Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2061 0 пікір 17 Қараша, 2011 сағат 06:52

Сайлау Байбосын . Оң, солын танымаған жастардың обалы кімнің мойнында?

Құрбан Айттың алдында «сақалдылар балаларды құрбандыққа шалады екен» деген қауесет біздің солтүстік өңірге де  жетіп, әжептәуір дүрбелең туғызды. Мектептерде шұғыл түрде ата-аналар жиналысы өткізіліп, Айт мерекесінде (оның үстіне мектептерде каникул басталған) балаларды бейсауат далаға шығармау жөнінде ескерту жасалды. Жергілікті шенеуніктердің «вахабизм», «салафизм» дегеннен хабарлары шамалы болса да, халыққа олар да өздерінше «уағыз» айтып жатыр. Сөйтіп, жуырда Астанада өткен діни  конфессиялардың басқосуында белгілі ресейлік әнші Иосиф Кобзон «бейбітшілік аралы» деп атаған Қазақстанға да дүмпу кірді. Шындығында ол өткен жазда Шұбарши оқиғасы мен Астанадағы жарылыстан соң-ақ белгілі болған. Және сарапшылардың болжамынша, бұл алдағы уақытта болатын талай қатердің басы ғана сияқты. Сол сөз расқа шыға ма дейміз. Кейінгі уақытта Алматыдағы екі екі көше патрулінің, Таразда болған 7 адамның өлімі, ақыр соңында лаңкестің өзін-өзі жарып жіберуі қоғамның үрейін алып отыр. Кезінде осы дінбұзарлардың әрекетіне тосқауыл қою керек деп қақсаған саяси сарапшылар мен журналистердің дабылына билік елең етпеп еді, енді соның нәтижесі қандай болғанын көріп отырмыз.

Құрбан Айттың алдында «сақалдылар балаларды құрбандыққа шалады екен» деген қауесет біздің солтүстік өңірге де  жетіп, әжептәуір дүрбелең туғызды. Мектептерде шұғыл түрде ата-аналар жиналысы өткізіліп, Айт мерекесінде (оның үстіне мектептерде каникул басталған) балаларды бейсауат далаға шығармау жөнінде ескерту жасалды. Жергілікті шенеуніктердің «вахабизм», «салафизм» дегеннен хабарлары шамалы болса да, халыққа олар да өздерінше «уағыз» айтып жатыр. Сөйтіп, жуырда Астанада өткен діни  конфессиялардың басқосуында белгілі ресейлік әнші Иосиф Кобзон «бейбітшілік аралы» деп атаған Қазақстанға да дүмпу кірді. Шындығында ол өткен жазда Шұбарши оқиғасы мен Астанадағы жарылыстан соң-ақ белгілі болған. Және сарапшылардың болжамынша, бұл алдағы уақытта болатын талай қатердің басы ғана сияқты. Сол сөз расқа шыға ма дейміз. Кейінгі уақытта Алматыдағы екі екі көше патрулінің, Таразда болған 7 адамның өлімі, ақыр соңында лаңкестің өзін-өзі жарып жіберуі қоғамның үрейін алып отыр. Кезінде осы дінбұзарлардың әрекетіне тосқауыл қою керек деп қақсаған саяси сарапшылар мен журналистердің дабылына билік елең етпеп еді, енді соның нәтижесі қандай болғанын көріп отырмыз.

Бүгінгідей ақпарат аламасудың дамып тұрған уақытында  қоғамнан бірдеңені жасырып қалу мүмкін емес. Қазақстанда болып жатқан діни экстремизмнің түп тамыры  араб елдерінде екенін, теріс бағыттағы діни ағымдардың  сол жақтан аса көп мөлшерде қаржыландырылатынын және оның осы жақта биік лауазымды орындарда отырған қолдаушылары бар екені қазір ашық жазылып жатыр.

Бірақ ең өкініштісі, кез келген саяси толқулар мен әлеуметтік апаттардың құрбаны қарапайым халық болатыны секілді, бізде де әлі оңы мен солын танып болмаған өрімдей жас балалар «террорист» атанып, абақтыға қамалып, оққа байлануда. Ал осының бәріне қолдаушы болып, бірі парламентте, енді бірі басқа да құзырлы орындарда Алланың атын жамылып отырған мықтылардың мұрттарын балта шабатын емес. Шындап келгенде, жаңағы жас боздақтардың обалы мен қаны осылардың мойнында. Оны ескеріп жатқан жан жоқ. Қазақстандағы терроризмге тосқауыл қою үшін жаңағы ақыл тоқтатпаған жастарды емес, соны ұйымдастырып отырған жоғарыдағы мықтыларды жазалау керек екені айтпаса да белгілі. Бір қызығы, осы адамдарың аттары аталып, түстері түстеліп жатса да, оған бүлк ететін билік жоқ. Ендеше, бұлардың қорғаушысы ҰҚК мен Бас Прокуратурадан да биік тұрған біреулер болды ғой деген ойға кетесің еріксіз.

Ал ақылға сап таразылап көрсеңіз, жастардың діни секталарға кіруіне басты кінәлі жоғарыдағы «қолдаушылары» ғана емес, ең бірінші кінәлі мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты, оның ішінде жастар саясаты екеніне көздеріңіз жетер еді. Біздегі тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы ішкі жалпы өнімнің деңгейінен алатын болсақ, тіпті төмен екені белгілі. Әлеуметтік жағдайы төмен қоғамның қылмысқа да, түрлі саяси авнтюраға да жақын тұратыны белгілі. Тек ақша беріп, ұйымдастыратындар болса болды.

Мынадай бір мысал келтіре кетсек. Айталық, ауылда туып-өскен қазақтың баласы мектебін бітіріп, міндетті әскеріне барып келді делік. Әрі қарай не істейді. Қолдағы бір-екі сиыр мен зейнетақыға қарап отырған немесе жұмыссыз жүрген әке-шешеде оған жоғары білім әперетін қауқар болмасы белгілі. Ел ішінде ол айналыса қоятын кәсіптің жоғы екі бастан анық. Өздері ілдалдалап отырған әке-шешеге масыл болғысы келмеген бала амалсыз күнкөріс іздеп қалаға тартады. Қалада оны тосып отырған кімі бар? (Және бұл жақта ұлты қазақ жасқа жұмыс табыла қоюы оңай емес). Сосын әркімге бір жалданып, тиын-тебен тапқан боп жүреді. Күндердің күнінде әлгі бала өзінің ауылдасын (мүмкін танысын, туысын, т.с.с) кездестіреді. Байқаса, оның базарда ұсақ-түйек сататын шағын дүкеншесі бар екен, яғни, әжептәуір кәсіпкер. Өзі сақал қойған, шолақтау шалбар киетін көрінеді. Жұмыс іздеп сандалып жүрген жаңағы балаға сақалды танысы: «Біздің қатарымызға кел, сенің де осындай кәсібің, қалтаңда ақшаң болады»-дейді. Жоқшылық жүдеткен әлгі бала қуана-қуана келіседі, олардың қойған барлық шарттарын қабылдайды. Шағын кәсіп бастайтын шамалы ақша қалтасына түседі. Бірақ әлгі баланың қоғамға зиян жасаймын-ау, террорист боламын-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Оны мәжүбірлеп тұрған жаңағы атың  өшкір жоқшылық. Және ол жерге басыңды бір сұққасын, қайтып алуың қиын. Айтқандарына көнуің керек. Міне, жоқшылықтың салдарынан дін мен саясаттан еш хабары жоқ ауылдың ашық ауыз баласы әп-сәтте осылай лаңкес болып шыға келеді. Сақал қойып, сауда істеп жүрген осындай бірер бозбаланы білетінмін. Ел ішінде шу көбейгесін туыстары оларға шамаларың келсе таста десе керек. Бірақ ақша бергендер оңайлықпен жібермейтін сияқты. Қазір бұл балалар бой тасалап, қашып жүрген көрінеді. Ертең осыларға «аса қауіпті террорист» деген айып тағып, ондаған жылға айдатып жіберсе, еш таңқалуға болмайды.

Егер осы жастарды мемлекет назардан тыс қалдырмай, қашан да қамқорлығында ұстаса, жұмысқа орналасып, білім алуына жағдай тудырса, олардың діни сектаға кіріп несі бар еді. «Нұр Отанның» оң қанаты, сол қанаты, «Жас-Отан» деп күнде шуласып жатады ресми баспасөз. Әйтеуір көпірме сөз көп, бірақ болып жатқан нәтижені көзі көрмегесін, халық қазір ешнәрсеге сенуден қалған.

Жаздағы Шұбарши оқиғасынан кейін оққа ұшқан бір баланың анасынан журналист: «Балаңызға неге қадағалау жасамадыңыз?»,-дегенде ол кісі: «Қарағым, жұмыссыз сенделіп жүрген баламның нашақор болып кетпей, қылмыс жасамай, мешітке барып, құдай жолында жүргеніне риза болып едім ғой, ал мешіттің ішінде олардың немен айналысып жүргенін қайдан білейін»,-дегені талай нәрсені аңғартады. Шынында да баласының Құдай жолына түскеніне қуанып жүрген ана байғұс мешіттің ішінде қандай уағыз айтылып жатқанын қайдан білсін.

Қазір ел ішінде діни идеологиялық майдан жүріп жатыр. Бір жағында сопылық ілімнің жетекшілері тұрса, екінші жағында салафиттер, тағы да бізге бейтаныс неше түрлі ағымдардың өкілдері бар. Жуықта суфизм ағымының өкілі, ғылым докторы Саят Ибраев 12 жылға сотталды. Естуімізше,  дәл сонша ұзақ мерзімге кесілетіндей кінәсі жоқ көрінеді. Оны да ұйымдастырып тұрған, қолында қаржысы бар біреулер шығар дедік іштей.

Осы аталған сопылық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Иассауи болып есептелетінін көзі ашық адамдар біледі. Қазір ел ішіндегі шала сауатты имамдардан: «Иасауи кім?»- деп сұрасаң: «Ол кісі ... енді ...Түркістанда...»-деп күмілжіп жауап таппай қалады. Ал шындығында ислам дінінің миссионері болған (жат елдерге белгілі бір дінді таратушы) Қожа Ахмет Иасауи біздерге, далалықтарға, яғни, көшпелі жұртқа арнап ислам дінінің жеңілдетілген нұсұқасын жасаған адам. Оның ұлылығы да сонда жатыр. Бұл біздің ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан дініміз. Егер біз ислам дінін дәл сол бастапқы қалпында қабылдайтын болсақ, онда жылқы етін жемеуіміз, қымыз ішпеуіміз керек екен, бірге туған ағайынды екі адам қыз алысып, қыз берісе беруге болады екен. Қайтыс болған ата-анамыздың, туыс-туғандарымыздың басына белгі қоюға болмайды екен. Ат үстінде көшіп-қонып жүрген жұрттың әйелдері беттерін көрсетпеуі керек екен. Әрине, бұндай дінді көшпелі халық бірден қабылдамасы белгілі. Сондықтан Қожа Ахмет секілді ғұлама бізге ислам дінін ұсына тұрып, ұлттық салт-дәстүріміздің, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің ажырамас элементтерін сол қалпында қалдырған. Бірақ бұл үшін Иа сауиды ешкім дінбұзар деп есептемегенін білеміз. Қазір сопылық ілімді бар Қазақстан тұтынып отыр, сонда осылардың бәрі қылмыскерлер болғаны ма? Талай ғасырлық тарихы бар сопылық ілімнің бүгінде «жаңашылдарға» несі ұнамай қалған? Неге бұларды мемлекет тәуелсіздігіне қауіп төндіретін арандатушылар ретінде жазаға тартпасқа дейсің.

Қазақ қоғамы қай кезде де қиындықсыз күн кешпеген. Тіпті тәуелсіз ел болдық деген осы заманның өзінде әлеуметтік қорғансыздық, жұмыссыздық, ұлттық кемсітушілік, парақорлық, тіл мәселесі деген толып жатқан проблемалар бар. Ол аз дегендей, діни лаңкестік келіп кірді. Енді әрі қарай не болар екен?

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512