Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3353 0 пікір 18 Қараша, 2011 сағат 06:17

Тіл тақырыбы баспасөзде қалай көтеріліп жүр?

Баспасөз ел өмірінің қай саласын болсын қамтуы керек. Мерзімді баспасөз назарына ілікпеген, не тым аз қамтылған тақырып елеусізденіп, ескерусіз бола бастайды. Соның ішінде тіл, мемлекеттік тіл тақырыбы біз үшін айрықша маңызды іс болып отырғаны белгілі. Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің өз ішкі, яғни таза лингвистикалық күрделі жайлары бір басқа да, оның өз мәртебесіне сай қолданыста болу мәселесі - бір басқа. Қазіргі таңдағы ең маңыздысы - Мемлекеттік тілдің республикалық өреде барлық саланы қамтып, кең қолданысқа енуі, әсіресе мемлекеттік қызметте күнделікті қолданыста болуы.

Баспасөз ел өмірінің қай саласын болсын қамтуы керек. Мерзімді баспасөз назарына ілікпеген, не тым аз қамтылған тақырып елеусізденіп, ескерусіз бола бастайды. Соның ішінде тіл, мемлекеттік тіл тақырыбы біз үшін айрықша маңызды іс болып отырғаны белгілі. Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің өз ішкі, яғни таза лингвистикалық күрделі жайлары бір басқа да, оның өз мәртебесіне сай қолданыста болу мәселесі - бір басқа. Қазіргі таңдағы ең маңыздысы - Мемлекеттік тілдің республикалық өреде барлық саланы қамтып, кең қолданысқа енуі, әсіресе мемлекеттік қызметте күнделікті қолданыста болуы.

Тіл төңірегінде туындап отырған күр­делі жағдайдың түп себебі де - осы, оның кеңсе қызметінде, күнделікті тұрмыста шетқақпайланып, кәделенбеуінен. Мемлекеттік тілдің бұл мүддесі мерзімді баспасөздің арналы бір тақырыбы болуға тиісті. Көтеріліп отырған мәселеге орай жетекші жеті газеттегі, яғни «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Литер», «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» басылымдарындағы осы келелі тақырыптың қамтылу жағдайын шолғанымызда мынадай пікір қалыптасты:
«Ана тілі» газетінің тіл тақырыбына арналған басылым екені мәлім. Газеттің 1990 жылдан бергі ұлт рухын көтерудегі, тіл майданындағы атқарған қызметі елге белгілі. Газет қазір де сол бағытынан тайған жоқ, еншілеген тақырыбын жақсы игеріп отыр деуге болады. Мұнда тіл тақырыбы барынша жан-жақты қамтылуда. Газеттің кез келген нөмірін алып қарасаңыз, тіл тақырыбының сан тарау саласы сөз болып тұрғанын көресіз. Оны түгел тізу мүмкін емес, атамалап атасақ, мысалы, «Тілбұзарға - тосқауыл» айдарында «Теміржол туған тілге төбесінен қарай ма?» деген тақырыпта Динара Ізтілеу «Алматы-Орал» теміржол бағытындағы мемлекеттік тіл қолданысындағы келеңсіздіктерді сынайды. Филология ғылымдарының кандидаты М.Бекбосынов «Сөз сыры» айдарында «Суыр айы болғанда су азаяр» деген тақырыпта танымдық мақала жариялаған. Өлкетанушы Молдияр Серікбайдың «Ұлы дала атаулары» айдарында ономастикалық жер-су, мекен атауларының сыры ашылады. «Толғауы тоқсан туған тіл» айдарындағы «Ертегі тыңдамаған немере ана тіліне де немкетті...», «Телеарна тілді бұзбасын», «Аудармалар ақсап тұр», «Қазақша сөйлесек, ұлтшыл боламыз ба?» (балабақшадағы жағдай), редакцияға келген тіл тақырыбындағы хаттарға шолу-талдау тұрғысындағы «Қазына қарттар азайған», «Қазақшаң қалай?» айдарындағы «Тіл ұлттық кейіпке де әсер етеді» деген мақалалар қазақ тілі­нің бүгінгі күннің өзекті жайларын сөз ете­ді.
Газеттің 26-санындағы (№26 (1074) 30 маусым - 6 шілде) «Оқыдық, шошыдық» айдарында берілген Нұрперзент Домбайдың «Іштен шалу» атты мақаласы Ю.Киринициянов пен Ә.Қодардың ұлт атына, ұлт тіліне айтқан ұшқары сөздеріне тойтарыс беруімен құнды. «Толғауы тоқсан туған тіл» айдарындағы С.Аңсатовтың «Ана тілімізді шекарамыздай қорғауымыз керек!» атты мақаласы да орынды ой тастайды. «Тәржімелік тәжірибелер» айдарындағы Әділ Ахметовтің «Лингвистикалық жаңа леп» атты мақаласы да көңіл қоярлық. Осы жылдағы газеттің №29 санында «Тіл тұғыры - ұлт ғұмыры», «Тілбұзарға - тосқауыл» айдарлары шыққан. Ал №30 санындағы «Тәуелсіздік және тіл» айдарындағы «Еліміздегі барша ұлт қазақ тілінің дамуына мүдделі болуы керек» деген тақырыптағы Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Махамбет Ихсанғалидың мақаласы көкейдегі ойды қозғаған. Сондай-ақ, газеттің №33 санындағы Нұрперзент Домбайдың «Байбалам салушыларға бола жүрісімізден жаңылмайық» атты мақаласы «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жобасының әлдебір мәтіні туралы шу шығарғандарға орынды тойтарыс беруімен бағалы. Жалпы, газеттің биылғы №33-41 сандарында «Тілі мықтының - елі мықты», «Тіл тұғыры - ұлт ғұмыры», «Ұлы дала атаулары», «Немен қуантасыз?», «Сөз сыры», «Қазақшаң қалай?», «Терминология және уақыт», «Айтайын дегенім», «Бәрекелді!», «Түбі бір түркінің тілі бір», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Сұхбат», «Тілім деп тыным таппаған» атты айдарлар көрініс тапқан. Бұлар - газеттің негізгі һәм тұрақты, жиі қолданыстағы айдарлары.
Сондықтан да тіл тақырыбын басқа басылымдардың да қозғап отырулары бүгінгі күннің қажеттілігі болып табылады. Әсіресе мол таралымды әрі сөзі салмақты «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің үн қосып отырулары керек-ақ. Өкініштісі, бұл бас газеттеріміз тілдің өзекті мәселелеріне онша бара бермейтін сыңайлы.
«Егемен Қазақстан» газетінің 447-448 (21.09.2011) сандары мен 513-516 (26.10.2011) аралығын қарап шыққанда, тіл тақырыбында көзге іліккені «Туған тілдің толғағы», «Айтайын дегенім...», «Жеріңнің аты - еліңнің хаты» және «Таным» атты айдарлар ғана болды. Онда да «Туған тілдің толғағы» айдары үш-ақ рет, ал қалғандары бір-бірден ғана көрінген.
Рас, арнаулы айдарсыз «Мемлекет­тік тіл және сот саласы» дегендей, дара мақала да бар екен. Осындағы «Қазіргі күні республика соттарында сот төре­лігін жүзеге асырушы судьяларының 75 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар» дегендей, Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаровтай беделді кісінің лебізі қуанарлық-ақ. Елдің бас газеті «Егемен Қазақстанда» салалар бойынша осындай талдаулар болып тұрса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңуіне әсері болар еді.
Егер «Егемен Қазақстан» газетінде тіл саясаты туралы аз қамтылса, «Казахстанская правда» газетінде мүлде жоқ деуге болады. Мен «Казахстанская правданың» №278 санынан (01.09.2011) №350 санына (03.11.2011) дейінгі аралықтағы газеттерді ақтарып шыққанымда тіл туралы бір айдар таппадым. Аталған газетте «Актуально» деген айдар бар, бірақ онда да ең өзекті тақырып - тіл саясаты, мемлекеттік тіл мәселесі мүлде көрінбейді. Сонымен қатар «Культура» айдары бар, бірақ ол жерде де мәдениеттің өзегі болып табылатын тіл тақырыбы қамтылмаған. Оған қоса «Обратная связь» айдарында да мемлекеттік тіл мәселесі мүлде көрінбейді. Бұлардан бөлек «Парламентская неделя», «Закон и порядок», «Общество» айдарлары мен «Үкімет үйі» атты талдамалы-ақпараттық хабаршы да бар. Бірақ бұлардың ешқайсысынан мемлекеттік тіл туралы бір ауыз сөз таппайсыз. Тек қыркүйек айындағы бір нөмірде (№ 312.28 қыркүйек 2011) Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай Шымкентте өткен фестиваль туралы «Знать казахский - необходимо» деген тақырыппен шағын хабар шыққан.
Ал қазан айындағы жарыққа шық­қан газеттің № 316-317 сандарында «Тіл -халықтың жанын танудың кілті» республикалық байқауының Батыс Қазақстан облысында өткен шарасы туралы хабар «Атамекен» айдарында «На языке родной страны» деген атпен шықса, №332 санында Петропавлдағы №17 мектепте өткен қазақ халқының ауыз әдебиетін меңгеруге қатысты байқау туралы шағын ақпарат қана жүр. Сонда байқап отырсақ, екі айда жарыққа шыққан газеттің 72 нөмірінде үш шағын ақпараттан басқа тіл туралы түк жоқ. Ал сол қыркүйек, қазан айлары мемлекеттік тілге қатысты дауға толы болғаны белгілі. Демек, жазатын һәм көтеретін мәселе болды. Бірақ «Казахстанкая правда» бұл мәселенің оларға еш қатысы жоқтай сыңай танытты. Аталған газетте мемлекеттік тіл тақырыбына арналған тұрақты айдар да жоқ.
Біздің қазіргі бір беделді газетіміз - «Айқын». Мұнда тіл тақырыбы «Мінбер», «Басқосу», «Байқау», «Талқы», «Ойсалар», «Қыжыл», «Жиын», «Көкейкесті», «Руханият», «Мәселе», «Көзқарас», «Түйткіл», «Бәрекелді!», «Айтайын дегенім...», «Жаназық» дегендей айдарларда көтеріледі. Газеттің осы жылғы 77 және 205 сандары аралығында осы айдарларда тілге қатысты бірқатар келелі мәселелер сөз болған.
Атап айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік тіл білімі орталығының меңгерушісі Н.Наржанның «Тілді меңгеру марапатқа негізделмеуі тиіс», Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовтің «Біз үшін бәрінен де Тәуелсіздіктің шын мәнін түсіну маңызды», Жолдасбек Дуанабайдың «Тест тапсырушыларға тіл білуді де міндеттесе...» (кадр іріктеуде), Са­йын Шаймерденнің «Қызылжар дей алмасақ, қалаға Абылайдың атын беру керек», «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбайдың «Астананы әлі де қазақыландыру қажет», павлодарлық Бейбіт Бөженнің «Мемлекеттік тілді «мүгедек» етіп...», қарағандылық Қамбар Ахметовтің «Лениннің атында 16 көше бар, ал Әлихан Бөкейхановқа бір көше бұйырмай тұр», атыраулық Т.Қалымовтың «Тілмәштар институтын тарату керек», Қайыржан Төрежанның «Мемлекеттік тілді дамытудың бір әдісі», Әйгерім Бақытқызының «Бағалаушылар мемлекеттік тілді місе тұтпайды», Кәмшат Тасболаттың «Балабақша қашан 100 пайыз қазақша сөйлейді?» атты және басқа да мақалалар мемлекеттік тілдің уақыт алға тартып отырған келелі мәселелерін көтерген.
Қорыта айтқанда, «Айқын» газеті елімізде өзекті де өткір мәселеге айналып отырған тіл, мемлекеттік тіл тақырыбын орайлы көтеріп, ба­йыпты жазып келеді деуге болады. Мұндағы мақалалар, авторлар пікірлері нақтылықтарымен, тілдің күн тәртібінде тұрған өзекті жайларын алға тартуларымен ерекшеленеді.
Айта кетер бір жағдай, «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріндегі тіл тақырыбына қатысты айдарлардың біртектілігі мен ұқсастықтары оғаштау ма деймін. Әр басылымның даралығы, өз қолтаңбасы, ерекшелігі айдар, тақырып қойыстарына да қатысты екенін ескерген жөн.
«Литер» газеті мемлекеттік тіл тақырыбына сирек қалам тартады. Газеттің биылғы №77 санынан №147 санына дейінгі аралығын шолсаңыз, мемлекеттік тіл туралы бір ауыз сөз таппайсыз. «Актуально», «Вопрос дня», «День страны», «Общество», «Культура» айдарларында да тіл тақырыбы мүлде көрінбейді. Тіпті «Коротко» айдары да мемлекеттік тілге қатысты мүлде жақ ашпаған. Газеттің №205 нөміріне (03.11.2011) дейінгі аралықтағы сандарының тек бесеуінде тіл тақырыбы қамтылған. Олар - Инна Рощупкиноның «Орысша-қазақша-ағылшынша политехникалық сөздігінің» авторлары Махаббат Түсіпбеков және Асқарбек Құса­йыновтармен жүргізген сұхбаты (№108.09.06.2011), Алина Бекирова мен Ульяна Фатьянованың ресейлік лингвист Дмитрий Петровпен сұхбаты (№108.16.06.2011), «Википедияны» ұсынушы Тин Чэньмен сұхбат (№110.18 июня), Л.Артимовичтің техника ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Шәріпбаевпен компьютерлік аударма хақындағы сұхбаты. Байқағаныңыздай, «Литер» басылымы тіл тақырыбынан бойын аулақ ұстайды. Газеттің тұрақты әрі арнайы жоспарланған, мемлекеттік тілге қатысты мақсатты түрде жүргізіп отырған жұмысы жоқ. Басылымнан осы тақырыпқа жазуға бейімделген журналистің қолтаңбасын да аңғара алмайсыз.
Орыстілді баспасөзге мемлекеттік тілдің лингвистикалық аспектілеріне тереңдей үңіліп, талқылап жазу туралы талап қойылмайды, алайда мемлекеттік тілдің мәселесі, оны меңгеру жайы мен қолдану аясы туралы үгіт-насихат мәселелерін жүргізу, жазу - міндет. Бұл - уақыт талабы әрі бұл еліміздің орыстілді қауымының қажетіне жарауы тиіс. Өйткені кемел келешек мемлекеттік тіл - қазақ тілінің жағында.
Елордалық «Вечерняя Астана» газеті бұл тақырыпта тым қарабайыр, тіпті «жабық» газет деуге келеді. Аталған басылымның биылғы 30 сәуірден 29 қазанға дейінгі нөмірлерінде тіл туралы бар болғаны екі-ақ қысқа хабар жарияланған. Олар - Ыбырай Алтынсарин көшесіндегі мереке туралы «Говощие улицы» мен «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты ғылыми-тәжірибелік конференция туралы «За чистый язык» атты шағын хабарлар. Тағы бір славян жазба әдебиеті мен мәдениеті күндеріне арналған «Культурный мост письменности» атты хабардан өзге түк жоқ. Бұл басылымда Астана қаласы әкімдігінің тілге қатысты атқарған шаруалары туралы да, осы тіл тақырыбына арналған тұрақты айдар да, жоспарланған жұмыс та жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл басылым мемлекеттік деңгейдегі мәселеге бас ауыртқысы келмейді.
Астана қалалық екі газет Тіл басқармасымен қоян-қолтық жұмыс істеуге міндетті демейін, парыздар. Бұл олардың ұлт алдындағы, жаңа орнап жатқан Астанада ұлттық рухты, дәстүрді, тілдік ортаны қалыптастырудағы азаматтық борыштары десек болады. Алайда аталған басылымдар бұл өреден көрініп жүрген жоқ.
«Астана ақшамы» газетінің сәуір-қа­раша аралығын, яғни 42-126 сандарын сүзіп шыққанда, тіл тақырыбына тікелей қатысы шамалы болды. Осы 85 нөмірдің 23-інде ғана тіл тақырыбы бар екен. Ал оның 11-і - «Оралхан оқулары», «Түйінді мәселелер талқыланды», «Мемлекеттік тілдің мерейін тасытты» дегендей қысқа хабарлар да, 3-4-еуі - Рашида Хаджиева­ның «Қазақ тілін Мәскеуде үйрендім» дегендей жанамалап қана кететін тақырыптар. Салмақты сөздерден саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкірдің «Мақсат - айқын, нақты іс керек», Астана қалалық сотының «Мемлекеттік тіл - сот билігінде» бас­тамасы туралы Шынар Досанның, «Мемлекеттік тілді менсінбей ме?» деген Кенжегүл Тергембаеваның, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Наурызбайдың «Тіл мен тәуелсіздік» дегендей, мақалаларды атауға болады.
«Өткір, сәтті жазылған» деп Нәзира Байырбектің «Қазақ тілін қайыршыдан талап ететін болыппыз..!» атты мақаласын атап айту орынды. «Лексус» мінген қазақтың бір мырзасы орысша араластырып сөйлеп қайыр сұраған балаға: «Қазақтан қайыр тілеп тұр екенсің, таза қазақша сөйле!» - деп зірк етті дейді. Шіркін-ай, сол мырза осы мінезін қазақ сөзін есігінен қаратпай отырған кеңседегілерге айтса-шы!
Тілге қатысты газеттің ең үлкен жетістігі - Литва Президенті Даля Грибаускайтенің сөзін - «Тұрып жатқан елдеріңіздің дәстүрі мен тілін құрметтеңіздер» деп тақырыпқа шығарып беруі болды. Ол еліміздегі өз қандастарымен кездесуде: «Сіздер­дің литвалық екендеріңізді ұмытпағандарыңыз, әрине, жақсы, бірақ өздеріңіздің өмір сүріп жатқан Отандарыңызға адал болып, тұрып жатқан елдеріңіздің дәстүрі мен тілін құрметтеңіздер. Бұл менің сіздерге деген аманатым деп біліңіздер» деп даналық сөз айтқан екен.
Даля Грибаускайтенің осы сөзін 130 тілге аударып, көше-көшеге іліп қойса ғой дейсің.
Сонымен, еліміздің жетекші газет­теріндегі тіл тақырыбының көтерілу жағдайы осындай. Тұтастай алғанда, мерзімді баспасөз бұл тақырыпта тартыншақтау, босаңдау болып көрінеді. Күрделі мәселелерде тайсақтап қалады. Ал Мемлекеттік тіл тағдыры болса, ұлт тағдыры, Қазақ мемлекеттігінің тағдыры сипатында тұр.

Сабыржан Шүкірұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

http://anatili.kz/?p=7863

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496