Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Зерттеу 76035 1 пікір 16 Маусым, 2020 сағат 11:16

Жер-су атаулары – тарих қана емес (жалғасы)...

(Жалғасы. Басы)

Жақсы мен жаман

Жақсықызыл, Жаманағаш  (2),Жаманжан, Жаманқара, Жаманқонған,Жаманқұдық ,Жаманқыз, Жаманөзек,Жамантал, Жамантерек, Жамантомар (5), Жаманшілік  (4),Жаманшоқы, ,Жаманшұбар (3), Сұлуағаш (2), Сұлужал, Сұлукөл,Сұлуқызыл, Сұлуөзек,Сұлутомар (5),Сұлушоқ ,Сұлушоқы (3) деген атаулардың әрқайсысы-ақ, көңіл аударуға, ерінбей зерттеуге тұрады.

Бас пен аяқ

Басағаш  (3),Басбұлақ ,Басқызыл (4),Басқызылағаш (2),  Баспакескен, Бастал, Басшоқы,Басыбай, Басынкескен, Аяқағаш, Аяқкөл,Аяққарасу, Аяққызыл (6), Аяқтал (3).

Үлкен-кіші, жуан мен жіңішке

Қалыңағаш, Қалыңқызыл (3),Қалыңөзек, Қалыңтал, Қалыңтұмсық, Қалыңшоқы,

Кіші Керейқонған,Кішіақсораң, Кішімтоғай,

Кішкенекөл,Кішкенеқопа,Кішкенемүйіс,Кішкентайшоқы. Үлкенақсораң, Үлкенқондыағаш, Үлкенқопа (2),Үлкентоғай,Үлкеншоқы (2), Үлкенқаратерек, Жалпаққарасу, Жалпаққызыл  (3),Жалпақтал, Жалпақшілік, Жуанағаш (3), Жуанқайың, Жуаншоқы.

«Ащы-тұщы» көлдер

Облыс аумағының жаратылыс ерекшеліктеріне қарай көл атауына байланысты топонимдер жиі кездеседі. Бұлай болатын жөні де бар, өйткені ресми дерек  бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 3 мыңнан аса  көл бар. Олардың жалпы ауданы 4800 шаршы шақырым. Қазақстанның солтүстік облыстары арасында ең көлі көп осы облыс аумағының 9 пайызын көлдер алып жатыр.

Көл атауларында түркілік гидронимдер басым болғанымен, славян текті атаулар да баршылық. Бұл арада соңғыларының қазақша атауларға қосақталып та айтыла-жазыла беретінін ескерткеніміз жөн. Және де орысша атаулардың кейінде, шамамен ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында пайда бола бастағаны тарихи тұрғыда дәлелденген. Мысалы, Ресей үкіметі тарпынан 1901-1908 жылдары арнайы есепке алынып, тіркелген елді мекендер арасында, көлдерге байланысты атаулардың – гидронимдердің бірде-біреуі орысша емес екені көңіл аудартады. Бұдан шығатын қорытынды, кейін орысша аталып кеткен көлдердің әуелде қазақша атауы болғандығы, кейін Ресейден қоныс аударған келімсектердің көшіп келіп, иемдене бастауына байланысты ғана өзгергені деп пайымдауға болады.

Су қоймаларының айқын байқалған сыртқы бейне-бітімі немесе суының тұздылық құрамы, суда тіршілік ететін жандықтардың түрі-тегіне қарай, немесе сол көлдердің жағасына салынған қыстау-күзеу түріндегі елді мекеннің атына қарай қазақша атын өшіріп, жаңаша атаған. Көлдердің байырғы қазақша атауына тоқталмай-ақ, мысал ретінде бірнеше орысша гидронимді келтірсек те жеткілікті. Мысалы: Горькое, Соленое,Пестрое, Кривоозерное, Питное, Широкое. Кейде көл атауларында меншік иесіне тәндік белгісі де байқалады: Плеханово, Пономарево, Шитово, Марушкино т.б. Бірқатар көлдер сол аймақта өсетін өсімдік түрлері мен мекендеген жан-жануарлардың түріне аталған:, Камышное, Рогозянка, Волчье, Собачье, Кобылье, Кояндыколь.

Солтүстік Қазақстан облысындағы көлдердің ауданы орта есеппен бір шаршы шақырымдай және мұндай көлдер 10 пайыз. Ал, жеке-жеке қарастыратын болсақ, ауыз толтырып айтарлық үлкендері де, есепке алуға тұрмайтын ұсақтары да аз емес. Айталық, ең үлкен деген көлдің беті 750,3 шаршы шақырым болса, одан кішіректері 29,8 шаршы шақырым. Мысалы, ең ірі деген : Сілетітеңіз, Үлкен Қарой, Теке, Кіші Қарой,Қалибек, Имантау көлдерінің су қоры 4 миллиард текше метрден асады. Олардың ішінде Шағалалытеңіздің суы 600 миллион текше метр, Имантау -279, Саумалкөл -99 миллион текше метр. Тағы бір ерекшелік сол, облыстағы көптеген елді мекендер сол ащы көлдер мен тұщы көлдердің жағасынан қоныс тепкен.Көлдеріміз қамысты, қалың өсімдікке бай келеді, көлдердің түбінде өсетін өсімдіктер дүниесі, шөккен мол шымтезек қоры да бағалы байлық болып есептеледі.

Жаманкөл, Мәңгісор, Қисықкөл сияқты қоймаларда емдік саз балшық кені баршылық.

Сулы жер – нулы жер, деп ежелден халқымыз айтқандай, қатар-қатар көлдердің жағасына 30-дан астам құс жыл сайын ұя салады, ал осыншама балық қорының халық игілігіне тигізер пайдасы да өзінше.

Көлдердің аталуы да қызық және белгілі бір иесіне тәуелділік, немесе антропоним түрінде атрибуты жалқы есім түрінде, балығы бары-жоғы; балығының атауы: атрибут бөлігі анықтауышпен  келетіндері:Жаңакөл, Ұзынкөл, Жалтыркөл,суының ащы-тұщылығы; Сасықкөл, бітімінің сыртқы көрінісі, терең-тайыздығы: Аяқкөл, Көтенкөл,маңайындағы өсімдіктер дүниесіне қарай; жан-жануарлардың көптігі немесе аздығына қарай: көлдердің сандық есімдері, т.б.

Бір деректерде облыс аумағында 3,5 мың көл бар делінеді. Әрине, бұлардың ішінде сырт бейне-бітімі көлге ұқсас, шын мәнінде «көл»  атауына толық жауап бере қоймайтын табиғи нысандар да баршылық. 1901 қағазға түсіріліп, 1908 жылы қайта қаралып, толықтырылған санақ мәліметінде осы өңірдегі қазақтардың меншігі саналған көлдердің тізбесі мынадай болып шықты. Бұлардың алтауы ғана  антрогидроним түрінде, меншік иесіне телінген: Ақастың көлді, Ақжанның көлі,Бекболаттың көлі, Бөрінің көлі, Жаншораның көлі, Өтетілеудің көлі.

Талдап отырсақ, тізімге алынған 2 мың 4 жүз қыстақтың ішінде қазатың меншігіне тиген көлдердің мұнша аз болуы (48 ғана) ойлантады. Бұл кезде, қазақ жерлері түгелдей «мемлекет меншігіне айналып», билік орындарының арнайы кесіп-пішіп, қағаздап берген жерлері ғана есепке алынған деп топшылауға болады.

Ақаскөл  (2), Ақбаскөл (2), Ақжанкөл, Арқаркөл, Батпақкөл, Бекболаткөл, Бөрінің көлі, Жалғызкөл, Жаншора көлі, Жаңакөл, Жаркөл  (2), Жекекөл (2), Кішкенекөл, Көлдікөл, Көтенкөл, Қаракөл, Қоскөл (8), Құркөл, Майлыкөл, Өтетілеу көлі, Сарыкөл (2), Сұлукөл, Тазкөл, Тереңкөл (4),Төре көлі  (2), Улыкөл, Шағалалы, Шұңқыркөл (3).

Байқап отырғанымыздай, мал өсіретін қазақ үшін тұзды, ащы көлдер қоныс болмаған. Қыстақтар қатарында тек бір ғана «Улыкөл» аталады, бәлкім, солай аталғанымен суы ащы болмаған шығар.

Жергілікті халық, осы ерекшеліктің өзіне назар аударып, олардың атауын өзінше айыра белгілеп қойған. Айталық, жазда, әсіресе, құрғақшылық жылдары суы азайып, тіпті кей жерлерінде түбі көрініп жататын көлшіктер «қайраңкөл» деп аталса, біздің облыста қазір, немесе соңғы  жылдардағы тіркеу бойынша 12 «Қайраңкөл», 7 «Құмкөл» бар екен. Бұл көлдердің суы азайып, «қайраңы» көрініп жатуы кейінде, айталық соңғы 50-60 жылдан бері болса керек.

Неге десеңіз, «тарихи топонимикада» бір ғана «Құркөл» болуы бірде-бір «Қайраңкөлдің» кездеспеуі осыны көрсетеді. Яғни ол кезде суы болған, «қайраң» немесе «құм» деген атауларға тиісті сыртқы белгіден ада деген сөз. Демек, жер-су атауларының тарихтан хабар беретіні, ата-бабаларымыздың бізге жазып қалдырған ескерткіш хаты екендігі, осы бір ғана мысалдан да көрінеді екен.

Өлкеміздің этнодемографиялық ерекшеліктері топонимика қорына да таңба салғаны көрінетінін айттық. Енді осы топшылауымызды нақты мысалдармен кестелейтін болсақ, қазіргі заманда облыс аумағындағы ащы көлдер тұщы көлдерден көбірек көрінеді. Айталық, қазақша «ащы» деп аталған көлдердің саны 30 болса, бұған «тұздыларды» (4), «сортаңдарды» (5), «сасықкөлдерді» (5), қоссақ та, орысша 51 «соленое» мен 22 «горькоенің» маңайын да көрмей қалады. Бір ғажабы тұщщы көлдердің атауына анықтауышы қойылмайды екен. Ал, орысшасында суы ішуге жарайтындары мадақталып, «пресное» 9, «питное» 12, сладкое 5 болып кете береді. Терең көлдер, жалпақ көлдер, шайтанкөлдер, талды немсе шілікті көлдер қазақша өз алдына, орысша өз алдына аталады. Бұл арада көлдердің атауның аударылмай, екі тілде дербес, жарыса қолданылатыны да қызық. Демек, топоним дегендеріңізді оп-оңай аударып, немесе бұрмалап айта қою оңай емес екен. Мысалы, орысша «старое» деген 10 көл болса, қазақша бір ғана «ескікөл» аталуы да қызық құбылыс. «Ақ» көлдер мен «светлое» көлдері туралы да осыны айтуға болады. Бұл арада әр этностың қоршаған ортадан алынған ақпаратты өзінше қорытып, қабылдайтын ерекшеліктері туралы сөз болуға тиіс. Осыған мысал ретінде «Балықтыкөлдердің» 8 ғана, ал «Рыбное» көлдердің 24 екендігін айтсақ та жеткілікті. Қазақ өзге ұлттарға қарағанда балыққа онша жерік емес қой. Сол сияқты орысша «Лебедь» аталған 14 көл болса, «Аққуөлген» деген бір ғана көл кездесті. 19-ғасырдағы бір әдеби нұсқада Сібір халыхтарының аққуды атып алып, оның терісі мен мамығынан әйелдер үшін сәнді баскиім тігетінін оқыған едім. Әрине, бұл қазақ салтына жат үрдіс, сондықтан топонимикадан да көрініс таппаған.

Адам баласы, көзбен көргенін қорытып, өзінше бағалап, ерекшелігін таңбалап, жалқы есім ретінде атап, есте сақтайтын саналы тіршілік иесі ғой. Алыстан көрген бетте-ақ көлдің  сырт бітімін шамалап қисық болса Кривое» деген 39 көл, ал, дөңгелене бісе «Круглое» деп 34 көлге орысша ат берген екен. Ал, қазақша қисық немесе дөңгелек көл деген атаулар жоқтың қасы. Оның есесіне «Үлкен көлдер» елуге тарта, ал  «кіші» сын есімі 38 көлге, «кішкене» сын есімі 34 көлге таңылуы да тегін емес. «Қамысты» көлдердің саны орысша- қазақша шамалас.

Табиғаттың осы сыйы топонимдерден ерекше көрініс тапқанын қызықтап қана  қысқаша тоқтайыз. Әйтпесе, аймақ гидронимдері талай ғылыми зерттеулерге арқау болғандай. Бұдан жүз жыл бұрын да, қазір де көлдердің бірінші сипаттамасы, әлбетте, суының ащы-тұщылығы, азды-көптігі, адам мен малға сусын болатын болмайтыны.  Ащылы, Ащылы Қаратал, Ащылыағаш(4),Ащылықарасу, Ащылықызыл, щылыөзек (2),Ащылысай, Ащылытал  (3),Ащылышілік, Ащылышоқы (2), Бүйрекащы, Кемеращы, Кенащы дегенде, көлмен іргелес сортаң, ащылы топырағы бар жерді де мезгеген.

                      Жалғыз, екеу, үшеу...

Жалаңшілік,Жалғызағаш (2), Жалғызкөл, Жалғызқарағай (9),Жалғызқұдық (3),Жалғызтерек, Бірқызыл,Егізбай, Қос қаратал, Қосағаш, Қосағаш (Бұрыл),Қоскөл (8), Қосқабат, Қосқаратал, Қосқызыл, Қосми, Қоспақтал, Қоспақшығыз, Қостіккен, Қостомар, Қосшілік, Қосқарағаш, Үшкеліншек, Үшкөл, Үшқарағаш, Үшқарасу (2),Үшқұдық (3),Үшқызыл (4),Үшотау,Үшсала  (2) ,Үштаған  (2),Үштау, Үшшоқы,Төртарал,Төртіккен, Төртөгіз,Бесағаш (2), Бесқарағай (4), Бесқұдық (3),Бестал  (2),Бестамақ (3),Бестерек (5),Бесшошақ, Жетіқұдық, Жетісай , Тоғызбай, Тоғызбөлек, Тоғызтоқпақ ,Қырыққұдық (4),Қырықтал, Жүзбай, Көпқұдық, Көптал, Мыңшұңқыр.

Аймақтың этнодемографиялық ерекшеліктеріне қарай туындаған Орысжатқан, Орыс келген ағаш, Орыс қонған, Орыс құрған, Орыс сүйегі, Орыс томары, Орыс шоқысы деген атаулар азайып, тіпті жоғалып (Айыртау ауданына қарайтын Құсбек көлінің оңтүстік-шығысындағы Орысбай деген жер аты мен Мамлют ауданындағы Новомихайловка селосының солтүстік-батысындағы Русское көлінің атауы сақталған.-авт.) кеткен. Әйтеуір, көне тарихтың ескерткішіндей, башқұрт, мордва,неміс, поляк, өзбек, қалмақ,татар ұлтарына байланысты жекелеген этнонимдерден жасалған атаулар сақталған.

Жаңа-ескі

Ескіжұрт  (3),Ескікөң  (25), Ескікөң, Ескікүздік, Ескіқора,  Ескіқыстау (8), Ескіөлең деген атаулардың жиі кездесетіні де үйреншікті жағдай сияқты. Шынында да солай ма. Мысалы, осы «ескілі-жаңалы» топонимдердің өзге ұлт тіліндегі жиілігіне назар аударсақ, белгілі-бір типтік жағдайды байқауға болатын сияқты. Облыстағы жер-су атауларының, елді мекендердің қазіргі жайына көз салсақ, «Ново-жаңа» деп басталатын 39 топоним бар екен және олар түгелге жуық, елді мекендер, тек бір көл мен бір төбешіктің ғана «жаңа» екені байқалады. Осыған керісінше «старо-ескілердің» саны 15, бұлардың екеуі ғана қоныстар. Қалғаны көлдер, батпақтар, құрөзектер. Осы екі мысалдың өзінен тағы бір қорытындыға келуге болар еді. Әр ұлттың өкілдері бір табиғат аясында өмір кешіп, қоршаған ортаны қабылдауда да ұқсас талғам танытады екен.

Бұл арада ұлттың талғамы, ұлттық ерекшеліктерге ғана тән сарапта және  екшеу үрдісінен жаңылмайтын мінез байқаймыз. Яғни топонимдерден халықтың тұрмысы, этномәдени тіршілік салты көрініс тапқан.

Мысалы: Шешемтүскен, Төлепбергентуған, Қырыққұдық, Қойсойған, Қояншықпас, Талдықыстау, Болыс-қыстаған, Атабайдың Қаратерегі, Сарқанның Орағашы, Құлтуманың шілігі,

Топонимдердің шығу тегін анықтау мəселесі – өте күрделі үдеріс. Қалыптасқан бейнелі аталымды тек тілдік талдау əдісімен саралау жеткіліксіз, сонымен қатар тарихи жəне географиялық дереккөздерін кеңінен пайдалану қажет. Тілдік тұрғыдан талдау көп жағдайда  топонимдерді екі жақты түсіндіру сияқты мүм-кіндіктерді   береді, тек табиғи ерекшеліктерін білу, сондай-ақ жергілікті жердің тарихын білу –барынша шынайы этимологияны таңдап алуға көмектеседі. Ежелгі заманнан осы кезеңге дейін жеткен көптеген топонимдік аталымдар бірнеше мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келеді. Кейде   кейбір топонимдік атаулардың өзгерген түрде  жетуі де тарихи факт. Немесе топонимнің уəжі, негізі болып табылатын аталымдардың мағынасы, семантикасы қазіргі қолданыста басқа мағынаға, семантикалық өріске ие болуы болмаса өзгеріске түсуі əбден мүмкін,сондықтан бүгінгі ұрпақ кейбір қала, ауыл,елді мекен немесе өзен атауының беретін мағынасын біле бермеуі, түсінбеуі шындық. Мысалы, Жел+қызыл (7), Жоң+қызыл, Кепе+қызыл, Көлденең+қызыл (2) Қалың+қызыл (3), Орта+қызыл, Қожа+қызыл, Қос+қызыл, Құрықты+қызыл, Қыз+қызыл,  Қызылат, Қызылкүйген, Қызылқұм, Қызылмөңке,  Қызылой,  Қызылөзек, Қызылтал(3),Қызылтау,Қызылтоғай(2),Қызылтомар, Қызылшілік(2),Қызылшоқ,Қызылшырпы (2), Қылқалықызыл, Миқызыл, деген атауларға қызыға қараған бүгінгі ұрпақ, осынау жеке сөздердің астарында қандай қастерлі түсінік жатқанын аңғарсақ қой!

Білетініміз «қызыл» сын есімі көркемдіктің,  жан жадыратар жылудың, тіпті қызудың баламасы, құштарлыққа бастайтын қызықты түс.  Жоғарыдағы «қызылдардың тізімге түскеніне бір ғасырдан асса, қазіргі жағдайы қалай екен, деп те қарадық. Солтүстік Қазақстан аумағында қазақша 27 топоним «қызылдан» басталады екен де, күрделі сөздің екінші комопоненті ретінде (аяққызыл, қалыңқызыл, көлденеңқызыл т.с.) түрінде үш рет қана кездесті. Ал, орысша «красно...» 38 рет тіркелді және басым көпшілігі коммунистік «қызылдарды»  маңдайларына жазған ойконимдер. Қазақшада  төрт «қызыл ту» және бір «қызыл жұлдыз» және бір «қызыләскер», бір «қызыл шопан» ғана, қалғаны -4 сор, 2 томар, екі оба, болса, орысша «қызылмен боялғандардың» қатары қалың болуы да тегін емес. Бұл да өлкені мекендеуші халықтың түсінік-ұғымы, тәрбиесі, өскен ортасы, тіпті «бағынған тәңірісі» қандай екенін көрсетуге тиіс деген байламға еріксіз жетелеп әкелетіндей.

Əрбір топонимдік атау кең көлемдегі тарихи ақпаратты береді жəне шығу, қалыптасу тұрғысынан қандай тілге жəне ұлтқа тиесілі екендігі, халықтардың көші-қоны, аймаққа қоныстану тарихы, атаудың пайда болуы, өзгеруі, мағыналық беретін мазмұны туралы мəліметтерді алуға болады. Сол сияқты оған топонимдерді бір тілден екінші тілге жазу, ауыстыру, да жатады. Бұл дегеніміз топонимика бірқатар ғылымдар үшін, мəселен, тарих, әлеуметтану, география, лингвистика, этнография сияқты ғылымдар үшін өте маңызды мəнге ие болады деген сөз. Оның ішінде бірінші кезекте жалқы атаулар  тіл мамандарының өте мұқият назар аудару нысанына айналады. Оның себебі кез-келген атау жанды немесе жансыз табиғаттың қандай нысанына - адамға, жануарларға, өзен, көлдерге, ауыл-аймаққа жəне т.б. байланысты болуына қарамастан, бұл - аталым. Ал, аталым ретінде ол тіл жүйесіне енеді, тіл заңы бойынша түзіледі, белгілі бір заңдылық бойынша атауға айналады жəне одан əрі тілдің заңдылықтарымен өзгерістерге ұшырайды.

 А.. Байтұрсынұлы атындағы  Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филол. ғылым. докторы О.Жұбаева «А. Байтұрсынұлы – қазақ тіл біліміндегі когнитивті лингвистиканың негізін салушы» деген мақаласында А.Байтұрсынұлы еңбектерінде когнитивті лингвистика туралы аталмаса да, «сөйлермен, өзіндік әлемі, өзіндік дүниетанымы бар саналы жан» ретінде тілдің ойды жарыққа шығару құралы болумен қатар таным әрекетіне өзіндік таңбасын қалдырып отыратыны айтылатынына назар аударған. Яғни, адамның сезу мүшесімен қабылданған білім, ақпарат «...тілде көрініс таба отырып, білім адамның ойлау қызметінің нәтижесін көрсетеді. Ойлау әрекеті тіл арқылы жүзеге асады, ойымыз тіл арқылы жарыққа шығып, басқаларға жеткізілетіндіктен, Ахаң: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек», – деп жазады [1, 343-б.]. Көптеген лингвистер, психологтар мен философтар  тіл мен обьективті дене түріндегі  нысан арасында «когнитивті» деп аталатын тағы бір аралық деңгей бар екеніне назар аударуда (Молчанова О.Т., «Проприальная номинация в свете когнитизма». Вопросы ономастики, 2069. С.47-51.).  Пәнаралық сипаты бар бұл құбылыстың ономастика тәжірибесіне, әсіресе, топонимикаға тікелей қатысы бар екендігіне зерттеу барысында көз жеткіздік. Адам, өзін  қоршаған ортадан алған мағлұматты өзінше қорытып, оның сыртқы пішін-бейнесіне, осы тектес басқа нысаннан айрықша белгісіне,  сол тұрған жерінде қандай қызмет атқарып тұрғанына, осының бәрін жиып, қорытып келіп, көрушінің  сезіміне, зердесіне, психологиясына...қандай әсер еткеніне қарай атау береді. Бұл арада салыстыру, шендестіру, байланыстыру әдіс-тәсілдерінің бәрі қолданылуы мүмкін. Ал, сол нысанды «салыстыру, шендестіру, байланыстыру...» үшін үлгі, гнобай ретінде не алынуы мүмкін? Әрине, сол адамның өзіне жақсы таныс, күнде көріп жүрген, қолданып, сын-сынақтан өткізіп жүрген заттық бейнелер, мысалы, адам, жан-жанурлар, өсімдік әлемі т.с. нысандар және олардың дене мүшелері алынуы мүмкін.

Қазақ даласында, бас, төбе, иек, иық, иін, бел, жота, қолтық, сырт, арт, жаға, мойын, аяқ, қабырға, ауыз, бүйрек, жүрек т.с. сөздердің қатысуымен жасалған жер-су аттары кездеседі. Бұлардың бәрі адам мен жануарлардың дене мүшелері, немесе олардың бітім-бейнесі. Топонимдердің мағналық жағына назар аударғанда, қазақ сол нысанның бас, төбе, иек, иық, бел, жота, қолтық, жаға, мойын, аяқ, қабырға, ауыз, бүйрек...деп аталуына қарап-ақ,көрмесе де, көзге елесетеді. Ал, бұлардың мағнасының когнитивті екендігін түсіндіріп жату артық болар. Себебі, «бас ағаш», «бас бұлақ» десе, олар адамның немесе малдың басы емес,  белгілі бір ерекшелігі бар ағаш пен бұлақ, «қабырға терек» пен «бүйректал», немесе «кең қолтық» пенн «қылта...» да осындай. Табиғи нысанды көрген бетте адам, әуелде өз ұғымына оңай сиғыза алмай жайсызданады («когнитивті әрекет»дегеніміз осы жайсызданудан, қиналыстан туған арнайы атау.-авт.) сол нысанды жан-жақты бағалап, өзіне қолайлы ат қойып алады. Тілші-ғалымдар когнитивті семантика теориясына негізделген когнитивті әрекетті сатылап, дәрежелеп, адамның түйсіну, ойлау, ой қорыту қабылеттеріне қарай жіктейді, әрекет деңгейін, тездігін, сипатын түсіндіреді. Ғылым ретінде қызықтырғанымен, біз бұл мәселеге тоқталмаймыз, когнитивті семантиканың нәтижелерін өз өлкеміздің топонимикасынан алған мысалдармен топшылаймыз.

Жалғызкөл, Жаркөл, Құркөл, Майлыкөл – көлдердің саны, жағалауының ерекшелігі, суының азы-көптігі, адамғ, жан-жануарға жайлылығы. Қазақтардың жер-су атауын таңдағанда жиі кездесетіні –бірден сыртқы көрінісі, түрі мен бояуы екен. Мұдай жағдайда адам көп ойланып-толғана қоймайды, көзбен көргенін бірден қабылдап, когнитивтілікке ұрынбау үшін, оңай әдіс іздеген және тапқандай әсер қалдырады. Мысалы: Көкшалғын, Көкшеағаш (3),Көкшетал, Көкшілағаш десек, мұндағы атаулар бір ғана шалғынға, немесе ағаш пен талға қойылған ат емес, сол маңайға, сол ортаға қойылып, айшықты, бедерлі-ау деген белгісін таңдау арқылы логикаға жүгініп, түсінігін тиянақтаған. Ал, мына мысалдағы қатарланған «қызыл» түстерді біраз ойланбай, ақыл жүгіртіп,салыстырмай, қолданылған теңеулер, бояулар мен сипаттамалар екшемей ой қорыта салу оңай емес сияқты: Жонқызыл, Кепеқызыл, Көлденеңқызыл, Қалыңқызыл. Алыстан құбылып, қызара, шуақтана көрінген орман-тоғайлардың түсі, әсте, қызыл емес (күзгі  сары, күрең, қоңыр жапыраұтарды айтпағанда), бірақ көз тойғандай көркем. Жонда тұрған тоғай, жер үйдің маңында тұрған тоғай, көлденеңдеп көрінген тоғай, қарауытып, қалың көрінген тоғай т.с.с. Көзбен көріп, қабылдауға біршама жеңіл, бояуы қанық болмаса да, түрлі-түсті әсер қалдыратын Сары+оба, Сары+өзек, Сары+өлең+ағаш ,Сары+терек топонимдері көңілге бірден қонып, ата-бабаларымыздың жер бетіне сары боямен салып кеткен өрнегіндей әсер қалдырады, ұмыттырмайды, адаспайсың да. Ал енді Шешем түскен, Төлепберген туған, Қой сойған, Қоян шықпас, Талды қыстау, Болыс қыстаған мекендердің атауы есту бойынша, жұрт аузында қалған әуезе-әңгімені қорытып, топшылау арқылы ел арасына тараған атауларды, соларға байланысты болған оқиғалар мен құбылыстарды бірдден естен шығара қою оңай болмас. Бір кезде орын алған оқиғаны, адам әрекетін, қазақтың ата кәсібімен ажырамас бірлікте, ұмытпастай етіп шегелеген атаулар мынадай-ақ болар: Сиыр салған, Төрт өгіз, Түйе байлаған көлденең, Түлкі алған, Қасқыр қамаған, Үкі атқан, Күйген қыстау, Кең арал+ағаш т.с.с.

Топонимдерді талдап отырғанда, көзге түсетіні -  адам баласының өзі назар аударып, көз тоқтатқан нысанды басқалардан оқшаулап, бөліп алып сипаттайтын қабылеті. Үлкен қопа,Үлкен тоғай,Үлкен шоқы, Үлкен қара+терек, Жалғыз қарағай, Жалғыз құдық,Жалғыз терек, Бір қызыл,Егіз+бай, Қос қара+тал, Қос+ағаш, Қос+көл , Қос+қабат, Қос+қызыл, Қос+ми, Қос+пақ+тал, Қос+пақ+шағыл, Сұлу+жал, Сұлу+көл,Сұлу+қызыл, Жалпақ+қара+су, Жалпақ+қызыл, Жалпақ+тал  тағы басқа мысалдар осы қағидаға жеткілікті дәлел бола алады деп ойлаймыз. Өзі мекен еткен, мұңсыз-қамсыз тіршілігіне құтты қоныс болған өлкенің өткенінен хабар беретін, бәлкім, мәңгі ұмытылмастай орныққан атаулар топонимиканың тарихи ескерткіш ретіндегі құнын арттыра түсетінін маңызды фактор ретінде атап көрсетсек артық емес. Сол кездегілер мен олардың замандастары біліп, еске алып қана қоймай, келер ұрпақтың санасына аманат етіп сіңірген мұндай топонимдер өте көп. Оларды былайша шартты түрде саралап қарастырсақ:

1) Оқиғалы, жасалуы күрделі атаулар: Ақжан қонған ағаш, Есенгелді жығылған, Есенәлі қонған, Есілбай түскен, Әже өлген сай, Жарқын қонған, Жәңке туған, Жүзік өлген,  Дәулет қонған, Дінәлі қыстаған, Егіз қыстаған,  Қалашы қонған, Қаңлы,қонған, Қарабастың көңі, Кәпірге той қылған, Кебекең үй тескен, Кенжеболат қонған, Көшек қой сойған, Қойшыбайдың  ескі қыстауы, Қонтай қыстаған, Қотан қонған, Құтмәмбет қонған, Майлыбай түскен, Назар қонған, Найман туған, Опанның ағашы, Оспанның қыстауы, Отарбай шоқысы, Сәлиха ауырған, Сәмеке түскен, Салпықтың қызылы, Салпықтың тауы, Салықпай шоқысы, Самайдың қызылы, Саржан шапқан, Саржаудың шоқысы, Сары қонған, Саурық кескен,  Сауытбек туған, Сейітқұл қонған ағашы, Тойған қашқан,  Қылды қонған, Мақпал қыстаған, Малтақ ілген, Маман қалған, Мешіт салған,   Хан түскен, Шағыр қонған, Шақшақ қонған, Шәулі ұстаған,

2) Белгілі бір адамның есіміне байланысты: Албан шоқысы, Бөке талы, Дүйін бұлағы, Елтінді жалы  Боқайдың өткелі, Боранбайдың шоқысы, Бумаш шоқысы, Дәметей ағашы, Құлтайдың шатқалы, Құлтуманың шілігі Мезгілдің ағашы, Мезгілдің шоқысы,  Мекшенің шоқысы, Мендеке шоқысы, Тәті қонған, Түйебайлаған көлденең сияқты ата-бабаларымыздың құтты мекендері бұл күнде елсіз, иесіз қалғаны да ойлантады.

3) Тек қана антропонимдерден тұратын топонимдерге негіз болған есім иелерінің жай ғана ет-сүйектен жаралған пенде емес, өз заманында, өз ортасында әлеуметтік биік сатыда тұрған, ағайын-туыстың тұрмыс-тіршілігіне белгілі дәрежеде пайдалы әсері болған, қоғамдық тұлға немесе, тіпті билік-байлық иесі болғанын кәміл сеніммен айтуға болады. Өзге этностардың жөні бөлек, оларды жеке тексеріп, зерттеу керек, қазақ ұлтында жағымсыз қылықпен аты шыққан, беделсіз сүйкімсіз жэандардың есімдері антропоним ретінде сирек екенін, тіпті кездеспейтінін байқадық. Бұл да қазақтың лайықты азаматтарын тарихта таңбалап қалдырудың бір жолы десек болар.

Сонымен бірге қазақтар көру аясындағы көп нысанды бірден тәртіптеп, жалпылап, ортақ атау беруге шебер. Сол нысандардың алып тұрған орнын бағалап, көп нысанның арасынан кейбіреуін бөліп алып, басқалармен арақатынасын қашықтық, биіктік белгілерін  немесе санын анықтап, көңіл,іне жаққан дәрежеде жалқы есім бертін мысалары да аз емес.

Жер-су атауларының бейнелі, тіпті шебер тоқымашының терме алашасындай көркем болып келетініне құлағымыз үйреніп қалған, кейбір жүдеу тартқан атауларды естігенде, көзіңізге елестеген көріністен тітіркеніп, келеңсіз ойға кетесің. Қазақ өрт деген құбылысқа шошына қарайды, қарғыстың ауыры «өртке» байланысты, даланың өрті малға жұт, мал жұтаса көшпелі қазаққа өмір жоқ. Сондықтан бір кездегі өрт оқиғасын ұмытпас үшін қойылғандай көрінетін «Күйген» , төрт рет кездескен «Күйген жұрт», сегіз рет аталған «Күйгенкепе» қанша уайым-қайғы арқалап тұрғанын кім білген? Алғашқысында, өртенген жұрттан өре көшкен ел, екіншісінде  жерден қазып жасаған «кепе» түріндегі баспананың отқа оранып, бала-шаға, кәрі-құртаңның ашық аспан астында аңырап қалған шарасыз күйі жаныңды ауыртады.

Күйген демекші, жерлес классик-жазушымыз Сәбит Мұқановтың туып-өскен жері «Жаманшұбар» аталады. Сол топонимге байланысты түсінік берген жазушы жергілікті орыс жұрты көктем шыға былтырғы қаудан шөпті өртейді... өртеңге шыққан жаңа шөпке мал қызығады... осындай бір жылғы өртке ауыл жұрты ие бола алмай қалып, өртенген ағаш түбірлері анадайдан қарайып, шұбарланып жататынын, осыған байланысты «Жаманшұбар» атанғанын жазады. «...Жаманшұбар әлі де құлазып тұр. Өткен жылы өрт жүріп, оның әр жеріне шоқтала өскен ағаштарын тағы да арса ғып, күйдіріп кеткен. Ал, өртеңге шыққан қалың шөптің биіктігі белуардан.» Көкм шығарамын деп жер өртеген жерлестеріміздің сол кәсібі көпке жалғасса керек, дәл қазір облыс аумағында «Күйген», «Өртенген» дегенді білдіретін «Горелое», «Горелый», «Горелик» деген 32 атау кездесетініне таң қалуға болар еді.Осылардың тең жартысы елді мекендер, қалғаны орман-тоғай, қамыс, көлдер мен батпақтар. Сәбеңнің «Жаманшұбары» сол көптің бірі ғана.

Айталық, шоқы мен төбенің жазыққа қарағандағы қатынасы, көл жағасынан ағаштың қаншалықты жақын немесе алыс өсіп тұрғаны, томардағы ылғалдың немесе басымдау өскен шөптің тегіне қарай, саралап ат береді.

Географиялық атаулардың әрқайсысы-ақ ақпараттық жағынан құнды екені ежелден мәлім. Топонимикалық лексикадан мұның сан түрлі көрінісін табуға болады.

Жалқы атаулардың мағынасы өзі пайда болған жалпы атаулардың мəніне тең болуы шарт емес. Бұлай деп талап қоя отырып қарастырудың өзі артық болар еді. Солтүстік Қазақстан облысы аумағының топонимикасынан бұған дәлел бола алатын талай айғақ табуға болады. Қоңырқасқыр, Қырыққұдық, Аралдықызыл, Жақсықызыл, Жаманағаш,Жаманжан, Жаманқара, Қызылтоғай (2),Қызылтомар,Қызылшілік  , Сарымай, Сарыбас,  Сарыбауыр,

Топонимикалық аталымдардың қалыптасуындағы тілдік

заңдылықтарды əр қырынан  қарастырып жүрген зерттеушілердің бірі Қ.Рысберген: «Жер-су атауларында лингвистикалық жəне экстралингвистикалық факторлардың үйлесім табуы тіл мен сананың, тіл мен кеңістіктің байланысын айқын байқауға мүмкіндік береді» дейді [. Рысберген Қ. Қазақ топонимиясының лингво-когнитивтік жəне этномəдени негіздері. Филол. ғылым.доктор. ... Авторефераты. – Алматы, 2010. – 48 б.].

Қазақ ономастикасындағы топонимдерді семантикалық, құрылымдық əдіс тұрғысынан жүйелі түрде зерттеушілер тілдік таңбада берілген дүние туралы білімдердің жиынтығын бірде «ғаламның тілдік репрезентациясы», бірде «ғаламның тілдік моделі», бірде «ғаламның тілдік бейнесі», бірде «тіларалық ғалам»

деп көрсетіп жүр. Ғаламның тілдік бейнесі, ұлттық болмысы əр этноста əр түрлі болуы дау туғызбайтын құбылыс болса,  ол әуелі этностың  тəжірибесімен, білімімен байланысты. Өйткені тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен байланысында ғана емес, адамның

өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып табылады. Қарғалы, Бұлантал,  Бөрілі (2), Борсықағаш , Жыланды

Қасқырлы (3), Түлкішықпас, Тұзаққұрған,  Тұйғынтүскен,  Шағалалы, Шошқалы  (5), Үкілі,

Қазақ халқының көру, есте ұстау, ұлттық дүние бейнесін қабылдау қабілеті ерекше дамыған.

Когнитивті семантика теориясы тұрғысында қарасақ, «арал» - түсінігі су айдыны ортасындағы құрғақ жер; сумен қоршалған шектелген кеңістік дегенді білдіреді. Ал, қазақ тілінде «арал» деп кең жазықтықтағы  ағаш шоғырын, кеңістікте бой көтерген шоқыны /шоқыларды/ үйіліп жатқан тастарды, тіпті  көптеген елді мекендердің ортасында орналасқан, ерекше этномәдени белгісі бар жеке елді мекенді /мекендерді/  де айта береді. Солтүстік Қазақстанда, мысалы осындай «арал ағаштар» бірнешеу. Демек, біз байқаған «арал» нысандар өзін қоршаған кеңістікпен, немесе басқа ірі көлемді нысандармен өздерінің шегаралары арқылы бөлінеді. Бұл шегаралар, тиісінше сол «арал» нысандардың да шегарасы болып табылады да өздері де кеңістік белгісімен танылады. Демек, «арал» атауына тән сипатты табу үшін сол аралды қоршап тұрған сыртқы кеңістіктің айырықша белгісін танып алуымыз керек.

Мыс. профессор З.Тайшыбай Солтүстік Қазақстан облысына тән этномәдени ерекшелік ретінде: «мұнда қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, тілін, қысқаша айтқанда «қазақтығын» сақтап қалған, осы уақытқап дейін ұлттық болмысын сақтап, ежелгі этнографиялық белгілерін жоғалтпаған «арал ауылдар» бар екендігін айтып отырады. Осылайша, еуропа сипатты қалың елді мекендердің ортасында өзіне ғана тән, айрықша сыртқы белгілері мен ішкі мазмұны бар қазақ ауылдарының, (тіпті этноауыл десе де болады) соңғы  60-50 жылға дейін сақталып келгенін дәлелдейді.

Екінші бір байқалғаны, кейде сусыз кеңістіктегі «арал» ұғымына «шоқ,шоғыр» сөздерін синоним етіп алуға болатындай. Мысалы, «шоқ ағаш», «шоқ қарағай», «шоқ терек», «шоқ төбе,», «тоғайлар шоғыры», «обалар шоғыры» т.б.

Жасалу мақсаты, пайдалану, кәдеге жаратылуы басқа сипаттағы үйлерді, қаланы, бөлмелерді, аулаларды, басқа да кейбір ғимараттарды «арал» немесе «шоқ, шоғыр» деп атай қою қиын. Өйткені олар құлаққа естілгеннен кейін назар сала қарағанда, жоғарыда айтылған «арал» сияқты әсер қалдырмайды.

«Арал» нысанын сыртқы кеңістік көрінісімен салыстырып, жеке қарастырғанда, әрине, оның «аралдық» белгісі әр уақытта, әркімге айқын таныла бермеуі де мүмкін. Арал+кепе, Арал+көл, Арал+қызыл, Арал+ды+қызыл, Арал+терек, Арал+ағаш, Кең+арал атаулары құлағыңызға майдай жағып, туған жердің баға жетпес байлығының тағы бір байғазысындай сыңғырлап тұрған жоқ па?

Осыдан бір ғасыр бұрын біздің облысымызда екі қыстаудың атау «Кендірқопа» болса, тағы бір «Кендірлі»  деген мекен болыпты. Кендірдің орысшасы «Конопля» деген шөп тектес қурайша екені мәлім.Қазір олар қатардан шығып қалған, бүгінгі топопнимдер қатарында жоқ. Оның есесіне «Конопляное», «Конопляник»деген бес көл және «Коноплево» деген батпақ бар. Ғылыми әдебиетте кендірге талшықтарынан мата, арқан, жіп өндіретін көпжылдық жабайы шөптесін өсімдік деген анықтама берілген. Орталық Азияға тән кендір өсімдігі  Қазақстанда Іле, Балқаш, Шу, Сырдария өңірлерінде көптеп кездеседі. Қазақты дәстүрлі шаруашылығында кендірдің сабағын қара күзде, әбден кеуіп құрғағанда, кейбір жағдайда, кейде қыстыгүні қардың астынан жинап алады. Көп қылып жиналған кендірді бастырып, сабақтарын босатып алғаннан соң, су сеуіп ылғалдайды, себебі ылғал күйінде талшықтар қабығынан оңай және қалдықсыз ажырайды. Осылай дайындалған кендір сабағын кәдімгі сіңірден тарамыс алғандай, жақсылап түйіп, уқалап, талшықтарды қабығынан ажыратып алып, сапасына қарай бөліп шүйкелейді. Жоғары сапалы талшықтардан мата тоқитын жіңішке жіптер иіріледі. Қысқалау, буынтықты талшықтарды сілемейлеп ұзындығы 30-40 см арқан иіретін шүйке жіптер дайындалады да, дәстүрлі тәсілмен арқан есіп, жіп иіреді. Солай десек те, кендір солтүстіктің қазақтары үшін аса сүйкімді дақыол болмаған.

Жетісу, Сыр өңірінде кендір талшықтарын қылмен араластырып қанар, қап тоқып, түрлі арқан, баулар ессді.Бір айта кететін жайт, кендір арқанмен мал байламайды, себебі кендір арқан су тигенде ісініп қатайып, малдың денесін қажайды. Осыған байланысты ел арасында «Жыңғылмен мал айдама, кендірмен мал байлама» деген мақал бар. Қазақтар көші-қон кезінде кендір қалың өскен жерлерді мүмкіндігінше айналып өтуге тырысқан, себебі қураған кендір сабағын, сояуларын жеген мал уланып іш, өкпе ауруларына шалдығады деп есептеген..

Техникалық дақыл ретінде славян тектес халықтар кендірден жіп иіріп, мата тоқиды да, оған құрметпен қарайды.Кеңес Одағы кезінде де 20-30 жылдары Шу, Сырдария өңірінде кендірді техникалық дақыл ретінде қолданысқа енгізу мақсатында агрономиялық-селекциялық тәжірибелер жүргізілген.(Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы. РПК «СЛОН», 2012, 60-61-бет.)

Топонимиканың төркінінде ұлттық сана-сезім, талғам мен қажеттілік жатқанын осыдан-ақ байқауға болады.

Адамдар қоршаған ортадағы заттар мен нысандардың жеке алғанда, қалай тұрғанына ғана емес, қалай қозғалатынына, қалай көрінетіне де назар аударып, ат қойғанда ескеретін маңызды белгі санауы да мүмкін.  Біздің жағдайымызда кеңістікте қозғалатын нысан ретінде өзендер мен бұлақтарды алуға болады. Олар белгілі бір бастаудан шығып, соңында тоқтайды, судың ағу жылдамдығы ғана емес, ағу траекториясы да өзінше әртүрлі болады. Мысалы, Ертіс өзенінің атауы «Иртыш», «ыРТыш»ә жылдам ағатан су дегеннен шыққан деген болжам бар. Белгілі бір топонимикалық нысанның түрін, түсін, пішінін, көлемін көру, ұқсату т.б. уəжі арқылы қабылдаған. Бұл қабылдауда

ұлттық этнографиялық нышандар жататынын

келтіреді [ Қасым Б. Қазіргі қазақ тілінің теориялық жəне

қолданбалы аспектілері. (ғылыми мақалалар). –Алматы:

– 371 б.). Мысалы Есіл өзенінің атауы қазақтың «есіліп, бұралып ағады» деген анықтамасына толық сай келеді. Өзгені былай қойғанда Еуразия кеңістігіндегі үлкен өзендердің арасында «есіліп» ағуы жағынан біздің Есілге тең елетін өзен табыла қоймас. Ономастикалық атауларда Этнос пен

табиғат арасындағы ажырамас байланыстың  жарқын бейнелеудің мысалы осындай-ақ болар. Ғасырлар бойы көзі қанып, көңіл санасынан өткізіп қорытылған құйма алтындай қымбатты атау осы емес пе? Осы Есілді көз тойдырып, көңіл тұшытпайтын, ешқандай түсінікті  мағна бермейтін «Ишим» атауымен алмастырғандардың өгейлігіне дау айтасыз ба!

Адам баласы табиғи нысандарды көріп, сынап бағалағанда оның табиғаи жаратылысындағы ерекшеліктерін мейлінше дәл сипаттауға тырысады. Бәлкім алғашқы қойылған атау келер ұрпақтар тарапынын сыналып-мінеліп, толықтырылып, жан-жақты қарастырылуы, нақтылануы мүмкін. Топонимиканы «ата-бабаларымыздың бізге жазып қалдырған хаты» дейтініміз, баға жетпес ескерткіш жәдігер санайтынымыз сондықтан. Бұл арада түр (форма) категориясы ілгері тұрады деп ойлаймыз. Нысанның көзге көрінгендегі сипаты, әсіресе, алдынан қарағанда айшықты танылмақ. иТүзу, қисық, тік, көл     беу, дөңгелек, аласа, биік

Солтүстік Қазақстанда кездесетін географиялық атауларда түр категориясының санатына жататын мына белгілер жиірек кездеседі.

Жаңа қоныстарға атау беруге негіз болған христиан діни мейрамдары

Облыс аумағының топонимикасы туралы сөз болғанда, біз тарихи жағдайларға байланысты ішкі Ресейдің көптеген жерінен келіп қоныстанғандар арсында әртүрлі діни сенім иелерінің болғанын да есеруге міндеттіміз. Солардың ішінен, әсіресе славян текті халыхтардан католиктер мен православиелік христиандардың саны көп болғанын білеміз. Тағдыр айдап, туған-өскен жерінен жыраққа дәм тартып келіп қалған жаяулы-жалпылы келімсектер жаңа қоныста кездескен қиыншылықтарды жеңу үшін өзі сенетін әулие-пірлеріне жалбарынатыны мәлім. Міне, осы жағдайлар солтүстік аймақтың жер-су атауларында, елді мекен-қоныстардың аттарында жазылып қалған.

ХҮІІІ ғасырдың аяғынан ХХ ғасырдың басына дейін тиылмаған келімсектер тасқынын бейнелейтін христиан дінін ұстанушылар қойған атауларға тоқталайық. Сан жағынан бұлар өте көп болмағанымен, қазақтың жер ббедеріне елеулі із қалдырған. Мысалы, осы күнге дейін сақталып келе жатқан атаулардың біреуі Жамбыл ауданындағы Благовещенская өзегі мен сол аттас Благовещенка деген ірі елді мекен, тіпті бір кезде аудан орталығы да болған. Жас ұрпаққа түсінікті болуы үшін осы атауға байланысты мынадай аңыз бар екенін айта кетейік:

Христиан діні бойынша Жебрейіл періште Мария қызға наурыздың 25 жұлдызы (ескіше) немесе 7 сәуірде (жаңаша) аян береді «сен пір сипатты ғажап ұл табасың, оған бүкіл әлем табынатын болады», деп аян берген оқиғаны орысша Благовещение Пресвятой Богородицы (Құдайдың анасына жеткен «игі хабар» дегеніміз осы) деп әуезе қылады. Осыждан барып, Благовещенск, Благовещенка, осыған ұқсас қоныстардың атауы туған.

Введение во храм Пресвятой Богородицы —үш жасар  Мария бикешті (болашақ Ғайса пайғамбардың анасы)  ата-анасы Иерусалим ғибадатханасына тәрбиеге тапсырған күні 21 қараша (4 желтоқсан) жыл сайын мейрам ретінде атап өтіледі. Осы күнді жақсы ырымға балаған үмметтері елді мекенге ат қойып, таңбалайды.

Вознесение мерекесі Пасха өткеннен  40 күн кейін Ғайса пайғамбар көк жүзіне ұшып шығып, қоныс тапты деген аңыз бойынша атап өтіледі.Осыны ырым етіп  Вознесение, Вознесенск, Вознесенский деген атау берілген. Мысалы, Петропавлда осы аттас көше және Қызылжар ауданында Вознесенка деген село болған. Пасха мерекесінің алдындағы жексенбі «Вербное» деп аталып, Ғайса пайғамбардың Иерусалимге келген қасиетті күн ретінде тойланады. Осы күні іргесі қаланған елді мекенге Вербное, Вербная деген атау берген.

Крестовоздвижение — ІҮ ғасырда Елена әулие Жерісәлемде Ғайса пайғамбардың айқышын тауып алған күн 14(27) қыркүйекке сәйкес келеді. Воздвиженка, Воздвиженск деген село аты осыған байланысты қойылған. Есіл ауданындағы Алуа көлінен оңтүстік-шығысқа қарай Кресты деген көл, осы аттас өзек бар.

Крещение Господне (Богоявление) Шоқындырушы Иоанн пайғамбардың Ғайса пайғамбарды Иордан өзеніне шомылдырған күні 6(19) қаңтар. Соның құрметіне Богоявление, Явленное, Явленка деген атаулар таңдалған.

1(14) қаңтар -Ғайса пайғамбардың сүндетке отырғызылған күні, жыл басы.

Пасха – Ғайса пайғамбардың айқышқа керіліп, жаза тартқан күні. Көктемгі күн мен түн теңелгеннен  кейін жаңа Ай туған жексенбі, христиандардың төл мерекесі. Православ шіркеуі бойынша июлий күнтізбесіне сай 22 наурыз бен 23 сәуір арасына дәл келеді.

Покровы, қазақша Боқырау, Х ғасырда Константинопольдегі Влахерн храмына Ғазиз ана келіп, ғибадатшы христиандардың төбесіне жамылғысын (Покров) жауып, арабтарға қарсы соғыста жеңіске жетуге батасын берген күн ретінде 1 (14) қазан күні атап өтіледі. Осы күнді есте қалдыру үшін Покровка, Покровск, Покровский  деген атаулар алынған. Есіл ауданы мен Мамлют ауданынды бір-бірден Покровка және Келтесор көлінің оңтүстік-шығысы мен Алуа көлінен батысқа қарай Покровское деген батпақ бар.

Шарапатты құдай-ана мейрамы. 8 (21) қыркүйек Ғайса пайғамбардың анасы Мәрияның дүниеге келген күні құметіне Мариновка, Марьевка, Богородица деген атаулар берілетін дәстүр қалыптасқан.

Облыста Мария ананың құрметіне қойылған Марьевка деген аудан орталығы болған еді, ол Сергеев су қоймасының астында қалған.

Ғайса пайғамбардың есіміне байланысты Спас, Спасское, Спасовка деген атаулар да көпке мәләм. Әдетте, шіркеулерге қойылатын атау, Ғайса пайғамбар тіріліп келіп, жарлы-жақыбайларды құтқарып, бақытқа бөлейді деген сенімге сай, жақсы ырым ретінде Есіл ауданындағы бір селоға Спасовка түрінде қойылып, Меңкесердің оңтүстік-батысындағы бір көл Спасское аталады екен.

Троица мен Успение де жақсы ырымға жоралғы болсын деп таңдалған жер атаулары екенін білуіміз керек. Жамбыл ауданындағы Троицкое, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успенка, Булаев-Молодогвардейск теміржол тармағындағы Успенка стансасы христиан мерекелеріне сай аталған.

Тарихи отанынан алыстап, барар жері, басар тауы қалмай, жоқшылықпен күйзелген пенде  ертеңге деген сеніміне қол созып, туған жерін сағынғанда есе алып жүрмекке қазақ даласынан тапқан қоныстарын әулие-әнбиелердің, өздері сеніп, табынатын пайғамбарлар мен сахабалардың атымен атағанының мысалдары көп. Шіркеулер мен басқа да ғибадатханаларға Андрей, Архангел, Богородица, Воскресенье, Илья, Михаил, Николай,  Петр сияқты есімдерді беріп, жұбанатын.

Мысалы, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Мамлют аудандарының әрқайсында бірден Воскресенка, Жапмбыл және Қызылжар аудандарында Архангелкалар, Айыртау және Есіл аудандарында Никольскілер, Есіл және Қызылжар аудандарында бір-бір Николаевка осындай дәстүрдің айғағы. Кезінде, елді мекен атауларына идеоглогиялық талаппен қарағанымыз сияқты, көне христиан түсініктерін еске сақтау мақсатында, мысалы аудан сайын міндетті түрде бір Петровкадан, бір Андреевкадан, Воскресенкадан т.с. болуға тиіс деген іштей ұстаным болған сияқты әсер береді.

Облыс орталығы әуелде, 1752 жылы әулие Петр атымен аталып ашылған уақытша бекініс, кейін нығая, күш ала келіп, соғыс қимылдарының пірлері Петр мен Паулдың құрметіне, жаздың басы аталған Петров день (19 маусым) 12 шілде  Петрмен Паул мерекесіне байланысты аталған екен. Соңғы жылдары қаламызда осы христиан мейрамы «Қала күні» деген дәрежеге көтеріліп, ресми түрде атап өтілетін болды.

Преображение Господня – Ғайса пайғамбар Адам кейпіне кіріп, шәкірттеріне көрінуге келген күні 6 (19) тамыз. Преображенка, Преображенск, Преображение, Преображенский қатарлы селоларға атау болған.

25 желтоқсан Ғайса пайғамбардың туған күні, христиан әлемінің негізгі мейрамдарының бірі. Православие шіркеуінің  салтымен григорий күнтізбесі  бойынша 1 қаңтар. Осы күнді ырым етіп, қойылған Рождественский деген атаулар жиі кездеседі. Қазақстан Президентінің жарлығымен Рождество күні мемлекеттік мейрамдар қатарына қосылды.

2 (15) ақпан ата-анасы Ғайса сәбиді алғаш рет ғибадатханаға әкеліп Симеон-мессия қарияның батасын алған күн Сретение деп аталады. Осыған байланысты Сретение, Сретенск деген атаулар таңдалған.

Троицк деген қала, ауыл атының негізінде Ғайса пайғамбардың мүридтеріне рух қонған күн, яғни пасха өткеннен кейінгі елуінші күні аталатын қасиетті күн жатыр.

Успенск, Успение, Өспен деген елді мекен атаулар Мәрия-ананың қайтыс болған күні 15(28) тамызда қолға алған істің, мысалы ірге көтеру, қазық қағу, көштің жүгін түсіру сәтіне арналған атау.

Зарқын Тайшыбай, Сәуле Мәлікова

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2032