Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2300 0 пікір 18 Қараша, 2011 сағат 05:04

Батырхан Дәрімбет : «Мен қай нәрсеге де қазақы көзқараспен, қазақы тұрғыдан қараймын»

Батырхан Дәрімбет  -  90-шы жылдар мен жаңа ғасыр басындағы қазақ

демократиясы тарихының шежірешісі

Ел тәуелсіздігінің жалынды күрескері, «Азат» қозғалысының арыстарының

бірі   Батырхан Дәрімбеттің 60 жылдығына орай.

2011 жылдың 5 желтоқсанында Батырхан Дәрімбет 60 жасқа толған болар еді. Оның алпыс жылдығы Қазақстанның өз тәуелсіздігімен қауышқанына 20 жыл толуымен де сәйкес келуі жәйдан жәй емес. Себебі Б.Дәрімбеттің саяси көзқарасының қалыптасуы тікелей тәуелсіздікке байланысты, тәуелсіздік жолына бүкіл өмірін сарп еткен Алаштың алыбы Мұстафа Шоқайдың өмір жолын, еңбектерін зерттеуге, насихаттауға байланысты. Оның Мұстафа Шоқай атындағы қор құруы, Шоқайдың шетелде жүріп шығарып, тоқтап қалған «Жас Түркістан» журналын қайта жандандырып шығаруы, Мұстафаның ісін жалғастырып түрік әлемін зерттеуді қолға алуы, түрік дүниесі әлемінің бірлігін насихаттауы бекерден бекер емес-ті. Батырхан ел тәуелсіздігі үшін күрескен М.Шоқаймен ғана шектеліп қалған жоқ, «Алаштың» басқа алыптары  - Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлының өмір жолдарын зерттеумен, олардың еңбегін қазақ жұртшылығына жеткізумен айналысты.

Батырхан Дәрімбет  -  90-шы жылдар мен жаңа ғасыр басындағы қазақ

демократиясы тарихының шежірешісі

Ел тәуелсіздігінің жалынды күрескері, «Азат» қозғалысының арыстарының

бірі   Батырхан Дәрімбеттің 60 жылдығына орай.

2011 жылдың 5 желтоқсанында Батырхан Дәрімбет 60 жасқа толған болар еді. Оның алпыс жылдығы Қазақстанның өз тәуелсіздігімен қауышқанына 20 жыл толуымен де сәйкес келуі жәйдан жәй емес. Себебі Б.Дәрімбеттің саяси көзқарасының қалыптасуы тікелей тәуелсіздікке байланысты, тәуелсіздік жолына бүкіл өмірін сарп еткен Алаштың алыбы Мұстафа Шоқайдың өмір жолын, еңбектерін зерттеуге, насихаттауға байланысты. Оның Мұстафа Шоқай атындағы қор құруы, Шоқайдың шетелде жүріп шығарып, тоқтап қалған «Жас Түркістан» журналын қайта жандандырып шығаруы, Мұстафаның ісін жалғастырып түрік әлемін зерттеуді қолға алуы, түрік дүниесі әлемінің бірлігін насихаттауы бекерден бекер емес-ті. Батырхан ел тәуелсіздігі үшін күрескен М.Шоқаймен ғана шектеліп қалған жоқ, «Алаштың» басқа алыптары  - Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлының өмір жолдарын зерттеумен, олардың еңбегін қазақ жұртшылығына жеткізумен айналысты.

М.Шоқай мен Ә.Бөкейханға арналған деректі «Қос бәйтерек» атты сценарийді жазуды бастады, Смағұл Сәдуақасұлының екі томдық шығармаларын шығаруға қатысты, М.Жұмабаевтың өмірінің соңғы жылдарына арналған кітап жаза бастаған болатын, бірақ бітіріп үлгере алмады. Бұл жерде Б.Дәрімбет «Алаш» алыптарының саяси өмірін арнайы ғылыми еңбек етіп жазуды, ғалымдық жолға түсуді өзіне мақсат етіп қоймаған адам дер едім. Оған оның уақыт мүмкіндігі де болған жоқ, уақыты өте тығыз болды. Ол өзіне тағдыр өлшеп берген ғұмырдың аздығын сезгендей өте қауырт қимылдап, асығыс жұмыс істеді. Ол бәріне үлгеруге асықты. 90-жылдардың басында «Азат» қозғалысын ұйымдастыруға бар жан-тәнімен кірісті, дереу қозғалыстың баспасөз органы  -  «Азат» газетінің бас редакторлығына кірісіп, оны аз уақыттың ішінде бүкіл қазақ қауымының сүйікті басылымына айналдырды. Бұл жұмысқа  «Азаттық» радиосының тілшілігі қызметін қоса атқарды.

Оның басты мақсаты  -  тәуелсіздікке қолын жеткізген қазақ қауымының арасында саяси үгіт жұмысын жүргізу, қазақ қауымын демократиялық саяси ағарту  жұмыстарын атқару жолымен саяси сауаттандыру, бұрқ-сарқ қайнаған республиканың саяси-қоғамдық өміріне етене араласа отырып, қоғамның шыншыл тарихын, шежіресін күнделікті жазып отыру болды. Батырханның айтары да, жазары да көп болатын. Ол көп дүниені айтып та, жазып та үлгерді. Қаламынан шыққан «Азат» қозғалысы», «Елу мақала», «Жабайы демократия», «Демократия мен автократия» сияқты кітаптары соның айғағы. Бұл кітаптарды еліміздің саяси-қоғамдық өмірінің жылнамасы, шежіресі десе де болады.

Міне, осындай жағдайда бүгінгі ел билігінің қазақ елінің алыс-жақын тарихына деген ұстанымы, көзқарасы өзгермей кешегі кеңестік коммунистік ізбен жалғасып келеді. Билік тәуелсіздікке байланысты тарих кезеңдерінің беттерін өзіне бейімдеп, бұрмалай жазып, жекешелендіріп алуға тырысуда. Ел азаттығы үшін күрескен басты тұлға ретінде бір ғана адамның  -  Елбасының аты басымдық алып барады.

Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы тарих беттерінде алтын әріппен жазылуға тиіс 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, «Алаш» пен «Алашорда» тақырыбы, 1917-1920 жылдардағы большевиктердің зорлығымен болған аштық пен індет қырғыны, 1925-30 жылдардағы қазақты күштеп отырықшылдандыру нәубеті, 1930-32 жылғы Ұлы аштық қырғыны бүгінгі биліктің назарынан алыстап барады. Ол оқиғалардың орнын Парламент пен Астананың, 1995 жылғы Конституцияның 10 және 15 жылдықтары, содан кейінгі жылдық мерейтойлары басуда. Жыл сайын өтетін 6 шілде күнгі мерейтойларды асқақтатып атап өтудің тасасында қалған тарих беттері аз емес. Мысалы, тәуелсіздіктің биылғы 20 жылдығымен қатар келетін «Желтоқсанның» 25 жылдығын, Орал оқиғасының 20 жылдығын, «Алаштың» ізбасарлары «Азат» пен «Желтоқсанның» және тағы басқа саяси-қоғамдық ұйымдардың тәуелсіздік жолындағы еңбектерін тарих шаңына көму ниеті байқалады. Билік олардың аттарын жаңа буын ұрпақтың жадынан шығару мақсатын ұстанып отыр.

Мұндай жағдайда не істеу қажет? Өтпелі, өліара тарихи кезеңдердегі ел өмірінің қалыптасу іс-қимыл әрекеттеріне қатысқандар, оған тікелей араласқандар сол кездің жылнамасын өздері жазып отыруы керек. Бұл орайда Батырхан өзінің  2004 жылы шыққан «Демократия мен автократия» кітабына жазған кіріспе сөзінде былай деп жазған еді: «1991-1992 жылдарда мен радиодан сөйлейтін сөзімді қағазға жазбай тура сөйлей беретінмін. Жазып отыруға уақыт жоқ еді. Өкініштісі сол, ең қауырт та қызық кезеңде айтқан сөздерім ауаға ұшып кетіп, ғайып болды. 1995 жылдан бастап бұл ағаттықты түзетіп, айтатын сөзімді әуелі жазып алатын болдым. Кейін бұл жазбаларды жинақтай келе зер салсам, оларда да өз кезеңінің келелі мәселелері  сөз болған екен. Соларды жас ұрпаққа сабақ болсын, біз жіберген қателіктерді олар қайталамасын, іргесі мықты мемлекет құрсын деп іріктеп жинақтап, ең таңдаулысын ұсынып отырмын».

Бәкеңнің осы айтқан кеңесі 90-шы жылдардағы қазақ демократиясының алғашқы толқын өкілдеріне, атап айтқанда «Азат» қозғалысының ардагерлеріне дер кезінде айтылған ұран болды. Көп ұзамай «Азаттың» ақтөбелік ардагері Нұрлыбай Сисенбай «Азат» азаттық жолында» деген және Орал оқиғасына арналған екі кітапты жазса,  оралдық ардагер Орынбай Жәкібаев «Азаттық» атты үш томдықты, мен «Азат пен аманат», «Әділетқисса» атты тарихи-деректі кітаптарды дүниеге келтірдім.

... 2011 жылдың қаңтарында Алматыдағы Батырханның пәтерінде оның жары Гүлшара және ұлы Әнуармен дастархан үстінде әңгімелесіп отырып Бәкеңнен қалған қолжазбалар, күнделіктер, жол, іссапар жазбаларын, «Азаттық» радиосынан берілген хабарларды жинақ етіп шығару міндетін мойныма алған едім. Жазбаларды Қызылордаға алып келіп Батырханның пойызда, ұшақта, автокөлікте отырып, түрегеп, тізерлеп жазған шимай-шатпақтарын қағазға түсіруді бастадым. «Шимай-шатпақ» деп отырғанымды журналистикаға жақын кісілер түсінер. Журналистер көп жағдайда стенографистер сияқты жазады, өзінің жазғанын өзі ғана түсінеді. «Бәке, мынау жазғаның қандай сөз еді?» деп сұрап алатын Батырхан жоқ. Жарты жылдық тер төгудің нәтижесінде Батырханның каллиграфиясының ортаң қол маманына айналдым. Әрине, бұл жерде айтпағым бұл емес. Ең бастысы, осы жазбалар арқылы Бәкеңді басқа қырынан таныдым, жаңа Батырханды, жаңа тұлғаны көрдім. Мысалы, Б.Дәрімбеттің ғалым әдебиеттанушы болғанын білетінмін, бірақ оның тамаша киносыншысы болғанын, «Ара» журналының тілшісі болғанын, сатира мен юмор тақырыбына да қалам тартқанын осы жолы ғана білдім. Оның кино тақырыбына жазған сын материалдары тек қана қазақ басылымдарында ғана емес, сонымен қатар тәжік, өзбек басылымдарында жарық көріпті. 1983 жылы Тәжікстан Жазушылар одағының «Садои шарқ» (№10) деген журналында «Фильмбардори осори адаби» деген көлемді мақаласы жарық көрсе, 1986 жылы Өзбекстанның «Совет узбекистони» журналында (№ 6) «Муваффақият гарови» атты материалы жарияланған.

Кейде ойлаймын, егер Батырхан демократиялық күрескерлік жолына түспеген болса, ол сөз жоқ қазақ халқының ой-санасын оятатын, жоғары дәрежеге көтеретін тамаша әдебиетші немесе сыншы, ағартушы ғалым болған болар еді. Егер ол Х1Х ғасырда туып өмір сүрген болса, қазақ елінің ұлт-азаттық жолына өмірін арнаған ержүрек батыры болған болар еді.

Жалпы алғанда, Батырханның айтқан, жазған тақырыптарында негізінен тәуелсіздік, ұлт-азаттық төңірегіндегі мәселелер басым. Ол Шығыс Түркістандағы қазақтың, ұйғырдың ұлт-азаттық көтерілістері тақырыбынан бастап, атап айтқанда Оспан батыр, Қалибек Хәкім батыр жайлы мәліметтерді қазақ оқырмандары мен тыңдармандарына жеткізді. Сонымен бірге «Азат» қозғалысының, «Азаттық» радиосының тарихтарын егжей-тегжейлі жазбақ болып кірісіп те қойған екен, әттең үлгермепті.

«Азаттық» радиосында істеп жүргенде «Үкімет пен оппозиция», «Өзгерген дүниедегі Орталық Азия» атты айдармен берілетін тұрақты хабарларды ұйымдастырған. Тәуелсіздіктің он жылдығына арнап «Тәуелсіздік талаптары» деген айдармен хабарлар топтамасын беріп тұрған.

Оның хабарлары мен жазғандарына қарап отырсаң ол соқпай кеткен саяси оқиғалар жоқтың қасы. Қазақ-өзбек шекарасы мәселелері, Бағыс республикасы, оралмандар, қазақ әліпбиі мен латын алфавиті, жер сату, ауған, дін, ислам қозғалысы, оппозиция, қазақ-қытай, қазақ-орыс, қазақ-өзбек қатынастары, босқындар мәселесіне дейін, одан қалды Теміртас Тілеулесов, Е.Ерқожа, К. Асанов сияқты жеке адамдардың тағдырына да назар аударып айтып, жазып отырған.

Сонымен бірге, бұл жинаққа Б.Дәрімбеттің өміріндегі ең ірі саяси оқиға саналатын, қазақ оппозициясының өкілі ретінде екі рет билік өкілі Ұ.Қарамановпен түскен сайлау төңірегіндегі жағдаяттар сипатталған материалдар енді. Атап айтқанда, 1999 жылғы сайлау жөнінде жазған «Жабайы демократия» кітабы мен 2004 жылғы сайлау барысы жайлы «Азат» газетінде жарияланған репортаждар мен материалдар кіргізілді. «Қатепті қаранар» деп аталатын бұл кітап қазір баспада, Құдай қаласа, шамалы күндерде Бәкеңнің жаңа кітабы оқырмандардың қолына тиеді.

Сөз соңында айтарым, Батырхан Дәрімбеттің артында қалдырған дүниелері осымен тәмәмдалды деуге болмайды. Оның көптеген айтқан, жазған материалдары «Азаттық» радиосының қорларында, еленбеген, зерттелмеген еңбектері мен жазбалары отандық, шетелдік басылымдарда әлі де аз емес. Оларды іздеу, табу, зерттеу, зерделеу, оларды жаңа ұрпақ игілігіне айналдыру, жаңа қоғам құрып жатқан іс-әрекеттерімізде ұтымды пайдалана білу - біздің борышымыз. Елу төрт жылдық өмірін туған елінің бүгінгі болашағына жанқиярлықпен арнап, «Елім-ай!» деп еңіреп өткен тамаша публицист, журналист, шоқай және мағжантанушы, әдебиетші, тарихшы, түрікшіл ғалым, саяси күрескер, демократ Б.Дәрімбеттің қаламынан туған асыл мұралардың әлі де арнайы зерттелеріне, олар жөнінде талай еңбектер жазыларына сенім мол.

Енді осы кітаптан үзінді ретінде «Б.Дәрімбет айтқан маржан ой-пікірлерді» оқушыларымыздың назарына ұсынамын.

Сағат  ЖҮСІП

 

Б.Дәрімбет айтқан маржан  ой-пікірлер

Тарихты  миллиондар жасайды. Тарихты белгілі бір жеке тұлғаның атына байланыстырып жазуға, жеке бір адамға бейімдеп жазуға болмайды. Бұл ақиқатты сол кезде, сол уақытта, сол кезеңдегі куәлердің тірі кезінде, тірі куәлер өз пікірін айта алатын кезде ашып айту керек.

*                                      *                                            *

Адам, өзін шын мәніндегі адаммын деген пенде, қоғамнан, халқынан, оның тағдырынан бөлек, өзгеше өмір сүре алмайды. Халқы қандай жағдайда болса, ол да сондай жағдайда өмір сүруі  керек. Халқы қайыршы, басшылар миллиардер болса, ол елдің болашағы күңгірт.

*                                           *                                               *

..Ғылым кандидатымын, қоғам қайраткерімін, журналистпін, газеттің бас редакторымын. Ештеңені уайымдамасам, халқым үшін жаным ауырмаса, докторлығымды қорғап алып, билік басындағылардың сөзін сөйлеп, солардың ыңғайына қарап жығылып жүрсем, ендігі біраз жерге барып қалар едім. Жоғары оқу орнының ректоры ма, министр ме, сол секілді бір шенді-шекпенді биліктің креслосында шалқайып отырар едім. Әділдік жолында күресемін деп ондай дәрежеге қол жеткізе алмадым. Бар кінәм  -  биліктің әділетсіздігін айтып, баршаға жар салып, жағасына жармасқаным. Әділдік, шындық жолында жүргенім. Бұл үшін де өзімді бақыттымын деп санаймын.

*                                             *                                           *

Мен үкіметке қарсы емеспін. Билік үшін күресіп жүргенім жоқ. Бірақ, әділетсіздігіне, жемқорлыққа қарсы күреспей, бұғып отыра алмаймын.

 

Өз халқының қамын жеп

Қайран қылмас кісіні

Атамаңыз адам деп

Ұқсаса да мүсіні, - деген ғой Әлішер Науаи. Осындайлар көп заманда, шынымды айтсам, кім екенімізді де білмей қалдық.

*                                        *                                                    *

Мен қай нәрсеге де қазақы көзқараспен, қазақы тұрғыдан қараймын. Қазақтың мүддесі тұрғысынан қараймын. Жер сатқанға әу бастан қарсы болғанмын, сатуға да, жеке меншікке беруге де. Ол  -  бүкіл қазаққа, Қазақстан халқына ортақ қазына. Оны сатқанымыз, жеке меншікке бергеніміз жетіскендік емес. Мұның ақыры жақсылыққа апармайды. Жамандыққа ұрындырады. Обал-сауабы бүгінгі елбасы мен Парламент Мәжілісінің депутаттарына. Қарапайым халықтың, әсіресе қазақтың түк жазығы жоқ. Бірақ, жер мәселесі үлкен даудың, болашақ қырғынның басы. Бүгінгі биліктегілер соны әдейілеп жасап отыр. Бұл сөзіме қашан да жауап беремін. Бәріне көнген, шыдаған қазақ жерге келгенде бас көтерсе қажет..

*                                          *                                                *

Пікірі қазақ мүддесіне сай келсе, жауымызбен де тіл табысуға, пікірін газет бетіне жариялауға арланбаймыз. Ал көзқарасы қайшы келсе...  Ең жақын досымызбен де ат құйрығын кесісеміз...

*                                           *                                               *

..Мен ұлтшыл болғанда  -  басқа ұлт өкілдеріне қарсы жұмыс істеп, оларды кемсіткен кезім жоқ. Мен ешуақытта қазақтан басқа ұлт өкілдері Қазақстаннан кетуі керек, оларды тарихи өз Отанына қуу керек деген емеспін. Мен қашан да біздің атамекенімізде өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне қазақтың мүддесін қорғауға шақырдым, шақырумен келемін. Шақыра да беремін. Мен әркімді қазақтың мүддесін осы жердің иесі ретінде ескеруге, аяқ асты етпеуге шақырамын. Өйткені, қазақ ұлтын Алла Тағала осы жердің иесі етіп жаратты. Сондықтан егер Аллаға шүкіршілік жасайтын болсақ, осы жердің байырғы тұрғынын, осы жерге сан ғасырлар бойы иелік етіп келген қазақтарды әркім-ақ құрметтеуге, қолдауға тиісті деп ойлаймын. ХУ111-Х1Х ғасырға дейін бұл жерде қазақтан басқа ұлт болған жоқ. Еуропалықтарды былай қойғанда, жақын көршілеріміздің де табандары тимеген бұл ұлы далаға. Қазақтар тек осы жерде өсіп өнді. Осы жерді сыртқы жаулардан қорғады. Осы жерге қалаларын салды. Өзінің өркениетін әкелді. Сөйтіп адамзаттың адам болып қалыптасуына қазақ халқы үлкен дәрежеде еңбек сіңірді. Бүкіл дүниежүзілік әдебиетке, тарихқа біздің ұлтымыздың берген, қосқан үлесі зор. Оның көпшілігі әлі күнге ашылмай, айтылмай, насихатталмай жатыр.

*                                      *                                           *

..Әбунасыр әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Мұстафа Шоқай, дүние жүзіндегі ұлы ақындардың ең бірегейі Абай.. Осындай төрт тұлғасы бар ұлт жер бетіндегі өркениетке үлес қостым деуге әбден қақысы бар. Бұлардай мақтаныш етер жалғыз тұлғасы жоқ қанша ұлт бар жер бетінде. Сондықтан ұлы бабаларымызды, ұлыларымызды, соларды өмірге әкелген ұлтымызды мақтаныш етіп, оны сүйгені үшін мені ұлтшылсың деуге ешкімнің қақысы жоқ деп білемін. Біз ұлтшылдықтан емес, ұлтсыздықтан сорлап аузымыз күйіп жүрген халықпыз.

*                                      *                                              *

..Дүниеде ұлт үшін тәуелсіздікті алмастыратын ешнәрсе жоқ екенін айқын сезінуіміз қажет.

*                                          *                                               *

..Жер бетіндегі негізгі информациялық орталықтарда өз өкілдері  болмаған Қазақстан ақпараттық құралдарының шын мәніндегі тәуелсіздікке қол жеткізуі мүмкін емес.

*                                       *                                                  *

Президент Н.Назарбаев қазақтың бизнес өкілдеріне: «Сендердің бәрің де қылмыскерсіңдер, мен сендердің қылмыстарыңды толық білемін. Кез келген уақытта қолдарыңнан ұстап, сотқа тапсырамын» деді.  Қылмыскерлердің қылмысын көре отырып, оларды қылмыстық жазаға тартпаған лауазым иесінің де сол қылмыскерлерден қай жері артық.

*   * *

Саяси оппозициялық күреске адам баласы кездейсоқ келмейді. Біреулер өзінің ішкі ой-толғанымынан, қоғамдық көзқарастардың тікелей әсер етуінен келеді. Бұндай адам саналы түрде өзінің өмірлік мұраты ретінде оппозициялық күресті таңдап алады. Оппозициялық топтың екінші бір өкілдері  -  олардың саяси күреске түсуіне бір жағдай түрткі болады. Яғни, бұндай адамдар белгілі бір оқиғаның не болмаса айналасында қалыптасқан жағдайдың әсерімен осынау күрделі де мазасыз жолға түседі.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5508