрағұл Абайұы, Жұмағали Тілеуліұлы, Біләл Малдыбайұлы, Ахмет Мамытұлы т.б қазақ зиялылары болды. Жұқпалы ауырулар мен олардан сақтану және алдын алу үшін қалам қабілеті жеткенше қажетті кітаптар шығарып, ұлт істерін өркендетуге өз үлестерін қосты. Кітаптар Мәскеудегі «Күншығыс баспасы» , Орынбор мен Қызылордадағы «Мемлекет баспасы», Ташкенттегі «Мемлекет баспасы күншығыс бөлімі» арқылы мыңдаған тиражбен басылып, кең байтақ қазақ даласындағы жалпы жұртқа тарады.

Осылайша қазақ тіліндегі алғашқы денсаулық тақырыбында қалам тербеп, кітаптар шығару ісі де Алаш зиялыларының бастамасымен, қалыпып іргесі қаланды. Жұқпалы ауырулар, олардың алдын алу шаралары туралы жазған мәліметтер бүгінгі күні де маңызы мен мазмұнын жоғалтпаған. Мысалы, «Халел Досмұхамедұлы: Ауыруды бөлу немесе «үй карантині», Әлихан Бөкейхан: «Ауыруға қарсы атқа мінгенде алды мен қолға алатын іс  - елді ағарту, Жұмағали Тілеуліұлы: Оба науқасы бар шақта, ел қыдырып қонақтауды қалдырып, осы секілді өлікке бата қылып, жиылыс қылуды тоқтату, Міржақып Дулатұлы: Адай елі шуманы өз күшімен қалай тоқтатты, Тұрағұл Абайұлы: Ауырудың ең үлкен анасы – ауыру адам. Екінші жолы – ауыру жұғысқан заттар. Үшінші жолы – ұсақ жануларлар, адамның етін шағу арқылы жұғады»,  сияқты сақтық шаралары мен ескертпе үндеулер жүргізді. Әрине, бұл бүгінгі күні де маңызын жоғалтпай, керісінше, өзектілігін арттыра түсуде. Сондықтан Қазақстан Республикасы үкіметінің енгізген төтенше жағдай кезіндегі белгіленген талаптарды қатаң сақтап, індеттің алдын алуға әрбіріміз азаматтық үлесімізді қосайайық, ағайын!

(Жалғасы бар).

Абай Мырзағали

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052