Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2818 0 пікір 14 Қараша, 2011 сағат 05:31

Ғаділбек Әкім. Қазақтың Оразы!

Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісінде жандосовтар әулетінің алатын орны ерекше.  Жандосовтар әулеті туралы әңгімемізде біз бүгін  мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, қаржыгер-экономист Ораз Әлиұлы Жандосов туралы айтпақпыз. Дегенмен де, қазақ елінің тарихынан хабары бар адамдар, өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақ КСР-ның құрылуына, қалыптасуына, дамуына  ат салысқан, ел басшылығында үлкен қызметтер атқарған, белгілі мемлекет қайраткері - Ораз Қиқымұлы Жандосовты да жақсы біледі. Ораз Қиқымұлының мемлекет үшін атқарған жұмыстары мен еңбектерін бағалау үшін үлкен білімділікпен біліктілік қажет. Өткен ғасырдың зұлматты, тексізін құтыртқан, тектісін тұқыртқан 30-шы жылдарында солақай саясаттың құрбаны болып кеткен Ораз Қиқымұлы Жандосовтың тағдыры аса қиын, қиын болғанымен ұлты мен ел алдында адал әм абройлы азамат атанып кеткені тарихтан аян. Біз сол Ораз Жандосовтың кемел парасатын әлі күнге дейін толық бағалай алмай жүргенге ұқсаймыз. Әлбетте, Ораз Қиқымұлының тұлғасы кәсіби тарихшылар тарапынан әлі де зерттелуде. Ораз Қиқымұлының артында Санжар, Әли атты ұлдары қалды, Санжар Жандосов - мемлекет және қоғам қайраткері. 90-шы жылдардың басында өмірден озған Санжар Оразұлы ұлтжандылығымен жұрт жадында сақталып қалды. Ал, Әли Оразұлы - ғалым, танымал тарихшы. Әли ағаның ұлы Ораз Жандосов - мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, белгілі қаржыгер - экономист.

Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісінде жандосовтар әулетінің алатын орны ерекше.  Жандосовтар әулеті туралы әңгімемізде біз бүгін  мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, қаржыгер-экономист Ораз Әлиұлы Жандосов туралы айтпақпыз. Дегенмен де, қазақ елінің тарихынан хабары бар адамдар, өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақ КСР-ның құрылуына, қалыптасуына, дамуына  ат салысқан, ел басшылығында үлкен қызметтер атқарған, белгілі мемлекет қайраткері - Ораз Қиқымұлы Жандосовты да жақсы біледі. Ораз Қиқымұлының мемлекет үшін атқарған жұмыстары мен еңбектерін бағалау үшін үлкен білімділікпен біліктілік қажет. Өткен ғасырдың зұлматты, тексізін құтыртқан, тектісін тұқыртқан 30-шы жылдарында солақай саясаттың құрбаны болып кеткен Ораз Қиқымұлы Жандосовтың тағдыры аса қиын, қиын болғанымен ұлты мен ел алдында адал әм абройлы азамат атанып кеткені тарихтан аян. Біз сол Ораз Жандосовтың кемел парасатын әлі күнге дейін толық бағалай алмай жүргенге ұқсаймыз. Әлбетте, Ораз Қиқымұлының тұлғасы кәсіби тарихшылар тарапынан әлі де зерттелуде. Ораз Қиқымұлының артында Санжар, Әли атты ұлдары қалды, Санжар Жандосов - мемлекет және қоғам қайраткері. 90-шы жылдардың басында өмірден озған Санжар Оразұлы ұлтжандылығымен жұрт жадында сақталып қалды. Ал, Әли Оразұлы - ғалым, танымал тарихшы. Әли ағаның ұлы Ораз Жандосов - мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, белгілі қаржыгер - экономист.

Қазақстан егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғанынан бергі уақытта, елдің алдыңғы қатарлы мемлекетшіл тұлғалары ретінде шыққан азаматтардың бірі де, бірегейі - Ораз Жандосов. Ораз Жандосов Совет одағы ыдырауға таяп, коммунистік партия басшылығының «қайта құру» саясаты белсенді күш алған 1987-ші жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік үниверситетін «экономист - кибернетик» мамандығы бойынша тәмамдады. Кеңес үкіметі билік жүргізген, еліміз кеңестік идеология жүйесінің бөлшегі болған уақытта, белгілі қаржыгер Дәулет Сембаев айтқандай, кеңестік жоспарлау жүйесімен қатар, нарық экономикасының негіздерін үйрететін бірден-бір оқу орны - Мәскеу мемлекеттік университеті болған-тұғын. Әрине, оқу жүйесіндегі аталмыш либералдылық бағыт басқа университеттер үшін бұйырмаған несібе болатын. Қазақстанның тәуелсіз ел атанып, етек-жеңін жиып, жері, байлығымен несібесі өзіне бұйырған мемлекет болуы, Ораз Жандосовтың және онымен қатарлас өзге де жастардың оқу орындарын тәмамдап, елге оралуларымен қатарлас келді. 90-шы жылдардың басы ел экономикасының тоқырауға ұшыраған, халықтың әлеуметтік жай-күйі нашарлап, тұрмыс-тіршілік күрт төмендеп кеткен жадау - жабырқау кезі болатын. Базбіреулер айтатындай, Ораз Жандосов және оның өзге де қатарластары билік басшылығына, үкіметке лезде келе қойған жоқ. Төрт жылдан аса Қазақ Ғылым Академиясының Экономика институтында кіші ғылыми қызметкер (1987-1991 жж.) болып, егемендік алғанннан кейін ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық Кеңесте консультант, Кеңес жетекшісінің орынбасары (1991-1993 жж.) қызметтерін атқарды. Ол дегеніңіз - бүгінгі күндегідей жоғарғы оқу орнын немесе шетелдік бір-екі жылдық магистратура мен курстарды бітіре сала Астанадағы үлкен бір ведомстваның жылы орынтағына қонжия  салу емес еді. Екі жағдайдың арасы жермен көктей.

Ораз Жандосовтың одан кейінгі өмірдерегін қарап отырсақ, барлық қызмет баспалдақтарымен еңбек еткен орындары қаржы-экономикамен етене байланысты екен. Өткен 90-шы жылдардың ортасында ҚР Экономика министрінің бірінші орынбасары - ҚР Шетелдік инвестициялар жөніндегі Агенттік төрағасы; ҚР Ұлттық Банкі төрағасының бірінші орынбасары (1993-ші жылдың желтоқсанымен 1996-шы жылдың қаңтар айы аралығында); Ұлттық Банктің төрағасы (1996-шы жылдың қаңтар айымен 1998-ші жылдың ақпан айы аралығында) болды. Ұлттық Банк басшылығында бірнеше жыл қызмет атқару арқылы, Ораз Жандосов мемлекет тәуелсіздігінің бірден-бір айғақты символы - төл теңгеміздің шығуына, оның қолданысқа енгізілуіне белсенділікпен ат салысқандардың бірі болды, сол арқылы, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуының басы-қасында болып, бар білігін ортақ іске бағыттап отырды.  Қазақстан Ұлттық Банкінің негізгі аяққа тұру кезеңін қаржыгер Дәулет Сембаевтың басқарған уақытымен байланыстырамыз, ал, ол кісіден кейін төрағалыққа келген Ораз Жандосов, Ұлттық Банкке жаңаша леп әкелді деуге болады. Ораз Жандосов Ұлттық Банктің алғашқы төрағаларының бірі ретінде, банкке өзімен бірге білікті де, талантты жастарды көптеп тартты. Бұл жайт қаржы секторындағы мамандарға жақсы белгілі. Сонымен қатар, Ұлттық Банк Орекең басқарған жылдары қазақ қаржы-банк жүйесінің жаңа ағымға бейімделіп, орнығып, тұрақтала бастаған, еліміздің қаржы-монетарлық жүйесіне ең қажетті заңнамалық құжаттар қабылданып, қазіргі зейнетақы жүйесінің негізі қаланған, жалпылай айтсақ: отандық қаржы жүйесінің түпқазығы қағылған кезең  деп атауға толық негіз бар. Білікті қаржыгер Жандосов Ұлттық Банктің жетекшісі болған уақытта, отандық қаржы секторының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ораз Әлиұлы Ұлттық Банк басшылығынан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметіне ауыстырылды. Ол Үкіметте әр жылдары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - ҚР Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы (1998-шы жылдың ақпанымен 1999-шы жылдың қаңтары аралығында); ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР қаржы министрі (1999-шы жылдың қаңтар-қазан айлары); «KEGOK» ААҚ-ның Президенті (1999-шы жылдың қазанымен 2000-шы жылдың желтоқсан айлары аралығында); және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарды (2000-шы жылдың желтоқсанымен 2001-ші жылдың қараша айларының аралығында).

Ораз Жандосов тәуелсіздік алған 90-шы жылдардың басынан 2001-ші жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметті абыроймен атқарды. Ал, 2001-ші жылдың соңынан бастап Орекең өзінің Үкіметтегі кейбір әріптестестерімен, бизнес өкілдерімен, кейбір Мәжіліс депутаттарымен бірігіп ашық саясатқа шықты. Ашық саясатта халықпен тікелей араласуға, шынайы болуға, бәсекелстікке төзе білуге, айтылған сынды қабылдай білуге тура келеді. Ораз Әлиұлы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» РҚБ-нің Саяси Кеңесінің мүшесі, кейіннен «Ақжол» демократиялық партиясының тең төрағасы болып сайланды. Одан кейін азғантай уақыт мемлекеттік қызметке қайта оралған Ораз Әлиұлы 2003-ші жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, одан кейін, 2003-ші жылдың маусым айы мен 2004-ші жылдың шілде айлары аралығында Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларға қарсы агенттік төрағасы қызметтерін атқарды. Саясаттағы бірізділіктің болмауы 2004-ші жылдың соңында «Ақжолдың» екіге бөлінуіне алып келді. Ораз Әлиұлы қасындағы сенімді әріптестерімен бірге «Нағыз Ақжол» ҚДП-ның құрылуына белсенді ат салысқан болатын. Жалпы алғанда, Қазақстанда демократиялық саяси күштердің пайда болып, оның қалыптасып, дамуына Ораз Жандосовтың сіңірген еңбегі орасан зор - бұған ешкімнің шүбәсі жоқ шығар. Бақандай сегіз жыл ашық саясатта жүріп, партия басшылығында болуы, ҚР Мәжіліс депутаттығы сайлауына мажоритарлы және саяси партияның тізімі арқылы қатысуы, тіпті 2004-ші жылдың күзіндегі Мәжіліс депутаты сайлауын Алматы қаласы, Бостандық ауданы 7-ші Әл-Фараби сайлау округі бойынша жеңіп шығуы - Ораз Әлиұлының саяси тәжірибесін одан әрі арттырды. Саяси партия басшылығында қызмет атқара отырып, Орекең ашық саясаттың дәм-тұзын татып, қиындықтарын еңсере білді. Ашық саясатта, біз, Ораз Әлиұлын жаңа қырынан  көре білдік. Қоса кететін бір жайт бар: ашық саясатқа екінің бірі шыға бермейді, себебі, ашық саясатқа келу үшін, саясаткер өзі ашық болуы қажет, таза, әрі әр-түрлі дау-дамайдан, жемқорлық істерден ада болуы керек екені белгілі. Әйтпесе саясаткердің ашық саясаттағы өмірі ұзаққа бармауы мүмкін. Ораз Әлиұлы ашық саясатқа келместен бұрын ҚР Үкіметінде, Ұлттық Банк басшылығында үлкен лауазымды қызметтерді атқарды, ол ашық саясатқа шығуының арқасында мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибесін қоғами саясаттың мектебінен өту арқылы байыта түсті десе болады. Орекең еліміздің ашық саясатына шыққан бірден-бір қаржыгер, оған дейін де, одан кейін де, өкініштісі, ашық саясатта үлкен қаржыгер маман көрінген емес. Өзіміз қаржы-экономикалық секторында жұмыс жасағаннан кейін, осы саладағы мамандарға «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ұйымы жақсы таныс. Аталған беделді де, белсенді іскер қауымдастықтың құрылуына бірден-бір тер төгіп, еңбек еткен адам  - Ораз Әлиұлы. Бір жылдары қауымдастықтың Кеңес төрағасы қызметін де атқарған Орекең, ұйымның дамуына көп еңбек сіңірді. Бүгінде, ҚҚҚ еліміздегі ең беделді, абыройлы бизнес қауымдастықтардың қатарында. Тоқетерін айтқанда, Орекең қай қызметте жұмыс жасамасын, оның ішінде, мемлекеттік жоғары лауазымдағы қызметте болсын, саяси партиядағы қызметі болсын, бастысы ұлты және мемлекеті үшін қызмет атқарды, осы арқылы өзінің мемлекетшіл тұлға екенін сөзбен қатар, іс жүзінде де дәлелдеп келеді.

«Атаңды көргеннен ақыл сұра», - деген қазақтың терең ойлы сөзі бар. Ораз Әлиұлы - белгілі қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың немересі, осының өзі көп сұрақтарға жауап беріп қойған секілді. Өткен ғасырда қазақ үшін толымды еңбек еткен Ораз Жандосовтың ісін, бүгінгі таңда Ораз Әлиұлы Жандосов жалғыстырып келе жатқанға ұқсайды. Бүгінгі күні  Ораз Жандосов ер жасы елуге келіп отыр. Қазіргі таңда Ораз Әлиұлы - «Ракурс» экономикалық талдаулар орталығының директоры. Құрылғанына екі жарым жыл болған талдау орталығының жеткен жетістіктері мен жасаған жұмыс нәтижелері жеткілікті. Ораз Әлиұлы қандай қызметте жүрсе де, кәсіби шеберлігі қалыптасқан кәнігі маман ретінде біліктілігімен, парасаттылығымен, ұйымдастырушылық-басқару қабілетімен ерекшелене біледі. Ораз Әлиұлының есімі қаржы-экономика саласындағы жинаған бай тәжірибесінің арқасында, қазақстандық экономист мамандардың арасында, жалпы бұқара арасында үлкен құрметпен аталып келеді. Жандосовтар әулетінің жалғасы - қазақтың Оразы   қазақ елі үшін әлі талай игі істер атқаратынына кәміл сенеміз!

Ғаділбек Әкім, социолог-экономист,

Бәсекелстікті зерттеу орталығының сарапшы маманы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540