Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2904 0 пікір 21 Қараша, 2011 сағат 06:59

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» «Дала қашқыны» (жалғасы)

3.

 

Д.Әділев бұдан кейін әдеттегісінше:

«Мен осы арада қара басымды ақтау үшін емес, мен өлімнен қорықпаймын, мәселені ашық айту үшін шағын шегініс жасай кеткім келеді... Мен туралы үкіметтегілер бандиттерше ажалын тапты деуі де мүмкін ғой. Өзіме-өзім қол салсам көргендерім мен білгендерім, қаншама беделді адамдардың ортасында жүргенде ойға түйгендерім, қаншама құпия жайлар өзіммен бірге қоса кетеді... Ажалдан қорықанша ақиқатты айтып өлейін», - деп алып, саяси тақырыпқа көшеді:

3.

 

Д.Әділев бұдан кейін әдеттегісінше:

«Мен осы арада қара басымды ақтау үшін емес, мен өлімнен қорықпаймын, мәселені ашық айту үшін шағын шегініс жасай кеткім келеді... Мен туралы үкіметтегілер бандиттерше ажалын тапты деуі де мүмкін ғой. Өзіме-өзім қол салсам көргендерім мен білгендерім, қаншама беделді адамдардың ортасында жүргенде ойға түйгендерім, қаншама құпия жайлар өзіммен бірге қоса кетеді... Ажалдан қорықанша ақиқатты айтып өлейін», - деп алып, саяси тақырыпқа көшеді:

Д.Әділев (жалғасы): «Бөкейханов, Ермеков, Байтұрсынов Валидовты бұрыннан білетін. Арнайы бағдарлама туралы әңгіме қозғалған жоқ. Ұйым «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының жарғысы мен платформасын басшылыққа алды. Алашордашылар бұрын ақгвардияшылармен одақтасқан еді. Коммунистердің қолына түсуі мүмкіндігін ескеріп ешқандай жазбаша бағдарлама дайындалған жоқ. Мені: Ташкенттен, оқулық, қағаз алып келеді - деген желеумен Оқу-ағарту комиссариатының мандаты арқылы іссапарға жіберді. Одан арғы іс-әрекетім талқыланған емес. Осы бас қосуда: Сібірде, Ақмолада, Семейде ұйым бөлімшесін құру туралы айтылды. Ермековті, Ғаббасов Халелді, Қозыбағаровты, Тұрлыбаевті ұйымның мүшесі деп санады. Марсеков Семейде ме, Қытайда ма, ол жағын білмедім. Семейден ағайынды Сәтбаевтердің, Асылбек Сейітовтің аты аталды. Ташкентте ұйым туралы баяндап беру тапсырылды және ұйымға Міржақып Дулатов жетекшілік етеді десті».

Валидовпен арадағы хат туралы сұраған тергеушілерге Ә.Бөкейханов:

«Уфадағы кеңестен кейін Валидовпен қандай да бір байланыс  орнатты дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарамын: оған Болғанбаев арқылы сәлемдеме жібергенімді де, немесе басқа бір жолмен одан - Валидовтен хат алғанымды да жоққа шығарамын», - деп қысқа жауап қайрады, тіпті Д.Әділевтің атын да атамады.

Ал А.Байтұрсынов: «Мен оның ағасы Байсейітпен аразбын, араласпаймын. Сондықтан да ағасын жек көріп жүріп, інісіне қалай сеніп сыр айтамын», - дейді.

Мұны Д.Әділевтің өзі де мойындайды.

Д.Әділев (жалғасы): «Мен Болғанбаевтан бұрын Ташкентке жүріп кеттім. Вагон толы адам екен. Мен Сармолдаевпен кездесіп қалдым, оны Әулиеатада тұрған кезінен білетінмін. Орынборға алғаш келгенде ол ешкімді танымайтын. Мен оны ішкі істер комиссариатына жұмысқа орналастырғамын. Ол менімен бірге әйелін Ташкентке қосып жіберді. Ол біздің ұйымның пікірін қолдайтын. Бұқарадағы Орта Азиялық ұйымға бара жатқанымды білді. Соның алдында ол Қожановпен Москваға кетіп бара жатқанда жолығып, оның ұстанған бағытын мақұлдап еді. Қожановпен мен де құшақтасып амандасып, Мәскеуге шығарып салғанбыз. Қасында Сафаров, Төреқұлов, қаржы қызметкері Көшербаев бар екен. Енді олардың осы поезбен Ташкентке қайтып бара жатқанын біліп солардың вагонына келіп сәлем бердім. Біз Орынборда Қожановтардың вагонына тіркелген купеден орын алыппыз. Қожанов ол кезде Түркістан атқару комиссариатының орынбасары болатын. Қожановтың купесінде бір өзбек және Қадіров (Қабылов - ?) отыр екен. Ол кейін ТурЦИК-тің қазақ бөлімін басқарды. Ол ағылшынның бір жазушысының кітабын оқып отырды. Мен ұйымның тапсырмасы бойынша бара жатқан мақсатымды Қожановқа түсіндіріп бердім. Қожанов пен Төреқұлов Москвада жиі кездесіп тұратын. Олар дүбара саясат ұстанатын. Ол Түркістанда түсіп қалды. Мен Ташкентке келіп бірден Қожановтың үйіне түстім. Дулатов қонақүйде тұрады екен. Мен оны Карл Маркс көшесіндегі Оқу-ағарту комиссариатының жанындағы «Ақ жол» газетіне іздеп келдім. Екеуміз көше бойлап қыдырып жүріп барлық жайды баяндадым. Сөйтсем Орынбордан менен бұрын мұнда Ғазымбек Бірімжанов келіпті. Оны Бұқараға жіберіп те қойған екен. Кейін ол Қожановтың оқу комиссиясының шешімімен Германияға оқуға кетті».

Оның бұл мәліметтері жөнінде тергеушіге ауызша берген жауабында М.Дулатов: «Болғанбаев Ташкентке Әділев Мұқышпен бірге келді-ау деймін, кейінгісі әуелі коммунистік партияның қатарына мүшелікке өтіп, содан кейін еріктілердің қатарында қызыл әскерге кіріп, Қиыр Шығыстағы қызыл партизандар отрядының құрамында болған, 1920 жылы Орынборда Ішкі істер халық комиссариатында істеді. Бұл жерге ол Ташкенттен келген болатын, онда не істеді, ол жағын білмеймін... Әділев Ташкентте нақты ештеңемен айналыспады-ау деймін, әйтеуір институттағы студенттерді жиып алып, сөз сөйлеп жүретін. Ол уақытта жастардың біразы оқыған мектептеріне көңілі толмайтын. Содан кейін ол бір жаққа кетті, қайда кеткенінінен хабарсызбын. (Әділев туралы қайталанып сұрақ қойылған): Айттым ғой жаңа, осыдан екі үш жылы бұрын Әділев бір жаққа кетті, қайда кеткенін білмеймін - деп Әділев туралы осыдан басқа ештеңе айта алмаймын".

Д.Әділев (жалғасы): «Екі үш күннен кейін Болғанбаев та келді. Дулатовтың қонақүйдегі бөлмесінде өткен Ташкенттегі ұйым мәжілісіне Дулатов, Иса Қашқынбаев, Халел Досмұхамедов, Ермеков (- ?), Кәрім Жәленов, Ақмолда Ізтілеуов қатысты. Уәлихан Омаров пен Дулатовтан басқасын бұрын танымайтынмын. Сіз білесіз бе, білмесеңіз айтайын, содан кейін Ташкентте Орта Азиядағы үйлестіруші топ ретінде ашылған ұйымның бас қосуы өтті.  Орынбордағылар бұл топтан хабарсыз болатын. Олар орынборлықтардың мақсатын қолдады. Ұйымдастыру шарасы қаралып, әр қаладан сенімді адам тауып, сол қалада шағын топ құру мәселесі талқыланды. Ақмоладан, Семейден бөлімше ашу ұсынылды. Ондағы басты сенгеніміз Ермеков пен Ғаббасов болды. Айтпақшы Петропавл мен Семейде ұйым бұрыннан бар екен», - деп бұдан әрі қарай  өзінің Ташкентке екінші рет сапар шеккенін баяндайды.

М.Дулатов: М.Дулатов бұл оқиғаға: "...(Тағы да Д.Әділевтің көрсетіндісіне жүгініп сұрақты нақтылай түседі): Әділевпен кездесіп жүрдім, бірақта біздің арамызда іскерлік мақсаттағы пікіралысулар болған емес. Әділевпен мен көбінесе Ташкенттегі Қазақ университетінің ішінде, оның өзінде кездейсоқ кездесіп қалып жүрдім. Кейде редакцияға соғып кететін. Онымен Кауфманның ескерткіші алдында ұшырасқаным бар, бірақ не туралы сөйлескеніміз есімде жоқ. Әділевпен ТурЦИК-тің жатақханасында кездестім бе, жоқ па, қаперімде қалмапты, мүмкін ғой алайда. Мен Әділевпен "Шолпан" журналын ашу туралы жиналған мәжілісте жүздестім, өзгедей ресми жиналыстар мен жиындарда оны көргенім жоқ... Ташкент қаласында Әділевті ертіп Рысқұловқа жолыққан емеспін", - деп жауап берді.

Мұның барлығы нақты көрсетіндінің өзі емес, оның алғашқы жаңғырықтары еді. Осыдан кейін Д.Әділев астыртын ұйым мен бамашылар қозғалысы туралы баяндауға ауысады:

Д.Әділев (жалғасы):«Ташкенттегілер Түркістан республикасының құрамындағы Сырдария, Жетісу сияқты қазақ облыстарының мәселесін көтерді. Орталығына  Шымкент ыңғайлы десті. Ондағы адамдарға (Кенесарин, т.б. - Т.Ж.) алдын-ала ескертуге келісті. Ол кезде Тынышбаев Ташкентте болмаған сияқты еді, Омаров ол кезде Ташкентте... Кауфман станциясындағы мектепте дәріс беретін. Мамыр айында бұқаралық қызметкерлермен байланыс орнатуға барған Бірімжанов Ташкентке қайтып келді. Ол Валидовтің қозғалысы туралы: сенуге болатын қозғалыс екен - деген мазмұнда мағлұмдама жасады. Валидов: қазақтар қаражаттан қысылмасын. Мүмкіндік туғанда Орынбор мен Ташкенттегі ұйымды қамтамасыз етеміз - депті. Ташкентте менен көрі Болғанбаев Қожановпен, Төреқұловпен жиі пікірлесетін. Бір жолы Болғанбаевқа Қожанов мен туралы: «Ұйымға жас баланы тартқандарың не. Ұйым құрғандарыңды қолдаймын. Бірақ та түрлі себептермен, жауапты қызметте отырғандығымнан да мен одан аулақ жүргенім дұрыс» - депті. Ол ұйымға белсенді түрде қатысқан жоқ. Дулатов қызылдардан қуғын көрген кезде айырылысып қалған үй-ішіне бару үшін Семейге, одан Орынборға, ал біз Бұқараға кетуге дайындалып жаттық. Қожанов оған үшінші класты дербес вагон дайындап берді. Бірінші мақсаты - үй-ішін көру, екінші мақсаты - қайтарда Орынбормен, Семеймен, Ақмоламен байланыс жасау. Бұл мамыр айының аяғы болатын. Күндіз Дулатов - Орынборға, кешке Болғанбаев екеуміз Бұқараға кеттік».

Міне, тағдыр тауқыметіне себепкер болған, А.Юсупов: «Ташкентте түскен суретке келетін болсақ, Дулатовтың Семейге жүруіне, Бірімжановтың Бұқарадан келуіне орай түстік. Суретке түскендер Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Омаров, Болғанбаев Хайретдин, Жәленов Кәрім, Бірімжанов, Дулатов, бұдан басқа Тынышбаев пен Құралшин болды-ау деймін», - деп түсініктеме берген «қастаншықпағыр» суреттің тарихы осы, ол сурет қазір де сақталған.

Д.Әділев (жалғасы): «Бізге пәтер жайын қарастыру үшін Ізтілеуов алдын-ала Бұқараға жүріп кеткен болатын. Менің жолақымды Оқу-ағарту комиссариаты төледі, Болғанбаевтың кімнің қаражатымен барғанын білмеймін. Мамырдың аяғында Болғанбаев екеуіміз Бұқараға барып әуелі станцияда бір түнеп шықтық. Мен бірден Бұқараның  төңкерісшілдер комитетіне бардым. Ізтілеуов екеуміз өздерін коммунистпін деп санайтын Ғарипке (Арифовке - ?) жолығып, Назировке жолығуға тапсырма алдық. Олардың коммунист деген аты ғана. Ғарип бұрын Башкирияда Валидовтің әскерінің қатарында қызмет істеген. Ташкенттіктер оны өз адамымыз деп есептейтін. Біз Бұқараның оңтүстігіндегі жақсы пәтерге орналастық, Ғариптің үйі жақсы қарсы алды. Заки Валидов қаланың сыртында тұрады екен. Оны Болғанбаев бұрыннан танитын. Аулаға кіргенде екеуі ескі таныстардай жылы амандасты. Содан кейін пікір алысу басталды. Ол саяси көсемге ұқсамайтын. Тек көзі өте ойлы екен. Болғанбаев келген мақсатымызды баяндады. Ол қуанып қалды. Болғанбаев араб, түрік тілін білетін, оқымысты адам болғанымен нашар саясаткер еді. Өзінің Орта Азия ұйымына мүше болып, одан кейін шет елге кетуге ұмтылатынын айтып еді. Валидов: Бұл өте қиын іс, - деді. Болғанбаев Англиямен, Парижбен, содан кейін Ауғанстанмен, Түркиямен байланыс жасауға міндетті болды. Тағы бір бас қосатын жерді белгілесіп Ғариптың үйіне қайтып келдік. Екі-үш күннен кейін Болғанбаев Ташкентке қайтып кетті. Бұқарадағы Орталық Азиялық ұйым Валидов арқылы ағылшындармен байланыс жасау керек болғандықтан да соның нәтижесін білу үшін мен Бұқарада қалдым», - дейді.

Тергеушілер өздерінің діттеген жауабына енді жетсе керек. Зады, ОГПУ тергеушiлерi тек қана сұрақ-жауаппен ғана қанағаттанбай, «қылмысты мойындатудың тиiмдi» тәсiлдерiне де жүгiнген. Өйткені Д.Әділевтің жауаптары барған сайын бұлдыр тартып, қарама-қайшы пікірлер білдіре бастайды. Бiресе - алдыңғы берген мағлұматына қарсы шығады, бiресе - мүлдем басқа оқиғаны мазмұндап бередi, үшiншi жолы - алдыңғы екеуiн де мойындайды. Бұл жөнiнде Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы мәжiлiсiнде:

«Д.Әдiлев тұтқындалғаннан кейiн ...оның тергеу iсiнде осыдан 8 жыл бұрынғы, яғни, 1921 жылғы бұрынғы алашордашылардың „қылмысты әрекеттерi" туралы күмәндi және қарама-қайшы пiкiрдегi сөздер пайда бола бастады. Әдiловтен бiрнеше рет сұрақ-жауап алынған (iсте ол тергеудiң стенограммасы ғана сақталған) және әр жолы шым-шытырық шатасқан, жүйесiз әрi қарама-қайшы жауаптар берген», - деп (бұдан кейiн 1988 жылғы сот коллегиясының тұжырымынан алынған сөздердi сiлтеме жасамай, тырнақшаға алып беремiз - Т.Ж.) қорытынды жасалған.

Жоғарғы сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?

Мұның тергеу, сот iсiнде үлкен мәнiсi бар. Қылмысқа қатысты жауапқа тартылған әрбiр айыпкер (немесе куәгер) өзiнiң iс әрекетi туралы (егер мойындаса) өз қолымен жазып беруi тиiс. Сондай-ақ сұрақ-жауап стенограммасына: «Танысып шықтым. Тағылған айыпты мойындаймын», не «мойындамаймын» деп қолын қоюы шарт. Егер, айыпкер адам хат танымаса, бармағын басып куәландырады. «Бармақ басудың» Дiнше үшiн ешқандай қажеттiгi жоқ. Көзi ашық, сауатты. Ал  сұрақ-жауап стенограммасында тергеушi  айыпкерге қылмысты қалай таңамын десе де - ерiкті. Қалайда Дiнше Әдiлевке қысым көрсете отырып, оның жеке басының „Алашордаға" қатысын мойындатуға тырысқан. Ал мұнда қол қойылмаған. Демек тергеушілер жауапты өз ыңғайына келтіріп жазған.

Жауаптың бiр-бiрiне қайшы келуiн де сол себептен деп түсiнген лайық.

Д.Әділев(жалғасы): «Мен бәрін де есіме түсіруге тырысып көрейін. Орта Азия ұйымының бас қосуы Бұқарада өтті. Оған Болғанбаев қатысқан жоқ. Қасым Шанқа (Қасымханов - ?) деген адам мені жеке бөлмеге алып барып, қолыма «Құран» ұстатып:«Бұл ұйымның құпиясын ешқашанда сыртқа шығармаймын», - деп ант бергізді. Мені құттықтап, көп адам отырған үлкен бөлмеге алып келді. Өзбектердің ішінде кімдердің болғанын бұрын білмейтінмін. Кейін анықталғанындай, олардың ішінде аса көрнекті қайраткерлер Бұқар ревкомының төрағасы Әбдықадыр Мүхиддинов болыпты. Маған ескі таныстарындай жылы амандасты. Нақты не мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Әйтеуір көп пікір айтылды. Қазақ арасындағы жағдаяттан: Орынбор мен Ташкенттегі ұйым мен осында келудегі мақсатым туралы хабарлама жасадым. Байқағаным әскери мектепте түрік офицерлері көп екен. Ауғанстанмен арадағы байланыстың қиындағаны айтылды. Менің білуімше Түркиямен байланыс жасау туралы мәселе әуелде Мәскеуде келісілген, одан кейін Бакудегі мұcылман орталығында Әнуар пашаны шақыру туралы шешім шыққан сияқты. Әнуар пашаның түр-түсінің қандай екенін білмейін де. Бакудегі құрылтайға ... (Әнуар паша - Т.Ж.) жасырын келіп қолдау көрсеткен. Бакудегі бұл мәжіліске сол кездегі Түркістанның төрағасы, кейін қазақ өлкесінің Мәскеудегі жетекешісі болған Рысқұлов қатысты деген сөз бар. Оған Грузиядан да өкіл келген».

Баку құрылтайына қарапайым түрікмен кейпінде барып, жансыздардың көзіне түспей Түркістанға қайтып оралған З.Валидов тек Әнуар пашамен ғана хат арқылы тілдесуге мүмкіндік табады (Т.Рысқұловпен Бакуге барар жолда поезда жасырын жолығады. З.Валидов Маңғыстау, Ақтөбе арқылы Хорезмге өтеді. Оның жолай адайлар арасындағы барымтаға билік айтқандығын естіген Ә.Бөкейханов: «Қазақ арасында қанды ірің аққан бір жараны тіліпсің», - деп бағалаған. Үргеніште Жөнейд ханның Аннамұрад деген бегі Хиуаға жеткізеді. Сол жылы 19 желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсаты - Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі»  партиясын құру еді. Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғанбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астытын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғанбаев қана оқу-ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады. Ал Дінше Әділев Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды.

З.Валидов Құрылтайға: «Қазақтардан «Алашорда» мүшелері мен түрікмен оқығандарын шақырдық. Олардың өкілі келгенше Бұқараның солтүстігіндегі  Харгос деген ауылда (Бұқара) әмірі жасақтарының бірі, бір байдың үйінде тұрдық. Бұл үйді үкімет тартып алған екен. Башқұртстан әскерінің полковнигі Хейбетуллах Сүйіндіковтің ұйымдастыруымен Еухади Ишмурзин, менің көмекшім Ибрахим Ысқақов және бірнеше офицер Бұқара армиясының жауапты қызметтеріне орналасты. Қаршы, Шахрисабз, Нұр, Гузар, Кермине әскери жасақтары солардың қолында болды. Бұлардың бәрін Ариф тағайындады. Біздің мақсатымыз - орыстар ұлттық әскердің құрылуына қарсы шыққан жағдайда, не құрыла бастаған армияны таратқан жағдайда басмашылармен бірігіп, соғыс ашу болатын. Алайда ұлттық мүддені басмашыларға түсіндіру керек еді. Бұл мәселені ташкенттік, ферғаналық достарымыз жақсы қолға алды.

Ақпан айында түрікмендерден Қақажан Бердиев, Қазақстаннан «Алаш Орданың» өкілдері Хайретдин Болғанбаев пен Мұхтар Әуезов (жаңылыс кетсе керек, негізі Ғазымбек Бірімжанов болуы мүмкін - Т.Ж.) пен Дінше және әлі көзі тірі екі кісі келді. Бұқаралықтармен, өзбектермен жұмыс жасау оңай емес еді. Себебі бұқаралықтар мен ташкенттіктер өзара келісе алмайтын, әрі өзбектер арасында орыс мектебінен тәлім алған қазақтарға «миссионер» ретінде қарайтын басым топ бар болатын. Біз - бұқаралықтармен, өзбектермен, түрікмендермен және қазақ өкілдерімен Харгоста және Әмірдің «Ситаре Мах Хасса» сарайында қалай астыртын жиналатынымызды, ұйымдастыру жұмыстарын қалай өткізетінімізді және Ұлттық Орталықтың бағдарламасын талқыладық. Нәтижесінде, Өзбекстандағы діни бағыттағы «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық:

1. Тәуелсіздікке жету; 2. Демократиялық мемлекет орнату; 3. Ұлттық армия құру; 4. Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау; 5. Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау. 6. Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу; 7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау.

Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл - Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...», - деп еске алады.

Дінше Әділев пен Заки Валидовтің жазбаларында бір-бірімен үйлесіп, бірін-бір растап отыратын ортақ желі бар.

Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да сол астыртын күрестің заңына бағынғандық. Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», олардың «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. З.Валидовпен Москвадан бірге шығып, жолай қоштасқан А.Байтұрсынов және Бакуге барар жолдағы поезда жолыққан Т.Рысқұлов «Бірлік» партиясы туралы толық хабардар болтын. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды. Өзінің майдандас серігі Үмбетбаевті Бұқараға жіберген М.Тынышбаевтың да мағлұматсыз қалмағаны анық. Демек, бұл жағдай Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперінде бар. Ал Бұқараға барғандардың ішінде «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғанбаев деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғанбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, ал мұның өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады.

Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446